Осыған орай Қазмедиа орталығында өткен салтанатты рәсімге қатысып, сөз сөйлеген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жақсылық жоралғысына жиналған ағайын алдында ағынан жарыла «Ел Арнаның» алғашқы қадамына құтты болсын айтты.
«Бүгінде телевизия қоғамдық сананы қалыптастыруға ықпалы зор қуатты құрал екені белгілі. Осы құралды ұлт мүддесіне, ұрпақ тәрбиесіне ұтымды пайдалана білу Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі. Көрерменге тек қана өзіміздің отандық көркем және деректі фильмдерді ұсынатын танымдық арна осы мақсатта ашылып отыр. Алтын қорымызды бүгінгі ұрпақ игілігіне жаратуды көздеген жаңа арнаны елдің арнасы болсын деген ниетпен «Ел Арна» атадық. Жаңа телеарна өткен буынға оңды әсер еткен Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев сияқты майталмандардың туындыларын бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға тамаша мүмкіндік тудырмақ. Сонымен қатар, біздің мақсатымыз – білім, ғылым, өнер саласына арналған деректі фильмдер мен танымдық бағдарламалардың көрерменге барынша қолжетімді болуына ықпал ету, еліміздің ақпараттық кеңістігін өз туындыларымызбен қамту. Бұл арнаның ашылуы кино саласындағы жас мамандар үшін де үлкен қолдау деп білемін.
Енді олардың шығармалары халықтың назарына кеңінен ұсынылатын болады. Сол үшін жобаны ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айта отырып, жаңа арнаның халықтың арнасына айналуына тілектестігімді білдіремін», – деді Дәурен Әскербекұлы салмақты сабақтаған ойын түйіндеп.
Иә, егемен еліміздің ертеңі бүгінде қандай жастарды тәрбиелеп жатқанымызға тікелей байланысты. Сол себепті балабақшадағы, мектептегі, жоғары оқу орнындағы жеткіншектеріміздің бойына отаншылдық секілді асыл сезімді күнделікті сіңіре беруіміз керек. Бұл міндетті мінсіз атқаруға әрқайсымыздың үйімізде тұрған теледидардың қомақты үлес қосары талас тудырмайды. Бұдан шығатын қорытынды, көгілдір экраннан көрсетілер бағдарламалардың көркемдік сапасына, тәрбиелік мән-маңызына баса назар аударғанымыз абзал. Өйтпесек, өкінішке ұрынып, опық жеп қалуымыз оп-оңай.
Айтулы жобаны жүзеге асыратын «Хабар» агенттігінің Басқарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова тұсаукесер шарасына келгендерге шын көңілден алғысын айтып, ризашылығын жеткізді. Оның берген мәліметі бойынша, экрандық эфирдің 80 пайызын заманауи, алтын қорда сақталған, халықаралық фестивальдардан жүлде алған кинотуындылар құрайтын көрінеді. Сондай-ақ, көрерменнің ой-өрісін кеңейтетін танымдық сипаты мол деректі дүниелерге де кеңінен орын берілмек. Талаптың тайын ерттеп мінген талантты жас режиссерлердің шеберлігін ұштауға да қолайлы жағдай жасалмақ екен. Бұл, әрине, құптарлық қадам.
Қазіргі таңдағы қазақ руханиятының қабырғалы өкілі, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков елдік мәселелерге ерекше мән беретін ежелгі әдетінен жаңылмай, жарқын істің сәтімен жалғасуына жанашырлық танытып, өзінің ақ батасын берді. Үлкен тебіреніс үстінде «Ел Арнаның» ашылуы халқымыз көптен күткен ақжолтай хабар екендігін атап көрсетті. «Егер мен ұмытпасам, осындай айдар тағылған арна бұрын да болған. Бірақ оның аты затына сай болмады. Сондықтан ғұмыры қысқа болды.
Ел – халық, мемлекет деген сөз. Ендеше, бұл бүкіл елдің мүддесін білдіретін арна болатынына сенімім мол. Құдайға шүкір, кезінде «Қазақфильм» киностудиясы көпшілік көзайымына айналған айшықты дүниелер түсірді. Соларды жұрт сағынады. Мәселен, біз Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Ғарифолла Құрманғалиев және басқа сайдың тасындай саңлақтарымыздың сахнадағы ойынын көрдік. Содан рахаттанып, рухани ләззат алдық. Ал кейінгі толқын өкілдері солардың бәрін бірдей біле бермесе керек. Бұйыртса, енді «Ел Арна» осы олқылықтың орнын толтырып, өскелең өрендерімізге мәдениетіміздің мәйегін ұсынбақ. Жасырып қайтейік, кейінгі кездері телеарналарымызды баянсыз махаббатты баяндайтын, жылап-сықтауға толы, басы бар, аяғы жоқ шетелдік сериалдар басып кетті. Келешекте бұл кемшіліктерді түзеп, ұлтымыздың асыл қазыналарын ұлықтайтын ұлағатты көрсетілімдерді тамашаласақ, нұр үстіне нұр болар еді», – деп Алаш ардақтысы алдымыздан ақ күн туарына сенім артты.
«Ел Арна» «Хабар» агенттігінің шаңырағы астында көтерілген төртінші отау есебінде әлеуметтің талғамына татитын талай тұщымды телетуындыларды ұсынары анық. Оларды «Galam TV» интернет-теледидары порталының, «ОTAU TV» ұлттық жерсеріктік операторы желісінің абоненттеріне арналған тегін пакет құрамында 37-арнадан, сондай-ақ бүкіл республика аумағында қолжетімді сандық спутниктік хабар таратудың екінші мультиплексінен көруге болады.
Министр мырзаның рұқсатымен іске қосылған жаңа арнаның төлбасы ретінде тұсаукесерге қатысушылар назарына қазақтың көрнекті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен сыр шертетін «Ән-аға» фильмі ұсынылды.
Сонымен, ақпарат аламанына жал-құйрығы сүзілген тағы бір сәйгүлік қосылды. Олай болса, сол жүйріктің сындарлы сәттерде сүрінбеуін тілейік, ағайын!
Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»