Көнеден қалған көз еді, жарықтық. Айнаны айтамын. Биіктігі бес қарыс, ені сәл ықшамдау. Жиегі қымбат ағашпен көмкерілген. Күміске салған қара бағдардай айнала әйнегінің ылғал жүгіріп күңгірт тартқан тұсының өзі ыстық тартып тұратын.
Ғажапты қараңыз, жардағы сүре шеге орнында, сүйкенген ешкім жоқ, ал сол айна өз-өзінен дүрс етіп еденге құласын. Сәуірбай шал әулетімен таңертеңгі шайын жайбарақат ішіп отырған. Шылдыр ете түскен дауыстан бәрі шошынды. Қымбат ағашпен көмкерілген жиегі бүтін, үлкен дөңгелек айна тарам-тарам боп бөлініп жатыр. Үйге күн сәулесі құйылып тұрған. Бүкіл әулет өре түрегеліп айнаға үңілді. Күн сәулесімен ойнап әр бөліктен отбасының әр мүшесінің жеке-жеке дидар-келбеті көрінсін.
Үлкендеу сынықта ақшулан сақалы секиіп Сәуірбай тұр. Көзінің оты қайтқан, ой кемірген.
Жанындағы – кемпірі. Самай шашы дудыраған, басында бір байламы бар Мүгілсін.
Қос ұл мен келіні, жан дегенде жалғыз қызы да бір-бір бөлікті иеленіпті.
Сәуірбай терең күрсініп ысқырды.
– Сұмдық! – деп қаралай жаманат шақырған кемпірі айнаның шашыранды сынығын тере бастады. Қалғандары қайырылып та қарамады. Бизнес те бұ заманда үйір көрмеген байтал сынды ғой. Дер кезінде құрықты салмасаң... әне қашты, міне қашты деп тақымдайсың да отырасың.
– Қақпас, бәрі сенен. Кесірің тимей жүрмес! Ауылдағы қиқудан қашып көшкендей боп ек. Құлағымыз енді тыншыды ма дегенде. Тағы бір пәле жармаспаса нетті, – деп Мүгілсін шалына шаптықты.
– Өйтіп оттама! Өстіп шалқып отырғаның мына менің арқам шығар.
– Қақпас, сол сенің арқаңда талай ат шығарып, атаққа іліккенбіз. Бетімізбен жер басып. Молда болам деп бір шықтың.
Ол рас енді...
– Кешегі соғыста қан төктім. Былайғы өмірде біреулерге ажырая қарадық, ақырып сөйледік. Кінәміз аз емес шығар. Пәндеміз ғой... Жуайын, ағарайын, мойнымдағы парызымды түсірейін. Аллекем кешем десе алды кең ғой, – деп басына дағарадай ғып сәлде ораған. – Әкем жарықтық жастайымнан тілімді сындырған, құлағыма қондырған деп есте қалған бір ескі сүрені тірілткен. Оның өзі марқұмды ақырғы сапарға ақ жуып аттандыруға молынан жетіп жатты.
– Молданың аузында Алланың аузы бар, деген.
– Мақамы жаныңа майдай жағады, – десіп ауылдастары қолпаштаған.
Осы абыройын малданып жүре берер ме еді... Соңғыда оңбай сүрінгені. Жаназа намазын енді бітіре бергенде: – Мына сақалың күйгір не шатып тұр?! Уа, халқым, о дүниеге имансыз кетіп жатырсыңдар ғой! – деп қалыңдығы бір елі көзілдірігі мұрнының ұшына әзер ілініп тұрған шынжау сары шабына шоқ түскендей бажылдап қоя берсін.
Қазаға жиналған жұрт сілтідей тынды. Алматыдан ат арытып марқұмның нағашысы келді, дескен. Сол екен. Әй, бәсе, қабағын кіржитіп тұрысы жаман еді-ау. Таң атқалы жүрегі түскір өз-өзінен ұйтқып еді, осының боларын сезген екен-ау. Шынжау сары дегенің Бас мүфтидің өзімен шариғатқа шартпа-шұрт таласып жүретін нағыз қызылкөз дәукес боп шықты.
Бақса, мұның жарықтық әкесінен меншіктеп қалғаны «Талақ» екен. Бір-біріне көсеу ала жүгіріп, күл шашып, бетің құрсын, кәпір десіп, айырылысып жатқан ерлі-зайыптыларға арналған сүре көрінеді. Ал, саған!
Сөйтіп, құйрық үзіп қашса құтылмас пәлеге кезікті. Мұны естіген елде бәтуа бар ма?
– Әй, бәсе, ішім сезіп еді-ау.
– Тап мүдірген жерінде қазақшаны қосып-қосып жіберетін.
– Бәленше түсіме жиі кіреді. Қабір азабын тартып жатқан ғой, – десіп, қамыс басындай тербеліп кетті. Өңшең әулекі топ бас салып, сабап тастар деп торғай адымдап сытылып қашқан. Содан азат басын азапқа салған сәлдеге жоламай қойған.
– Қақпас, ауылды алатайдай бүлдіріп Астанаға келдің, – деп Мүгілсіннің кәрі жыны қайта қоза бастап еді, үлкен ұлы Жайдос түскі асқа салаң етіп жетіп келгені. Ұзын бойы имиіп, картөшке мұрны көгеріп қалған, ынжықтау. Әйелі Валя болса дүкенді жалға алып, шаруасын дөңгелендіріп жүр. Қолды-аяққа тұрмайтын пысығы – Байдос. Ошы... ошы... деп тілін тістелеп сөйлегіш сіліңгір сары. Ағасының құрылысшылар бригадасына тендер алып бергіш... Жетпей тұрған жібек жіпке кендір жалғап жібергіш. Ылдым-жылдымы мол, бастыққа жұғысқыш. Сарқыт ішкіш. Жұғын жалағыш.
Пейіштің шуағына шомылғандай жалғыз қызы Жангүлім еді. Тал бойында бір мін болса-ше. Үшінші курс студенті...
Сумаң қаққан суық хабар түс әлетінде жеткен. Жангүлім авария жасапты. Бурабайға машинасын ызғытып бара жатып... Жол бойы жас жігітті қаққан. Қаққанда да... Қол-аяғы сынып, бел омыртқасы үзілген. Өлім аузында... Көше қуалап жүріп Сәуірбай кешірімге барған. Бедірейіп отырған ағайындарының аяғына санап тұрып жығылған. Көз жасын сақалына тамызған.
– Шет елде емдетем. Бағасы жүз мың доллар, депті. Соны төлеңдер. Қыз баланы қаматқанда не табам? Кешірдім, – депті әкесі. Иман ұйыған жан екен.
Пейіштің шуағына шомылғандай Жангүлім уақытша қамау изоляторында. Тергеу жүріп жатыр. Сәуірбай келе дігірді салып әулетін жинасын.
– Жайдос, жаның барда ақша тап! – деді жұдырығымен ауаны түйгіштеп.
– Бизнесім тоқтап қалады ғой. Осы күні 20 пайызын бастықтарға алдын ала бермесең, тендер жоқ.
– Бұл жолы алма. Құрып кетсін!
– Аштан өлеміз бе? Көштен қаламыз ба?
– Дүкен бар емес пе?
– Ол тек өзін өзі ілініп ақтап отыр.
– Жалғыз қызымды қараңғы үйге қаматып... Өңшең тумай туа шөккір! – деп бажылдап Мүгілсін білектей оқтауға жармасты.
Манадан бері үнсіз отырған Байдос: – Ошы... Сенде ақша бар. Есеп-шотыңда тұр емес пе? – деп ағасына едірейсін.
– Сап етіп тексеру келсе қайтем? Осы сен мені неге басынасың, а?!
– Соны айтам-ау. Біздің арқамызда күн көріп отырып, – деп Валя жеңгесінің өңі көгіс тартып, көзі ақайранданып кетті.
– Сен бе мені асырап отырған? Пішту, мә! Сен қатын барып тұрған алаяқсың. Дүкеннен түскен пайданы ғұмыры жарымаған тұқымыңа ұрлап үлестіресің. Ошы...
– Мені сат, ойбай! Шығар, базарға! – деп Мүгілсін диванға сылқ етіп құлады. – Бәрі сенің қырсығың. Айналып-үйіріліп келіп соғады да тұрады. Жинаған әжептәуір пенсиямыз бар еді. Қатырып шежіре шығарам. Бұлдап сатам, байимыз деп. Ал, байыдық. Ақыры өртеп тынған жоқсың ба?
Ол рас енді...
Молдалықтан бетінің ажары қашып түскен соң, қой, ермек керек, қарап отыруға болмас, деп алдына көлдей ғып ақ қағазды жайған. «Шежіре» деп әр әрпін сүзіскелі тұрған қошқар ғып түсіріп астын адырайтып сызған.
«... Әйгілі Аңырақай шайқасында бас сардар Әбілқайырдың оң қолын менің Қарабатыр бабам басқарған, – деп жазып, айналасына өзі де сенімсіздікпен бір қарап қойды. – Ал, Кенесарыға қиын-қыстау шақта мың қолмен барып қосылған менің Дарабатыр атам еді. Исатай мен Махамбет болса көтеріліс тұсында шіли менің би көкем Жаңабатырдан ақыл-кеңес сұраған... Біз де тегін адам емеспіз. Құжат бар».
Аудандық баспахана бұзаудың тіліндей етіп кітапшаны шығарып берді. Бүкіл ауыл жабылып сөйлем сайын сүрініп-жығылып жүріп соны оқыды. Тіпті, кейбір рулас ағайындары бас қосып жиын өткізіп, батыр бабаларымыздың жорық жолына экспедиция ұйымдастырайық, деп желпінді. Бәрі жөнімен еді. Тек әлгі бір-екі мектепте өткен оқушылармен кездесуде аталарының атын қайта-қайта шатыстырғаны болмаса...
Бір күні Астанадан әй-шай жоқ домаланған ғалым жігіт жетіп келсін.
Келе сала осылай да осылай, көкетай, сіздің түп-тұқияныңыз түгелдей батыр, би болыпты. Соны ұлы тұлғаларымыздың сапында «Қазақстанның жаңа тарихына» енгіземіз. Өмірбаянын әспеттеп жазамыз, суретін сырлап салдырамыз, – деп дедек қақтырып алып барады.
– Оны саған кім айтып жүр? – деп бұл шындап сасайын деді.
– Бір студенттен шежіреңізді алғам. Осы ауылдың баласы. Бар құжат қолымда депсіз. Жақсыны көрмек үшін. Ұстап қарайық, көкетай.
– Енді сол хан да, батырлар да жауға жалғыз шаппаған шығар. Біздің қолтығы тер сасып кеткен қара шалдарымыз да жүрген де бір шетінде найза ұстап...
– Мына сырғыма жауап ғалымды әжептәуір әбіржітіп тастады.
– Дегенмен Қарабатыр, Дарабатыр, Жаңабатырлардың моласы бар шығар?
– Жел мен күн жеп үгіп тастаған.
– Ең болмаса орны...
– Ол да жоқ!
– Апырмай, жалпы шежіредегі аты аталған бабаларыңыз бұл өмірде болған ба өзі? Әлде...
– Жиынтық образ ғой, – деп қайдан оқығанын, жол тауып кетті. – Шырағым-ай, жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік. Түбін түптеп қайтесің.
Кемпірі сандық түбін ақтарып тебен ине іздеп отырған. Мына заржақ пәледен шалын тезірек құтқарғысы кеп шеті мүжілген үш бұрыш қағазды қолына тездетіп ұстатты.
«Алтыннан ардақты, күмістен салмақты Мүгілсінге...» дегенді оқығанда домаланған неменің қарашығы ауып бар жатты.
– Ой, қараң өшсін! – деді бұл кемпірін оқты көзімен атып. – Бұл Сталинградтан қашып келе жатқанда саған жазған үшбу хатым ғой.
Ми айналдырған шілденің ыстығынан ба, әлде әлгінде ішкен бесті қымыздың күшінен бе ғалым жігіт есінен танып, қол-аяғын бауырына алып домалана құлаған...
– Шығар базарға! Сат мынаны да сақалынан сүйреп құлдыққа! Шежіреңмен қоса көмілгір.
– Тұқымыңа ұрлап бердің деуін. Барып тұрған өзің жүліксің. Жайдостан бастыққа деп 20 пайыз аласың. Беретінің 10 пайыз. Естімей-көрмей жүр дейсің бе? Суыр ақшаны қалтаңнан! Көңілдес қатыныңның қойнына тыға бермей.
Әйелінің мына сөзі дем берген Жайдос: – Не дейд! – деп картөшке мұрны тіпті көгеріп, орнынан сопаң етіп атып тұрды.
– Бұл бала күнінен шпана болатын. Мектепте қарайлас оқыдық, – деп Валя да күйеуімен қатар түзеп иықтаса кетті. – «Тимур» командасына жазылып, бір соқыр шалды жолдан жетектеп өткізіп жүргенде зулап машина келіп қалып... Өзі қашып құтылып, шалды басып кеткен. Мұның көзін сонда құрту керек еді. Зынданда шірітіп!
– Өй, әкең!
– Өй, шешең!
Мұнан кейін төбелес бастамаудың өзі – күнә.
Байдос пен әкесі бір майданды құрап, қалған үшеуі жедел қарсы бетке өтті. Ыдыс ұшып, құмыра құлап, бәтіңке лақтырылып, оқтау сілтеніп бітті.
Осы сәтте сарт етіп есік ашылған.
Тал бойында бір мін жоқ Жангүлімнің қатып-семіп теңселіп құр сүлдері тұрды.
– Босқа ырылдаспаңдар! Есеп ажырастым. Ол жігітке өзім қатын боп тиемін. Хош!
Шалының секиген сақалы кемпірінің тарамыс қолында, ал Валя жеңгесінің сүзеген текенің кекіліндей бұрқыраған маңдай шашы Байдостың уысында тұрып қатып қалды. Жайдостың белгілі нысананы көздемей шірене тепкен аяғы ауада босқа ілінді.
Стоп! Кадр!
***
Көнеден қалған көз еді, жарықтық. Айнаны айтамын. Ол қайтып құрала ма, жоқ па, шындығын Алла біледі.
Рахымжан ОТАРБАЕВ, Айтматов атындағы еларалық сыйлықтың лауреаты.
______________________
АВТОР ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА
Рахымжан Отарбаев 1956 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданында өмірге келген. Бұрынғы Орал педагогикалық институтының түлегі. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманағында, Қырғызстандағы Қазақстан елшілігінде қызмет атқарған. Президент Әкімшілігінде сектор меңгерушісі, елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры болды. Жазушының әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда» кітаптары жарық көрген. Ол сонымен қатар драма саласында да елеулі еңбек етіп келеді. «Нұр жауған ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрлары сахнасында қойылған.