Қазақстан • 11 Сәуір, 2017

Біз халық үшін қызмет етеміз

1223 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданды.

Біз халық үшін қызмет етеміз

Бұл құқық қорғау органының мақсаттары мен функцияларын, құқықтары мен міндеттерін анықтайтын бірінші құқықтық акт еді. Сөйтіп, биыл ішкі істер органдарына ширек ғасыр толып отыр. Бұл тәуелсіз еліміздің өмірі өлшемімен алсақ, аз уақыт емес. Ширек ғасыр бойына осы органға қызмет етіп, оның ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқандықтан, оның мәселелері бізді әсте толғандырмай қоймайды.

Біз полиция еңбегінің мән-маңызын толық түйсіне алып жүрміз бе?    Қоғамда сүрінгенге – сүйеу, құлағанға – тіреу, деміккенге – тыныс болатын осы орган екені баршаға мәлім. Ендеше, ішкі істер органдары – халықтық орган дегеннің нақты айғағы бұл. Ұлы ойшыл Дидроның: «Заңның негізі – халық және адам» дейтіні бар. Біз халық үшін қызмет етеміз.

Асылында, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 1995 жылы 21 желтоқсанда жарық көріп, кейіннен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Қа­зақ­стан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заң  күші бар Жарлығы Қазақстан полициясының дамуындағы жаңа кезеңді айғақтады. Мұн­дағы салмағы алабөтен ерекше мәселе – ішкі істер органда­рын құқықтық әрі ұйымдық тұр­ғыдан дамыту бағытында, ішкі істер органдары секілді біртұтас жүйені криминалдық поли­ция және әкімшілік полиция деп ара-жігін бөле айырып, құқық қорғау органдарында бұрыннан тарихи қалыптасқан жүйені қайтарып беру болып табылады. Заң шығарушы консти­ту­циялық ережелерге сүйене отырып, ішкі істер орган­дары қызметінің нормативтік негізін қалыптастыру мақсат­ында бұрынғы бір орталыққа ба­ғындырылған қатал кеңестік милиция жүйесін белгілі бір дәрежеде жеңілдетіп, мемле­кет­тің де, сол сияқты жергілікті өзін өзі басқарудың да мүдделерін үйлестіруге ұмтылды. Осылайша алғаш рет құқықтық реттеу тәжірибесінде ішкі істер органдарын жоғарыдан төменге бағынуға бағытталған криминалдық полиция мен әкімшілік полицияны қажетті деңгейде жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару орындарына бағынышты етіп бөлу қолға алынды.

Елбасымыз қашанда еліміз­дің тұтқасына айналған құқық қорғау органдарын назардан тыс қалдырып көрген емес. Сонау 1998 жылы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Жарлығына қосымша ретінде 2007 жылы «23 маусым – полиция күні» деп жариялап, бөле-жара ерекшелеп, кәсіптік және өзге де мерекелердің тізбесіне енгізуі осының жарқын айғағы. Сол уақыттан бері бұл күн полиция қызметкерлері мен ардагерлерінің еңбектерін ескеріп, оларға ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіру күні болып мерекеленуде.

Кейінгі жылдарда құқық қорғау органдарының, соның ішінде ішкі істер органдары қызметінің ұйымдастырушылық тұрғыдан қайта реформалануы және қолда бар құқықтық инс­титуттарды жетілдіру, халыққа ашық болу қағидатын негіздеу қажеттілігі де  айқындалды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындауға тапсырма беруіне сәйкес, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 24 мың бірліктен тұратын жергілікті полиция қызметі құрылып, жұмысқа кірісті. Оның негізгі міндеттері – қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылық профилактикасы заңнамалық деңгейде бекітілді. Қайта жаңғырған жергілікті полиция қызметінің халық көңілінен шыға бастауы құқықтық жаңғыруларды білікті түрде жүргізіп отырғанымызды аңғартады. Осының бәрі де ішкі істер органдарының беделін күшейте түсті.

Қоғамның үздіксіз дамуында мемлекеттік құрылымдардың жүйесін құрайтын ішкі істер органдарына қарасты ведомстволық оқу орындарының алатын орны ерекше. Құқық қорғау қызметінің елдің іргесін бекітіп, қауіпсіздігін арттырудағы мәні зор десек, осы орайда салалық оқу орындарының да салмағы ерекше. Қызметі адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандығын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауға, қоғам­дық тәртіпті сақтауға және қо­ғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ішкі істер органдарына мамандар дай­ындауда замана ыңғайы, дәуір та­лабы, уақыт нақышына сай, өзін­дік ерекшеліктері, қалыптас­қан үрдісі бойынша үнемі өзгеріп тәжірибе жинақтау­мен толығып, молығып отыру – заңды құбылыс.

Ішкі істер министрлігі Шы­рақ­бек Қабылбаев атындағы Қос­танай академиясының назар­ға алатыны да осы бағдар. Қазіргі кезең Қазақстан Респуб­ликасының білім беру жүйе­сінің базистік теориялық негіз­дерін, философиялық және педа­го­гикалық әдіснамасын кең көлем­де реформалаумен сипатталады. Жаңа кезең білім беру мазмұ­нын түпкілікті өзгертуді, жаңа білім беру технологияларын қалып­тастыруды қажет етеді. Бұл фак­торлар оқытушының ішкі іс­тер органдарына кәсіби маман­дарды даярлаудағы орны мен рөлін жаңаша пайымдауды керексінеді.

Мемлекет басшысының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақ­станның Үшінші жаңғы­руы: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» Жолдауында төртінші басым­дықты адами капитал сапасын жақсарту деп белгілеуі жаһан­дық деңгейдегі ой кешу үрдісінің айқын белгісі. Адами капитал білім, ілім және ұлтжан­ды­лықты дамыту арқылы қалып­тасады. Құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасаудың өзі оның негізгі көзі – адам болып табыла­тындықтан. Осы ыңғайда жоғары оқу орындарының атқара­тын ерекше орны бар. Елбасы сөзімен айтқанда, ең алды­мен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Оқыту бағдар­ла­маларын сыни ойлау қабіле­тін және өз бетімен іздену дағды­ларын дамытуға бағыттау қажет.

Соңғы кездегі ауыз толтырып айтуға тұрарлық игілікті істердің бірі жоғары оқу орындарында оқу үдерістерін бір ізге түсіріп, бір бастаудан арна тартатындай етіп жүйелеу еді. Білім беруде үш негізге сүйене отырып, теория мен практика әрі ғылымның таразы басын тең етіп ұстауды қош көреміз. Аламан дәуірдің алмағайып қиындықтары, білім саласындағы болып жатқан өзгерістер мен тұрақсыздықтар  оның өз арнасымен дамуына кері әсерін тигізбей қоймайтыны рас. Осы себепті білім саласы үнемі ізденулер арқылы өріс кеңейтуді керек етеді.

Жоғары оқу орнына түбе­гейлі өзгеріс жасаушы  про­фес­сорлық-оқытушылар құ­рамы болып саналады, ол – педа­гогикалық процестің бас­ты тұлғасы. Болашақ полиция қыз­меткерлерінің жақсы білім алуы, толымды дайындығы, яғни толық қалыптасуы тәлімі мен тәжірибесі мол оқытушыға ті­келей байланысты. Сондықтан олар­дың кәсіби деңгейін көтеру, іскерлік пен адамгершілік қасие­тін, жоғары мәдениетін қалып­тастыру – ғылыми-педаго­гикалық кадрлардың маңызды міндеті.

Жалпы, полицейлерді оқы­тудың басқа салаларға қара­ғанда, өзіне тән ерекшелігі мен айырмашылығы бар. Дайын­дық оқытудың дәстүрлі нысанында емес, тәжірибелік қыз­метке жақын болуы тиіс. Курсант­тарымыз келешектегі қыз­метінде қолдана алатын білім  мен машық-дағдыларға және құ­зыреттерге ие болуы шарт. Алайда, бұл оқытудың теория­сын мүлдем елемеу керек деген сөз емес. Керісінше, түпкі игілікті мәселе ішкі істер  орган­дарының келешек мамандары үшін  үш негіз – теория, практика және ғылымды қоса қолдана алуында жатыр.  

Қазіргі заманғы полиция қызметкерлерінің тек қана кәсіби маман болып қоймай, жоғары адамгершілік  құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлға ретінде қалыптасуы біз үшін аса маңызды.   Бізге маман  емес, алдымен адам керек. Бұл – бірінсіз бірі жоқ, бүтіндікті құрайтын бір заттың екі жағындай нәрсе. Сондықтан бүгінгі күні ІІМ кадрлық құрамын реформалау жағдайында, негізгі басымдық ішкі істер органы  болашақ қыз­мет­керлерінің бойында азамат­тық, адамгершілік, рухани және басқа да тұлғалық кәсі­би маңызды қасиеттерді қалып­тастыру, олардың құзы­рет­тілік және құқықтық мәдениетін көте­ру, жедел-қызметтік міндет­терін орындауда жоғары дәреже­дегі уәждемеге жеткізу, қызмет­тік тәртіпті, заңдылықты және қыз­­­меттік кәсіби-этикалық нор­ма­­ларды сақтауды нығайту бол­мақ.

Мемлекеттік құқық қорғау жүйесінде ішкі істер органының болашақ маманының жеке тұлғасына әсер ететін жалпы мәдени-эстетикалық біліктілігін қалыптастыру және дамыту фак­торларын жандандыру қа­жет­тілігін ескеріп жаңа жоба ре­тінде «Мәдениет универси­тетін» аштық. Оның міндет­теріне курсанттардың белсенді өмірлік ұстанымын, жоғары адам­гер­шілік қасиет­терін тәрбие­леу, әдебиет, өнер, ғылым са­ла­сындағы білімдері мен жетіс­тіктерін насихаттау; мәдени ой өрістерін кеңейту, рухани-адам­гершілік, мәдени-эстетикалық, отбасы  мәселелерін, қоғамда өз­дерін ұстау ережелерін қалып­тас­тыру; коммуникативтік мәдение­тін және психологиялық қалып­тасуын арттыру және т.б жатады.

Академияда білім алып жат­қан болашақ полиция қызмет­кер­лері үшін адастырмас темір­қазық күнделікті құқық қорғау қызметтерін атқаруда жан аямайтын ержүректілік, батырлық, антқа адалдық, қызметтік бо­рыш­қа беріктік – негізгі бағдар.

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,

Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы, полиция полковнигі, профессор

ҚОСТАНАЙ