Су спорты • 17 Наурыз, 2017

Демченконың дәурені аяқталды

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Синхронды жүзу спорты бойынша ел құрама командасының бас жаттықтырушысы Жанна Демченко қызметінен өз еркімен кетті. Ұлттық штаттық командалар және спорттық резерв дирекциясы бұл кетістің мәнісін ашып айтпаса да, жағдайдың бұлайша сипат алуы онсыз да түсінікті сияқты.

Демченконың дәурені аяқталды

Неге десеңіз, осыдан біраз бұрын отандық БАҚ-тарда құрама команданың Әйгерім Исаева, Әйгерім Жексембинова, Әмина Ермаханова, Айнұр Керей-Баймаханова және Арна Тоқтаған сынды бұрынғы мүшелері Жанна Демченко бастаған жаттықтырушылар штабындағы кемшілік атау­лыны айдай әлемге жария еткен болатын. Дәл осы мәселені қаузаған «Мәнерлеп жүзудегі мәнсіз әңгіме» (№29025; 3.03.2017ж.) атты мақала еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде де жарыққа шыққан еді.

Мұнда суда мәнерлеп жүзудің шеберлері жаттықтырушылар штабындағы ұзақ уақыттан бері қалыптасқан берекесіз тірлікті қатты сынға алған болатын. Мәселен, олар спортшылардың киіміне деп бөлінетін қаражаттың қайда кетіп жатқанынан хабарсыз екендіктерін айтқан еді. Жаттықтырушылардың спортшылардан бас бапкерге арнап жылу жинайтындығы да осы әңгімеден кейін әшкере болған-тын.

Бұдан бөлек, мәнерлеп жүзушілер баспасөз мәслихатын өткізіп, қордаланып қалған проблеманы айтып қана қоймай, Қазақстан Республикасы Су спорты федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтан бұл мәселенің ақ-қарасын айырып, шешім табуына көмектесуін өтінген болатын.

Жанна Демченконың есімі су спорты саласынан хабары бар қауымға жақсы таныс. Ол 1998 жылдан бастап мәнерлеп жүзу бойынша Қазақстан Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы болып қызмет етіп келді. Құраманы жиырма жылға жуық уақыт билеп-төстеген кезінде маман ретінде бағындырған биіктері де жоқ емес. Мысалы, Демченконың жетекшілігімен ел құрамасы Азия ойындарында қола жүлдеге бірнеше мәрте қол жеткізді. Сондай-ақ, құрама команда 2000 жылдан бері өткен жазғы Олимпия ойындарының бірде-бірін жібермей қатысып келді.

Сонымен, құрама команданы жиырма жылға жуық уақыт жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстап келген Демченконың дәурені аяқталды. Ендігі мәселе – мәнерлеп жүзудегі мәнсіз әңгімеге осымен нүкте қойыла ма? Әңгіме сонда…

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»

АСТАНА

Соңғы жаңалықтар