Құжатта баяндалғандай, бұл Бағдар ел аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғыртуды көздеген «Мәдени мұра» немесе әлемнің түкпір-түкпіріндегі төл тарихымызға қажетті құжаттарды жинастырып, жүйелеуге, өткенімізге, ата-баба тарихына жаңаша көзқараспен қарауға жол ашқан «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының заңды жалғасы іспетті. Десек те, жаңа Бағдарда ұлттық салт-сана, білім мен мәдениет, ұлттық руханият саласы тереңдей қамтылып, алдымызға дәйекті міндеттер ұсынылғаны бізді ерекше қуантып отыр.
«Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп нықтап жазылуы ұлт зиялыларының көптен көңілінде жүрген, көптен күткен қадамы екені рас.
Елбасы қазақ халқын ұлттық кодын сақтай отырып заман көшінен қалмай дамуға, жаңашылдыққа үндейді. Бұл тұрғыда: «Біріншіден, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырту болмайды. Екіншіден, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп, ірі мен уақты дер кезінде ажыратып, ұлттық сананы кемелдендіруге шақырады.
2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барлық қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын дайындауды міндеттеген Президентіміз еліміздің латын қарпіне көшуін ертерек қолға алуды дұрыс көріпті. Біздің ойымызша, елорданы Алматыдан Астанаға көшіруіміз, тіпті жаңа Елтаңба, жаңа Әнұран, жаңа Ту қабылдағанымыз секілді, бұл да отарлық қыспақтан ширек ғасыр бұрын ғана шыққан қазақ үшін сананы жаңғыртудың үлкен тетігі. Бодандық санадан құлан-таза құтылудың, шын мәнінде отарсызданудың тамаша жолы.
Бұдан біраз жыл бұрын Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша әлемдік көркем әдебиеттің 100 томы қазақ тіліне аударылып, жарық көргені әмбеге аян. Енді, мінеки, студент жастарға жаңа сапалық деңгейде білім беруді қамтамасыз ету, гуманитарлық саладағы білімді арттыру мақсатында әлемнің ең озық деген 100 оқулығы қазақша сөйлемек. Бұл жоба ғылым-білім саласына тың серпін әкелетіні даусыз.
Патриоттық сезім деген нәрсе адам бойына өз-өзінен келіп құйыла салатын қасиет емес. Мәуелі ағаштың топырақтан тамыр тартып, өсіп-өнетіні секілді, туған отанға деген сүйіспеншілік те әркімнің өз туған ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Еліміз бен жеріміздің аңыз-әпсанаға айналып бүгінге жеткен тарихы жетіп жатыр. Жергілікті билікке «Туған жер» атты бағдарлама қабылдауды ұсынған Елбасы әрбір отандасымыздың, жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін аймақтарда өлке тарихын көбірек насихаттап, туған жеріне көмек қолын созып жүрген жандарға құрмет көрсету жолдарын қарастыру қажеттігін де еске салыпты. Сол секілді, ұлан байтақ жеріміздегі өзіндік тарихы, өз қасиеті бар танымал жерлерге жүйелі зер салып, «Мәдени-географиялық белдеуді» ұлттық құндылықтарымыздың қатарында дәріптеу идеясын ұсынған. Туған жер десе, кеудесін сағыныш кернеп ала жөнелетін барлық зиялы қауым бұл идеяны қуана қолдайтыны және шындық.
Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп, әртүрлі жолмен насихаттау қажеттігін міндеттеген Елбасы: «Әлемге қанат жайған жат идеологияларға біз ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз», дейді. Сол себепті де, қазақ халқына ғана тән ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті, оның ұтқыр тұстарын әлемге, өзге елдерге таныту үшін ғалымдар мен жазушылар да аянбай еңбектенуі қажеттігін айтыпты.
Жалпы, Бағдардан айқын көзқарас, жаһандану дәуірінде қалай да ұлт ретіндегі өз ерекшелігін сақтап, даму мұратынан туған күрескерлік, жаңашылдық аңғарылады. Осы қасиеттер намыс туын үнемі тік ұстайтын қазақ деген халықтың әрбір азаматының бойына дарыса деген тілек бар.
Әлібек Асқаров,
жазушы