26 Сәуір, 2011

Кәсіпкерге қысым күшейіп, пара алу ұлғайды

340 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, сыбайластардың жемқорлы­ғы­на шек қойылмайтын болды. Өйткені, олардың дені қо­лын­да билігі бар лауазымды шенеу­ніктер болғандықтан, індет пен міндеттің айқасуымен ғана уақыт өтуде. Мұны Қаржы по­ли­циясы органы да теріске шы­ғарып отырған жоқ. Со­лар­дың жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, кә­сіп­керлік қыз­мет­ке заңсыз араласу жағ­дайы­ның көпшілігі мем­лекеттік ор­гандардағы лауа­зым­ды тұлға­лар тарапынан орын алады екен.  Ал Елбасы шағын және орта бизнес субъектілерін қор­ғау және қолдау туралы тап­сыр­маны барлық мемлекеттік ор­гандарға артқаны белгілі. Алайда, олардағы билік тұтқасын ұс­тап отырған лауазымды тұлға­лар­дың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуының тоқтамай тұрғаны алаңдатады. Мәселен, басқасын айтпаған­ның өзінде үстіміздегі жылдың үш айы ішінде ғана лауазымды тұлғалардың заңды кәсіпкерлік қызметке арласуының 45 дерегі анықталған. Ал өткен жылы бұл кезеңде 25 дерек анықталып еді, енді мүлде асқынып барады. Сот­қа  14 қылмыстық іс жолданды, әзірге 2 адам сотталды. Дегенмен меморгандардағы лауазымды шенеуніктер неліктен кәсіп­кер­лік­ке заңсыз араласа береді десек, олардың  жартысына жуығы биз­несмендерден пара талап етеді екен. Осыған қарағанда кәсіпкерлердің маңдай терімен адал тауып жатқан мол ақша­сын жылы кабинетте қалғып, мүлгіген шенеуніктер аңдып отыратын секілді. Қайтесіз, ақ­ша деген көз құрты ғой. Мәселен, Ақтөбе облысында қалалық департаменттің бас маманы ғимарат санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай деген акті беру үшін «Транс­ОйлГазТрейд» ЖШС ди­рек­то­ры­нан 30 мың теңге пара алған. Қарағанды облысында Теміртау қалалық салық басқармасының лауазымды тұлғалары са­лық­тық тексерістер бойынша оң актілер дайындау үшін кә­сіп­кер­лерден жүйелі түрде пара талап етіп отырған. Салық бас­қар­ма­сының бөлім бастығы мен бас маманы «Восток-107» ЖШС са­лықтық тексерісті тездету үшін 7 мың АҚШ долларын және «К-PROJECT» ЖШС тексеру кезінде заң бұзушылықтарды жасыру үшін 20 мың АҚШ долларын талап еткен. Астана қаласында Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік резервтер комитетінің «Ре­зерв» мемлекеттік кәсіп­ор­ны­ның директоры да қамауға алынды. Оған жасалған жұ­мыс­тар бойынша актіге қол қою үшін кәсіпкерден 500 мың теңге пара талап етті деген айып та­ғы­лып отыр. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Ембі қаласының әкімі арадағы делдал арқылы жеке кәсіпкерден қаңғыбас иттерді ату бойынша атқарылған жұмыстардың актісіне қол қою және алдағы тендерлерде жеңуге көмектесу үшін 76 мың теңге пара алды деп айыпталуда. Бұлардың бә­рін құзырлы орган пайдакүнем лауазымды тұлғалардың баю мақсатында бизнеске қысым жа­саудың жолы болып табы­ла­тын­дығын айтады. Мәселен, Аты­рау облысында облыстық қар­жылық бақылау инспек­ция­сы­ның маманы орта мектептің жөнделгені туралы қорытынды беруі үшін «СнабОйлСтрой» ЖШС өкілінен 500 мың теңге және 10 мың АҚШ долларын алу үстінде ұсталған.   Алматы қаласында облыстық қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы бопсалау жолымен «Изо­билие» ЖШС директоры­нан аталмыш кәсіпорынды тексеру кезінде оң шешім қабыл­дау үшін 1700 АҚШ долларын пара ретінде алған. Шенеуніктер үшін қолдағы билікті пайдаланудың басқа да жолдары бар. Мәселен, Маң­ғыс­­тау облысында Жаңаөзен қаласы әкімінің бірінші орын­басары «Өзенинвест» және «Жылу Жүйелері» мемлекеттік кә­сіпорындарының басшыла­ры­­на жеке кәсіпкер Аяповтың өндірістік базасының бір бөлі­гін қирату туралы заңсыз үкім беру арқылы оның заңды кә­сіпкерлік қызметіне айтар­лық­тай зиян келтірген. Ақмола об­лысында Есіл ауданының әкімі жер телімін пайдалану құқығын ұзартып беруі үшін «Козак» және «Простор-1» шаруа қо­жа­лық­тарының басшыларын 1 млн.теңгені беруге мәжбүр­леген көрінеді. Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы Бәйдібек ауданы әді­лет басқармасының бастығы да қамауға алынды. Оған өнді­ріс­тік кооперативті қайта тіркеу үшін бағынышты қызметкері ар­қылы пара алды деген айып тағылып отыр. Ал Алматы об­лы­сында Жаркент-Алматы трас­­сасында аймақаралық кө­лік­­тік бақылау инспек­ция­сы­ның қыз­меткерінің ауыр жүк көлік­тері жүргізушілерінен жүй­е­лі түрде пара алу дерегі әш­ке­ре­ленген. Онда жүргізу­ші­лер­дің бірінен кедергісіз өту үшін 20 мың теңге пара алу үстінде «Жетісу» ай­мақ­аралық көлік бақылау инс­пек­торы ұс­талды. Оған қоса ауыр жүк кө­ліктерінің жүргізуші­лері­нен боп­салау арқылы пара ал­у­дың тағы 7 бірдей дерегі ашыл­ды. Мұндағы параның көлемі көліктің және жүктің түріне қа­рай 5 мыңнан 20 мыңға дейінгі аралықта қалқып отырған. Александр ТАСБОЛАТОВ.