«Аллаға шүкір!..» Марқұм әжеміздің күнделікті айтар сөзі осы еді. Бала күнімізде байқатпай келіп қасына отыра қалсақ: «Астафыралла, көктен түстің бе, сен қыз! Бір күні көкке ұшып кетемін, сол жақта жүріп те сендерді қолдап, қорғап жүрем ғой», – дейтін.
Ал, Мақпал апамыз әжеміздің кенжесі, жасы жетпістен асып барады. Әжеміздің қасынан кетпей күтіп қараған, алыс сапарға да өз қолымен шығарып салған. Ол кісінің салауат, имандылық жайында айтып кеткен аманат-қағидаларын, наным-ұстанымдарын ешкімге айтпай құпия ұстайды. Дінге өте берік жан.
Жұма күнгі намазға мешітке кеткен сол Мақпал апамыз міне, бүгін кешікті. Науқастанып үйде қалған шалының қарадай дегбірі кетті. – Кемпірдің соткасы жауап бермейді? Бұған не болды?– дей бергенше болған жоқ: – Үйбай-ау, Аянға хабарласып ала алмаған соң, бір көк көз бала кетіп бара жатыр екен, сол балаға «мынаны көріп жіберші, дыңылдамайды, Балтабек деген жазуға звондап көрші дедім.Әлгі бала қарады да, басын шайқап «спутник не работает, связь жоқ» деді де, көкке бір қарап, бетіме бір қарап зу етіп кетті де қалды. Содан мешіттің есік алдын сыпыратын Қайырға айтып, Батырбекті тауып алдым ғой, ал, Балтабек қаладан тыс жерде жүр дейді, көшеде кездескен бала-шағада сенім бар ма қазір деп жатыр,–деді Мақпал апамыз кешіккен себебін айтып.
– Ә, сөйтіп соткаңнан айырылдың ба? Осы мен саған қанша үйретемін жасыл нүктені бас деп! Өзің аман-сау келсең болды. Менсіз бір күн мешітке барамын деп, қарашы енді, Мәскеуде жүрген Балтабекті іздепті! –деді күліп.
Апамыз Аян сыйлаған соткаға үйрене алмай-ақ қойып еді. Ақыры қолды болды. «Көктен хабар жетсе жақсылықты да, жамандықтың да боларын адам баласы өзі сезеді ғой, бәрін біліп, көріп отырамын. Пайғамбарыңа салауат айтпайынша, тілеген дұғаң аспан, яғни, көк пен жердің арасында бөгеліп, көкке көтерілмей тұрып қалады, қарақтарым, тілеген тілектерім мен дұғаларым өздеріңді қорғап жүреді»,–деп жүрді. Үйде бас-басында мәшине болса да, шалы екеуі үш-төрт аялдама жүріп мешітке жаяу барып, қайтады. Ата-бабамыз Меккеге де жаяу барған, сауап болады. Мешітке барып-қайту сән-салтанат құру емес қой, – дейді апамыз. Содан шалы қоярда-қоймай: «Көкпен сөйлесіп біліп отырсаң да, дүние заманына қарай, қалтаңа салып қой, жасыл нүктені бассаң болды», деп соткаға әзер үйретті.
– Әжем соткамен емес, намазбен сөйлеседі, – дейді немересі Әбуқасым.
Намаз оқитынын, ауыз бекітетінін біліп, көріп өсіп келеді. Бізде осылай өстік, әжеміз қалың бір ескі қоңырқай кітапты оқи беретін, не деген бітпейтін кітап деп жүрсек, Құран кітап екен. Әжеден қалған сол аманат-мұра кітап апамыздың бөлмесіндегі сандықта жатыр.
– Әй, енді бара беріңдер! Менің көкпен сөйлесуім керек! – дейтін әжеміз кейде. Баламыз ғой. Көкпен қалай сөйлеседі деп қызық көріп, тасадан қараймыз. Бірдеңе дейді, қолын көкке созады, қайта күбірлейді, қайта қолын көкке созады, бетін сипайды біздер үшін әрі қызық әрі күлкілі еді. Жазда ыстықта әже-аталар көкпен сөйлесіп, жаңбыр сұрайды, аздан соң нөсер жаңбыр жауады төпеп.. «Жаңа туған ай ауа райынан хабар беріп тұр, шөп-шаламдарыңды дайындап па едіңдер, бата бердіңдер ме айға, шақырайып қарап тұр ғой жарықтық-ай!» – деуші еді. Кәдімгідей көкке қарап, бата жасап, жақсылық тілейді. Аспанға, көк жүзіне, жұлдыздарға көп қараңдар, сөйлесіңдер, біздің өміріміз сол жақпен байланысты деуші еді, – өзіміз жерде тұрғанымызбен, жанымыз көкте қарақтарым,– дейтін.
Сотка демекші, енді ойлап қарап отырсақ,сол көкпен байланыс енді ғана бізге келіп жеткендей. Төбеде тұрған темір спутниктің біздің тілегімізді қабылдап екінші бар адамға жолдайтыны ғажап: біздің сөздеріміз көкпен байланысып, тілдесуде. Ал әжелеріміз көкпен ешқандай спутниксіз-ақ сөйлесіп, елдің амандығын тілеп кетті. Жұмыс, қызмет барысында керек нөмірлер бар еді деп өкініш білдіретіндей емес, апамның соткасын бір тәртіпсіз жүгірмек алып кетті, көзі көк бала деген соң, үлкенді сыйлап өскен қазақ баласы болса өйтер ме еді деп қойғанбыз. Тек, Батырбек: «Сендер өздерің не қарап отырсыңдар! Апама қарамай!.. Мен үйде болғанда полицияға хабарлап, дер кезінде ұстатып,шара қолданар едік. Айдың күні аманында түс кезінде, бұл не деген сұмдық кәрі кісіні алдап!» деп ашуланды. Апамызға су жаңа финский қымбат сотка сатып алып берді. Арада бір аптадай ма уақыт өткен.
– Апатай, міне, соткаңыз! Мынау дәп өзі сіздің соткаңыз ғой, а? – деп есікті ашар-ашпастан бір жігіт қалбалақтап үйге кірді.
– Үйбай-ау, қарағым-ау, дәл өзі болмай, өзімнің соткам, мұны қайдан алдың? – деді Мақпал апамыз таңырқап.
– Таптық қой, апасы, – деді келген жігіт. Апамыз айтып жүретін мешіттің ауласын сыпырып, күтетін Қайыр екен. Сотканы көк көз бала мешітке әкеліп беріпті. – Ападан кешірім сұраймын, неше күн ұйықтай алмадым, асқа да тәбетім соқпады, көңіл-күйім жоқ, қарадай мазам кетті. Өшпей тұрғанда Балтабек, Батырбек, Болатхан, Мәруа, Майда, Кәусар деген есімдердің нөмірлерін жазып алдым, біреуіне хабарласып тапсырсаңыздар екен, – депті. Содан мешіттегілер дереу Балтабекке хабарласыпты. Үлкен ұлы Мәскеуде жолсапарда: Алла жар болсын! Ана деген сол! Алыста жүрген менің халімді білейін деп сабыр таппайды. Сегіз баласы тұрғанда апамызға сотка дүние болып па, тәйірі! Пайғамбарымыз да қателік жасаған баланың басынан сипаған. Айыбын білгені үшін рахмет айтып, балаға қайыра бере салыңдар, қолы жетпей жүргендіктен қызығып алған болар, – депті. Сөйтіп, Мақпал апамыздың соткасы үйге оралды. Мешітке барып-қайтқанда әлгі баланы көрсем берейін дей ме екен, сумкесіне салып алып жүр. Иә, сол көк көз баланың ар-ұятына маза бермеген – имандылықтың, иман-сауаптың ортамызға еніп, жұмақты өз үйіңнен ізде дейтін мұсылмандық көзқарасты қалыптастырып, айналаға өзгеріс әкелгені қандай ғанибет.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.