Аймақтар • 28 Наурыз, 2017

Ұлы ақын ұлықталды

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскеменнің іргесінде береке-бірлігі жарасқан Шығыс деген ауыл бар. Бұл ауылда негізінен атажұртын аңсап келген ағайындарымыз тұрады. Мұндағы қандастарымыз биылғы Ұлыстың ұлы күні мерекесін ерекше қуанышпен қарсы алды. Әз-Наурызда осы ауылдағы №33 мектепке қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының есімі берілді.

Ұлы ақын ұлықталды

– Мектебімізге Абай аты те­гіннен-тегін беріліп отырған жоқ. Бұл оқу орнында жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқан ақындар сыныбы бар. Абай оқуларының жеңімпаздары да жетерлік. Әрі қарай да ақын рухын асқақтата береміз деп ойлаймын, – деді салтанатты рәсімде сөз алған мектеп директоры Есімхан Әкітбаев.

Қазақтың бас ақынының есімі ұлықталып, құрметтеліп жатқанда, жас ақындар қарап қала ма?! Білім ордасындағы ақындар сыныбының тәлімгерлері жырдан шашу шашты. Осы мектептің 10-сынып оқушысы Құндыз Тасқынбекқызының «Жау­қазын жыр» атты тырнақалды кіта­бының тұсаукесер рәсімінің өтуі де шараның шырайын кіргізе түскендей болды.

Тағы бір жағымды жаңалық, бұл күні мектеп ішінде Абай Құнан­байұлы атындағы шағын мұражай салтанатты түрде ашылды. Бұл жерде ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін құнды мағлұматтармен қатар, келі-келсап, ат әбзелдері сынды ұлттық жәдігерлерге де орын бе­ріліпті.

Шара соңында Өскемен қа­ласы­ның құрметті азаматы Есім Әкітбаев, Өскемен қаласының жергілікті өзін-өзі басқару коми­тетінің жетекшісі Серік Ораз­бай­ұлы түрлі сайыстарда мектептің атын асқақтатып жүрген талантты оқушыларды «Абай» төс­бел­гісімен марапаттады.

Реті келгенде айта кетейік, былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғына орай өңірдегі бірқатар білім ошақтарына қазақтың ұлы тұл­ғаларының есімдерін беру туралы шешім қабылданып, Өскемендегі екі мектепке ойшыл ақын Шәкәрім мен ғалым Зәки Ахметовтің аты берілген болатын.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН


Соңғы жаңалықтар