Өткен жылды мұнай бағасын көтеру үшін оны өндіруді қысқарту жолындағы келіссөздерге сарп еткен ОПЕК ұйымы биылғы жылдың басында, яғни қаңтар айында мұнай өндіруді тәулігіне 1 миллион баррельге дейін қысқартуға қол жеткізді. Сөйтіп ОПЕК-тің бастамасымен мұнай өндіруді қысқарту мақсатында жасалған келіссөздегі шаралар 90 пайыз көлемінде іс жүзіне асырылып, мұнай бағасы 2017 жылдың алғашқы екі айында біршама көтеріліп, жаһандық рынокта Brent маркалы мұнай бағасының баррелі 58 АҚШ долларына дейін өскен еді.
Осыған байланысты экономикасы табиғи шикізатқа тәуелді елдердің тынысы кеңейіп, біздің төл теңгеміз де тұрақтану соқпағына бет бұрып, 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамы 311 теңгеге дейін нығая түскен болатын. Алайда бұл «батпан құйрықтың» өмірі ұзаққа бармайтын сыңайлы. Қанша жанталасқанымен ОПЕК-тің мұнай бағасын жоғары деңгейде ұстап тұруға қауқары жететін емес. Наурыз айында бір жұманың ішінде 9 пайызға дейін құлдыраған мұнай бағасының баррелі 51 АҚШ долларын құрады. Мұнай бағасына болжам жасау бүгінде сарапшылар үшін ең абыройсыз мәселеге айналды. Мәселен, 2014 жылы мұнай бағасының күрт құлайтынын дәл болжаған PIRA Energu Group зерттеу компаниясының сарапшылары 2017 жылы мұнай баррелінің бағасы 75 АҚШ долларына дейін көтеріледі деген болатын. 2017 жылдың басында әлемдік рынокта қалыптасқан жағдай бұл беделді ұйым сарапшыларының болжамы да ақиқаттан алыс екендігін айғақтады.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) мәлімдеуінше, дуалы ауыз сарапшылардың болжамдарын жоққа шығаратын да, мұнай бағасын тұрақтандыру үшін жанталасып жатқан ОПЕК-тің жігерін құм қылатын да – АҚШ- тың тақтатас мұнайын («сланцевый нефть») өндіруші компаниялары көрінеді. Іс жүзінде америкалық мұнайшылар ОПЕК келіссөздерінің нәтижесінде қол жеткізілген мұнай өндірудің қысқартылған көлемінің орнына рынокқа өз өнімдерін шығара бастаған. «Альпари» агенттігінің бас сарапшысы Анна Бодрованың айтуынша, АҚШ компаниялары қазірдің өзінде ОПЕК және әлемдегі мұнай экспорттаушы 11 елдің келісімі нәтижесінде жүзеге асырылған мұнай өндіру көлемін қысқарту шараларының тиімділігін жоққа шығарған. Тақтатас мұнайын өндіруші АҚШ компаниялары ешқандай келісімдерге қатыспайды, ОПЕК-тің бұл компанияларға ықпал ететін де ешбір мүмкіндігі жоқ. Сонымен, әлемдік мұнай рыногында АҚШ-тың айын оңынан туғызған «тақтатас төңкерісі» дегеніміз не?
Сонау 2009 жылы Буэнос-Айрес қаласында өткен халықаралық газ конференциясында ВР корпорациясының басшысы Тони Хейворд тақтатас газын өндіруде бетбұрыс басталғанын, осы ретте озық технология ашқан АҚШ «тақтатас төңкерісін» жасайтынын жарты әлемге жария етті. Сол-ақ екен Американың бірқатар белді компаниялары мұнай және газ өндіру саласында «төңкеріс» жасау қозғалысына белсене кірісіп кетті. Әлемдік БАҚ өкілдері де «отқа май құйғандай» бұл қозғалысты барынша әспеттеді. Тіпті кейбір басылымдар тақтатас мұнайы әлемдегі барлық елдердің аумағында біркелкі орналаспаған екен, оның жер асты қорының 70 пайызы АҚШ-тың аумағында орналасса, Ресей аумағында оның 7 пайыз ғана қоры бар көрінеді деп жазды.
Шындығында, тақтатас мұнайы дегеніміз жеті қат жер астындағы мұнай мен газ қоры жинақтала бастаған жер қыртысы болып табылады. Тақтатас мұнайын өндіру технологиясы бойынша, жер қойнауының белгілі бір тереңдігіне жеткеннен кейін тікелей бұрғылау әдісін жер қыртысын үңги горизонтальды бұрғылауға ауыстырып, тереңдегі жер қыртысын қопара айыру керек. Мамандардың айтуы бойынша, тақтатас мұнайы қорланған жер қыртысын үгіту үшін орасан көп мөлшерде әртүрлі химикаттар қосылған су айдалады. Ең сорақысы сол, су өте көп мөлшерде қажет етілетін көрінеді. Онсыз да жұмыр жер таза судан тапшылық көріп отырғанда, тақтатас мұнайын алу үшін миллиондаған текше метр таза су химикаттармен уланып жер қойнауына айдалады. Сөйтіп, адамзат болашағына ауадай қажет жер асты суларына орны толмас зиян келеді екен. Тақтатас мұнайын өндірудің бұдан басқа да экологиялық зардаптарын айтудың өзі қорқынышты. Ақша «құдіретіне» ғана табынған АҚШ үшін бүгін әлемдік мұнай рыногында көшбасшы болу керек, ертең дүниені топан су алса да мейлі.
Рас, АҚШ тақтатас мұнайын өндіру технологиясында ең жоғары табыстарға жетті. Қазіргі таңда Америка тақтатас газы мен мұнайын өндірістік ауқымда өндіру технологиясын игерген бірден-бір мемлекет болып отыр. Соңғы жылдары бұл елде тақтатас мұнайын өндіру көлемі еселей артты. Осыған байланысты АҚШ энергетикалық қуат көздері рыногындағы ең басты ойыншыға айналатындығы ақиқатқа айналды. Осы уақытқа дейін жаһандық энергетикалық шикізат рыногында бас төреші болып келген Сауд Арабиясы бұған төзіп отыра алмады. Тақтатас мұнайын өндіру технологиясының қымбатқа түсетіндігін білетін олар әлемдік рыноктағы мұнай көлемін барынша арттырып, бағаны түсіруге күш салды. Өткен екі жылда олар бұл мақсаттарына қол жеткізді де. Мұнай бареллінің бағасын 100 доллардан 26 долларға дейін құлатты. Бірақ мұнай экспортына ғана тәуелді өздерінің экономикасының да шаруасын шалқайтып алды.
Мұнай бағасының күрт құлауы АҚШ-тың тақтатас мұнайын өндіретін компанияларына оңай болған жоқ. Солтүстік Америкада тақтатас мұнайын өндіріп жатқан компаниялар тығырыққа тірелді. Тіпті банктен алған несиелерін өтей алмай көпшілік компаниялар банкротқа ұшырады. Кейбір сарапшылар мұнай бағасы 50 доллардан төмен деңгейде ұзақ тұрақтайтын болса, Американы әлемдік мұнай державасы дәрежесіне көтеретін «тақтатас төңкерісі» де құрдымға кетеді, деген болжамдарын да жасап үлгерді.
Алайда, тақтатас мұнайын өндіруші АҚШ компаниялары сарапшылардың бұл сәуегейлігінің көмейіне де құм құйды. Олар орасан зор қиындықпен өткізген осы екі жыл ішінде тақтатас мұнайын өндіру технологиясына озық жаңалықтар әкелді. Бұрғылау ұңғыларының тиімділігін арттыруда инновациялық әдістерді өндіріске енгізді. Осындай жетістіктердің нәтижесінде қазір Shell компаниясы тақтатас мұнайын өндіретін бір ұңғыманы бұрғылауға 5,5 миллион доллар шығын шығаратын көрінеді. Бұл 2013 жылы дәл осындай ұңғымаға жұмсалатын шығыннан 56 пайызға арзан екен. Оның үстіне жер қыртысын қопара бұрғылау әдісін жетілдіру технологиясы бір ұңғымадан бұрынғыдан да көп мөлшерде мұнай шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Пермиан бассейніндегі бір ұңғымадан күн сайын осыдан екі-үш жыл бұрын 98 баррель мұнай шығарылса, қазір одан жеті есе көп, яғни бір ұңғымадан күн сайын 668 баррель мұнай өндірілетін көрінеді.
АҚШ-ты әлемдегі ең көп мұнай тұтынушы елден, оны экспорттаушы жаһандық державаға айналдыруға тиіс «тақтатас төңкерісіне» деген елдегі көзқараста да бетбұрыс басталды. Ақ үйдің жаңа иесі Дональд Трамп өзінің президенттік қызметінің алғашқы күнінде-ақ мұнай-газ компанияларына мемлекеттік қолдау көрсетілетіндігін мәлімдеді. Бұрынғыдай емес, тақтатас мұнайын өндіру саласына инвестиция тартуда оң жетістіктерге қол жетті. 2017 жылдың өткен екі айының ішінде АҚШ-тың энергетикалық компаниялары тақтатас мұнайын өндіру саласына 10,5 миллиард доллар инвестиция тартып үлгерді. «Тақтатас төңкерісінің» болашағына деген сенім барған сайын артып, бүгінде АҚШ-та мұнай өндірудің бұл саласына Exxon Mobil сияқты алып компаниялар келе бастады. Осыдан-ақ, таяу болашақта әлемдік мұнай рыногының тағдыры «тақтатас төңкерісіне» тәуелді болатындығын анық көруге болады.
Жақында Хьюстон қаласындағы АҚШ-тың ең ірі аудиторлық компаниясы энергетика бөлімінің басшысы Регина Мэйор «Әлемдік рыноктағы мұнай барелінің бағасы 35 долларға дейін төмендесе де АҚШ-тың барлық тақтатас мұнайын өндіретін кен орындары табыспен жұмыс істейтін болады», деп атап көрсетті. Иә, жуыр маңда жаһандық рынокта мұнайға деген сұраныстың күрт өсетін түрі көрінбейді. Тақтатас мұнайының арқасында АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушы елден, бұл энергетикалық шикізатты ең ірі экспорттаушы елге айналып келеді. Ендеше, әлемдік мұнай рыногында бір баррель мұнай бағасының 50 доллардан да құлдырап кетуі әбден мүмкін.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»