Қазақстан • 28 Наурыз, 2017

Қытай елшісі журналистермен жүздесті

125 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күншығыстағы көршіміздің экономикасы, сан-саладағы даму үдерістері жаһан жұртшылығына жақсы танылып қана қоймай, «Қытай феномені» деген тіркестің туындауына түрткі болғаны белгілі.

Қытай елшісі журналистермен жүздесті

Таяуда Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі еліміздегі бір топ журналиспен кездесу өткізді. Төтенше және өкілетті елші Чжан Ханьхуэй іргелес елдің экономикалық ахуалы, біздің елмен арадағы қарым-қатынасы туралы баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді. 

Елшінің айтуынша, өткен жыл­дың қорытындысы бойынша ҚХР-да орташа экономикалық өсім 6,5 пайыз­ды құрапты. 2017 жылы бұл көрсеткіш тағы да 6,5 пайызды құрайды деген жос­пар жасалған. 

– Өткен жылы Қытайдың экономи­калық өсім көлемі 6,5 пайызды құрады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бір жылда 13,140 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Қы­тай коммунистік партиясының бас­ты мақсаты – 2021 жылға қарай елдегі кедей­лікті біржола жою. Ол үшін жыл сайын кедейлік шегіндегі 10 мил­­лион­­­ға жуық адамды жұмыспен қам­ту, әлеу­меттік жағдайларын жақ­сар­ту жос­­пар­ланып отыр, – деді Чжан Ханьхуэй.

Бұл елде жыл сайын жоғары оқу орын­дарын тәмамдап, еңбек нарығын толты­ратын түлектердің ғана саны 5 мил­лионнан асатынын ескерсек, жұмыс­пен қамту мәселесі аса өзекті екені түсінікті.

Халық саны 1 миллиард 300 мил­лионнан асып жығылатын елдің хал­қы электр энергиясымен толық қам­ты­лыпты. Өткен жылдың соңында елдегі электрсіз отырған ең соңғы отба­сына бұл игілік жеткізілген. Сол сияқты, мобильді байланыспен қам­ту ісі де толығымен шешілген. Халық қоныс­танған мекендердің барлы­ғы­на ұялы байланыс мұнаралары орнатылыпты.

Кездесуде Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі тура­лы да сөз қозғалды. Халықаралық көр­ме кезінде Қазақстанға саяхаттап келе­тін қытайлық туристердің қара­сы қалың болады деп болжауға негіз бар сыңайлы. Қытай елшісі турис­тердің саны туралы нақты дерек келтір­месе де, жерлестерінің біздің елге сая­хаттауға ынталы екендігін жеткізді.

– ЭКСПО кезінде Қазақстанға келетін қытайлық туристердің саны туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Дегенмен, қазір туристік операторлар осы іске жұмылып жатыр. Қытайлық туристер Қазақстанға саяхаттауға психологиялық жағынан дайын. Бұрын олар Қазақстанның та­би­ғаты, саяхаттайтын көрікті жер­лері, тарихи орындары туралы онша біле қоймайтын. Қазір біршама хабар­дар. Астанаға үкімет өкілдері, бизнесмендер келеді, – деді Чжан Ханьхуэй.

Оның айтуынша, халықаралық шараға Қытай делегациясы үлкен топ болып келмек. Бір атап өтерлігі, халықаралық көрмедегі шет мемлекет­тердің павильондарының арасында Қытай павильоны көлемі жағы­нан ең ауқымдысы болмақ. Көрмені тама­шалап, Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, тарихи орындарымен танысу­ға ниетті жандар қазірдің өзінде елі­міз­ге қатысты түрлі мәліметтер сұрап жатқан көрінеді. Осы орайда, елші делегация мүшелерін, туристерді қонақ үймен қамтудың маңыздылығын да айтып өтті.

Чжан Ханьхуэй өзінің сөзінде бүгінгі таңда Қытайдың қуатты эконо­микасынан, ақпараттық технология, ғарыш және басқа да сан салада­ғы жетістіктерінен, демографиялық әлеуетінен, басқа да табыстарынан іш тартып отырғандардың бар екені де жасырын емес деген ыңғай таныт­ты. Елшінің пайымдауына салсақ, «қытайлық қауіп» туралы айтылған қаусеттер шындыққа жанаспайды. Бұл елдің ешқашан басқыншылықпен аты шыққан емес.

– Қазір «Қытайлық қауіп» туралы сан түрлі ақпараттар айтылып жат­қанынан хабардармын. Бірақ бұл – ешқандай негізсіз ақпарат. Қытай ешқашан басқыншылықпен айналысқан емес, алдағы уақытта да айналыспайды. Қазір ҚХР өндіріс саласы, ақпараттық технологиялар, ғарыш және басқа да салалар бойын­ша алға шықты. Біздің экономика­мыз бәсекеге қабілетті. Ал біз өзімізді қорғай алатын деңгейге көтерілсек, алып елдер «қытайлық қауіп» туралы айтады, – деді ҚХР Төтенше және өкілетті елшісі.

Елші айтып өткендей, Қытай – әлемнің кез келген елімен бейбіт қа­тынас орнатуға, әріптестік байла­ныс­ты дамытуға бейіл, әділ бәсеке­лес­тікке әзір мемлекет.

­Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 

Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар