Қазақстан • 11 Сәуір, 2017

Дүние төріндегі Қазақстан

141 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сайланып, жұмысқа кіріскеніне 100 күннен асып отыр. Кең таралған саяси дәстүрге сәйкес, 100 күн – алғашқы нәтижелерді сараптайтын, ұзақ мерзімді жоспарларды қадағалайтын кезең.

Дүние төріндегі Қазақстан

Енді Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қандай жұмыстар атқарып үлгерді және еліміздің мүшелікке қатысты келешек мақсаттары қандай? – деген сұрақтар төңірегінде өз ойымызды жеткізіп көрсек.

Қазақстан 2017 жылғы 1 қаң­тардан бастап, Кеңестің толық құқылы мүшесі ретін­де әлемнің ең көкейкесті қауіп­сіз­дік мәселелерін шешуге қаты­сып келеді. Негізінен, БҰҰ Жарғысының 24-бабына сәй­кес, Қауіпсіздік Кеңесіне ха­лық­­аралық қауіпсіздік пен бей­біт­шілікті ұстап тұру басты міндет ретінде жүктелген. БҰҰ-ның басты «алты органының» қатарынан табылатын ҚК мүшелігінде 15 мемлекет болса, соның 10-ы дауыс беру арқылы сайланады.

Қазіргі БҰҰ құрамындағы 193 мүше мемлекеттің басым дауы­сын алған Қазақстан үшін бұл үлкен жетістік. Өйт­кені, тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта еліміз әлемде бей­біт­­шілік пен қауіпсіздікті ор­нық­­тыру бағытында көпте­ген ұсы­ныстар берді. Бұл ұсы­ныс­тар халықаралық қоғамдас­тық тарапынан қолдауға ие бо­лып келеді. Енді БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшесі ретін­де Қазақстанның өзі маңыз­ды мәселелерді күн тәртібінде талқылауға ұсына алады. Әсіре­се, бұрын Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азиядағы өткір де­ген мәселелер сырт қалып жат­са, енді еліміздің бастамасы­мен назарға алынатын болады.

Айта кеткен жөн, өз өңіріміз – Орталық Азияға қатысты ҚК-нің арнайы қарары дайындалу­да. Бұл қарар, яғни Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі дүниежүзі­лік қоғамдастықтың назарын осы аумаққа аударып, Орталық Азия­ның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына жағымды әсер етпек. Қарардың қабылдануы Қазақстанның ҚК-де төрағалық ететін кезең барысында көзде­ліп отыр. Қауіпсіздік Кеңесін­де төраға­лық ауыспалы болған­дық­тан, алфавит бойынша 1 ай са­йын ауысып отырады. Қазақ­стан Қауіпсіздік Кеңесінде 2018 жылғы қаңтар айында төрағалық ететін болады.

ҚК қарарларына келетін болсақ, әрбір қарарға қатысты Кеңес­тің құрамында бөлек коми­тет ұйымдастырылып, тиісті ресурс­тар бөлініп, бақылау жү­йесі құрылады. Нақты айт­қан­да, ҚК шешімдері тек қағаз бетінде қалмай, толығымен іске асу үшін жағдай жасалады.

Қазақстан осындай коми­теттердің үшеуіне басшы­лық етеді: еліміз «ислам мемлекетіне» (Қазақстанда тыйым салынған) қарсы күрес, Ауғанстанды қал­пына келтіру және Сомали/Эри­треядағы жағдай жөн­дерін­дегі комитеттерге төраға болып сайланды. Бұл – үлкен жауап­кершілік және отандық дип­ломаттардан ерекше біліктілікті талап етеді. Сонымен қатар, Қазақ­станның тәжірибесін еске­ре отырып, Қауіпсіздік Кеңе­сін­дегі әріптестеріміз еліміз­дің өкілдерін Солтүстік Корея мен Иранның ядролық бағдар­ламаларына қатысты арнайы комитеттердің жиындарына да жиі шақырады.

Әрине, бүгінгі күні барлық ҚК мүшелерінің алдында тұрған ең үлкен сын-қатер – Сириядағы қақтығыс. Бұл мемлекетте орын алған жағдай бірнеше жыл бойы күллі әлемнің алаңдаушылығын ту­ғызып келеді және жақын ара­да осы елдегі қауіп-қатер­лер­дің одан әрі өсуі әбден мүм­кін. Ке­ң­ес­тің тұрақты мүше­лері арасын­да да Сирияға қатыс­ты бірлік жоқ. Сон­дықтан, Қауіп­сіз­дік Ке­ңе­сіне тұ­ңғыш рет қосыл­ған Қа­зақ­стан­ның диплома­тия­сына ай­тар­лықтай міндет жүктеліп отыр.

Қазақстан Сирияға қатысты бейбітшілік келіссөздерді бір­неше рет Астанада өткізіп, осы үдеріске өзіндік жағымды үлесін қосып отыр. Әлемде «Астана про­цесі» атымен таныл­ған, елор­дамыздағы келіссөз­дер уақытша атыс пен қан­төгіс­ті тоқтату тура­лы уағдалас­тық­тар­ды рәсім­деуге көмектесті. Ас­тана­дағы кездесулерді ашқан Қазақ­стан Сыртқы істер министрі Қай­рат Әбдірахманов: «Сирия хал­қы күткен ілгерілеушілікке қол жеткізу мақсатында бұл мүм­кін­дікті пайдалануға тиіспіз. Қазақ­стан Президенті мен халқы осы игілікті мақсатқа толықтай ат­са­лысады. Бұл кездесулердің сириялық дағдарысты шешуге жылт еткен сәуле түсіретініне үміт артамыз», – деді.

Ал Қазақстанның екі жыл бойы атқаратын БҰҰ ҚК тұрақ­ты емес мүшесі ретіндегі жұ­мы­сының басымдықтарын са­рап­тап көретін болсақ, олар Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өр­кендеген әлем құру үшін жа­һан­дық әріп­тестікті нығайту­ға қазақ­стан­дық тұжырымдамалық көз­қарас» деген арнайы саяси Үн­деуінде бекітілген. Бұл саяси Үндеу 2017 жылғы 10 қаңтарда ҚК оты­ры­сында оқылып, Қауіп­сіз­дік Кеңесінің ресми құжаты ретінде тіркелген.

Президент Н.Назарбаев ұсын­ған басымдықтар қатарын­да ядролық қарусыз әлем құру, жаһан­дық соғыс қатерін болдыр­мау, Ауғанстандағы бейбіт­ші­лік­ке ықпалдасу, Орталық Азияда бейбітшіліктің өңірлік аймағын қалыптастыру, БҰҰ қамқорлығымен жаһандық лаң­кес­тікке қарсы коалиция құру, Африканың бейбіт дамуы­на жәрдемдесу, БҰҰ-ның Ор­нық­ты даму мақсаттарын, бей­біт­шілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байла­нысты ілгерілету, БҰҰ-ны ХХІ ғасыр талаптарына бейімдеу және жаһандық проблемаларды шешу үшін ұжымдық саяси ерікті нығайту мақсатында мем­лекеттер мен үкіметтер басшы­лары деңгейінде ҚК-ге мүше мем­лекеттердің тұрақты кезде­су­лер тетігін келісу сияқты мәселелер бар.

Елбасының Үндеуінде ай­тыл­ғандай, «Қазақстан Кеңес­те барлық мүше елдермен аталған басым бағыттар бойынша ашық, әділ және саяси жағдаятсыз, жауап­ты, салмақты және сын­дар­лы түрде жұмыс істеуге ниетті». Осыған орай, құжатта «Қазақ­станның маңызды мақсат­қа – ХХІ ғасырда әлемді қауіпсіз, әділ және гүлденген әлемге айнал­дыру мақсатына қол жеткізу жөнін­дегі өз бастамаларына әріп­тес­терінің тарапынан қол­дау көрсетілетіндігіне сенім білдіре­тіндігі» айтылады.

Жоғарыда аталғандарды жинақтайтын болсақ, екі жыл­дық халықаралық белді де бедел­ді ұйымдағы мүшелігіміз жаһан­дық деңгейдегі іс-әрекеттерге араласуымыз жаңа серпін қоса­тын болады. Бұл – еліміз үшін үл­кен мәртебе және тарихи мін­дет. Қазақстан осы міндетті лайықты түрде орындауға дайын деп айтсақ, қателеспейміз.

Жанболат ҮСЕНОВ,

Еуразиялық кеңестің халықаралық қатынастар жөніндегі директоры