Түркі академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы Шәкір ЫБЫРАЕВ: «МАҚСАТҚА ЖЕТУ ЖОЛЫ – БІРІГУ»
Астананы түркология ғылымының орталығы ету, одан әрі түркі тілдес халықтардың келісіп кесім айтатын, ұйысып шешім шығаратын мекеніне айналдыру идеясы Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақ елі үшін өте оңтайлы әрі ұтымды шешім. Өткен жылдың қарашасында сол мақсатпен құрылған Түркі академиясы осы күндері бірталай істің басын қайырып, бағытын нақты белгілеп алғанына академия президенті, филология ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Шәкір Ыбыраевпен әңгімелесу барысында көз жеткізгендей болдық.
– Шәкір аға, бұл академияның өткен жылы Елбасының бастамасы бойынша құрылғанынан хабарымыз бар. Идеяның неден бастау алғанын нақтылап әрі академияның маңызы жөнінде көпшілікке таратыңқырап айтып берсеңіз.
– Алдыңғы жылы Әзірбайжанның Нахчыван қаласында түркі халықтарының кезекті тоғызыншы саммиті өткені белгілі. Осы жиында Елбасымыз түркі халықтарының халықаралық академиясын Астана қаласында ашу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұсынысты саммитке қатысқан бүкіл президенттер бірауыздан қолдады. Кейіннен осы бастама Ыстамбұлда өткен түркі халықтарының саммитінде қайтадан көтеріліп, оны жүзеге асыру үшін арнайы бағдарламалар жасалды. Нәтижесінде қараша айында Астана қаласынан Түркі академиясы деген ресми атаумен академия ашылып, шаруа басталып та кетті. Ал осындай халықаралық орталықты ашқысы келген мемлекеттер мен ғылыми мекемелер көп болды. Әзірбайжан мен Түркияда ашу туралы ой да айтылды. Бірақ, көтерілген бастамада Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дәлелдері мен ұсыныстары салмақты шыққандай. Өйткені Қазақстанның этносаяси, мәдени, территориялық шарттары осы академияны ашуға лайық болды. Қазақстанның түркі әлемінің ортасында және түркі мәдениетінің ежелден ту тіккен орталығында орналасуы да бұған қолайлы жағдай туғызды. Қазіргі жағдайымыз да еліміздің түркі мәдениеті мен ғылымына көшбасшылық жасауына мүмкіндік береді.
Енді мұның маңызын таратып айту үшін тарихи шегініс жасайық. Түркі халықтарының шығу тамырын, тарихын, мәдениетін, әдебиетін, өнерін тұтастай зерттеген кезде ғана олардың арасындағы тарихи байланыстың мән-мағынасын жан-жақты ажырата аламыз. Кеңес Одағы кезінде қоғамдық ғылымдардың барлығын топтастырған мұндай құрылым бар еді. Жирмунский, Кононов, Тенишев секілді атақты ғалымдар басқарған «Совет түркологтарының комитеті» деген арнайы ұйым жұмыс істеген. Орталығы Мәскеу қаласында болды. Комитет жыл сайын барлық түркітанушы ғалымдардың басын қосып, осы ғылымда қандай жұмыс жасау керек деген мәселелерді талқылап, шешім қабылдап отыратын. Соның негізінде түркология ғылымында зерттелетін тақырыптың барлығын алдын ала кесіп, пішіп алатын. Бұл Кеңес Одағы түркология ғылымын өз мақсатына пайдаланды деген сөз. Ғылыми айналымға енгізу керек деп тапқан тақырыптарды ғана зерттейтін комитет жұмысы коммунистік және Кеңес Одағының ұстамына лайықталып жасалды. Одақ құлаған соң комитеттің де ғұмыры аяқталып, түркология ғылымының беделі төмендеді. Әйтпесе, түркология дегеніңіз – түркі тілінде сөйлейтін халықтардың тарихын, мәдениетін, тілін, қазіргі мәдени-саяси кеңістіктегі орнын, жалпы, түркілік өркениеттің әлемдік өркениеттегі алатын салмағын айқындайтын үлкен бір әлемдік ғылым. Оны дүниежүзіндегі арабистика, славянтану, қытайтану секілді іргелі ғылымдармен салыстыра отырып, терезесі тең деп айтуға әбден болады. Сондықтан тәуелсіздік алғалы бері түркі халықтарының болмыс-бітімін шынайы зерттейтін түркология орталығын ашуға зәрулігіміз ұлғайған тұста Елбасының осы академияны ашуға ұсыныс білдіруі – оның кең ауқымда ойлайтын тұлға екенін көрсетеді. Енді біз тәуелсіз мемлекет ретінде өзіміздің де, бауырлас өзге елдердің де мәдениетін, тарихын ешкімге жалтақтамай, ешкімге бағынышты емес жағдайда емін-еркін зерделеп, әлемдік мәдениетке түркі өркениеті қаншалықты үлес қосты, ондағы алатын орны қайсы деген мәселені пайымдайтын боламыз. Бұл ретте түркі мәдениетінің рун жазуымен жазылған ғажайып ескерткіштері бар. Ол – Орхон-Енисей ескерткіштері, Моңғолия, Сібір ескерткіштері, сондай-ақ, Еуразия кеңістігінің әрбір мемлекетінде шашылып жатқан түркілік жәдігерлер. Бұл мемлекеттердің ешқайсысы да ескерткіштердің түпнұсқасын бере қоймас, бірақ көшірмелерін жинақтап, Астанада жарық көруге бастамашы боламыз. Сонда «түркі халықтары өздерінің жазуы бар үлкен өркениетке ие, әлемдегі ғылым мен білімге үлес қосқан халықтармен терезесі тең» дегенді белгілеу инициативасы қиын болмайды.
– Мұны бір аспект дейік. Екінші, «түркі халықтарының тарихы сонау сақ, скиф дәуірлерінен бастау алады» – деп біздің еліміздің мектептерінде, жоғары оқу орындарында оқытылып келе жатқан тарихи мәліметпен өзге бауырлас түркі жұрты қаншалықты келісіп отыр?
– Арғы ғасырлардағы сақтар мен скифтер, одан сәл берідегі ғұндар, қарлұқтар, қарахандар, орта ғасырлардағы көк түріктер тарихы қазіргі түркі халықтарының тарихы боп есептеледі. Бірақ, Өзбекстанға барып олардың ең ежелгі тарихына көз жүгіртсеңіз басқаша, Түркия тарихын оқысаңыз мүлде бөлек, сол сияқты Қазақстан тарихы басқаша жазылған. Іс жүзінде осы халықтардың шығу тарихы бір болса, бір негізде баяндалып, бір-біріне қарайлас болуы керек қой. Енді осымен кім айналысады? Әрине түрколог ғалымдар. Біздің мақсатымыз да сол – бауырлас түркі елдерінің тарихын бір ізге түсіру. Бұл тұрғыда әр елдің ғалымдарының көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Ол заңды да. Бірақ, біз ғалымдарды жинап, ғылыми пікірімізді ортаға салып, бір тоқтамға келетін болсақ, жалпы тарихымыздың қандай болғанын сол арқылы ортаға шығарамыз. Ортақ тарихымыз бір дейтін болсақ, ғылыми жүйеде де, орта мектептерде де оқытқанда бір жолмен оқытуға әрекет жасаймыз. Түркі академиясының мақсатының бірі осы. Академияның ашылуы – ғылымда сөз жоқ, үлкен бастама. Бұл мемлекетіміздің алдымен оянып, етек-жеңін жиғанын көрсетеді.
– Түркі академиясы түркі мемлекеттері тарихы, мәдениеті, грамматикасы, жалпы алғанда түркі дүниесінің руханияты түгелдей оқытылып, түркі халықтары балаларының басын қосқан Түркістандағы Қазақ-түрік университетінің жанынан неліктен ашылмады?
– Орынды сұрақ. Өйткені атының өзі айтып тұрғандай, қазіргі таңда елімізде түркі халықтары туралы мол мағлұматты осы университеттен артық беріп отырған оқу орны жоқ. Оған қоса бұл оқу орнында өткізіліп тұратын түркі елдері ғалымдарының конференцияларынан да студент өзіне керекті мағлұматтарды ала алады. Бірақ, Түркі академиясының шалғайдағы Түркістанда ашылғанынан гөрі ел ордасы Астанада болуы дүниежүзіндегі түркологтардың басын қосуға ыңғайлы деп ұйғарылды. Ал, Түркістандағы университетпен байланысымыз өте жақсы. Таяуда сол оқу орындарындағы Түркия жағының басшысымен хабарласып, Түркиядағы бүкіл түркологтардың тізімін алып отырмын. Олардың қайда тұратыны, телефондары, қандай тақырыптарды зерттейтіні міне, столымда жатыр.
– Академияның ашылғанына жарты жыл болды. Осы уақытқа дейін қандай жұмыс атқардыңыздар? Қандай істерді жоспарлап отырсыздар?
– Біз құрылған күннен бастап тек қазақстандық емес, әлемдегі ірі түрколог ғалымдардың басын біріктіруге әрекет жасадық. Сондықтан ортақ ғылыми жобаларды атқаруға үлкен түрколог ғалымдардың барлығы тартылды. Мәселен Мәскеуде Дмитрий Васильев дейтін түрколог ғалым бар. Ескі түркі жазуларымен айналысады. Осы кісінің еңбегінің нәтижесінде біздің қолымызда Оңтүстік Сібірдегі түркі халықтарының көне түркі ескерткіштерінің корпусы (жүздеген ескерткіштің жинақталып, қағазға түскен түрі) бар. Татарстан академигі М.Закиев «Түркі халықтарының ең терең архоэтникалық тарихы» деген жинағын берді. Белгілі түрколог А.Дыбоның «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі» деген еңбегі де біздің қолымызда. Оған қоса Шайкулов, Халиков, Сусликова, Галиуллина, Егоров, Райхлер секілді атақты түркологтар қысқа уақыттың ішінде өз еңбектерін жіберіп үлгерді. Батыс Еуропа, Ресей, Сібір, Түркия, Қырғызстанның үлкен ғалымдары осы уақытта қырыққа жуық еңбекті орталығымызға табыс етті. Әрине аты аталмаған өзге де ғалымдар , өзге де мемлекеттер бар. Біз сол қырық шақты ғылыми еңбекті тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық мерекесіне арнап кітап етіп шығара бастаймыз. Оны Қазақстанға ғана емес, бүкіл түркі елдеріне тарату ойымызда бар. Сондықтан орыс тіліндегі еңбектердің көпшілігіне қазақ, ағылшын тілдерінде үлкен түсіндірме жасап, ал қазақ тіліндегі еңбектерге орыс, ағылшын тілдерінде түсіндірме жасап тарататын боламыз. Өйткені қысқа уақыттың ішінде бір тілден екінші, үшінші бір тілдерге аударып шығу қиын болайын деп тұр. Сондықтан маңызды деген еңбектерді түсіндірме жасап тарату да түркі халықтарының мәдениетін, тарихын өзге мемлекеттердің білуіне үлкен бір баспалдақ іспетті. Одан басқа академияның шығармашылық ұжымы қолға алған жиырма шақты жоба бар. Оларды бітіру де осы жылдың үлесінде. Кеңес Одағы тұсында түркология комитеті жұмыс істегенін айттық. Олар сол кезде «Советская тюркология» деген арнайы журнал шығарған. Бұл Бакуде жарық көріп тұрды. Ол одақтың санаулы 5-6 аты белгілі журналының бірі болған. Мына орталықты ашқаннан кейін сондай журнал шығару біз үшін де маңызды. Сондықтан «Алтайтану және түркітану» атты журнал шығармақ ойдамыз. Ол төрт тілде – қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көретін болады.
– Жұмыстардың бәрі де ауқымды екен. Бұларды қаржыландыру мәселесі қалай шешілген? Мәселен әлгі ғалымдарға қаламақы төледіңіздер ме? Сосын төрт тілде шығатын журналды тарату мәселесі қалай реттелмек? Жер шалғай дегендей.
– Қырыққа жуық еңбектерді қолымызға тапсырған ғалымдарға қаламақы төленіп жатыр. Жиырма шақты жобаның да, журналдың да қаржы мәселесі шешіліп қойылған. Осы академияны ашу барысында-ақ қаржы мәселесі Үкімет тарапынан шешілді. Ал, журналды көптеген мемлекеттерге тарату шынында оңай емес. Сондықтан оның электронды нұсқасын сайтқа салып отыратын боламыз. Орталық қазір «Түркі академиясы» деген статуспен тұр. Жақын келешекте «халықаралық» мәртебесін иемдену барысында Түркия, Әзірбайжан мемлекеттері өз қаржыларымен келіп қосылады. Сонда жобалар саны да көбейеді.
– Білуімше, елімізде түрколог ғалымдар онша көп емес. Олардың ең жасының өзі алпыс-жетпісті алқымдап қалған болуы тиіс. Сол кісілердің өздері дайындаған шәкірттері бар ма? Олар академия жұмысына қаншалықты тартылған?
– Ертеректе Әбдуәли Хайдаров, әкелі-балалы Аманжоловтар, Ибатов сынды танымал ғалымдар болды. Ол кісілер дайындаған шәкірттер де бар. Соның ішінде Мағрипа Ескеева, Ұлдана Исабекова, Асқар Дүйсенбі, Қайырбек Кемеңгер, Эльмира Абдукамалова, Жэмма Аманжолова, Ержан Қуанышбаев деген жас түркологтардың бір шоғыры өсіп келеді. Осының ішінде тікелей академия жұмысына тартылғандары да, өз беттерінше ғылыммен айналысып, университеттерде сабақ беріп жүргендері де бар.
– Айтпақшы, академияның кітапханасын қалай жабдықтадыңыздар? Өзге де дамыған мемлекеттердегі атақты кітапханалармен байланыс жолға қойылған ба?
– Алматыдағы ұлттық кітапхана, сосын жекелеген ғалымдар біраз кітаптарды сыйға тартты. Бұл жерде тек кітаптар емес, сыйға келген музей экспонаттары да бар. Ендігі мәселе көптеген еңбектердің электронды нұсқасын жинақтау болып тұр. Дүниежүзіндегі атақты кітапханалармен келісім-шартқа отырып, ондағы құнды, сирек кездесетін кітаптардың ең болмаса көшірмесін алуға қол жеткізуге мүмкіндік жасамақ ниеттеміз. Сондай-ақ, академияның жұмысына өзге мемлекеттер де келіп қосылатын жағдайда кітапхана ауқымы кеңейіп, кітаптар еселенбек.
– Соңғы сұрақ болсын, Түркияның Еуроодаққа кіруіне жеке көзқарасыңыз қандай?
– Кіргені дұрыс. Дүниежүзінде беделі артады. Саяси тұрғыда, алыс-берісте дүниежүзілік дамыған мемлекеттерден шет қалмай іште жүрсе, өз даусы бар этносқа айналады. Жалпы, Түркия ғана емес, түркі мемлекеттері де өзіндік үні бар мемлекеттерге айналып, бір-біріне көмек қолын созып, бауырластық ниетін аңғартып тұрса, түркі жұртының әлем алдындағы мәртебесі өскен болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА.