Аймақтар • 28 Наурыз, 2017

Ертісті буып тұрған шыбын-шіркеймен күреспек

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл шыбын-шіркейлермен күреске республикалық бюджеттен 600 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы жазға салым буып тұратын шыбын-шіркейдің аты естілсе зәредей болатын Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан аудандарға да берілмек.

Ертісті буып тұрған шыбын-шіркеймен күреспек

Шыбын-шіркейдің жаз туа бас көтертпей қаптап кетуін еліміздің Экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Ұлттық сараптама орталығы» мамандары келіп зерттемек. Ал жәндіктерді улау жұмыстарымен «Биофарм» ЖШС айналысады.

– Сондықтан, қаражат өткен жылғымен салыстырғанда 4 есе өсті. Бұл улау шаралары және ғылыми ізденістерге де бөлінеді. Қажетті дәрілік препараттар мен қызметтерді сатып алу жөніндегі конкурс өткен жылдың желтоқсан айында жарияланған-ды. Конкурс жеңімпазы жұмысты жылдағыдай шіркей қаптаған кезде емес, 1 сәуірден бас­тайды. Аталған жұмыстарды Ертіс өзенінің ағысы бойынша Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Ресей шекарасына дейін жүргіземіз, – дейді облыстық мәслихат хатшысы Владимир Берковский.

Арнайы құрылған комиссия мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттары енді ауылдарға барып, шыбын-шіркейдің жайын өздері зерттеп білмек. Облыстағы Ақтоғай, Железин, Ертіс, Қашыр, Лебяжі, Май және Павлодар аудандарында жүргізілетін жұмыстар ғылыми топтың ұсынысы бойынша сәуір айында басталмақ.


Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» 


ПАВЛОДАР


Соңғы жаңалықтар