27 Сәуір, 2011

«Мақсатқа жету жолы – бірігу»

477 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Түркі академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы Шәкір ЫБЫРАЕВ: «МАҚСАТҚА ЖЕТУ ЖОЛЫ – БІРІГУ» Астананы түркология ғылымының орталығы ету, одан әрі түркі тілдес халықтардың келісіп кесім айтатын, ұйысып шешім шығаратын  мекеніне айналдыру идеясы Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақ елі үшін өте оңтайлы әрі ұтымды шешім. Өткен жылдың қарашасында сол мақсатпен құрылған Түркі академиясы осы күндері бірталай істің басын қайырып, бағытын нақты белгілеп алғанына  академия президенті, филология ғылымдарының докторы,  белгілі  ғалым Шәкір Ыбыраевпен әңгімелесу барысында көз жеткізгендей болдық. – Шәкір аға, бұл академияның өткен жылы Елбасының бастамасы бойынша құ­рылғанынан хабарымыз бар. Идеяның неден бастау алғанын нақтылап әрі ака­демияның маңызы жөнінде көпшілікке таратыңқырап айтып берсеңіз. – Алдыңғы жылы Әзірбайжанның Нах­чыван қаласында түркі халықтарының кезекті тоғы­зын­шы саммиті өткені белгілі. Осы жиында Елбасымыз түркі халық­тарының ха­лықаралық академиясын Астана қала­сында ашу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұсы­нысты саммитке қатысқан бүкіл президенттер бірауыздан қолдады. Кейіннен осы бастама Ыстамбұлда өткен түркі халықтарының саммитінде қайтадан көтері­ліп, оны жүзеге асыру үшін арнайы бағдар­ламалар жасалды. Нә­ти­жесінде қараша айында Астана қаласынан Түркі академиясы деген ресми атаумен академия ашылып, шаруа басталып та кетті. Ал осындай халық­аралық орталықты ашқысы келген мемлекеттер мен ғылыми мекемелер көп болды. Әзірбайжан мен Түркияда ашу туралы ой да айтылды. Бірақ, көтерілген бастамада Ел­басымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың дәлел­дері мен ұсыныстары салмақты шыққан­дай. Өйткені Қазақстанның эт­нос­аяси, мәдени, терри­ториялық шарттары осы ака­демия­ны ашуға лайық болды. Қа­зақстанның түркі әлемінің ортасын­да және түркі мәдениетінің ежелден ту тіккен орталығында орна­ласуы да бұған қолайлы жағдай ту­ғызды. Қазіргі жағ­дайымыз да еліміздің түркі мәдениеті мен ғылымына көш­басшылық жасауына мүмкіндік береді. Енді мұның маңызын таратып айту үшін тарихи шегініс жасайық. Түркі халықтарының шығу тамырын, тарихын, мәдениетін, әдебие­тін, өнерін тұтастай зерттеген кезде ғана олардың арасындағы тарихи байланыстың мән-мағына­сын жан-жақты ажырата аламыз. Кеңес Одағы кезінде қоғамдық ғылымдардың барлығын топтастырған мұндай құрылым бар еді. Жирмунский, Кононов, Тенишев секілді атақты ғалымдар басқарған «Совет түрколог­тарының комитеті» деген арнайы ұйым жұмыс істеген. Орталығы Мәскеу қаласында болды. Комитет жыл сайын барлық түркітанушы ға­лым­дардың басын қосып, осы ғылымда қандай жұмыс жасау керек деген мәселелерді талқылап, шешім қабылдап отыратын. Соның негізінде түрколо­гия ғылымында зерттелетін тақырыптың барлы­ғын алдын ала кесіп, пішіп алатын. Бұл Кеңес Одағы түркология ғылымын өз мақсатына пайдаланды деген сөз. Ғылыми айналымға енгізу керек деп тапқан тақырып­тарды ғана зерттейтін комитет жұмысы коммунистік және Кеңес Одағының ұстамына  лайық­талып жасалды.  Одақ құлаған соң комитеттің де ғұмыры аяқта­лып, түркология ғылымының беделі төмендеді. Әйтпесе, түркология дегеніңіз – түркі тілінде сөйлейтін халықтардың тари­хын, мәдениетін, тілін, қазіргі мәдени-саяси кеңістіктегі орнын, жалпы, түркілік өркениеттің әлемдік өркениет­тегі алатын салмағын айқын­дайтын үлкен бір әлемдік ғылым. Оны  дүние­жүзіндегі арабистика, славянтану, қытайтану секілді іргелі ғылым­дармен салыстыра отырып, терезесі тең деп айтуға әбден болады.  Сон­дықтан тәуелсіздік алғалы бері түркі халықтарының  болмыс-біті­мін шынайы зерттейтін түркология орталы­ғын ашуға зәрулігіміз ұлғайған тұста Елбасының осы академияны ашуға ұсыныс білдіруі – оның кең ауқымда ойлайтын тұлға екенін көрсетеді. Енді біз тәуелсіз мемлекет ретінде өзіміздің де, бауырлас өзге елдердің де мәдениетін, тарихын ешкімге жалтақтамай, ешкімге бағынышты емес жағдайда емін-еркін зерделеп, әлемдік мәде­ниетке түркі өркениеті қаншалықты үлес қосты, ондағы алатын орны қайсы деген мәселені пайымдайтын боламыз. Бұл ретте түркі мәде­ниетінің рун жазуымен жазылған ғажайып ескерткіштері бар. Ол – Орхон-Енисей ескерткіш­тері, Моңғолия, Сібір ескерткіштері, сондай-ақ, Еуразия кеңістігінің әрбір мемлекетінде  шашылып жатқан  түркілік жәдігерлер. Бұл мемлекеттердің ешқайсысы да ескерт­кіштердің түпнұсқасын бере қоймас, бірақ көшірмелерін жинақтап, Астанада жарық көруге бастамашы бо­ламыз. Сонда «түр­кі ха­лықтары өздерінің жазуы бар үлкен өркениетке ие, әлемдегі ғылым мен білімге үлес қосқан халықтармен терезесі тең» дегенді белгілеу инициативасы  қиын болмайды. – Мұны бір аспект дейік. Екінші, «түр­кі халықтарының та­рихы сонау сақ, скиф дәуірлерінен бастау алады» – деп біздің еліміздің мектептерінде, жоғары оқу орын­дарында оқытылып келе жатқан тарихи мәліметпен  өзге бауырлас түркі жұрты қаншалықты келісіп отыр? – Арғы ғасырлардағы сақтар мен скифтер, одан сәл берідегі ғұндар, қарлұқтар, қарахандар, орта ғасырлардағы көк түріктер тарихы қазіргі түркі халықтарының тарихы боп есептеледі. Бірақ, Өзбекстанға барып олардың ең ежелгі тарихына көз жүгіртсеңіз басқаша, Түркия тарихын оқысаңыз мүлде бөлек, сол сияқты Қазақстан тарихы басқаша жазылған. Іс жүзінде осы халықтардың шығу тарихы бір болса, бір негізде баяндалып,  бір-біріне қарайлас болуы керек қой. Енді осымен кім айналысады? Әрине түрколог ғалымдар. Біздің мақсатымыз да сол – бауырлас түркі елдерінің тарихын бір ізге түсіру.  Бұл тұрғыда әр елдің ғалымдарының көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Ол заңды да. Бірақ, біз ғалым­дарды жинап, ғылыми пікірімізді ортаға са­лып, бір тоқтамға келетін болсақ, жалпы та­ри­хы­мыздың қандай болғанын сол арқылы ор­таға шығарамыз. Ортақ тарихымыз бір дейтін болсақ, ғылыми жүйеде де, орта мектептерде де оқытқанда бір жолмен оқытуға әрекет жа­сай­мыз. Түркі академиясының мақса­тының бірі осы. Академияның ашылуы – ғылымда сөз жоқ, үлкен бастама. Бұл мемлекетіміздің алды­мен оянып, етек-жеңін жиғанын көрсетеді. – Түркі академиясы түркі мемлекеттері тарихы, мәдениеті, грамматикасы, жалпы алғанда түркі дүниесінің руханияты түгел­дей оқытылып, түркі халықтары балала­рының ба­сын қосқан Түркістандағы Қазақ-түрік уни­верситетінің жанынан неліктен  ашыл­мады? – Орынды сұрақ. Өйткені атының өзі айтып тұрғандай, қазіргі таңда елімізде  түркі халық­тары туралы мол мағлұматты осы университеттен артық беріп отырған  оқу орны жоқ. Оған қоса бұл оқу орнында өткізіліп тұратын түркі елдері ғалымдарының конфе­ренция­ларынан да студент өзіне керекті мағлұмат­тарды  ала алады. Бірақ, Түркі академиясының шал­ғайдағы Түр­кіс­танда ашыл­ғанынан гөрі ел ордасы Астанада болуы дүниежү­зін­дегі түрко­логтардың басын қосуға ыңғайлы деп ұйға­рылды. Ал, Түркіс­тандағы университетпен байланысы­мыз өте жақ­сы. Таяуда сол оқу орындарындағы Түркия жағының басшысымен ха­барласып, Түркиядағы бүкіл түркологтардың  тізімін алып отырмын. Олардың қайда тұратыны, теле­фон­дары, қан­дай тақырыптарды зерттейтіні міне, столымда жатыр. – Академияның ашыл­ға­нына жарты жыл бол­ды. Осы уақытқа дейін қандай жұмыс атқар­дыңыздар? Қандай істерді жоспарлап отырсыздар? – Біз құрылған күннен бастап тек қазақ­стандық емес, әлемдегі ірі түрколог ғалымдар­дың басын біріктіруге әрекет жасадық. Сон­дықтан ортақ ғылыми жобаларды атқаруға үлкен түрколог ғалымдардың барлығы тартыл­ды. Мәселен Мәскеуде Дмитрий Васильев дейтін түрколог ғалым бар.  Ескі түркі жазу­ларымен айналысады. Осы кісінің еңбегінің нәтижесінде біздің қолымызда Оңтүстік Сібірдегі түркі халықтарының көне түркі ескерт­кіштерінің корпусы (жүздеген ескерткіштің жинақталып, қағазға түскен түрі) бар. Татарстан академигі М.Закиев «Түркі халықтарының ең терең архоэтникалық тарихы» деген жинағын берді. Белгілі түрколог А.Дыбоның «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі» деген еңбегі де біздің қолымызда. Оған қоса Шайкулов,  Халиков, Сусликова, Галиуллина, Егоров, Райхлер секілді атақты түркологтар қысқа уақыттың ішінде өз еңбектерін жіберіп үлгерді. Батыс Еуропа, Ресей, Сібір, Түркия, Қырғызстанның үлкен ғалымдары осы уақытта қырыққа жуық еңбекті орталығымызға табыс етті. Әрине аты атал­маған өзге де ғалымдар , өзге де мемлекеттер бар. Біз сол қырық шақты ғылыми еңбекті тәуелсіз­дігіміздің жиырма жылдық мерекесіне арнап кітап етіп шығара бастаймыз. Оны Қазақстанға ғана емес, бүкіл түркі елдеріне тарату ойымызда бар. Сондықтан орыс тіліндегі еңбектердің көпшілігіне қазақ, ағылшын тілдерінде үлкен түсіндірме жасап, ал қазақ тіліндегі еңбектерге орыс, ағылшын тілдерінде түсіндір­ме жасап тара­та­тын боламыз. Өйткені қысқа уақыттың ішінде бір тілден екінші, үшінші бір тілдерге аударып шығу қиын болайын деп тұр. Сон­дықтан маңызды деген еңбектерді түсін­дірме жасап тарату да түркі халық­тарының  мәдение­тін, тарихын өзге мемлекеттердің білуіне үлкен бір баспалдақ іспетті. Одан басқа академияның шығармашылық ұжымы қолға алған жиырма шақты жоба бар. Оларды бітіру де осы жылдың үлесінде. Кеңес Одағы тұсында түркология комитеті жұмыс істегенін айт­тық. Олар сол кезде «Советская тюркология» деген ар­найы журнал шығарған. Бұл Бакуде жарық көріп тұрды. Ол одақтың санаулы 5-6 аты белгілі журналының бірі болған. Мына орталықты ашқаннан кейін сондай журнал шығару біз үшін де маңызды. Сондықтан «Алтайтану және түркітану» атты журнал шығармақ ойда­мыз. Ол төрт тілде – қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көретін болады. – Жұмыстардың бәрі де ауқымды екен. Бұларды қар­жы­ландыру мәселесі қалай шешілген? Мәселен әлгі ға­лымдарға қаламақы төле­діңіз­дер ме? Сосын төрт тілде шығатын журналды тарату мәселесі қалай реттелмек? Жер шалғай дегендей. – Қырыққа жуық еңбек­терді қолымызға тапсырған ғалымдарға қаламақы төленіп жатыр. Жиырма шақты жо­баның да, журнал­дың да қаржы мәселесі шешіліп қойылған. Осы академияны ашу бары­сында-ақ қаржы мәселесі Үкі­мет тарапынан шешілді. Ал, журналды көптеген мемлекеттерге тарату шы­нын­да оңай емес. Сондықтан  оның электронды нұсқасын сайтқа салып отыратын боламыз. Орталық қазір «Түркі академиясы» деген статуспен тұр. Жақын келешекте «халықаралық» мәртебесін иемдену барысында Түркия, Әзірбайжан мемлекеттері өз қаржыларымен келіп қосылады. Сонда жобалар саны да көбейеді. – Білуімше, елімізде түрколог ғалымдар онша көп емес. Олардың ең жасының өзі алпыс-жетпісті алқымдап қалған болуы тиіс. Сол кісілердің өздері дайындаған шә­кірттері бар ма? Олар академия жұмысына қанша­лықты тартылған? – Ертеректе Әбдуәли Хайдаров,  әкелі-бала­лы Аманжоловтар, Ибатов сынды  танымал ғалымдар болды. Ол кісілер дайындаған шәкірт­тер де бар. Соның ішінде Мағрипа Ескеева, Ұлдана Исабекова,  Асқар Дүйсенбі,  Қайыр­бек Кемеңгер, Эльмира Абдукамалова, Жэмма Аман­жолова, Ержан Қуанышбаев деген жас түр­кологтардың бір шоғыры өсіп келеді. Осының ішінде тікелей академия жұмысына тартылған­дары да, өз беттерінше ғылыммен айналысып, университеттерде сабақ беріп жүргендері де бар. – Айтпақшы, академияның кітапхана­сын қалай жабдықтадыңыздар? Өзге де дамыған мемлекеттердегі атақты кітапханалармен байланыс жолға қойылған ба? – Алматыдағы ұлттық кітапхана, сосын жекелеген ғалымдар біраз кітаптарды сыйға тартты. Бұл жерде тек кітаптар емес, сыйға келген музей экспонаттары да бар. Ендігі мәселе көптеген еңбектердің электронды нұсқасын жинақтау болып тұр. Дүниежүзіндегі атақты кітапханалармен келісім-шартқа отырып, ондағы құнды, сирек кездесетін кітаптардың ең болмаса көшірмесін алуға қол жеткізуге мүмкіндік жаса­мақ ниеттеміз.  Сондай-ақ, академияның жұмы­сына өзге мемлекеттер де келіп қосылатын жағ­дайда кітапхана ауқымы кеңейіп, кітаптар еселенбек. – Соңғы сұрақ болсын, Түркияның Еуро­одаққа кіруіне жеке көзқарасыңыз қандай? – Кіргені дұрыс. Дүниежүзінде беделі ар­тады. Саяси тұрғыда, алыс-берісте дүние­жүзілік дамыған мемлекеттерден шет қалмай іште жүрсе, өз даусы бар этносқа айналады. Жалпы, Түркия ғана емес, түркі мемлекеттері де өзіндік үні бар мемлекеттерге айналып, бір-біріне көмек қолын созып, бауырластық ниетін аңғартып тұр­са, түркі жұртының әлем алдындағы мәртебесі өскен болар еді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА.