Аймақтар • 11 Сәуір, 2017

ОҚО-да шатқалды игеру басталды

245 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Оңтүстікте сәуірдің алғашқы аптасы жаңбырмен басталып, салқын леп тұрғанымен, жан біткенді табаға салып қуыратын аптапқа да кезек келе жатыр.

ОҚО-да шатқалды игеру басталды

1 миллионға жуық халқы бар өңір орталығы – Шымкентте  сая­бақтар аз. Орта­лықтағы парктерге күші жетіп, етігін қонышынан бас­қандар жасыл желек атаулыны көктей солдырып, алды тойхана, соңы мейрамхана, көңіл көтерер орындар салып тастаған. Кезінде қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров салғызған дендробақтан басқа аптаптан қорғары жоқ шаһарда жұрт жанын қоярға жер таппай сенделіп кетер еді.

Оңтүстікте пысық, иненің көзінен өтетін жігіттерді «Таш­кен көрген» деп мақтап жатады. Ал мұ­сылман елдерінің іші­нен Түркия – Еуропаға ашыл­ған терезе іспеттес, ха­лық­­­аралық туризмнің баға жет­пес орталығы. Ұзақ жыл Түр­кияда Қазақстанның елшісі болып қызмет жасаған Жансейіт Түймебаев ондағы өмірді жақсы біледі. Жері тау-тасты Түркияда шатқал, қолат, асулар саябаққа айналдырылған, туризм арқылы табыс табуға да аса қолайлы.

Ал саябағы аз Шымкентте өріс қуалаған малдан басқаға пайдасы аз шатқалдар өте көп. Осының бәрін тізімге алғызған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев шатқалдарды халықтың демалыс аймағына айналдырудың іс-шарасын қыс ортасында-ақ бастап кеткен.

Халыққа керек дүниеден сол халық сайлаған қалаулылар сырт қалмақ емес. Облыс әкі­мінің жақсы идеясын бірінші болып қолдап, бүгінге дейін өзі мойнына алған шатқалға төрт мыңнан аса көшет еккен облыс­тық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев кәсіпкерлерді тізе қосып бірге қимылдауға шақырған еді.

Жақында облыс әкімі Жан­сейіт Түймебаев бағдарлама аясында жүзеге асырылатын 16 шат­­қалға жауаптыларды бекітіп, басшыларына алғыс хат пен сертификат тапсырды.

Жауапкершілікке алынған шатқалдардың жалпы көлемі 226 гектарды құрайды. Көгалдандыру ісінің бірінші кезеңінде ағаш егіліп, тамшылатып суару әдісі орнатылуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарының екінші кезеңінде жауапты мекемелер шатқалдарға жол салып, жарықтандыру ісімен айналысады. Үшінші кезеңінде демалыс орындары мен балалар ойын алаңдарының құрылысын жүргізу жоспарланған.

− Ертең алдымызда шіліңгір шілде, яғни жаздың аптап ысты­ғы келе жатыр. Әсіресе, жаз мез­гілінде облыс орталығындағы эко­логиялық ахуал тіпті қиындай түседі. Адам басына шаққандағы демалыс аумағы бүгінде не­бәрі 3 шаршы метрді құрап отыр. Сондықтан, «Шатқал» бағ­дар­ламасын тездетіп іске асы­руымыз қажет. Көктемнің керемет шағын пайдаланып, ағаш отырғызу ісін тездетуіміз керек. Осындай игі бастамаға қолдау білдіріп, жауапкершілік алып отырған азаматтар мен мекеме басшыларына алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда Шымкент қала­сында жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын 8 саябақ бар. Сонымен қатар, 104 көшеде ағаш отырғызылған. Алдағы уа­қыт­та «Шатқал» бағдар­ла­ма­сы аясында 47 шатқал іске ас­қан­да жалпы орманды алқап кө­лемі 16 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда. Облыс ор­талығының әрбір тұрғынына ке­мінде шамамен 16 шаршы метр­лік жасыл желек қажет. Бұл қажет­тілікке аталған бағдар­ла­ма толық іске асқанда қол жет­кізілмек.

Кездесуде «Нұр Отан» пар­­тия­сы ОҚО филиалы төр­аға­сы­ның бірінші орынбасары Әлім­­­жан Құртаевқа 8 гектар, об­­­лыс­тық мәслихат хатшысы Қай­рат Балабиевке 8 гектар, об­лыс­тық мәслихат депутатта­рына 17 гектар, кәсіпкер Рәш­күл Ос­паналиеваға 10 гектар, Оң­түстік Қазақстан мемле­кеттік пе­дагогикалық инсти­ту­­тының рек­торы Оңалбай Ая­­шевқа 10 гектар, М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік уни­верситетіне 10 гектар, Қ.Ясауи атындағы Қазақ-түрік универ­ситетінің ректоры Уәлихан Сей­діл­дәұлына 10 гектарлық шатқал­дардың картасы мен сертификаты берілді.

Шатқалдар ел игілігіне тап­сы­рылғаннан кейін әрқайсысына Шығыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің атауы берілмек. Саябақ ішінде ғұламалардың өсиет, нақыл сөздері тасқа қа­ша­лып жазылады. Мұның өзі бола­шақ ұрпаққа үлкен тәрбие мектебі болатындығы сөзсіз.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы