Қазақстан • 11 Сәуір, 2017

Жүйелі жұмыс жемісін береді

140 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында жекешелендіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру жайы талқыланды.

Жүйелі жұмыс жемісін береді

Жекешеленетін ұйымдар тізбесі нақтыланды

Жиында жекешелендіру жайында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, биыл – 280 ұйым, ал келесі жылы 84 ұйым сатуға шығарылады. «Эйр Астана» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қаз­пошта» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ТауКен Самұрық» ҰК» АҚ тәрізді еліміздің 8 ірі активін IPO/SPO-ға 2019-2020 жылдары шығару жоспарланған.

2016 жылдың соңында жүргізілген ведомствоға бағы­ныш­ты ұйымдарды түгендеудің қоры­тындысы бойынша Кешен­ді жекешелендіру жоспары­на қосымша 105 ұйым мен қызмет­терін мемлекеттің қатысуы­мен және онымен үлестес тұлға­лармен АҚ және ЖШС атқара алатын, Үкіметтің қызмет түрлерін айқындайтын қаулысына сай келмейтін 32 ұйым енгізілген.

«Нысандар тізімін жасағанда біз түгендеу нәтижелерін негізге алдық, оған сәйкес мемлекет меншігінде 6003 ұйымды сақтап қалу ұсынылды, оның ішінде 88 пайыздан астамы әлеуметтік сала ұйымы болса, 447 компания – квазимемлекеттік сектордан, сонымен қоса 243 ұйымды тарату ұсынылды», деді Т.Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, жеке­шелендірудің ашықтығы мен тиім­ділігін қамтамасыз ету, әлеуетті инвесторларды барынша көп тарту мақсатында «KAZNEX INVEST» АҚ қосымша интернет-ресурсын ашқан. Мұнда жекешелендірілетін нысандар жөніндегі ақпараттар ұсынылған және кешенді жекешелендіру жос­пары орындалуының жүзеге асырылу барысы жариялануда.

2016 жылдан бастап Жеке­ше­лендірудің кешендік жоспары бойынша 51 млрд теңге сомасына 198 нысан, соның ішінде 7 млрд теңгеге республикалық мен­шіктің 18 нысаны, 5 млрд теңге­ге коммуналдық меншіктегі 95 нысан, 39 млрд теңгеге квазимем­лекеттік сектордың 85 нысаны өткізілді.

Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың хабарлауынша, Мем­лекет басшысының тап­сыр­ма­ларын іске асыру аясында 2017 жылы 325 нысанды сату жоспарланған, соның ішінде рес­пуб­ликалық меншіктің 30 нысаны, коммуналдық меншіктің 177 нысаны, Ұлттық холдингтердің 67 нысаны мен Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 51 нысаны бар. 2018 жылы 61 нысанды сату көзделген.

«2017 жылы 29 тартымды нысанды сату жоспарланған, оның ішінде – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-қа қатысты 20 нысан, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-қа қатыс­ты 1 және республикалық меншік­тегі 8 нысан бар. Ал 2018 жыл­ға жоспарланған 21 тартым­ды нысанның біреуі комму­налдық меншікке, 10 «Самұ­рық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-қа, 3 «Бәй­терек» ҰБХ» АҚ-қа, 3 «Қаз­Агро» ҰБХ» АҚ-қа және 4-еуі рес­пуб­ликалық меншікке тиесілі», деді Б.Сұлтанов. Сон­дай-ақ, «Са­мұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың 18 ірі компаниясын өткізу 2019-2020 жылдарға жоспар­ланған.

Мәселе жан-жақты талқы­ланған соң Премьер-Министр Ба­қыт­жан Сағынтаев Қазақстан­дағы жекешелендіру бағдарла­масын одан әрі іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Үкімет басшысы жеке­ше­лен­діру нысандарын өткізудің жаңа кестелері қайта бекітілгенін, сондай-ақ әр нысан бойынша Жол карталары оларды өткі­зу­дің нақты мерзімдерімен Мем­лекеттік мүлік тізіліміне енгі­зілгенін атап өтті. Осыған бай­ланысты мемлекеттік орган­дарға және холдингтерге бекі­тілген кестелерді нақты сақтау­ды қамтамасыз ету қажет. Сон­дай-ақ, бүгінде мемлекеттік меншікте қалуы тиіс нысандар тізімін жасау бойынша жұмыс жүргізілуде. Оған қоса, «Yellow Pages» қағидаларына сәйкес келмейтін жүзден астам нысан жекешелендіруге жататын нысандар тізіміне қосымша енгізіледі. Мемлекеттік меншіктегі қалған нысандар жабылуы немесе қайта ұйымдастырылуы тиіс. Осыған байланысты Премьер-Министр мемлекеттік органдарға, әкімдік­терге және ұлттық холдингтерге ағымдағы жылдың соңына дейін аталған жұмысты аяқтауды тапсырды. Бұдан өзге, Бақытжан Са­ғынтаев Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Мемлекет басшысы мемлекеттік қатысуы бар бар­лық нысандарды оларды бәсе­келі ортаға беру мақсатында түген­деуді тапсырғанын еске салды.

Ұлттық экономика министр­лігі жүргізген жұмыс қоры­тын­дысы бойынша бәсекелі ортаға беруге тиісті нысандардың тізімі өзектендірілді. Сол себепті жауапты мемлекеттік органдар алда осы бағыттағы жұмыстарды бақылауда ұстаулары қажет.

48 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

Отырыста талқыланған екінші мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баян­дады. 2017 жылдан бастап елі­мізде қажетті кәсіптер мен кәсіп­керлік негіздері дағдылары­на жаппай оқыту мен үйре­туді, несиелендіру арқылы жап­пай кәсіпкерлік үшін жағдайлар ту­дыруды, жұмысқа орналасты­руға ықпал ету және еңбекке жұмыл­дыруды қолдауды қарастыратын Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда.

«5 сәуірдегі жағдай бойынша бағдарламаға 80 мың адам қа­тысты, оның ішінде 75 мың (94 пайыз) жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 5 мың (6 пайыз). Бағдарламаны жүзеге асыру аясында 48 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Тағы 31 мың адам жұмыспен қам­ту орталықтары арқылы жұмыс берушілермен бос жұмыс орын­дарына жұмысқа орналастырыл­ды», деді Т. Дүйсенова.

Бағдарламаның екінші бағы­тын жүзеге асыру үшін биыл 38,5 млрд теңге қарастырылған. Биыл 5,8 мың шағын несие беріп, кәсіпкерлік негіздеріне 15 мың адамды оқыту жоспарланған. Үшінші бағыт аясында әлеумет­тік жұмыс орындарына 11,3 мың адамды орналастыру жос­пар­ланған, жастар іс-тәжірибесіне – 12,7 мың түлек, қоғамдық жұмыстарға 76,2 мың адам тартылады. 2,8 мың адамның көші-қонына субсидия төлеу қарастырылған. Бағдарламаның үшінші бағытын жүзеге асыруға 9 млрд теңге бөлінген.

«Жыл басынан бері әлеу­мет­тік жұмыс орындарына 12,4 мың адам орналастырылды, 28,1 мыңнан астам қазақстандық қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 7,6 мың жас маман жастар іс-тәжірибесіне қам­тылды. Жалпы, бағдарламаны жүзе­ге асыруға 2017 жылы 85,3 млрд теңге қа­рас­тырылған», деді министр.

Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биыл кадрлар даярлаумен 21,3 мың адамды және курстық оқытумен 26 мың адамды қамту жоспарланғанын жеткізді. Өңірлерде кадрлар даярлауға үміткерлер тізімін қалып­­тастыру бойынша 825 ұтқыр топ құрылды. Үміткерлер 9-11 сы­нып­тар түлектерінен, білік­тілігі жоқ тұлғалардан, аз қам­тыл­ған отбасылардан шыққан­дардан және өмірде қиын жағ­дайға тап болғандардан, сондай-ақ, азаматтардың басқа да санаттарынан қалыптастырылады. 360 білім беру ұйымының тізімі анықталған. Жұмыспен қамту орталықтары құрамды 29 жасқа дейінгі жастардан, халықты жұмыспен қамту орталықтарына тіркелуіне тәуелсіз жұмыссыздардан және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан қалыптастырылады. Бес пилоттық өңірде шалғай елді мекендерде азаматтарды оқыту үшін ұтқыр оқу орталықтарын құру бойынша жұмыс жүзеге асырылады.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан»