Иранның мұнай министрі Бижан Намдар Зангане өткен жылдың желтоқсанында қабылданған мұнай өндірісі көлемін азайту туралы ОПЕК+ (ұйымға мүше және мүше емес экспорттаушы елдер) елдерінің келісімі жылдың екінші жартысынан кейін де күшінде болуы мүмкін екенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған мемлекеттер жылдың бірінші жартысына дейін мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 1,8 млн баррельге азайтуға келіскен еді.
«Менің ойымша, ОПЕК мүшелері мен ұйымға кірмейтін экспорттаушы елдер келісімнің шартын жылдың екінші жартысынан кейін де өз күшінде сақтауға мүдделі болып отыр. Дегенмен, нақты шешімге келу үшін уақыт керек", - деді министр Мәскеуге жасаған сапарында.
Иран осы келісімді созуға мүдделі ме деген сұраққа Бижан Зангане: «ОПЕК+ елдерінің барлығы бір ауыздан келісуі керек деп ойлаймын» деп жауап берді.
Өткен апта соңы Кувейтте ОПЕК+ елдері комитетінің мұнай өндірісі көлемін қысқарту туралы келісімнің орындалуын бақылау жұмысының отырысы өтіп, онда ОПЕК бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо келісімнің орындалу кестесіне көңілі толатынын айтқан еді.
Айта кетейік, бірер апта бұрын Баркиндо аталған 1,8 млн баррельлік қысқартудың қазіргі таңда 93 пайызға дейін орындалғанын айтқан болатын.
Өз кезегінде Қазақстан өзіне тиесілі 20 мың баррельді артығымен орындап тастағанын хабарлаған едік.