Аймақтар • 11 Сәуір, 2017

Оралда «Smart City-2017» халықаралық форумы өтті

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Smart City-2017» атты халықаралық форум өтті. Форумда Австрия, Ресей, Финляндия, Франция мемлекеттерінен және Астана мен Алматы қалаларынан келген мамандар «Ақылды қала» тақырыбына өз жобаларын таныстырды.

Оралда «Smart City-2017» халықаралық форумы өтті

Әлемде жаппай үрдіске айнал­ған урбанизация процесі көп мә­се­лені бір-бірімен үйлес­тіре ше­шуді талап етеді. Бүгінде жер жүзі халықтарының тең жары­мы ша­һарларда тұрып жатыр. Мамандар 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 70 пайызға жетеді деп санайды. Сондықтан қала тұр­мысын жоспарлау, бар нәрсені үнемдеу, ысырап пен шығын­ды азайту мәселесі күн тәрті­біне шықты. Тұрған жері тап-тұй­нақ­тай, экологиясы таза, тұр­мыс­қа жайлы әрі үнемді мекен – әр адамның арманына ай­налған.  

– «Ақылды қала» жо­ба­сы­ның ең басты мақсаты – тұр­ғындардың өмір сапасын жақ­сарту, бәсекеге қабілетті ету. Ол үшін қаламыздың инфра­құ­рылымдарын жаңа заман талабына сай жаңғырту қажет, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов форумда сөз сөйлеп.

Рас, «ақылды қалаларда» жы­луға кететін шығын өзге­лер­мен салыстырғанда 30 пайыз аз жұмсалады, көшелерді жарық­тандыруға кететін электр қуатының шығыны 60 пайыз үнемделеді, өзге де комму­нал­дық төлемдер 30 пайызға қысқа­рады екен. Сәуір туса да тәуір болмай, күнде қар жауып жатқан Орал қаласы тұрғындары үшін көгілдір отын, басқа да қуат ресурстарын үнемдеу өте қажет.

Алтай Сейдірұлының айтуынша, Орал қаласының «ақы­лын көбейтетін» бірнеше жоба қа­­зірдің өзінде жүзеге аса бас­таған.

– Біз «қауіпсіз қала» бағыты бойынша облыс орталығының ең маңызды аймақтарына бейнекамера орнатуға кірістік. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі негізінде жақында 200 бақылау камерасы және 40 жылдамдық өлшегіш камера қойылады. Одан бөлек облыс бюджеті есебінен 100 камера орнатылады. Аулалар мен көшелерді жарықтандыру да басты назарда, – дейді өңір басшысы.

Осы форумда белгілі бол­ған­дай, Орал қаласында көп кешікпей электронды пәтер ие­лері кооперативі пайда болуы мүмкін. Өйткені, жақында ғана тікелей эфирде облыс тұрғын­дарының сауалына жауап бер­ген облыс әкіміне ПИК-тердің қыз­метіне наразы болған тұрғындардан көп шағым түс­кен.

– Біз ПИК жұмысын электрон­ды форматқа көшіруіміз керек. Әлемнің дамыған елдері­нің бәрінде де тұрғындар комму­налдық төлемдерді өз үйінде оты­рып-ақ жасай береді. Тұр­ғын­дар өздеріне қандай қыз­мет көр­се­тілгенін, ақы қайда жұм­салғанын, үйлерді жаңғырту, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары қалай жүретінін, басқа да коммуналдық мәсе­ле­лерді анық көріп отыруы қажет, – дейді Алтай Көлгінов.

Бұл істе оралдықтарға фин­лян­диялық «Бизнес Оулу» ком­па­ниясының директоры Джуха Ала-Мурсула көмектеспек.

– Сіздердегі «Ақылды қала» жо­басымен танысып шықтық. Бұл жобаның түйінді тұстары бар, біз өзіміз жүріп өткен жол болған­дық­тан, қай жерден қателік кетуі мүм­кін­дігін көрсете аламыз, – дейді Джуха Ала-Мурсула.

Айта кету керек, «Smart City Uralsk» форумына тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы, көлік қаты­н­асы, қала құрылысы, қаланың әлеу­меттік-мәдени кеңістігін ұлт­тық реңкті сақтай отырып жаңғыр­ту мәселесінде ақыл-кеңес беріп, тәжі­рибесін ұсына алатын спикерлер шақырылған.


Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ