Көктемнің әр күнін тиімді пайдаланғанда ғана күзде кеусені толатынын білген диқан көктемгі дала жұмыстарына дайындықты қыста да тоқтатқан емес. Соның өзінде өзекті мәселелер туындап жатады. Сол үшін облыс агроөнеркәсіп қызметкерлерінің, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің, аудан басшыларының, ғылыми-тәжірибе стансаларының және өзге де ірі мекемелер жетекшілерінің басын қосқан кеңесте көптеген мәселелер қамтылды.
Күзде мол өнім жинау үшін көктемде көп тірлікті орнына келтіру керек. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов биыл облыс өңіріндегі егіс алқабының көлемі жылдағыдан кем болмайтынын атап өтті. Биыл ауыл шаруашылығындағы егістік алқап 5,2 миллион гектарды құрайтын болады. Оның 4,7 миллион гектарын жаздық егіс алады. Барлық егістік алқаптың 4,1 миллион гектарын дәнді дақылдар құрайды, негізгі дақыл саналатын бидайдың үлесіне 3,6 миллион гектар тиеді. Майлы дақылдар 334 мың гектарға егілсе, биыл жемазықтық шөптердің алқабы 32 пайызға кеңейіп, 777 мың гектар болады. Сонымен қатар, көкөніс пен картоп алқаптары да кеңейе түседі. Қазір нарық ауылшаруашылық дақылдарын барынша әртараптандыруды талап етеді.
– Диқандарға нарықта үлкен сұранысқа ие дақылдарды себуді ұсынар едік. Мысалы, қазір ноқат, жасымық сияқты дақылдардың бір тоннасының бағасы 230-250 мың теңгеден асады. Диқан тек олардың себу мерзімін, технологиясын, күтімін келістірсе болды, – деді Ғауез Торсанұлы.
Дегенмен, бидай негізгі әңгіме өзегіне айнала береді. Әдетте, астық өндіру ең алдымен жоғары сортты тұқымға тікелей байланысты. Сондықтан тұқым жаңартып отыру астық өндіру ісіндегі басты кепілдің бірі екенін диқан қауым жақсы біледі. Алайда соңғы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, бидайдың омбылық сорттары ауа райының өзгерістеріне, түрлі ауруға төзімсіз екенін байқатты. Ал ол астықтың өнімділігі мен сапасына кері әсер етеді. Әсіресе, соңғы үш жылда 3 класты бидайдың қамырлылығы 56 пайыздан 39 пайызға дейін төмендеген. Диқан ізденсе, еңбектенсе астық сапасын көтеретін бидайдың жаңа тұқымы облыста жоқ емес. Мысалы, 2015 жылы Қарасу ауданындағы «Талах» шаруа қожалығы алқабында себілген бидайдың Ресейде шығарылған «Тобольский» сорты гектарынан 36 центнерден өнім берді. Ал оны 2016 жылы 400 гектар парға қалдырылған алқапқа минералды тыңайтқыштармен бірге сеуіп, күзде гектарынан 52 центнерден қамырлылығы 25 пайыз қызыл дән жинады. Сондай-ақ, осы шаруашылықта себілген отандық «Любава-5» сортының өнімі де өткен жылы гектарына 42 центнерден айналған. Тұқымға көзқарасты өзгертпей, астық молшылығына жетудің де оңай болмасы диқандар тарапынан әлі толық түсіністік таппаған сыңайлы. Қазір облыста қолда бар тұқымның 52 пайызы ерте пісетін, 19 пайызы орта, 29 пайызы кеш пісетін бидай сорттары. Ғылыми мекемелер Қостанай секілді Қазақстанның солтүстік аймақтары үшін бидай сорттарының 30 пайызы ерте, 50 пайызы орта уақтылы, 20 пайызы кеш пісетін болуы тиіс екеніне кеңес береді. Әрине, бұл астық молшылығын былай қойғанда, оның сапасының төмендеуіне негізгі себептің бірі екені анық.
Қазір Қостанай өңіріндегі ғылыми-тәжірибе стансалары және тұқыммен айналысатын шаруашылықтарда элиталы 10 мың тонна, бірінші шығарылған жоғары сортты 39 мың тонна тұқымдық бидай бар. Шаруашылықтар қазірге дейін олардың 7,5 мың тоннасын ғана сатып алды. Биыл элиталы тұқым бағасының 70 пайызы субсидияланады. Элиталы және жоғары сортты тұқымды алуға, оны жаңартып отыруға ұсақ шаруашылықтардың қаржысы келе бермейді. Сондықтан олар материалдық-техникалық жағдайын, қаржылық қарымын кооперативке бірігу арқылы ғана нығайта алатыны уақыт талабы ғана емес, өмір шындығына айналып отыр.
Ауыл шаруашылығында өнімділікті жоғарылату кепілінің бірі инновациялық технология қуатты, үздік техниканың арқасында ғана жүзеге асады. Қазір барлық алқаптың 40 пайызын нөлдік технологиямен себу жоспарланып отыр. Дегенмен, техникасы көңілдегідей емес көптеген шаруашылықтар уақыт талап еткен технологияны қолдана алмайды. Техникасы түгелдер ғана көктемнің құбылмалы ауа райымен алысып жүріп, дәнді уақытында сіңіре алады. Облыста барлық трактор паркіндегі техниканың 90 пайызы 10 жылдан бері пайдаланылып келеді. Өткен көктемде мамырдың 15-нен 20-на дейін барлық алқаптың 20 пайызына ғана дән себіліп үлгерген еді. Дән жерге 1 маусымға дейін сіңірілуі тиіс, бірақ кейде көктемгі дала жұмыстары маусым айына созылып кететіні бар. Қазір техниканың 90 пайызы қырға шығуға дайын тұр.
Диқандар қырға аттанар жауапты маусымға қажетті үш тағанның бірі – жанар-жағармай. Биыл облыс үшін 71 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның бір литрін диқандар 126 теңгеден алатын болады. Әрине, диқандардың айтуынша, арзан баға емес, бірақ мұнан төмен баға тағы жоқ. Бүгінге дейін мұнай өңдеу зауыттарынан 18 мың тонна жанар-жағармай жеткізілді, қалғаны да маусым басталғанға дейін түгел тасылатын болады. Ең бастысы, дизель отынының талан-таражға ұшырамай шаруашылықтарға уақытылы әрі түгел жеткізілуі қатаң бақыланатыны айтылды.
Диқандардың қырға аттанысы алдындағы кеңесте егін шаруашылығына қатысты тыңайтқыш, зиянкестермен күрес секілді өзекті мәселелер талқыланды. Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көктемгі дала жұмыстарын қысқа мерзімде өткізу үшін жүргізілетін нақты жұмыстарды атап көрсетті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ