Аймақтар • 28 Наурыз, 2017

Баршаға ортақ міндет

150 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көкшетаудағы Достық үйінде Ақмола облысының этномәдени бірлестіктері өкілдерінің, ата-аналар мен «Шаңырақ» тілдерді оқыту орталығы педагогтарының және өзге де тілсүйер қауым белсенділерінің қатысуымен «Халықтың мәңгілігі – оның тілінде» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Баршаға ортақ міндет

Жиналғандар алдында сөз алған «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Киіковтің көтерген мәселелері әсерлі шықты. Ол өзінің баяндамасында мемле­кеттік тілдің маңызын аша отырып, өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді игеруі тиістігін ерекше атады. Ал «Шаңырақ» тілдерді оқыту орталығының мұғалімі Раушан Хасенова өзінің «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты баяндамасында мемлекеттік тілдің тағдыршешті рөлін ашып көрсетуге тырысты. Сондықтан да бұл тілді қазақ балаларымен қатар өзге де этнос өкілдері еркін меңгеруі керектігіне ерекше ден қойды. 

Көкшетау қаласындағы Поляк білім беру орталығының ерікті-мұғалімі болып жүрген Рената Шенявска Қазақстан мен Польша арасындағы білім беру саласындағы ынты­мақ­тастық жайы­н сөз етті. Реті кел­генде Рената ханым Поль­шадағы Тілдерді дамыту орта­лы­ғының басшылығы  тарапынан Қазақстанға арнайы жіберілгенін айта кету керек. Және де оның Достық үйіндегі жарық та жылы кабинеттерде балаларға поляк тілін үйрету үшін келуіне «Ақмола облысы поляктарының бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Суховецкий қолұшын беріпті. Қазіргі таңда 70-ке тарта оқушы, соның ішінде ересектері де бар жеті топқа бөлініп, поляк тілін меңгеруде көрінеді.

Қазақ тілін жетік меңгер­гендігімен өңірге танымал Көк­шетау қаласындағы №21 орта мектеп оқушысы Елизавета Бибрих жиналғандарды тәнті етті. Ол бір кездері ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқып республикалық «Мың ба­ла» мәдени-ағартушылық жо­басының жеңімпазы болған еді. «Ақмола облысының татар­лары мен башқұрлары бірлес­тігі» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Рафаил Сулкар­наев­тың, Ақмола облысы әкімі ап­па­раты жанындағы «Қоғам­дық келісім» КММ басшы­сы­ның орынбасары Манат Ысма­ғұловтың және Тілдерді оқыту мек­тебінің жетекшісі Күл­тай Кәрімжановалардың жа­са­­ған баяндамалары ешкімді бейжай қалдырмады. Бұл ретте «Қоғамдық келісім» КММ әдіс­теме бөлімінің басшысы Тать­яна Пяткова өз кезегінде еліміз­дің барлық өңірінде бас­тау алған Қазақстан халқы Ассам­блеясының республикалық «Мың бала» тілдерді оқыту жобасына ерекше тоқталды. Осылайша аталған шара өз деңгейінде өтіп, өңір­де мемлекеттік тілдің қан­ша­лықты меңгеру қажеттігін та­ғы бір табан жақындатқандай бол­ды.


Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы



Соңғы жаңалықтар