Қазақстан • 28 Наурыз, 2017

Бауырмалдықтың жарқын үлгісі

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық кітапханада Түркия онкүндігінің еңберінде «Алматы қаласындағы Түркия мәдениетінің күндері» атты кеш өтті.

Бауырмалдықтың жарқын үлгісі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түрксой кафедрасымен бірлесе отырып өткізген іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Түркия мен Қазақ­стан арасындағы халық­аралық қатынастарға, Ұлттық кітап­ханадағы Түркия кітап бұры­шының 10 жылдығына арналды. 

Жиынға Алматы қала­сындағы Түркияның Бас консулы Рыза Кылған Йылмаз, Түркі халық­тары мәдениеті қорының пре­зи­денті Ахмет Дағдұран, С.Де­­мирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, ғалым Дандай Ысқақұлы, әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің деканы, профессор Баян Жұбатова, осы факультеттің Түрксой кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр, А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, шығыстанушы Ерден Қажыбек, жазушылар Қуандық Түменбай, Әшири Ахметжан, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Невзат Шимшек, Ыстанбұлдағы Едитепе университетінің профессоры Ариф Аджолоғлы және бірқатар ғалымдар мен жазушылар арнайы келіп, сөз сөйледі.

Түрксой кафедрасының меңгерушісі Төрәлі Қыдыр түрік бауырлардың әдебиеті мен мәдениетін, тарихы мен өнерін кеңірек насихаттап, дәріп­теу мақсатында осы аптаны «Түрік тілі апталығы» деп жа­риялағандарын айта келе, «Түркия мәдениеті мен әде­бие­ті» кітап көрмесіне Ұлттық кітапхананың қорынан қазақ­стандық және түркиялық танымал жа­зушылардың шығармалары және Әлем әдебиеті залындағы Түр­кия кітап бұрышынан қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі әде­биеттер ұсынылғанын жет­кізді.

«Түркия, түрік әлемі дегенде ең алдымен аузымызға түсетіні поэзия ғой. Шығысты өлең-жыр­сыз көзге елестете алмайтынымыз рас. Апталық аясында әлі де бірқатар іс-шаралар атқарылатын болады. Қазақ және түрік мәдениетінің арасындағы байланыстың тамыры тарихтың терең қойнауынан бастау алады. Сол байланысты ең бастысы, ел мен елдің, жер мен жер­дің арасын байланыстыратын болашақ ұрпақ ұмытпауы тиіс. Біз жастарға бар білгенімізді үйретіп, қандас елдерге ортақ мол мәдениетті, әдеби мұраны, бауырмалдық қарым-қатынасты үлгі етіп қалдыруға тиіспіз», деді алғашқылардың бірі болып сөз алған Баян Жұбатова.

Алматы қаласының мәдени орталықтарының өкілдері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай шығармалары түрік тілінде жарық көрген жазушы­лар мен ақындар, Алматы қа­ла­сының жоғары оқу орын­дарының студенттері, респуб­ликалық гвардия курсанттары, оқырмандар мен кітапханашылар қатысқан шырайлы кеште студенттер орта ға­сырдағы түрік поэзиясы мен бүгінгі түрік және қазақ ақындарының өлеңдерін екі тілде қатар оқыды, әдеби-музыкалық ком­позиция, кітап көрмесі, бейнематериалдар ұсынылды.


Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ




Соңғы жаңалықтар