05 Сәуір, 2017

Женевадағы сирияаралық келіссөздер: Астана процесінің жаңғырығы

214 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Швейцарияның Женева қала­сында 1 сәуірде Сирия мәсе­лесі жөніндегі келіссөздердің 5-ші раунды аяқталды. Мүдделі тарап­тар келіссөздер үстелінде бір ап­таға жуық отырып, ымыраласу жол­дарын табуға тырысты. Келіс­сөз­дерді Сирия аумағындағы бо­лып жатқан қақтығыстардың жа­ңа белсенділігі күрделендіре түсті.

Женевадағы сирияаралық келіссөздер:  Астана процесінің жаңғырығы

Бұдан бұрын болған келіссөздер раундында БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы уәкілі қатысушыларға мәселені реттеудің негізгі қағидаттарын қамтыған 12 тармақтан тұратын құжат ұсынған. Оның ішінде елдің аумақ­тық тұтастығы мен тәуелсіздігін сақ­тау, сон­дай-ақ, билік құрылымының демо­кра­тиялық формасын қамтамасыз ету прин­циптері де айтылған.

Алайда, сарапшылардың айтуына қарағанда, ұсынылған принциптер негізінен БҰҰ ҚК 2254 резолюциясының талаптарын қайталап, саяси реттеудің нақты мәселелерін шешуді көрсетпеген. Мәселенің мәнісі мынада: мұндай форма­да олар қатысушылардың ешқайсы­сының да наразылығын тудырмайды, өйткені, тараптардың әрқайсысы оны өздерінше қабылдайды.

Келіссөздерден кейін болған қоры­тынды баспасөз мәслихатында БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы уәкілі Стаффан Де Мистура шақырылғандар барлық 4 себетті БҰҰ ұсынған әдіснаманы қолдана отырып, бізбен бірге тиянақты талқылады, деп мәлімдеді. «Олар мұны жоққа шығарады. Ал мен сіздерге олар­дың бәрі де процеске белсенді қатыс­ты деп айта аламын. Біз негізінен нақты мәселелерді талқыладық... Бейне­леп айт­қанда, пойыз орнынан жылжыды, бірақ жүрісі баяу», деді ол.

БҰҰ арнайы уәкілінің сөздерін Сирия үкіметі делегациясының басшысы Башар Джаафаридің мәлімдемесі де құптайды. Ол Женевадағы келіссөздердің бесінші раунды прогреске қол жеткізбесе де келіссөздер процесінің өзі тоқтамай, жалғаса беретінін атап өтті.

Келіссөздердің кезекті раундына қа­ты­су­­шылардың көбі Сирия кикілжіңін ре­т­теуде Астана процесінің маңызды рөл ат­­қар­ғанына баса назар аударғанын айта кету керек. Байқаушылар Астана про­­цесі сириялық кикілжіңді реттеуде қа­тысу­шы-тараптар үшін өткір мәселелер мен ұсақ тетіктерді талқылауда қосымша тұ­­­ғыр­­­нама болғандығын, сөйтіп, олар Же­­не­ва кез­десуіндегі пікірсайыстар мен ымы­­­ра­­­л­ар­ға дайындалып келгендігін атап өту­де.

Сирия жөніндегі Астанадағы кездесу – дағдарысты бейбіт жолмен реттеудің жолдарын табуға жағдай жасады дегенді Вашингтонда сәрсенбі күні аяқталған «ДАИШ» террористік тобына қарсы күресу жөніндегі халықаралық коали­ция­ға мүше елдердің дипломатиялық ведом­ство­­лары басшылары кездесуінің қо­ры­­тын­­дысында да айтылды. «Біз Аста­на кез­десуінің Женевадағы БҰҰ шеңберін­дегі кез­десулердің жолдарын анықтауға үлес қос­қанын мойындаймыз», делінген құжатта.

Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу өзінің соңғы сұх­батында Астанадағы Сирия бойынша келіссөздер Женеваның баламасы емес, өз алдына миссия атқарған пікірсайыс болғанын мәлімдеді. «Біз Сириядағы уақытша бітімді қолдау мақсатымен Астана кездесуін ұйымдастырдық. Түр­кия бұл тұғырнамаларды қолдайды және Женева мен Астанада болатын келесі кездесулерге үміт артады», деп атап өтті М.Чавушоглу мырза.

Ал Женевадағы соңғы келіссөздер­дің қорытындысында Стаффан Де Мистура төрт себетке енген мәселелердің қата­рын­да Сирияда жаңа конституция қабыл­­дау, сайлау өткізу, уақытша өкімет және тер­­ро­риз­мге қарсы күрес қарас­ты­ры­лып, олар тия­нақты түрде талқы­ла­на баста­ға­нын айт­ты. Сондықтан, Астана­да уақыт­ша бі­тім­нің сақталуын қарас­тыратын кез­де­су­дің маңызды екенін атап өтті БҰҰ эмиссары.

Сирия жөніндегі Астанада болатын кезекті келіссөздер 3 және 4 мамырға бел­­гі­ленген. Оның қорытындысы бо­йын­­ша Же­не­вада болатын алтыншы раунд­­тың датасын Стаффан Де Мистура жа­рия­­­лайтын болады. Ол келесі айдың ортасында болады деп күтілуде.

Жалпы, Астана процесі Сирия дағ­да­рысын реттеу проблемаларының құрам­дас бөліктерінің бірі болды деп айтуға болады. Мұны қатысушы тарап­тардың бесінші раундты аяқтағанда «Женева-6» мамыр айының ортасында болатынын жоспарлай отырып, бірақ ол Астанада жуық шамамен 3-4 мамырда болатын кездесуден кейін ғана болады деп шеш­кендерінен көруге болады.

Руслан ІЗІМОВ