Экономика • 25 Мамыр, 2024

Президент жарлығы экономиканы қалай өзгертеді?

106 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Аты айтып тұрғандай, құжат ел экономикасының дамуына септігін тигізетін тетіктермен толықтырылған. Басты бағыт бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамту болып отыр. Бүгінде жаңа Жарлықтың ел экономикасына әсері мен ұтымды тұсы туралы сарапшы мамандар түрлі пікір мен болжам жасап та үлгерген.

Президент жарлығы экономиканы қалай өзгертеді?

Фото aa.com.tr

Экономикалық саясат инсти­тутының директоры Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, ең алдымен Жарлық мәтінінде экономика саласының ілгері басуына әсер ететін көптеген фактор бар. Әрі бұл құжатты кезекті тиімді реформалардың бірі десек болады.

«Саясатта, қоғамдық қаты­нас­тарда маңызына қарай бірін­ші кезекте конституциялық ре­фор­малар аталады. Енді екінші ірі реформаның басы ретін­де «Экономикалық ырықтан­дыруды» атай аламыз. Жалпы, Батыс елдерінде «экономикалық конституция, конституциялық экономика» сөздері жиі кездесе­ді. Осы тұрғыдан алғанда, аталған Жарлық бәсекеге қабілеттілікті арттыруды мақсат етпек. Ал мұны мемлекеттің экономика­ға қатысуын шектеу және биз­нес­­ке бағытталған шығындарды азайту арқылы іске асыра аламыз», дейді ол.

Ол үшін бірінші Бәсекелес­тікті қорғау және дамыту агент­тігінің жанынан жеке­шелен­діруге жататын мем­лекеттік активтердің критерий­лерін әзірлеу және олар­дың тізбесін қалыптасты­ру­ды қамтамасыз ететін Жеке­ше­лен­діру жөніндегі ұлттық офис құрылмақ. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен онымен еншілес компания­л­ар­дың корпоративтік бас­қару мен сапасын арттыру және сатып алу үдерістері жолға қойыла­ды. Тауарлар нарығын­дағы бәсеке­лестікті дамыту үшін бірқатар нақты шара қабылданбақ.

Сарапшының айтуынша, Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис жұмысына Президент жанындағы Реформалар жөнін­дегі жоғары кеңес қана өзгеріс енгізе алады. Егер кеңестің өзге ұсыныстары немесе бастамалары болса, офис шешімдері қайта қаралуы мүмкін. Тағы бір айта кетер жайт, бизнес ашу және оны жүргізуді жетілдіру үшін квазимемлекеттік ұйымдардың коммерциялық қызметінің қол­жетімділігі, техникалық шарт­тарды алу және инженерлік желі­лерге қосылу рәсімдерін жеңіл­дету көзделген. Ол үшін отан­дық стандарт бойынша мін­детті түрде жобалық-сметалық құ­жаттама әзірлемей, құрылыс са­луға озық халықаралық стан­дарт­­тарға сай келетін жобалар­ды пайдалануға мүмкіндік беріледі.

Жарлықта бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауды күшейтуге басымдық берілген. Соның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс сана­тынан алып тастау, мемле­кеттік органдар бастамашылық ететін тыйым салу-шектеу шара­ла­рын прокурорлармен келісу және басқа да рәсімдер арқылы күшей­туге бағытталған іс-шара­лар ке­шені жеке блок ретінде берілген.

Құжаттың жүзеге асырылуы экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жедел түрде қысқартуға, жеке кәсіпкерлік үшін экономикалық кеңістікті ұлғайтуға қосымша серпін береді деп күтіліп отыр. Иә, аталған Жарлық кәсіпкерлік бағытта еркіндік береді. Сондай-ақ алдағы уақыттағы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды. Қайырбек Арыс­танбековтің пікірінше, расымен де елдегі бизнес саласына көптеген жеңілдік керек.

«Жаңа Жарлық тәжірибе жүзінде қалай іске асады, оны уақыт көрсетер. Әйтсе де, биз­нес­ке берілетін жеңілдіктерге ден қойылып отыр. Қазір елде ша­­ғын және орта бизнестің эко­но­ми­кадағы үлесі шамамен 37-38 па­йыз шегінде ғана. Себебі белгілі бір дәрежеде шағын және орта биз­несті квазимемлекеттік сек­тор­­лар ығыстырып келді. Бұл идея­­­ларды Ұлттық құрылтай плат­­фор­­масында жеткізіп, билік наза­­ры­на ұсынғанбыз», дейді экономист.

Жалпы, Жарлықта цифрландыру, субсидия, энергетика мен байланыс, жер ресурстары сала­сында да оң өзгерістерге бағыт­талған ықшамды реформалар болатыны жазылған. Сондай-ақ тариф саясаты қайта қаралмақ, нақтырақ айтсақ, ынталандыратын тарифтік механизмдер әзірленеді. Жоғарыда айтылған шағын және орта бизнеске бұл да көптеген жеңілдік әкеледі.

«Жеңілдіктің белгісі мемле­кеттік сатып алу жүйесінде де бай­қалып отыр. Мәселен, бұрын мемлекеттік сатып алу үдерісі кезінде көбін квазимемлекеттік секторлар ұтып алатын. Ал жаңа Жар­лықта белгілі бір квази­мем­­­лекеттік секторда мемле­кет­­тің үлесі 50 пайыздан асса, қатыс­ты­рыл­майтын болды. Мұны дұрыс қадам деп бағалауға болады. Сайып келгенде, мемлекет кезек­ті ірі экономикалық реформаға беттеп отыр. Осылайша, еркіндік­ке, жеңілдікке құрылған жүйе ке­лешекте оң нәтижесін беруге тиіс», деді сөзінде Қ.Арыстанбеков.