27 Сәуір, 2011

Шапырашты Наурызбай

3222 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Қазақ жеріне тарихи жыл қадам басты. Биылғы жылдың аяғында қазақ мемлекеті Тәуелсіздігінің 20 жылдығы атап өтіледі. Қазақ халқы өз туын көтеріп, өз астанасын салып, әлемге әйгілі болып отырған бұл сәулелі күн бізге оңай келе салған жоқ. Сонау Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама кезеңіне дейін де, кейін де қан кешіп ел қорғаған қаһармандарымыз аз болған жоқ. Қазақтың бар батырларын санамағанның өзінде қай кезде де қайқы қылыштай сес бола алатын атақты үш батырымыз – Бұқар бабамыз жыр­ла­ған­дай – Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай. Тәуелсіздік мұратын тынбай толғап келе жатқан арқалы ақынымыз Несіпбек Айтұлының қазақ халқының бостандық жолындағы бірнеше ғасыр күресін тұтас бейнелейтін поэмалар циклін жазып жүргені қалың оқырманға аян. Бұған дейін «Бәйтерек», «Мұқағали – Желтоқсан», «Көкала үйрек», «Сардар», «Ту» (Бөгенбай, Қабанбай батыр туралы), «Ақмола шайқасы» (Кенесары, Тайжан батыр туралы), «Бердіқожа», «Шақантай», «Төлегетай», т.б. поэмалар жазған ақын таяуда «Шапырашты Наурызбай» атты туындысына нүкте қойды. Төмендегі мінезді  жыр – Несіпбек ақынның жаңа дастаны. Кейіпкері – қазақтың хас батыры, тарихи тұлға – Шапырашты Наурызбай. Сөз орайын пайдаланып, автор­дың бүгін ықшамдалған нұсқасы жарияланып отырған осы дастанды жазуға көп көмек көрсеткен, оқиғалар өткен жерлерді аралатып, шабытына шабыт қосқан ардақты азамат Серікбай Өрікбайұлы Нұрғисаевқа ақ алғысын газет арқылы жеткізгіміз келеді. Батырлар аруағы көпке жар болсын!   Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп, Сондағы жолдас адамдар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, ...Шапырашты Наурызбай. Бұқар жырау (Поэма) І Қобыланды, Қарасайлар, Қабанбайлар,* Қашанда елге пана, заманға айбар. Шет болсам аруағына біреуінің, Жарқылдап жайдың оты төбемде ойнар.   Жүрегім Наурызбайды жырла деді, Жетелеп құлазыған қырға мені. Асқақтап Алатаудай батыр даңқы, Алдымда асу бермей тұрған еді.   Қиядан ізін қуып хас батырдың, Басына өрмеледім қасқа шыңның. Делбиген Дегерестің биігінде, Қырандар қонып-ұшқан таста тұрдым.   Қатпарлы Дегерестің жоталары, Бір дерек бермей қалай жата алады? Қолбасы Наурызбай ту тіккен жер, «Бас батыр» күні бүгін аталады.   Ұлы жүз қолын бастап келген батыр, Деседі осы араға тіккен шатыр. Алыптың мүрдесі де мұнда екенін, Әйгілеп жол бойында белгі жатыр.   Өтетін бір-біріне базынасы, Қазақтың кең даласы – қазынасы. Керей мен Жәнібек хан орда тіккен, Көлбейді көкжиекте Қозыбасы.   Тәңірі берген Алаш баласына, Байтақ жер сыймас көздің шарасына. Қырғынды көрмегендей көнеде өткен, Мүлгиді Аңырақайдың даласы да.   Жалт еткен қас пен көздің арасында, Дүние алды-артына қарасын ба? Наурызбай Аңырақайдың шайқасында, Жас екен жиырманың шамасында.   Түйедей тұрқы биік зор денелі, Артқыға айтып кеткен көрген елі. Тәңірі қас дұшпаннан қорғасын деп, Халқының тілегіне берген оны.   Аңыздың ағытылса бар тиегі, Құлағы шындықтың да селтиеді. Суырып алған дейді он бесінде, Батпаққа батып қалған нар түйені.   Ер екен ерек туған анасынан, Батырлық мұра қалған бабасынан. Асыпты қатар тұрса кесер басы, Атанның екі өркеші арасынан.   Жорықта талмайтұғын қанат қылып, Үнемі жүреді екен ала ат мініп. Ала аттың үстіндегі алпауытқа, Көрген жан сүйсініпті қарап тұрып.   Ала аты Наурызбайдың екеу екен, Біреуі біреуінен өтеді екен. Аузымен құс тістеген қос тұлпары, Ұмтылса қуғанына жетеді екен.   Тел өскен екі бірдей ала құлын, Батырмен бірге өткізген бала күнін. Шарлаған кең даланы жануарлар, Көтеріп Наурызбайдай ер алыбын. ІІ Қырқысқан бір-бірімен жоқта дұшпан, Қазағым келген жаумен көп соғысқан. Табылып бір төбеден ту астында, Шақырып ұрандарын аттанысқан.   Қадалып қос бүйірден орыс-қытай, Қалмақты айдап салып өкпе қысқан. Тізгінді Әз Тәукедей ұстай алмай, Соңында қалғандары тақтан ұшқан.   Толқыған тірлік қашан көрген дамыл, Тәңірдің тауқыметін алған қабыл. Жиырма үшінші жыл мың жеті жүз, Шықпайды жадымыздан жалғанда бұл.   Естіген, білгенімді мен баяндап, Келейін оқиғаға енді аяңдап. «Ақтабан шұбырынды, алқакөлде», Қаңғырып, қайың сауған ел жаяулап.   Қорланып, таяқ жеген арлан қазақ, Көлденең көк аттыға болған мазақ. Ер мойны еріксізден қиылыпты, Тағдырдың тар бұғауы әбден қажап.   Жоңғарлар жолбарыстай аласұрған, Айласын бұған дейін сан асырған. Беттесіп бес жыл бұрын Аягөзде, Жеңіліп қазақ қатты – ел ашынған.   Қан көрсе қарға-құзғын өңмеңдейді, Сарбаздар баудай түсіп өлген дейді. Қайып пен Әбілқайыр сол шайқасқа, Отыз мың қолды бастап келген дейді.   Қанатын қанды соғыс кеңге жайған, Іздеген ізін табар сол маңайдан. Қасқайып Қайып хан мен Әбілқайыр, Қалмаққа қарсы тұрып салған ойран.   Бір күнде дәм таусылып мың күн татқан, Отыз мың боздақ түгел қырғын тапқан. Ерлерді күңіреніп ел жоқтаған, Еңіреп шыққан туыс бір құрсақтан.   Қырғыннан құлақ естіп, көз көрмеген, Құтылған Әбілқайыр аз қолменен. Атанған «Еңірекей» содан бастап, Жер аты әлі күнге өзгермеген.   Өткен соң өкініштің бәрі қайғы, Атқан оқ ажалсызға дарымайды. Қалмақтар көптігімен жеңгені рас, Дегендей «күш атасын танымайды».   Есірген Сыбан Рабдан қарасын ба, Қазақтың ойнақ салды даласында. Олжалап қыз-қырқынды өңі түзу, Шулатты қатын, бала-шағасын да.   Бола ма сұрағанмен жанға сауға, Қасқайып қарсы тұрмай қалың жауға. Ойлаған елдің қамын Әбілмәмбет, Өткізді хан кеңесін Ұлытауда.   Бас қосып игі жақсы елден дара – Жиналды би мен батыр, хан мен қара. Жарамды еркек кіндік атқа қонды, Қалмаса шешесіне ерген бала.   Айқасса алып түсер белді арыстан – Қол бастап Әбілқайыр келді алыстан. Шырмаған қалың қалмақ ортасынан, Суырылып шыға алмады Жолбарыс хан.   Ақылшы, Алатаудай ел ардағы, Кеңеске Төле би де келе алмады. Жас батыр Наурызбайдан сәлем айтып, Қай жерден тосатынын хабарлады.   Алқалы жиын өтті ақ ордада, Сөйледі жүйрік тілді нелер дана. Көкейде айтылмаған сөз қалмады, Барысып арғы-бергі заманға да.   Тоқтасқан Ұлытаудың алабында, Әр сөздің салмақ жатты сорабында. Үш жүздің жақсылары бұдан бұрын, Бас қосқан Ордабасы, Қарақұмда.   Билердің елдің қамы толғағаны, Айтылған аталы сөз онда-дағы. Тисе де маңдайына талай соққы, Келеді аяқ тартпай қалмақ әлі.   Халықтың жүрегінде қайнады кек, Батырлар азуларын айға білеп: «Қазақтың шешесі де қалжа жеген, Ойраттың жатамыз ба ойраны боп!   Бұл қалмақ барған сайын келеді үдеп, Қазақты отырған жоқ ел еді деп. Қарасын өшірмесек, - десті бәрі, - Атадан ұл боп туып керегі жоқ!»   Жоңғардың қиылмаса қанды өңеші, Қазақтың шыныменен өлгені осы. Шақырды жұдырықтай жұмылуға, Үш жүзге ұран тастап хан кеңесі.   Жиынның төрелік қып тоқтамына, Қазыбек бата берді ақтарыла. Сайланып Әбілқайыр бас қолбасы, Келген ел қайта қонды аттарына.   Қол салып кезенгенде қорамсаққа, Күңіреніп кім жортпаған сонау шақта?! Ер еді ел қорғаған Әбілқайыр, Тағдырын жүгіртсек те талай саққа.   Түйілген жауар күндей қазақ қолы, Қалмақты күйретпекші осы жолы. Сескеніп ата дұшпан аласұрды, Жыртқыштай екі көзі қанға толы.   Атажұрт аңырайды көзге таныс, Қайнайды көкіректе кек пен намыс. Ішінде Наурызбай да қалың көптің, Азуы алты қарыс жас жолбарыс.   Жүйріктер тұяғынан шаң боратқан, Жортады жойқын селдей қырдан аққан. Көрінді басында – бұлт, бауырында – жау, Алатау мұнарланып мұңға батқан.   Желбіреп қолындағы бөрілі байрақ, Береді жүрегіне жігер-қайрат. Түрі бар жүндей түтер осы сәтте, Ұмтылып жауға шапса «Қарасайлап!»   Жігіттер соңына ерген көкжал бәрі, Білінер ата көріп, оқ жонғаны. Айқасқа асығады қаны қайнап, Жоңғардың жанға батып жонданғаны.   Орнатып жау басына заманақыр, Ұшырмақ күлін көкке өңкей батыр. Болат хан, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Далатау бөктеріне тікті шатыр.   Қуантып күтіп жатқан қалың көпті, Тәшкеннен Төле би де келіп жетті. Қасында жүдеу тартқан Жолбарыс хан, Оның да ел қайғысы жанын жепті.   Бақ тұрмас ер басына байлағанмен, Түгел боп төрт түлігі жайнағанмен. Жоқ еді Болат ханда батыл билік, «Ұлы хан!» деп әйтеуір сайлағанмен.   Үш жүздің кеңес құрып ардақтысы, Барлады қандайлығын қалмақ күші. Сөйледі Әбілқайыр ұзақ толғап, Ойының түпте жатты салмақтысы: «Ойраттар отыра алмас енді шыдап, Көрейік тосып алып ең жақсысы.   Шешілмес айла таппай ешбір түйін, Ойлайық жердің жайын, аттың күйін. Арқасын Алатауға тіреп тұрған, Қалмақты қарақұрым жеңу қиын.   Әккі жау алдырмайды шырғаламай, Өздері түссін төмен – құмға қарай. Түтетіп қаңырығын шөл далада, Иттерді қамап алып қырған оңай».   Ханнан да, қарадан да ақыл күткен, Құптады мына сөзді батыр біткен. Бола ма жан алысып, жан бергенде, Бел бумай тәуекелге батылдықпен?!. ІІІ Қазақтың қалың қолы ерге қонып, Ту тікті Әбілқайыр дөңге келіп. Асығып қанды шайқас қызығына, Шығыстан күн де шықты дөңгеленіп.   Билер де, батырлар да хан қасында, Толқыған ел назары енді осында. Кірерде қан майданға қызыл қырғын, Қобалжыр кім де болса алғашында.   Дауыстап, мойын бұрып оң мен солға, Төле би бата берді қалың қолға. Қосылып жер мен аспан күңіренді, Дегенде «Бір Жаратқан, өзің қолда!».   Қалмақтар шырт ұйқыдан шошығандай, Жан-жаққа хабар салған есі қалмай. Ағылған сай-саладан лек-легімен, Көктемгі қардың суы тасығандай.   Қайғының қара түнек бұлтын жайған, Күтіп тұр қарсы алдында тылсым майдан. Жандарын қоятұғын жер таба алмай, Қынадай қырыларын білсін қайдан?   Суырылып біреу шықты алға қарай, Қасқайып қарсы шапты қорғаламай. Отырған ат үстінде аю дерсің, Бастағы дулығасы даңғарадай.   Найзасы сала құлаш қолындағы, Жайпардай жан біткенді жолындағы: «Жекпе-жек, жекпе-жек!» – деп, айғай салып, Ойқастап арлы-берлі арындады.   Ақырып, айбат шегіп сес қылады, Шарышты таныған жоқ ешкім әлі. Қазақтың батырлары дүр сілкініп, «Қайтеді, мына кәпір?» десті бәрі.   – Кел, қазақ, көрейін, – деп, – әуселеңді! – Жынданып Шарыш тіпті өршеленді. Бөгенбай шыдай алмай қатты ақырды: – Тартыңдар алдыма, – деп, – кертөбелді!   Сол сәтте қалың топты көктей жарып, Бір жігіт шауып шықты шоқтай жанып. Қол жайды: «Батаңызды беріңіз!» - деп, Алдына Бөгенбайдың тоқтай қалып.   Кенеттен жолбарыстай тік атылған, Япыр-ау, қайдан келген сұрапыл жан. Төле би анадайдан тани кетті, Сабалақ - Әбілмансұр, мына тұрған.   Бөгенбай бата берді көңілі толқып: «Сақта, – деп, – жалғызды, Алла, жүрген жортып!». Қатпаған бұғанасы баланы аяп, Ішінен қобалжыды және қорқып.   Шарышқа қаһар шашқан шегіп айбат, Ұмтылды Әбілмансұр «Абылайлап!». Демдерін ішке тартты дүйім қазақ, «Қыршын жас өледі-ау, – деп, – соры қайнап».   Менсінбей Сабалақты қалмақ тұрды, Түрі жоқ көретұғын қаңбақ құрлы. Тыпыршып ойнақтаған тұлпарының, Топылдап төрт тұяғы шаң лақтырды.   – Ит қазақ, келдің бе, – деп, – ажал айдап! Ызаға булығады тісін қайрап. Бурадай бұрқылдаған көбік шашып, Тастамақ екі бүктеп, бір-ақ шайнап.   – Бұл сөзді қатыныңа айт үйіңдегі, Ей, доңыз, иманыңды үйір! – деді, – Өзіңе өз қаныңды жұтқызамын, Аузыңа түседі әлі миың! – деді.   Сыйынды қарап тұрған ел құдайға, Ерлерге шегінер жер енді қайда? Сарт та сұрт қылыш шауып, қалқан тұтып, Аянбай бір-біріне салды найза.   Астында Сабалақтың құла бесті, Құйындай ұйтқи соғып, желдей есті. Аңдысып, арпалысып, жанталасып, Екеуі сүт пісірім кескілесті.   Сабалақ тар қолтықтан дәлдеп ұрды, Көк семсер күтірлетіп демде кірді. Сөгілген ақ сауыттың көбесінен, Бұрқ етіп қызылала қан көрінді.   Жеткендей мұратына жалғандағы, Осы сәт Сабалақтың жанған бағы. Өлгені тірілгендей қазақ біткен, Көзіне жас алмаған жан қалмады.   Суырылып тағы бірі алға шықты, Кім білсін ажалына ол да асықты. Шабынып «Қанға-қан!» деп күжілдейді, Құныққан қорқау дерсің қанға тіпті.   Долданды Наурызбай да мұны көрген, Диюдай дүр сілкініп жыны келген. Ағасы Құдайберген түсті есіне, Қалмақпен жекпе-жекке шығып өлген.   Алдына Төле бидің келді шауып, Тұлпары тізгін сүзген жерді қауып. Атынан қарғып түсті бата сұрап, Қаһары қабағынан қардай жауып.   Жас келді Төле бидің жанарына, Көргенде Наурызбайды және мына: «Саған да Сабалақтың жолын берсін, Салып қайт, қас дұшпанды табаныңа!   Жеңілсе ердің басы жауда қалмақ, Шын қорлық, – деді, – балам, сонда болмақ. Тапсырдым Қарасайдың аруағына, Мерейің үстем болсын Алла қолдап!».   Замана сарнағанмен желқобыздай, Көрінер өткен өмір енді аңыздай. Төбедей төңкеріліп нар тұлғасы, «Алла!» деп атқа қонды ер Наурызбай.   «Көкіген көрейін, – деп, – бұл найсапты», Қасқайып қара дәуге зулай шапты. Кірш етіп кірер жерін барады аңдып, Көк найза қолындағы ырғай сапты.   Ақырды анадайдан Доланқара: «Ей, бала, босқа шауып далаңдама! Менімен жекпе-жекке шығады тек, Ажалын іздеп жүрген адам ғана! Батырдың іске татыр бірі шықсын, Қандаман қылышымды саған бола!».   «Ей, қалмақ, не деп тантып сандаласың, Кіреді осы қазір қанға басың! Мен емес жанын қояр жер таба алмай, Ажалын іздеп келген сен боларсың!».   Айқасты, дүлей күшті екі дию, Айғай-шу, екі жақта ыю-қию. Мүлт кетсе мүрдем кетер түрлері бар, Оңай ма кімге болсын жанын қию?   Жанына қысым келіп алысқанда, Жолбарыс алдырмайды арыстанға. Қалмақты ат үстінен тік көтерді, Қайырылып қайта найза шанышқанда.   Басынан айналдыра лақтырды оны, Майысты шыдай алмай аттың белі. Лап беріп мұны көрген қалың қазақ, Шақырып аруақтарын шапты ілгері.   Қашаннан исі қазақ бір тілегі, Түнеріп жауар бұлттай күркіреді. Жеңіске жас батырлар жол ашқанда, Несіне тізгін тартып іркіледі?!.   Сілтеді аянбастан жауға найза, Бөгенбай, Қабанбай да, Олжабай да. Баймұрат, Малайсары, Көкжал Барақ, Жібекбай, Шүйкебай да, Молдабай да.   Байғозы, Баян, Жантай, ер Жәнібек, Ханкелді, Бердіқожа, Дәулет, Жәпек. Құттымбет, Қазыбек пен Әйтей, Байет, Тілеуке, Секербай мен Сатай, Бөлек. Бөкенбай, Жарылғап пен Қарабатыр, Сеңкібай, Мамыт, Қаумен, батыр Шойбек.   Сұрапыл болды қырғын қанды қасап, Қалмақты қазақ қуды алдыға сап. Нояндар шыбын жаннан күдер үзді, Көрсе де небір айла-шарғы жасап.   Алабы Алатаудың дүбірледі, Атағы батырлардың дүрілдеді. Даңқынан Сабалақ пен Наурызбайдың, Тізесі ата жаудың дірілдеді.   Ойратты ойран салған Тәңір атты, Ақыры айдалада аңыратты. Атанып «Аңырақай» жердің аты, Қоңырсып жұртындағы көңі жатты. ІV Ежелгі орындалса ата арманы – Ұрпақтың мұратына жете алғаны. Сабалақ – Әбілмансұр сол соғыста, Жұртқа аян ер Абылай атанғаны.   Халқының қорғаны боп ер Абылай, Туыпты оң жағынан ағарып ай. Қабанбай, Бөгенбай мен Наурызбайлар, Қалмаққа қатар шапқан содан былай.   Абылай өле-өлгенше хандық құрған, Ақырса айбынымен жау бұқтырған. «Аттан!» деп жеті түнде жарлық берсе, Төсектен батырлары қарғып тұрған.   Естілсе ат дүбірі алыс қырдан, Жеткізіп ерлер даңқын жел ысқырған. Құдайдың  құдіретін қарасаңшы, Барлығын бір майданда табыстырған.   Наурызбай он сегіз мың қол бастаған, Ұрандап атқа қонса ел қостаған. Түн қатып, түсі қашып жортуылмен, Даланың пұшпағы жоқ ол баспаған.   Тұмсығын қанға тығып, майға малған, Секілді қалың жоңғар тойған арлан. Қырқысты Жетісуды көзі қимай, Қырық жыл қырғын салып жайлап алған.   Жосылып жауыздардың аққан қаны, Жыртқыштай жанталасты қақпандағы. Үйірді тағдыр желі алай-дүлей, Борандай азынаған ақпандағы.   Қаскелең, Шамал хан мен Боралдайға, Кешегі алшаң басқан заман қайда? Тау-таста жалаң қағып жортқан көкжал, Қысаңға қысым түссе қамалмай ма?   Шамал хан, Қаскелең мен бұл Боралдай, Кім еді еске түсіп жырлағандай? Қалмақтың шынжыр балақ шонжарлары, Ақситып азу тісін тұрған аңдай!   Шамал хан Жетісуды жаныштаған, Алқабын Алатаудың қоныстаған. Апайтөс алпауыттың нағыз өзі, Қасында жеті мыңдай қол ұстаған.   Сезбестен өлетінін қара басып, Қайырылып қарсы шапты аран ашып. Беттесті Наурызбайдың қолыменен, Күртінің жазығында алаң ашық.   Алыстан мойын созып тау шыңдары, Айғайдан құлақ тұнып, жел шулады. Ағысын одан сайын жылдамдатты, Іленің дөңбекшіген толқындары.   Атандай алпауытты көрген кезде, Қалмақтың құты қашып қалшылдады. Наурызбай: «Шамал хан!» – деп ақырғанда, Топ жара ала тұлпар аршындады.   «Шамал хан деген өзі атың дардай, Шық, – деді, – еркек болсаң, қатын болмай! Шешеңнен шыныменен ұл боп тусаң, Өлсеңші жекпе-жекте батырлардай!   Кім едің бұл қазақты басынғандай, Ойрандап ой мен қырын тасынғандай? Кегімді қайтарғалы келіп тұрмын, Қоймаймын бүгін сенің басыңды алмай!».   Шамал хан шықпауға енді намыстанды, Дию ғой алып ұрар алысқанды. Бірақ та көріп тұрып қобалжыды, Аузынан жалын шашқан арыстанды.   Қан төкпей тына қоймас ұрыс мына, Шабатын бас табылар қылыштыға. Айбатын сыртқа салып шықты қалмақ, Еркектік намысына тырысты да.   Қаһарлы Наурызбай алып күшті, Дүлейді бір ұрғанда қағып түсті. Бөксесі ер-тоқымнан қопаң етіп, Өкіріп аттың жалын барып құшты.   Аяғы көктен келді тыраң асып, Серпілді сансыз қалмақ тұра қашып. Естерін қайта жинап кескілесті, Қырғанда қазақ қолы қуа басып.   Дегені қас дұшпанның болмас мәңгі, Жаратқан жазалайды жауласқанды. Жекпе-жек шығамын деп Қаскелең де, Қолынан Наурызбайдың жер жастанды.   V   Қолдасын батырларды Көк Тәңірі, Бермеген туған жерін жатқа бірі. Ел қорғап, тебінгісін терге малып, Жорықпен Наурызбайдың өтті өмірі.   Түнеріп өз жерінде өз аспаны, Көргені қырғын болды көз ашқалы. Түссе де от пен суға Қарасайдың Ізінен салып кеткен адаспады.   Иілмей алтын басы жер жұтқанша, Жасады тірлігінде ерлік қанша. Түгелдеп соның бәрін жіпке тізіп, Жырлаудан, кешіріңіз, кемдік болса.   Ел шетін ерегескен жаудан қорып, Батысқа, шығысқа да салған жорық. Елші боп Қытайға да сапар шегіп, Алды-артын дүниенің шолған көріп.   Жылаған дауыс шықса қаралы үйден, Оқ жонып, бала жастан садақ иген. Ат жалын тартып мініп ержеткенде, Барыпты бата сұрап Төле биден.   Төле би жас жігітке ата көрген: «Қолдасын Қарасай!» деп бата берген. Сол бата алты Алашқа тарап кеткен, Елпілдеп ескен желдей жота-белден.   Өмірдің өзгермеген салты көптен, Ел үшін есіл ерлер жортып өткен. Есім хан алтындаған ақбоз үйін, Дейді жұрт Қарасайға тарту еткен.   Қылыштай қия шауып, сара тілген, Ерлерді ана туып, ел өсірген. Келіпті Қарасайға үймен бірге, Жолбарыс қызыл шұбар ер Есімнен.   Қазақтың есте қалар естігені, Теріске шығара алмас ешкім оны. Халықтың жүрегі мен жадында жүр, Ежелгі «Есім ханның ескі жолы».   Қайтеміз сөз өрісін көп таратып, Марғасқа жырау мұны кеткен айтып. Ошақтың шоғы сөнсе күлі қалар, Күйдірер жанған жерін от қарайтып.   Торғайға пана болса бұта басы, Тірліктің айдан анық жұтамасы. Сол үйдің көзіндей боп әлі де тұр, Маңдайша, босағаның жұқанасы.   Сыйынып Қарасайдың аруағына, Елге анық Наурызбайдың барғаны да. Бас иіп қасиетті шаңыраққа, Есіне ер Есімді алғаны да.   Ғасырлар қойнауынан жарық төккен, Айтады бұл аңызды халық көптен. Сол жолы босағада күтіп жатып, Жолбарыс Наурызбайға еріп кеткен.   Басынан өткізгенше күллі өмірді, Таң атса, көкжиектен күн көрінді. Атойлап жауға шапса желеп-жебеп, Жолбарыс қызыл шұбар бірге жүрді.   Асырып құдіретті ердің күшін, Киенің басқаны хақ жаудың мысын. Жауыздық жасамаса тіршілікте, Түсірмес пендесіне тағдыр қысым...     ...Тағдырдың талқысына төзім қылған, Қартайып қайран батыр көзін жұмған. Шағында жасы келген билік айтып, Суырылып оздырыпты сөзін мыңнан.   Шығарар елдің атын ер емес пе, Ұмытсаң түсіреді заман еске. Тазартып атажаудан байтақ жерін, Мәңгілік мызғып жатыр Дегересте.   Кезінде талай сұмдық көрген ойран, Іргесін туған жұрты кеңге жайған. Жолбарыс қызыл шұбар көзге түспес, Жүреді ұзап шықпай сол маңайдан...   VІІ   Шығысқа тура қарап аттың басы, Батырдың қасқайып тұр тас тұлғасы. Айқасқан талай жаумен бұл қазақтың, Бүгінде қас дұшпаны жоқтың қасы.   Салмаған талқысына тағдыр кімді, Еске алса, ел күрсінер сол бір күнді. Бауырында Алматыны әлдилейді, Алатау көрмегендей сан қырғынды.   Ізінен қасірет пен шаң шұбатқан, Ғасырлар артта қалды қансыратқан. Күніміз не боларын кім біледі, Атпаса азаттық кеп, жарқырап таң?!.   Күштіге тізе бүгіп басым келген, Айырылдық атақоныс – асыл жерден. Қымбатқа түсті бізге бұл азаттық, Хан Кене, Махамбеттер басын берген.   Халқымыз медет күтіп туар ұлдан, Құдайды көз жасына куә қылған. Тамыры бостандықтың тереңдегі, Қанымен арыстардың суарылған.   Ерлерді аты ғана өлді деген, Тағдырын Тәңір өзі белгілеген. Солардың жүрегінің лүпілі бар, Көк ту да төбемізде желбіреген!   Құлдыққа түскендердің қаны қайнар, Қашанда еркін елдің жаны жайнар! Еңсесі Бәйтеректің еңкеймейді, Тұрғанда тірек болып Абылайлар!   Халықтың ұмытылмас қан кешкені, Намыстың Наурызбай наркескені. Дәстүрін жалғастырып бабалардың, Ұрпақтың ел қорғайды арда өскені.   Қай заман ұлы шайқас тоқтағалы, Қоздайды, көне тарих шоқтанады. Жатқаны  Дегересте – әншейін сөз, Түскен жоқ алып батыр аттан әлі!.. Несіпбек АЙТҰЛЫ.