Сондағы дүниежүзілік авиация көрме залында ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің фамилиясы үшінші болып тұр
Атқан оқтай, шапқан аттай болған зымыран-уақыттың шаңына ілесіп үлгере алар ма екенбіз?! Бұл күндері Мәскеудің қақ төрінде бас қосқан тойшыл қауым – айрықша марапаттағы мәртебелі қонақтар адамзат өкілінің ғарыш төріне шыққанының 50 жылдығын мерекелеп жатыр. Жарты ғасыр ішінде Гагариннің ізін қуып ғарышта болған әлемдік азаматтардың саны өткен жылдың, яғни 2010 жылдың желтоқсанында 517-ге жетіп жығылды... Қазақ халқының арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер осынау қалың топтың ішінде 256-шы орында. Бірақ, Тоқтар Әубәкіров қазақ тарихында ғарыштық сапарға жол ашқан мәңгілік бірінші тұлға болып қалары анық. Бізге белгілі бір жайт, Кеңес Одағы ыдырамай тұрып-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың қалайда ғарышқа қазақ азаматын шығару саясатын мықтап ұстанғаны. Білген кісіге, Талғат Мұсабаевтың ғарышкерлер орталығында дайындық жаттығуда жүргеніне төрт жылға аяқ басқанына қарамастан, Нұрекең бар күшін қалайда алдымен Тоқтар бауырын бірінші ұшыруға құлшынуы да жайдан жай емес. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарын еске ала отырыңыздар!
Кеңестік авиацияның дамуына ерекше үлес қосқан даңқты ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Николай Каманиннің («Челюскиншілерді» құтқарушы осындай ұшқыш болған десем, қазіргі буын үшін қызық бола қояр ма екен?! Сондықтан да анықтаманы осылайша қысқартып бергенді жөн санадым – авт.) естелігін оқыдым. Сол Каманин кемел жасқа келгенде ғарыш саласының бас конструкторы Королевке бас кеңесші болып қызмет атқарады. Қарап жүрмей күнделік жазып отырған. Ол кез – КСРО мен АҚШ-тың ғарыш игерудегі бәсекесінің қызған тұсы. Екі мыңнан – екі жүз, екі жүзден ақыр соңында ерекше електен өткізіп алынған он екі әскери ұшқыштың көш басында Гагарин мен Титов тұрған еді, дейді Каманин естелігінің бір үзігінде. Кім бірінші?! Екеуі де шымырдың шымыры, кәсібиі біліктілігі жағынан болсын бірінен бірі өтіп тұрған еді... Мынадай да деректер бар: әуелде нағыз орыс фамилиялы Титов бірінші болып ұшуға дайындалған, бірақ сол түні болашақ бірінші ғарышкердің жүрегі атқақтап тұрған соң дәрігерлер рұқсат бермеген. Кемеге Гагаринді отырғызып: «Поехали!» деп айтқызып аттандырып жіберген. Қосалқы әріптестің ғарышкермен старт сағатына дейін бірге жүретіні сол кезден қалған дейді, сәуегейлік жасауға дайын тұратын орыс басылымдары. Бірақ, бас кеңесші Каманиннің жазбаларына қарағанда бас конструктор Королев тарихи ұшудан екі күн бұрын өткен мемлекеттік комиссия барысында бірінші болып Юрий Гагариннің ұшатынын жариялайды. Қосалқы ғарышкер етіп Титовтың есімін атайды. Жігіттер жағы мұндай орын бөлуді сондайлық салқынқанды әрі дұрыс қабылдаған. Бас конструктордың «ала қойды бөле қырықпай» болашақ жұлдыздардың орнын бұлайша белгілеуінде бір гәп бар-тын. Шынтуайтында, бас конструктор ол шешімді ғарышқа ұшатын күннен өте ертерек жасап қойған. Ол кезде мемлекеттік маңызы бар әрі өте құпия мәнді мұндай оқиғалар мемлекеттің бірінші басшысымен ақылдасып шешілетін. Партия мен кеңес басшыларының алдында бас конструктор өзі дайындаған жобасын қабылдатады. Бұл арада, жоғарыда айтқандай, АҚШ пен КСРО арасындағы технологиялық жетістікке жетудің жанталасқан сайысы жағдайында, қаншама жыл төгілген ащы тердің өтеуін қайтару үшін бар мәселе Жер шарының бірінші ғарышкерін ұшырумен шектеліп қалмайтынын қатты ескерген. Гагарин жер шарын бір рет айналып ұшып келді де, белгіленген қону аймағынан ауытқып болса да аман-есен туған жердің топырағына топ ете түсті. Одан ары екінші, үшінші адамды, тіпті, төртінші, бесіншіде жігіттерді топ-тобымен ұшыруға сырттай байлам жасауы, Королевтің нағыз көрегендігі еді. Тарихқа солайша ғарыш заманы келіп енді. Бірақ, бәрі де, бірінші ғарышкерді сапарға аттандырған 1961 жылдың 12 сәуірінен басталған...
Қазақтар да ғарыш әлемінің есігін ашуда алғашқы қадамды қызық түрде жасады. Мына бір сәйкестікке, тарихи ұқсастыққа назар аударып көрейікші! Елбасының сол кездегі іс-қимылынан болашақ Қазақстанның ғарыш игеруге тікелей үлес қосып қана қоймай, әуелден-ақ ғарыш мемлекеттерінің қатарына қосылуын жан-тәнімен көздегенін байқайсыз. Содан да болар, алдымен Тоқтар Әубәкіров ұшты. Талғат Мұсабаев кезегін күтті. «Ұшты» деу айтқанға ғана жеңіл, қалай ұшты, қайтіп ұшты, ол – үлкен тарихи әңгіменің арқауына айналатын құбылыс. Алып мемлекеттің ыдырауы барысында Байқоңыр атты жер иелерінің ғарышқа талпынысын тыжырына жақтырмандардың болғаны анық. Өзара келісімге қарамастан ғарыш саласының шенеуніктері сөзбұйдалыққа салынып, қазақ ғарышкерінің ұшуын кейінге шегере берді. Белгілі сынақшы ұшқыш, Кеңес Одағының батыры, МИГ конструкторлық бюросының беделді басшыларының бірі В.Меницкий «Менің аспандағы әлемім» (Ресей) кітабында әлгіндей кеудемсоқ кедергілерді жою үшін жеке әңгіме барысында өзінің Нұрсұлтан Назарбаевқа сол кездегі КСРО Қорғаныс министрі Дмитрий Язовқа кіріп, шаруаны бітіріп алуын өтінгенін атап көрсетеді. Ұшу сапарының Ұшуды басқару орталығынан (ЦУП) кейінгі кілті осы министрде екенін сыпайылап жеткізеді. Назарбаев Қорғаныс министріне сол жерде тұрып телефон шалды, дейді Меницкий. Әрі қазақ басшымен болған бұл кездесуден өзінің сондай ерекше жағымды әсер алғанын жасырмай еске алады. Дегенмен кедергілер тізбекті реакция секілді онымен де үзіле қоймайды. Бірінші қазақтың ғарышқа ұшу күнін айғақтайтын ақырғы кездесу ақыры КСРО Президенті Михаил Горбачевтің бөлмесінде құпталады. Сонда ғой Елбасының қабылдаудан шыққан бойда Кеңес Одағы Телеграф агенттігіне барып, болашақ қазақ жігітінің ғарышқа аттанатынын бірден жариялап жібергені! Баспасөз мәслихаты дүрілдеп жүріп жатқанда, болашақ қазақ ғарышкері қаннен-қаперсіз Шымбұлақта шаңғы теуіп жүрген!
Тоқтар Әубәкіровтің өзі бұл туралы былай дейді: «Таныстарымның бірі телефон шалып, менің ғарышқа ұшатыным туралы Мәскеуден хабар таратылғанын айтқанда, жасыратыны жоқ, күйіп-пістім! Өйткені, Ұшуды басқару орталығындағы (ЦУП) сөзбұйдалық әрекеттер мен көпе-көрнеу кедергілер менің кеңірдегіме дейін жетіп, тұрып қалған. Ғарышқа ұшу туралы Нұрекеңмен өзара болған әңгімені де ұмыта бастағанмын...»
Бұл деректер осынау арада өткен жиырма жылдың ішінде әр қырынан талай рет жазылды да, оны жазушылардың ішінде өзім де бармын. Адамзат баласының алғашқы өкілінің ғарыш кеңістігіне шығуының жарты ғасырлық мерейтойы үстінде өткеннің оқиғаларын тағы да бір қайталай еске салудың еш айыбын көріп отырған жоқпын. Оның үстіне ғарыш тақырыбы бүгінде иісі қазақ үшін жат құбылыс та емес!
Бірінші ғарышкерді кезексіз ұшырып жіберіп тұрып, Елбасы екінші ғарышкерді ғана емес, болашақтағы елдің ғарыш өнеркәсібін ойластыра қойғанына таңданбай қоймайсың. Ғарыш саласындағы «ҚазСат» пен «Бәйтерек» жобаларының алғаш дүниеге келген тұсы сол шама болса керек. Бірінші ғарышкеріміздің ұшуы, екінші ғарышкеріміздің ашық ғарыш кеңістігінде 42 сағат болып, дүние жүзілік Гиннестің рекордттар кітабына кіруі, Мұхтар мен Айдынның ғарышкерлер мектебін үздік бітіріп ұшуға сақадай сай тұруы, атақты гимнастшы Ләйла Ергешқызының сүйектегі иненің жасуындай сызаты үшін ғарышкерлерді іріктеу байқауынан өте алмай қалуы және басқалары, бәрі, бәрі... дейікші, біздің Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш тарихының жаңа парақтары ғой деп ойлаймын.
Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанғаннан 165 күн өткен соң, яғни екі жарым айдан кейін Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялады! Егемендіктің алғашқы күнінен еліміздегі ғарыш саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламаға кіруі – жас республиканың ғылыми жаңа технологияға ұмтылысы, ерекше құлшынысы емес пе?
Жас мемлекетіміздің 20 жылдық тарихында тұңғыш ғарышкерден басталған ғарыш саласының болашағы баянды болатынына күмән болмауы тиіс. Дегенмен, осынау 20 жылдың бедерінде өз басым белгілі тарихшы- ғалым Мәмбет Қойгелдіден асып, Бірінші ғарышкер құбылысына баға берген адамның болмағанына куәмін. Тарихтағы «ақтаңдақтардың» ішек-қарнын қоймай ақтарып, тер төгіп жүрген ағамыз былай деген еді:
– «Ақтабан шұбырындыдан» кейін қазақтың рухының жығылған тұсы Желтоқсан оқиғасынан кейін болды. Осы бір кесапаттың шырмауынан шыққан құрлы бола алмай, әрі-сәрі жүргенде тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Ол ғарышқа ұшып қана қойған жоқ, жүні жығылып, бұйығып бас көтере алмай жүрген халықтың кеудесіне намыс отын жағып, еңсесін көтерді. Қазақ тарихта ерекше бір қуанды. Өзінің сан ғасырлық тарихы бар халық екенін шын сезінді.
Әр жылдың 12 сәуірі күнтізбеде Дүниежүзілік авиация және ғарыш күні деп ресми аталады. Демек, бұл екі ұғым егіз. Тоқтар Әубәкіровтің ғарыш сапарынан тыс әскери авиациядағы ашқан жаңалығы мен жеткен жетістіктері туралы жыр қылып айтуға уақыт жетпейтінін әрбір қазақстандық жүрегімен сезеді. Орайы түскен мерейтой үстінде мына бір жайтты сүйікті оқырманның есіне сала кетейін. Дүниежүзілік авиация мұражайында (Вашингтон) әлемдік авиацияға еңбегі сіңген он азаматтың аты-жөні мәңгілікке алтын әріптермен құйылып жазылған. Әлемдік деңгейде әбден сүзгіден өткен бірегей сол тізімде қазақ ұлы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің есімі ҮШІНШІ болып жазылған. Бұл, әрине, кездейсоқтық емес қой деп ойлаймын!..
Енді Қазақстанның күллі ғарыш саласының тізгінін ұстап отырған Талғат Мұсабаевқа келейік. Ғарышта үш рет болған кезінде жылға жуық Жер шарын айналып ұшып жүрген Мұсабаевтың да ерлігі Гиннестің кітабына кірген. Ол ашық ғарышта болуы жағынан да әлемде екінші тұр! Кеменің сыртына шығып, темір жіпке байланған скафандрмен секундына 7 км жылдамдықпен ұшу сәтін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ал егер де жазатайым оған иненің жасуындай ғана ғарыштық қоқыс тап келсе, адам айтықсыз апат болар еді! Бетін аулақ етсін, бәрі де артта қалды. Ол енді өз алдына әңгіме. Мұның барлығы да ең алдымен қазақ халқының ортақ жетістігі, көңіл қуанышы!
Еліміздегі ғарыштың болашағы туралы бірінші ғарышкерге бір сауал тастағаным бар. «Тоқтар аға, Қазақстанның ғарыш саласына жұмсап отырған қаражаты өте қомақты. Ал сіздің есігіңіздің алдын бермейтін ауыл адамдары жағдайының жоқтығын айтып жылайды да жатады. Ендеше, шын мәнінде сол ғарышқа жұмсалатын қаражатты қиып алып, неге ауылға қарай аударып жібермеске?» Сонда естігенім: «Ауылға аз ақша бөлініп жатқан жоқ. Тек сол қаржы жетер жеріне жетпей қалады, басқа-басқа, мұны мен өте жақсы білемін. Менің ашуымды келтіретіні де осы. Ал енді, ғарыш саласын игеруге бөлінетін ақша еш уақта да көптік етпейді. Оған қаражатты үстемелеп қоса түсу керек. Ғарыш – бүгінгі жоғары технологияның атасы. Онсыз мемлекет дамымайды. Көштен қалып қояды... Сондықтан да Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін ғарыш саласына бөлінетін қаржатты еш аямауға тиіспіз».
Қазақтың тұңғышы, ғарыштың жанашыры басқадай айтуға міндетті де емес қой деген ойда қалдым...
Талғат СҮЙІНБАЙ.
Алматы.