13 Сәуір, 2017

Жеңіс күнін жақындатқан Жолтаев

274 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жамбайбек Жолтаев – Отан алдындағы әскери борышын кеңес-фин соғысында жалғастырып, Ұлы Отан соғысын аяғына дейін қолынан қаруы түспеген қайсар жандардың бірі.

Жеңіс күнін жақындатқан Жолтаев

Кейіпкеріміз туралы әңгімені сәл әріректен бастайық. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде кеңестік биліктің сорақы саясатымен жүргізілген геноцидті, ашаршылықтан баудай түсіп қырылған халықты көзімен көрген Ырысымбет отбасын алып, Қырғызстанға қоныс аударуға мәжбүр болған жандардың бірі. Әйелі көп құрсақ көтерсе де, балалары кішкентайынан шетіней бергені де жанына бататын. Тек ізін жалғар жалғыз тұяқ – ұлы Жамбайбек пен қызы Зиякүл ғана аман қалды.

Осылайша, бір шаңырақтың атұстары Жамбайбек Жолтаев 1920 жылы 5 мамырда Жамбыл облысы Көлқайнар елді мекенінде дүниеге келді. Дәулеті жеткілікті, бақуатты тұрмысы бар Ырысымбет жалғыз ұлын оқытуға онша асыға қоймады, сол себепті Жамбайбек мектепке кеш барды. Сонысына қарамастан, бір жылда екі класты тәмамдап, жеті жылдықты үздік бітіреді. Үлгерімі жақсы бала мамандар жетіспеген уақытта бастауыш сыныптарға ұстаздық та етіпті. 1938 жылы Қатипа Тілеубайқызымен отбасын құрады.

Қаршадайынан еңбекке араласқан Жамбайбек Жолтаев 1938 жылдың күзінде Қырғыз КСР Талас облысының Киров ауданы Жуантөбе совхозынан әскер қатарына шақырылды. Алыс әрі қауіп-қатері көп сапарға аттанып бара жатып, үйдегі аяғы ауыр әйеліне ұл туса есімін «Әскер», дүниеге қыз келсе «Әскеркүл» қоюын тапсырады. 

Гатчина қаласындағы Ленинград әскери округының 412-ші артиллериялық полкінің нысана көздеушісі калибрі 152 мм гаубицалардың зеңбірегінен атыс жүргізуге, қуатты әскери техниканың көмегімен қарсыластың орналасқан ауданы мен техникасын жоюдың, алдыңғы шепке шығуына жол бермеудің әдіс-тәсілдеріне үйренеді. 

Әскери борышының бір жылы өткен соң, 1939 жылдың қысында 19 жастағы бозбала Жамбайбек 7-ші армияның құрамында «Маннергейм сызығын» (Финляндияның әскери және мемлекеттік қайраткері маршал Карл Густав Эмиль Маннергеймнің бастамасымен салынған бекініс) бұзып өтуге бағытталған шабуылға қатысты. Карель мойнағында орналасқан «Маннергейм сызығы» туралы аз-кем ақпарат бере кетейік. Бұл ұзындығы – 135 шақырым, ені – 90 шақырым аумақты алып жатқан терең орлардан, тікенек сымдардан өрілген қоршаулардан, оқ жаудыру көздерінен, қалыңдығы 2 метрге жететін бетон және гранит қабырғалардан тұратын қуатты қорғаныс жүйесі болатын. Шахмат тәртібінде қойылған доттардың үстіндегі топырақ үйіндісінде қалың шөп пен ағаш өскендіктен, кеңес әскеріне атысты төбеден оқ ату траекториясы бойынша жүргізуге тура келді. Соғысқа сақадай-сай дайын тұрған фин әскері арнайы киім-кешекпен, мұз үстінде жүруге арналған табаны бұдырлы бәтеңкелермен, сол уақыттың озық үлгідегі мерген винтовкаларымен жабдықталған еді. Ал біздің жауынгерлер палаткаларда жан сауғалап, сақылдаған сары аязда шылғаулары шешіліп қалған аяқтары етікке жабысып жатты. Олардың мадақ мен марапат туралы ойлайтын жағдайы болған жоқ. Туған жерге тірі қайтуды аңсады. 

1940 жылдың қаңтар айы болатын. Балтық теңізінің жағасында, Финляндия шекарасына жақын орналасқан Ленинград облысындағы Выборг қаласының маңы. Қаладан бірнеше шақырым жердегі ұрыс даласында жау оғынан ауыр жараланып, қардың астында қаны қатып қалған қатардағы Жолтаевты санитарлық взвод тауып алды.

Тіршілік нышаны сезілмейтін жауынгерді алғашында санитарлар өлдіге санапты. Өйткені, есептоп түгелдей қырылған, жау снаряды дәл түскен зеңбіректің күл-талқаны шыққан. Татар дәмі таусылмаған бозбаланың тірі екенін кірпігі қимылдағанынан біліп, госпитальге жеткізген. 

Арада бірнеше күн өткенде госпитальде есін жиғанда жанында қан құйып отырған донор-қыздың «Қандай әдемі қазақ!» деген жылы сөзін естіді. Шынында да, Жамбайбек Жолтаев сұңғақ бойлы, қою қара шашы артына қайырылған, көздері терең, жанары өткір жігіт болатын. Екі айдай госпитальда емделген қатардағы жауынгер Жолтаев денсаулығының жарамсыздығына байланысты Қызыл Армияның қатарынан босатылып, еліне жіберіледі. 

Осылайша, әкесі оқ пен оттың ортасында жүргенде дүниеге келген қызы Әскеркүлді құшағына алады. Алайда, арада үш ай өткенде, адамзат тарихындағы ең сұрапыл оқиғалардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыстың басталарын кім білген?! Жамбайбек әскери комиссариаттың «ауыл шаруашылығымен айналыс» дегеніне көнбей, жауынгерлік тәжірибесін алға тартып, сан мәрте соғысқа сұранды. Ел басына күн туған кезеңде тыныш жата алмайтынын айтып, майдан даласына ерікті түрде жіберуін талап етеді. Сөйтіп, кеңес-фин соғысынан сау оралғаннан кейін 1943 жылы дүниеге келген ұлы Аманкелдіні маңдайынан иіскеп, жау шебіне аттанып кетті. 

202-ші атқыштар дивизиясының 645-ші атқыштар полкінің құрамында 1943 жылы 30 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында Орлов облысы Комаричск ауданының Глубокая, Радогощь, Кокино және тағы басқа елді мекендерін азат етудегі ұрыста телефонист, қатардағы жауынгер Ж.Жолтаев қолбасшылық пен құрылымдар арасындағы байланысты үздіксіз қамтамасыз етудегі қайсарлығымен көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Жаудың артиллериясының толассыз дүмпуіне қарамастан, жауған снарядтың астында жүріп үзілген байланысты қалпына келтіргені үшін екінші мәрте «Ерлігі үшін» медалі кеудесінде жарқырады. 1945 жылдың 24-26 қаңтарында Катовице ауданында жаудың әскері қуатты артиллериялық – минометті оқ жаудырғанда танытқан жанқиярлық батылдығы үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 1945 жылы 18 сәуірде маңызды барлау мәліметтерін жеткізгені үшін тағы да «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 

Жеңіс күні қарсаңында Германия жерінде 239-шы миномет полктің құрамында аса маңызды жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін сержант Жамбайбек Жолтаев төртінші мәрте «Ерлігі үшін» медалін алды. Жерлесіміздің туған жылы, әскерге шақырылған уақыты, әскери шені, Отан қорғау жолындағы борышын атқарған жерлері, ерліктері, марапаттау бұйрықтары туралы деректер Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты берген анықтамада көрсетілген. 

Айта кетейік, 17-ші атқыштар дивизиясы Воронеж (1943 жылдың 20 қазанынан бастап 1-ші Украина) майданының құрамында Киевті азат ету операциясына қатысып, артиллериялық шабуыл жүргізуде асқан шеберлігімен, ерлігімен танылды. Киев және Житомир қалаларын азат етудегі жауынгерлік міндеттерді үлгілі орындағаны үшін екі шаһардың «Киевтік», «Житомирлік» деген құрметті атақтарға ие болды. Дивизия Корсунь-Шевченко мен Проскуров-Черновицкіні, Львов қаласын азат ету және Броды ауданындағы неміс-фашист әскерінің топтарын талқандау бағытындағы Львов-Сандомир шабуыл операцияларына да қатысты. Бұдан соң Польша жерін азат етуде ерлік көрсетті. 1945 жылы 19 қаңтарда Краков қаласы үшін, одан әрі Домбровск көмір бассейні үшін шайқасты. Жоғарғы Силезский операциясында Оппельн қаласындағы, Нейсе өзенінің сол жағалауындағы жау әскерін талқандау және қоршау кезінде атыс міндеттерін нәтижелі орындады. 1945 жылғы 27 сәуірде Виттенберг қаласын азат етуге бағытталған Берлин шабуыл операциясында 13-ші армияның құрылымдарына қолдау беріп, Берлиннің оңтүстік-батысында қоршалған жау топтарының көзін жойды. Қайсар қазақ жауынгерлік жолын Прага шабуыл операциясында аяқтады. 

Жамбайбек Жолтаев кеңес-фин және Ұлы Отан соғыстарының бел ортасында жүрді. «Ат басына күн туса – ауыздықпен су ішер, Ер басына күн туса – етігімен су кешер» дейді бабаларымыз. Қазақ даласынан Батысқа, майданға бет алған, Берлинге дейін ну орман, ми батпақтан ауыр техникаларды сүйреп, сыз окопта жатып, жауған оқ, жанған оттың ортасынан аман өтті. Қаруластарының қазасын көрді, фашист басқыншыларының қатыгездігін, аштық пен суықты басынан кешті. Қиын-қыстау кезеңде өзіне жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды аса шеберлікпен орындап, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды. 1945 жылдың 9 мамырында Ұлы жеңісті Берлин түбінде қарсы алғанымен, 1946 жылы ғана демобилизацияланды. 

Елге келген соң, мұғалімдік жұмысына қайта оралды. Жамбыл педагогикалық училищесінде сырттай оқып, алғашқы түлектерімен қатар бітірді. Педагогикалық институтты, 1952-1955 жылдар аралығында Бішкектегі жоғары партия мектебін де бітіріп алды. Қырғызстанның Фрунзе және Талас облыстарына қарасты елді мекендерде ферма меңгерушісі, мектеп директоры, аудандық партия комитетінің қызметкері, партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1959 жылы өмірлік жары Қатипаның денсаулығына байланысты Қазақстанға көшіп келген соң, Жамбыл облысының Куйбышев совхозында партия комитетінің хатшысы, Билікөл совхозында ферма меңгерушісі, Ильич атындағы совхозда директордың орынбасары және тағы да басқа лауазымдарда еңбек етті. 

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жетпей өлмейді» деп сеніп, жан жарын күткен, айнымас серігі болған, әулеттің анасы Қатипа Тілеубайқызы 1970 жылы дүние салды. Өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастырып, Жеңіс күнін жақындатуға жанын аямаған Жамбайбек Ырысымбетұлы Жолтаев болса, 1977 жылы бар-жоғы 57 жасында өмірден озды. Ерлігімен де, еңбегімен де еліне сыйлы болған азамат өзі басшылық жасаған Талас ауданының Ильич атындағы совхозда жерледі.  

Талай қырғынды басынан кешірген жауынгердің дүниеден өткеніне биыл 40 жыл толады. Батырдың «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және «Берлинді алғаны үшін» медалдері, «Қызыл Жұлдыз» ордені, төрт бірдей «Ерлігі үшін» медалі, «Жауынгерлік қызметі үшін», «Киев қорғанысы үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің жиырма жылдығы», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің отыз жылдығы» мерекелік медалдері – ұрпағы үшін мәңгілік ерлік пен өрліктің мұрасы. Аллаға шүкір, бүгінгі күні тоғыз баласынан 30 немере, 53 шөбере, 10 шөпшек бар. Ал, қиын-қыстау заманда тірі қалған Зиякүл апайдың жалғыз ұрпағы Дәмен апай отбасымен Талас облысындағы Шолпанбаев атындағы ауылда тұрады, бірқатар ұл-қыздары Бішкек қаласында. 

Сөз соңында. 

Ұлы Жеңістің 72 жылдығы да ие астында тұр. Атаулы күннің қарсаңындағы шаралардың барлығы жастарды Отанымызды сүюге, ел-жерімізді құрметтеуге, патриот болуға тәрбиелейді. 9 мамыр – бұл бейбітшілік үшін болған ұлы күрес салтанат құрған күн. Бұл майдан даласында мерт болғандарды да еске алатын күн.  Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында неміс-фашист басқыншыларын жеңу үшін шейіт болғандар да, аман-есен оралғандар да, көзі тірі қалғандар да ел жадынан ешқашан ұмытылмақ емес. Отанын қорғау үшін отбасын елде қалдырып, қолына қару алған жауынгердің тағдыры әрқилы. Олар туралы тарих ұл-қыздарымызды батылдыққа, батырлыққа баулуға тиіс. Жыл өткен сайын батыр бабаларға деген сый-құрмет көбеймесе, азайған емес. Алдағы уақытта Жамбайбек Жолтаев сынды қаһармандардың рухына бүгінгі ұрпақ тағзым етіп, олардың ерлік жолдары туралы талай дүниелер жазылатынына сенімдіміз. 

Алуа ИСКАКОВА

Суреттер Жамбайбек Жолтаевтың отбасылық мұрағатынан алынды