04 Сәуір, 2017

​Кіндік пен шеңбер

509 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біздің қазақ «кіндік» деген сөзге ежелден кең мағына, үлкен мазмұн бергендігі байқалады. Сөйтіп, бірте-бірте, бірден-бірге кіндік қасиетті ұғымға айналып, қала берді, филосо­фиялық категория жүгін арқалау деңгейіне жеткен.

​Кіндік пен шеңбер

Ұл-қыздарымыз кіндік шешелерін өздерінің екінші туған аналарындай құрметтейді. Құрсақтағы қызыл шақа кіндіктен нәр алады. Халқымызда кін­дік­тен ажырамау хақындағы тәмсіл­дер де жетерлік. Осыдан келіп туған ел мен жерге кіндігімен байлану ұғымы туған. Бұл – адамның өз Отанына деген ұлы махаббаттын, елжандылығының бекем-беріктігін бейнелесе керек. «Ат айналып қазығын табады» деген нақыл да, сайып келгенде, азаматтың кіндіктен кетпейтінін, кіндікті теппейтінін, өз жұртынан ешқашан жатсынып жері­мей­тінін айтады. Туған кіндіктен же­рісе, құрыған жері де сол болмақ. 

Ал енді тақырыптың төбесіне қой­ған «шеңбер» сөзінің осы арадағы мәнісіне келейік. Шеңбер − біздің айналамыз, қоршаған ортамыз. Үлкен өреден алып қарағанда, әсіресе, қазіргі жаһандану заманында шеңберді әлемдік орта, басқа мәдениеттер деп білеміз. Әр халық өзінің рухани кіндігінен тамыр тартып, басқа ұлттардың да әлемдік деңгейдегі биік мәдениетінен үлгі ала отырып, жалпыадамзаттық өркениет дариясына құяды. Мысалы, қазақтың киіз үйі мен күйі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралар тізбесіне енді. Ал енді мына ғажапты қараңыз. Бұрын Қазақстанда болған бір еврей азаматы сонау Австралиядағы ұзақ экспедициялық сапарда, бір аралда ондаған қазақы киіз үйлерден құралған тұтас бір ауылды қондырып тастапты. Қанша уақыт осы киіз үйлерде тұрып, жұмыс істеп жатыр. Өйткені, қазақ үйлері мұндай тұрмысқа ыңғайлы. Сөйтіп, қазақтың да материалдық мұрасы өз кезегінде әлем халықтарының игілігіне айналуда.

Бұл арада біздің айтпағымыз сол, қазіргі заманда шекара жауып отыра алмайсың. Сондықтан, өскелең ұр­пақ басқа халық, басқа ел, басқа мәдениеттермен диалог өнерін меңгеруі керек. Міне, сол кезде өз елінің салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары оның табан тірейтін тиянағы болып, туған халқының кіндігінен нәрленіп отырғаны абзал. Ана бір жылы Түр­кияға барғанымызда ондағы оқу саласының «Батыстан керектісін алайық, бірақ өз мәдениетімізді алға шы­ғарайық» деген қағидаға үйлестіріле жүргізіліп, тіптен мектептердегі, университеттердегі білім мен тәрбие соған сай беріліп жатқанын көріп, көкейге түйіп қайтқанбыз.

Сондағы ұққанымыз, мұның мәнісі, циркуль сияқты, түрік ұрпағының, түрік тұрпатты рухтың бір аяғы өз елінде нық басып тұруы, ал екіншісі әлемнің түкпір-түкпірінде жүруі тиіс деген сөз. Осы сипаттас ой-пайымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» атты кітабында жеріне жет­кізе айтылған. Қазақ ұланы да әлемнің барлық өнер-білімін меңгерсін, жеті жұрттың тілін білсін, айналадағы шеңберді шарлап танысын, бірақ өз кіндігінен ажырамасын, өз тамырынан қол үзбесін дейді. Рухани кіндік, тілдік һәм ділдік тамыр. Біздің де кіндік пен шеңбер деп қайта-қайта шегелеп айтып отырғанымыз осы.

Қазақтың халық әні «Дайдидаумен», ұлттық және жаһандық ән мәдениетін терең меңгеруі арқылы Қытайдағы аса мәртебелі әлемдік конкурста топ жарып баршамызды қуандырған Димаш Құдайберген болмысынан ұлт кіндігіне байланудың, әлемдік шең­берді айналудың әдемі үлгісін көр­гендейміз. Ұлттық тәрбиенің, үлкен өнерге ұмтылыстың жемісі. Біздің­ше, бостан Қазақстанның балалары балабақшада, мектепте тәрбие мен білім алған кезде ана тілінің уызына қанып, салт-дәстүріміздің салиқаларын санасына сіңіріп, өткен тарихымыздың тарауларын көкейлеріне тоқып, қазақ­тың ертегілері мен батырлар жырларына дейін жаттап өсулері керек. Рухани кіндік деген осы. Көп жерлерде, көптеген мектептерде осылай болып жатыр. Тәуелсіздік жылдарында туған қаншама жас өскін, балдырған ұрпақ осы ұлттық рух қайнарынан сусындап өсіп, үлкен өмірге қадам басып жатыр.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып жатқан ұл-қыз­дарымыз негізінен дарынды, қабілетті жастар. Ана тілін, ұлттық дәстүрді жете біле­тіндері де аз емес. Бірақ солардың арасында мәңгүрттікке бейімдері, қаза­қи кін­діктен бесіктен белі шықпай жатып ажы­рап қалғандары, басқа елде «сұл­тан» болуды көксеп жүргендері де же­тіп­­-ар­ты­лады. Бұл да бір ойланарлық жай.

Қазақ елінің адами капиталы ұлт болмысына, ұлт мәдениеті мен рухына, тарихы мен тіліне, дәстүрі мен діліне кіндігімен байланған, әлемдік өркениет орбитасының шеңберінде айналған білімді де тәрбиелі жастар қатарынан толығуы – елдік мұрат, нысаналы мақсат.

Қорғанбек Аманжол,

«Егемен Қазақстан»





Соңғы жаңалықтар