Аймақтар • 11 Сәуір, 2017

Су басқан жолдардың сұрауы жоқ па?

132 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Павлодар облысы аумағын­да­ғы республикалық маңыздағы көлік жол­дарының ұзындығы 1510 шақырымды құрайды. Оның ішінде «Қазақкөлік жолы» Р­МК облыс филиалының к­ү­тіп ұс­тауы­­на тиісті жолдың ұзын­дығы 1143 ша­қырым.

Су басқан жолдардың сұрауы жоқ па?

Ал рес­пуб­ли­ка­лық көлік жолдарын күтіп-ұстау «Қазақ­көлік жолы» меке­месі мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компа­ния­сы арасындағы шарттың негізінде жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа өткен жылы 1 млрд 150 млн 756 мың 90 теңге бөлініпті.

Жалпы, айтар бір-ақ нәрсе бар: ол көктемде өңірдегі жүріп өтетін тас­қын судың зардабы. Жыл сайын рес­пуб­ликалық маңыздағы Қалқаман – Май­қайың – Баянауыл – Ульянов – Керней жолын су басады. Биыл да солай. Тағы да жолды су басты, тіпті төтенше жағ­дайлар департаментінің хабарына қара­ғанда, облыс әкімі Болат Бақауовтың өзі бүкіл комиссияны жинап, тасқын суда қалған осы жол бойына жедел жет­се керек. Жолды су басты дегеніңіз, қара­пайым халықтың күнделікті тыныс-тір­­ші­лігіне қиындық тудырып, облыс орта­лығы, аудан, ауылдармен байланыс үзілді деген сөз.

Екіншіден, «ҚазАвтоЖол» мекеме­сінің жергілікті филиалының хабарынша, республикалық маңыздағы Ленин – Ақсу – Көктөбе – Ақжар – Курчатов, Павлодар – Успенка ауданы – Ресей шекарасы жол­­дарында бір емес, бірнеше рет су жү­р­іп өткен. Облыстық төтенше жағ­­дай­­лар департаменті су тасқы­нының ал­дын алу және апаттық-құтқару шара­ларын тәулік бойы жүргізуде, жер­гілік­ті әкімдіктер суды сору, инертті материа­лдар және құм толтырылған қап­шық­тармен су жолын бөгеу бойынша жұмыс­тарды жүзеге асыруда деп отыр. Облыс орталығына қарасты бір ғана Жетекші ауылының аумағындағы суға тосқын жасау үшін 24 адам мен 8 техника жұмылдырылыпты.

Бір қызығы, тасқын су иек астына келіп тұрғанда, жол­дың бүлінген жерлерінде бәленбай техника, бәленбай жұмысшы күшін жұ­мылдырып, жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде деп қанша қаражат шашып, шы­­ғын кеткенге налымай, бәрін жаса­дық деп қуана хабарлайды. Бұл жерде тен­дер «жеңімпазы» болар, бәлкім, Оң­­түс­тік Қазақстаннан, түркістандық «Ақжол» ЖШС-нің жұмысшылары, ма­­ман­­дары жұмыс істепті. Тасқын су­мен алысып, бұзылған учаскелерге су өткіз­­гіш құбырлар орнатыпты. Адам таңғал­ар­лық жағдай. Бұған дейін қайда жүрген?..

Павлодар – Баянауыл бағытындағы тасқын судан бұзылған автожолды бәрі жабылып жүріп, әйтеуір уақытша болса да жөндеген болып, тасқын қаупі азайды деп жатыр. Мысалы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті Баян­ауылдың Бірлік ауылын басып өтетін республикалық маңызы бар Қалқаман – Керней автожолының 101 ша­қыры­мын­да 30 метрдей жолды су бұзып өтті. Тәулік бойы жұмыс жүргізіп, жол қайта қал­пына келтірілді. Ол жерде об­лыс­тық ТЖД жедел құтқару жасағы, өрт сөндіру, апаттық-құтқару жұмыстары мекемесі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары жұмыс жүргізді деп хабар­лай­ды. Баянауыл ауданы бойын­ша Ульяновский – Керней – Қалқаман жолы­ның үш бірдей бөлігінде су басу оқиға­лары тіркелді. Жаңажолдағы Ескел­ді шатқалы, Торайғыров ауылдық окру­гіне қарасты Көкдомбақ ауылы­ның маңын­­дағы жолдар, Екібастұзға қарас­ты Бес­қауға ауылындағы жолдарда көлік байланысы шектелді. Бұл аумақта 39 маман мен 14 бірлік техника жұмыс жүр­­гізіпті. Тіпті, Майқайың кентінен Баян­­ауыл ауылына қарай тұрғындарды қа­йық­­тармен алып шыққан.

Айтпақшы, Ақсу – Дегелең бойын­дағы темір жолды су басқаны, по­йыз­дардың уақытша Ресей жолына қосылғаны да осы республикалық ма­ңыздағы Ленин – Ақсу – Көктөбе – А­қжар – Курчатов бағытындағы жолды су басуының салдары.

Жыл сайын су өтінде қалатын рес­пуб­­ликалық жолдарға жауаптыларға жауап­кершілік жүктеп, олар заң алдында қашан жауап береді деген заңды сұрақ­тар туындайды. Жылда жабулы қазан жабулы күйінде қала берді. Облыстық про­куратураның бірінші басқармасының бастығы Саят Әбділмановтың айтуын­ша, бұл жолдар мемлекеттік мекеме­лер­­дің құзырында. Алайда, оларда жол­дар­ды күтіп-ұстауға техника жет­кілік­сіз. Ин­вес­тициялар және даму министрлігі­нің рес­публикалық маңызы бар жолдарды жеке кәсіпкерлерге беруді ұсынғаны ойлантады. Техника жеткіліксіз деген сылтау сияқты. Ал жолдарды күтіп-ұстау­ға өткен жылы 1 млрд 150 млн 756 мың 90 теңге бөлініпті. Халық болса, тасқын сумен алысып, көрші ауылға қайықпен жүзіп баруға мәжбүр.

Өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардағы учаскелер шарт бо­йын­ша «Uniserv» ЖШС,  «Дена Рахсаз Кон­тракшн» АҚ ЗТ,  «АҚ-ЖОЛ» ЖШС,  «Автодорсервис» ЖШС, «АБК Автодор НС» ЖШС және «Павлодаржол­дары» ЖШС сияқты мердігерлерге бекі­тіл­ген. Бірақ, республикалық көлік жол­дарын күтіп-ұстау нарығы мемлекет­тік кәсіпорындар монополиясында екенін, ресурстар жетпеген кезде олар қоғам­ның қажетті­лігін қанағаттандырмайты­нын, жол қозғалысына қатысушыларды сапалы қауіпсіз жолдармен қамтамасыз етпей­тінін прокурорлық тексеру барысы көрсеткен. Және республикалық көлік жол­­дарын күтіп-ұстауға бизнес-қауым­дас­­тығының қатысуы да көзделмеген. Осы­ған байланысты, «ҚазАвтоЖол» ұлт­тық компаниясы» АҚ жергілікті фи­лиа­лы­ның әрекетсіздігі, міндеттерін сапа­сыз орындауы, жауапкершілікке тар­тыл­маулары бүкіл өңір тұрғындары тара­пы­нан наразылық тудыруда.

Тасқын су келмей тұрып біз неге ал­дын ала осылай жедел жұмыс жаса­май­мыз?

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы