Батысқазақстандықтар биылғы жойқын су тапшылығына куә ғана болып қоймай, оның адам айтса нанғысыз зардаптарын бастан кешуде. Осындай құбылыс өңірде соңғы рет қашан орын алып еді? Осындай сауалды бір-біріне қойып, анық-қанығына жете алмай жүргендер де жеткілікті. Аймақта гидрометеорологиялық орталық пен су шаруашылығы саласында жүрген мамандардың мәлімдеуіне қарағанда сонау 1957 жылдың көктемінде Шаған мен Деркөл өзендерінен секөнтіне 1280 текше метр су аққан екен. Бұл – судың осыншама тонна ауырлық күші бар деген сөз. Жолындағының бәрін жермен-жексен қылып, жайпап өте алатын ғаламат үлкен күш бұл. Аталған өзендерге келген биылғы су мөлшері де бұдан 54 жыл бұрынғы көрініспен қарайлас деп тұжырымдайды олар.
Осындайда тасқын судан алынатын ащы сабақ қандай деген сауал еріксіз туындайды. Оған толыққанды жауап қайтару үшін белгілі бір уақыт та керек. Әйтсе де оның ең басты сабақтары қазірдің өзінде айқындалып қалды деуге болады. Мұның біріншісі, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко атап көрсеткендей, аумақтарды дамыту бағдарламасын бекіткен кезде, тасқын судан қорғайтын инженерлік жүйелерді қоса жобалау.
Өткен аптада Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Орал өңіріне үкіметтік жұмыс тобын бастап келді. Қызметтік іссапар барысында осы жұмыс тобының мүшесі, Су ресурстары комитетінің төрағасы А.Орманмен Ақжайықтағы ахуал жөнінде ой-пікір алмасудың сәті түсті. Ол су тасқынына байланысты төмендегідей тұжырым жасады.
Республикада қабылданған Су кодексі талаптарына сәйкес өзен-көлдер жағасында бой көтеретін тұрғын үйлер мен коттедждер, саяжайлар, денсаулық сақтау орындары су жиегінен кем дегенде 100 метр қашықтықта болуы керек. Қызметтік-салалық бақылаулар барысында Орал қаласы төңірегі мен тасқынға тап болған аумақтарда су жөніндегі заңдылықтар сақтала бермейтінін байқадық. Жүз метр дейміз-ау, су жиегінен небәрі он-жиырма метр жерден үйлер мен саяжайлар, коттедждер салына берген. Бұл, әрине, аталған мекен-жайларды тұрғызған меншік иелерінің кінәсі емес. Бұл ең алдымен оны тұрғызуға рұқсат беретін шешімдер қабылдаған жергілікті атқарушы органдар басшыларының кінәсі. Мұндай шешімдер республикада қабылданған заңдылықтарға сәйкес келмейді. Болашақта осындай солақай шешімдердің күшін жойып, оны бір ретке келтірген жөн деп есептейміз. Өйткені, биылғыдай жағдайдың қайталанбауына ешкім кепілдік бере алмайды. Керісінше, су жағалаулары мен жиектері көп шығынды қажет етпейтін, халық тынығып серуендейтін мәдени-демалыс орындарына айналса, одан ешкім де ұтылмас еді.
Республикадағы су ведомствосы басшысының бұл пікірі шындықпен астасып жатқанына күмән келтіру қиын. Осы айтылған мәселе газетіміздің бетінде осыдан екі жыл бұрын көтеріліп, онда Орал қаласындағы азуы алты қарыс құрылыс компаниясы қожайынының Шағанның жағасында тұрғызылған зәулім коттеджінің мәрмәр баспалдақтарын өзеннің ерке толқыны аймалап сүйіп жатыр екен деп жазған екенбіз.
Тағы бір мысал. Кезінде Шаған өзенінің жағасында тұрғызылып, кейін «Парк-отель» деген атауға ие болған жеке меншік кешен жөнінде баспасөз беттерінде әртүрлі пікірлер өрістеді. Көпшілік қауым оның су жағасында тұрғызылғанын айыптап жатты. Ақиқатын айтқанда ол қарапайым тұрғындардың бәріне бірдей қолжетімді, яғни облыс орталығындағы демалыс паркі секілді қажетті мәдени демалыс орнына айнала алмады. Керісінше, дәулетті адамдарға қызмет жасайтын су жиегіндегі алпауыттың кешені оның қалтасын қалыңдатқаннан басқа, қалың бұқараға пайдасын тигізбеді. Мұндай мысалдар әлі де табылады.
Тағы да сол А.Орман және Қ.Кенжеғалиев секілді су саласының басы-қасында жүрген үлкенді-кішілі басшылардың айтқандарына кұлақ түрсек, бұдан басқа да табиғат пен жаратылыс заңдылықтарына қарсы жасалған іс-әрекеттерге қаныға түсеміз. Айталық, Шаған өзенінде 1957 жылғы үлкен тасқынға ұсқас, соған жетеғабыл көрініс 1986 жылы қайталанған. Одан бері де жиырма бес жыл өтті. Уақыттың соңғы ширегінде Шаған момақан кейіп танытқан. Тіпті арналары тартылып кебе бастаған. Соңғы жылдары оның суы мүлдем азайып кеткені жөнінде бұған дейін айтылудай-ақ айтылып, жазылудай-ақ жазылған-ды. Содан кейін не болды дейсіз ғой? Уақыт өте келе тасқынның әлегі ұмытылып, күндердің бір күнінде өзеннің бұрынғы арнасы бұзылып, әрі жойылып оның үстіне жол салынған.
Табиғатпен ойнауға болмайды. Табиғат мұндай оспадарлықты көтермейді дейді мамандар мен табиғат жанашырлары.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.