Ақындарды түсіну үшін бір кітабын ғана оқу аздық етер еді. Тіпті бүкіл шығармашылығымен таныс болсаң да, етене дидарласып, тәмам сырын ұғудың өзі ақылыңа едәуір салмақ салады. Адам жанының қатпар-қыртысы қаншалықты мол болса, бір сөзді екі-үш қайтара айтқан сайын әр естігеніңде неше түрлі түсінуіңе тура келетіндей. Бұл сөздің шексіз қасиеті ме, әлде ақын жанының құбылмалы күйі ме, ол араны анық ажырату қиын. Бір қалыпта тұрмайтын көзқарастың, дүниетанымның, білімнің күшімен бір ауыз сөзге жастығыңда сыйдыра алмаған көп мағынаға егде тартқан жасыңда ие болып жатсаң да – шүкіршілік. Ал Евгений Евтушенко сияқты жиырма жасында Отанына танылып, отызында әлемге атышулы болған ақынның сырын үйреншікті әдіспен ашам деу қате болар еді. Ақында сыр көп, сырлас та аз емес. Жазушы, сценарист, режиссер, актер, публицист. Мемуар да жазды. С.Волковқа арнайы хат жазып, сексен жылдық ғұмырын қорытындылайтын үш бөлімді үлкен сұхбат беруінің өзі айтар сөздің, айтылмаған сырдың ұшан қиырын көрсетпей ме?! Оған дейін де қанша сұхбат, кездесу, кеш өтті. Сексен бес жылдық мерейтойында гастрольдік сапар аясында Қазақстанға да келуге ниет еткен ақынның арманы орындалмады.
Ақын тағдырын оның қаламынан туған бүтін шығармалары мен аузынан шыққан әр сөзді ұғынып барып түсіне аласың. «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» деген Мағжан сөзінің арманшыл романтикасын ғана түсініп жүргенімізді енді ұққандаймыз. Тіпті тура мағынасында да ақын – бала. Күллі оқырман соның сөзін сөйлеп, жырын тыңдап, алдында құрақ ұшқанын қалайды. Ақын қартайса да, ақындық қартаймайды.
Ақындыққа құштар әкенің, өнерлі ананың тәрбиесін көрген Евтушенко жас күнінде-ақ өзін ақын сезінді. Сегіз томдық өлеңдер жинағының алғашқы томында 1937, 1938, 1939 жылдардың мерзімі жазылған өлеңдері айғақтайтын албырт ақынның өмір жолының өзі көп ешкімге ұқсамаған, көп ешкімге бұйырмаған оқшау. «Маяковскийге еліктейді» деп сынағандарды елеген жоқ. Атақты «Поэма алдындағы дұға» өлеңінде өзінің сүйік-
ті ақындарынан бір қасиет үйренуге тырысқанын байқатады. Әсіресе Пушкинді жақсы көреді. Орыс поэзиясында қалыптасқан, әсіресе Есенин мен Маяковскийден кейін сәнге айналуға шақ қалған «еркелік» өз арнасынан еш ауытқымай қапысыз иесін тапты. Жылымық кезеңнің оңтайлы сәтін пайдаланып, еврей халқының жаппай репрессияға ұшырағанын жырға қосты. Сол үшін биліктегілерден алыстады. Бірақ, көпке жақын болды. Оған дейін Сталинге неше мәрте өлең арнаған ақын енді сая-
си өлеңдерін көбейте бастады. «Бабий яр» поэмасы үшін Нобель сыйлығына ұсынылды. Содан бергі жарты ғасырға жуық уақыт ең беделді сыйлықтың негізгі үміткері саналып келді. «Ақын рауандап атқан таңның, манаурап батқан күннің ғажайыптығын емес, оның гимнін жазу керек» деп жазды Межелайтис. Куба, Чили, Америкаға барған сапарларында ақын ондағы саяси ахуал-
дан бұрын сондағы халықтың көңіл-күйін жазуға тырысты. Ақын мына дүниедегі бар ізгілік алдында мәңгілік қарыздар деп түсінді. Ең алдымен өскен өлкеге, ата-анаға, әдебиеттегі ұстаздарға. Тіпті, жауына да. Дүниеуи қарым-қатыныстың әсерімен пенделікке бой алдыратын кездерде, алдағы таңдаудың сәтті я сәтсіз болуына ықпал ететін адам факторының өзінен сабақ алуға құлшынатын болмыстың өзін жоғалтпауы үшін, я ішкі меніне сәйкес атмосфера жасау үшін ыңғайлы кезең тудырған уақытқа да қарыздар. Ақын бәрі үшін жазу керек. Тіпті, өзімен келіспейтіндер үшін де. Оларға жақсылықты, ізгілікті ұқтыру үшін. Осының бәріне ақын міндетті деп түсінді. «Мен – Кубамын», «Сантьягодағы кептер» поэмаларын жазуының бір төркіні осындай ақындық кредоларда жатқандай.
Арғы атасы энергиясы мол, қажуды білмейтін жан болыпты. Беринг бұғазы арқылы Аляскаға, одан әрі Америкаға өтер алдында туннель салу идеясы ойына келіп, патшаға өз жобасын жіберіпті. Бірақ ол кезде мақұлдана қоймаған көрінеді. Енді араға үш ұрпақ салып, Евтушенко да өзінше Америка мен Ресейдің арасына «туннель» жалғапты. Ол – ақын даңғылы. Евтушенконы шетелге кеткені үшін қанша жазғырса да ол орыс поэзиясының сырттағы ең жарқын өкілі саналды. Публиканы ұнатқан, әркез сәнді киім киюді әдет еткен, кешке киер көйлегіне дейін өз ойымен тіктірген ақынның ерекше болмысы қалай болған күнде де берісі орыс өлеңіне, арысы әлемдік әдебиетке қызмет қылды. Азаматтық ұстанымдары үшін мыңдаған хат алып, соның бәріне қалам күшімен жауап қатқан ақынның қазасы «алпысыншы жылғылар» дейтін үлкен толқынның, бір дәуірдің аяқталар тұсы болыпты.
Ақырғы деміне дейін өлең болып, ажал келгенше күресуден шаршамаған ақынның соңғы аманаты да поэтикаға ие болыпты. Жас күнінде бірге өлең оқыған Пастернактың жанында жатуды мақсат етіпті. Переделкино да енді поэзия деп аталатын қасиетті әлемнің қастерлі бұрышына айнала түседі.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»