Соңғы жылдары сахнадан жырақтап, тек кітап сөрелерін ұзақтау тұрақ етіп қалған Оралхан Бөкей шығармашылығы сахналанып қана қоймай, көрерменіне жанрлық тұрғыдан да үлкен жаңалығын ала келді.
Моноспектакль – әлемдік театр үрдісінде кеңінен тараған, эксперименттік деңгейдегі жанрлық табиғаты қалыптасып, көрермен талғамын өз ерекшелігіне төселткенімен, қазақ аудиториясына, біз тілге тиек еткен қойылым сынды қадау-қадау бірді-екілі тәжірибелік жұмыстар болмаса, әлі толықтай еніп, сіңісе қойған жоқ. Сол сең енді бұзылды! Қолға алған қай жұмысынан да жаңалық күтіп үйреніп қалған театрсүйер қауым Дәурен Серғазинді «Ұйқым келмейді...» музыкалық моноспектаклі арқылы жаңа қырынан таныды. Ол – сахнагердің актерлік пен режиссерліктен бөлек, сазгерлік қыры. Бір өзі режиссер, бір өзі басты рөлде ойнаған өнер иесіне спектакль барысында қолданылған әуендердің де авторлығы тиесілі. «Сөз жеткізе алмас жерді музыка жеткізеді», дейді әйгілі композитор Шопен. Оралхан Бөкейдің драмалық бояуға бай сыршыл туындысына романтикалық леп сыйлаған әдемі тәжірибенің куәсі болып тарқастық театрдан!
Иә, дәл жазушы Оралхан Бөкей секілді оның да ұйқысы келмейді... Жанына шабыт ұя салғанда, санасын сезім сілкінткенде, өзге емес, Өзімен, Өзінің ішкі әлемімен сырласқысы келгенде... сахнагердің осылай кірпігі айқаспай қоятыны бар екен. Ондай сәтте актер Дәурен гитарасын қолына алып, көңілін тербеген жүректің жазбаларын әуен тіліне айналдыруды қашаннан бері дағдыға айналдырыпты. Ханбибі Есенқарақызы, Қайрат Иманбеков, Айбатыр Сейтақ, Хамза Көксебек сынды ақындардың өлеңдеріндегі оралымды ойлар да спектакль атмосферасына сұлулық үстепті. Бірнеше музыкалық аспаптың жанды сүйемелдеуімен орындалған әндер қойылымның лирикалық иірімдерін айшықтай түскендей. Мейірғат Амангелдин, Іңкәр Нәсиева, Айсұлтан Жәлиев, Ақжан Орынбасарова сынды театр актерлерінің вокалдық һәм орындаушылық мүмкіндіктеріне де аталған қойылым арқылы куә болып, сахнагерлерді өзге қырынан таныдық.
Шығармашылығына үнемі жастық тақырыбын арқау еткен жазушының туындысына жас режиссердің таңдауының түсуі таңсық жайт емес, қалыпты жағдайдай қабылданғаны және рас. Неге десеңіз, жазылу тарихы өткен ғасырға тиесілі «Ұйқым келмейді...» туындысы тақырыптық өзектілік, мазмұндық ауқымдылық тұрғысынан тіпті де ескірмепті. Жазушының жаңа ғасырда да айтары бар көрінеді. Ол – адами құндылықтар мен жастар бойындағы тәрбие мәселесі. Осыны суреткерлік сұңғылалықпен сезіне білген режиссер бізге бүгін басқаша ой салды, Оралхан әлеміне өзгеше көз тігуге шақырды.
Оралханның өзі айтпақшы, біздер – Адамдар, сезімді бағалау, адами құндылықтарды қастер тұту, ұлттық болмысқа бас ию, кие мен құдіреттің парқына бойлауды жаңа заманның тым асығыстау ағымына ілесеміз деп жүріп ұмытыңқырап барады екенбіз. Соның салдарынан болса керек, күні бүгін кеше табысып, ертеңінде ажырасып жатқан жас отбасылардың, тастанды бала мен тексіз ұрпақ санының артуына да себепші болып отырған көрінеміз. Тал бесіктен бойға даритын тәрбиені есіктен шыға бере тексіздікке ұластырып алып жатқан жастар әрекетінің астарында да осы адами құндылықтарға немқұрайлы, сезімге селкеу қараудың салдары жатса керек. Қойылымда бас кейіпкер Жеңісханның аузымен кешегі күн мен бүгінгі түсінігімізді параллель ала отырып, психологиялық тұрғыдан сараптайды. Мәселен, кейіпкердің жездесі тұрмысына қарамастан, үйелмелі-сүйелмелі, бірінің соңынан бірі ерген он екі баласының амандығы мен бейқам болашағы үшін тынымсыз тер төгіп, өз өмірін тұтасымен солардың тіршілігі мен тәрбиесі үшін сарп етеді және оның өтеуіне ештеңе дәметпейді.
Ал бүгінде қандаймыз? Тұңғышымызды көзіміз қиып, қоқысқа тастаймыз. Сәл қиындық кезіксе, жетімдер үйін жағалап, балалар үйінің санын арттыруға бейілміз. Осы сарындас қоғамдағы өзекті мәселелер қойылымның аллегориялық астарын байыта түскендей.
Спектакльдегі келесі айта кететін тұс – сценография мен жарық мәселесі. Әсіресе, шығарманың көркем-эстетикалық әсерін арттыруда декорация мен жарықтың атқарған рөлі орасан зор. Қойылымның қоюшы суретшісі Ерлан Тұяқов пен жарық қоюшылар еңбегінен де сәтті ізденістерді байқадық. Залға кірген сәтте бірден сахнаның ортасында қазықша қағылған адам бойымен шамалас жалаңаш қуыршаққа (маникен) көзіңіз түседі. Салған беттен: «мұнысы несі?», «ұят емес пе?» деген ойға келуіңіз (бәлкім, келмеуіңіз де) мүмкін. Бірақ ол да – образ. Бүгінгі жалаңаштанып бара жатқан құндылықтарымыздың символмен бедерленген көркем бейнесі. Қойылым атмосферасына ене бере жай-жайлап заман келбеті көз алдыңызда осылайша суреттеле береді сөйтіп. Сахнадан Оралханның ойын оқып отырғаныңызбен, түйсігіңіз бүгінгі күннің бет-бедерін көз алдыңызға әкеледі.
Жалпы, моноспектакльдің әдеттегі ауқымды спектакльдермен салыстырғандағы бір артықшылығы – актердің сахнада бар мүмкіндігін ашып көрсете алуына жағдай туғызылады. Актер ән де салады, би де билейді, жан әлемін ақтара көрерменімен сырласады. Бұл жағынан режиссердің ұтқан тұсы – спектакльді шағын сахнаға құрып, бар ой-толғанысын шектеулі аудиторияға бағыттауы. Көрерменнің демін сезіне жүріп, етене өнер көрсету актер үшін, біріншіден, үлкен сын болса, екіншіден, көпшілікпен шығармашылық байланыс орнатып, қойылым атмосферасына енгізудің ұтымды бір жолы да. Осы тұрғыдан келгенде, Дәурен Серғазин режиссер ретінде діттегеніне жетті деп есептейміз. Көрермен спектакль жүрген уақыт аралығында виртуалды әлемді ұмытып, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, іштей ойланып көруге тырысты. Қойылымнан соң қаншама көрерменнің Оралхан Бөкей кітаптарын қайта парақтап һәм парықтауға асығып, театрдан шығып бара жатқанын көзіміз шалды. Жүздерінен аңдадым: олар бүгін ұйықтамайды, Оралханды оқиды!
Назерке ЖҰМАБАЙ
Астана