Айтулы дін қайраткері, 108 200 сөз ұғымды сыйғызған «Арабша-қазақша сөздікті» туындатқан және үндінің даңқты шығармасы «Кәлила мен Димнаны» жаңғыртқан дарынды тәржімашы, Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің тәфсірлерін, мәуліт жырларын, діни уағыздарды қазақша сөйлеткен, «Діни педагогика» оқулығын жазған, би-шешендердің даналық пен ізгілікке толы тұжырымды толғамдарын меруерттей тізіп, хатқа түсірген өз заманының дарабозы Сәдуақас Ғылмани (1890-1972) мұрасы кешеуілдеп болса да Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының ыждаһатты ересен еңбегінің арқасында жарық көргенін айту адамшылық парызымыз дегім келеді.
Профессор Дихан Қамзабекұлы Сәдуақас Ғылманидің өмір тарихын, ата-баба шежіресін, тұқым-зәузатын, әдеби мұрасын, қазақ әдебиеті тарихындағы орнын, яки 30-жылдар мұрасын қалайша тану қажеттігінің ғылыми мәнді мәселесін, ХХ ғасырдағы «ұлт рухани ізденісінің, діни талабының әрі жарқын үлгісі, әрі ақтаңдағы», «танымдық – көркемдік күнделігі» екенін жіктеп, жүйелеп, жан-жақты толымды түсіндірген. Сондықтан да мұны Сәдуақас Ғылманидың ой сүзгісінен өткен, ақыл таразысына өлшенген тұңғыш ғылыми өмірбаяны десек, жаңылыспаймыз.
Сонымен қатар Сәдуақас Ғылманидың ұлттық тарихи-мәдени мұрасының жеткізушілері жөніндегі деректері мен мәліметтері де еңбектің ғылыми құндылығын, мәртебесі мен дәрежесін көркейтері хақ. Бұл орайда Үкіжан мен Әмина Сәдуақасқызы, Тасмұхамбет Тәлімұлы, Талғат Жанайдарұлы, Жиенбек Серік, Сәрсенбек Өтепов, Ақтоты Елешова секілді мұра жанашырларын атап айтуға, ардақтауға лайық.
Қоғам қайраткері Сәдуақас Ғылмани 1952-1972 жылдарда Қазақстан қазиятының қазиы, Орта Азия мен Қазақстан діни басқармасының мүшесі, Ақмола шаһары мен Ерейментау мешіттерінде имам қызметтерін атқарған.
Сәдуақас Ғылманидің заңғар тұлғасын аса көрнекті фарабитанушы Ақжан Машани (1907-1997) сөзімен былайша сипаттасақ, әділдік болар еді. «Мен С.Ғылманиды өзімнің ғылыми жетекшім деп есептеймін. Өйткені, «екінші ұстаз» Әл-Фараби араб емес, қазақ жерінен шыққан ғұлама» деген хабармен жер жүзін шарлап, анықтауға кірісіп, араб-парсы тілдерінде жазылған шығармаларды оқи алмай жүргенімде Сәдуақасқа кезіктім. Ол кісі маған шығармаларды аударып берді. Соларды зерттей келіп, Әл-Фараби зиратын тауып, қазақтың Отырар-Фараб қаласынан шыққан оқымысты екенін дәлелдеп, ел-жұртына таныстырдым» − деп жазған-ды Ақжан Машани.
Ислам құндылықтарын зердесіне берік ұялатқан, діни-түркілік дүние тану ерекшеліктерін болмысына дарытқан Сәдуақас Ғылманидің әсерлі, ұтымды ой өрнектерінде, үлгілі, жатық ақындық толғаныстарында, көркемдік ойлау жүйесінде жер мен көктің әміршісі Алланың ғажайып құдіреті, қисынымен көрікті де келісті Құранның керемет қасиетті аяттары, Мұхаммед пайғамбардың теңдесі жоқ хадистері, нұрдан жаралған қанатты періштелер жәйі, жаратылыс жұмбағы, табиғат көріністері, замана суреттері, «тұрмыс тоқпақ» теперіштері мән-мәнісімен жетік кестеленген. Асылы, «халық тілінің сәулелі мөлдір тереңінен туған елдің табиғаты ғана емес, сонымен қатар халықтың рухани өмірінің бүкіл тарихы да көрінеді» деп К.Д.Ушинский айтқандай, тәрбие мен білімнің шырағы қазақ тілінің жойқын қуаты турасында «Ана тіл» дейтін лебізінде былайша толғайды:
Орынды сөз тілдің үлкен зеннәті,
Сыр мен маңыз көрсетпекші қымбатты...
Сөйленсе сөз терең болсын мәнісі,
Қысқы келіп, ұзақ аяқ алысы...
Ана тілің - сүйегіңе біткен тіл,
Шұбар қылмай сол тіліңмен сөйлей біл.
Тіл мәдениетін мейлінше діттеген Сәдуақас Ғылманидің тілдің дұрыстығына, айқындығына, тәртібіне айрықша мән берген. Ол «Сөз құрылысы» жырында (1931) өлең буыны, өлшеуі, үйлесімі, сыр мен даналық сипаты, яғни өлең тілінің бірыңғайлығы мен тұтастығы қайран қалдырсын дейді.
Сөз ішінде өлең-жырдың жолы өзге,
Ілінбейтін уақыты жоқ бір көзге – деп, поэзия парасаты мен салтанатын сұңқарша сезініп мәлімдейді.
Және де ойдың ұшырлығы мен тапқырлығы тіл мен жүректің бірлестігінен туатындығын «Бір ертегі» шығармасында қадап көрсетеді. Негізінде, С.Ғылмани тілімен жетік жеткізер болсақ, оның іңкәр көңілден, таза пейілден мейірленіп туған жаратындылары «мол ойлы, ғибрат көзді», «саналы, сәулеліге» арналған. Себебі, оның өлең-жырларында діни-ағартушылық сарындар, араб-парсы өркениетінің даналық дәрістері, дәстүрлері, Алланың ғылымы, жаратылыстану ғылымы, адамтану ғылымы шебер үйлесім, орайлы жарасым тапқан.
С. Ғылмани «Мүнәжәт», «Зейін ашу бәйіті», «Сахар назым», «Қасас сүресінің әз аяты мен тәпсірі аудармасының мазмұны», «Тағы да пайғамбардың мынау сөзі», «Тағы да пайғамбардан сөйленген сөз», «Ұзақ хадистің аудармасы», «Тәпсерден бір әңгіме», «Әбубәкір хазіреттің біраз жайы», «Әтиім үшін ғазал» атты толғауларында Жаратқан Ие, Алланың Елшісі, аяттар мен хадистер әлемі хақында тағылымды тәмсілдерді, мәйек-дәйегі өзгеше ой-пікірлерді өрбітеді.
Сталиндік зобалаңның, зорлық-зомбылықтың куәгері Сәдуақас Ғылманидың түрме жырларында замана қайшылықтары, «қажытқан себептер» шыншылдықпен суреттеліп, сай-сүйегіңді сырқыратады, денеңді түршіктіреді, үрейлендіреді, тозақтың отына күйгендей күйге түсесің.
Еркім есен, ер көңілім солмаса,
Еркіндікті еркін Құдай оңдаса.
Жалғыз бақыт менде болсын демеймін,
Солып, сөнген еркелі елім оңалса.
Қызығы не барлық өмір, тірліктің,
Еркелейтін елім өсіп, оңбаса.
Көңілдегі сырым осы, басқа жоқ,
Амалым не, ойым өрге қонбаса − деген мүбәрәк тілегі, мәрт жүрегі қандай десеңізші!
С.Ғылмани «Календар тысына жаздым» дейтін жырында (1929) былайша тебіренеді:
Түсінші, көп ойланшы сөздің ішін,
Түңілме үстірт қарап сыртқы түсін.
Расында, ақын толғауларының мәні де, сәні де дүниетаным тереңдігінен, білімдарлық зердесінен, ішкі жан дүниесінің тазалығынан, адамгершілік мәдениетінен, әдепті жаратылғандығынан болса керек-ті. Оның түпкі мақсат-мұраты да – елді сәулелендіру, қоғамды ізгілендіру, ұлттың рухани құндылықтарын өркендету, «діннің түпкі негізін» түсіндіріп ұқтыру, «Жақсылықтың түбінде өсері бар, Жамандықтың түбінде өшері бар» дейтін халық даналығына имандай сенген ұстаздың мынадай ой меруерттері жігеріңді, жүрегіңді, тілегіңді нұрландырады. Мысалы:
Адал жүрек, талап-шарт,
Тілек керек елді ағарт.
Жұмсақ тілді майда бол,
«Қазақ», «ноғай», демей «сарт».
(«Шәкірттеріме жазғаным»)
Дінсіз жасау болмайды,
Дүние дінсіз толмайды.
(«Зейін ашу бәйіті»)
Па, шіркін, кәпір дүние, бұзық дүние,
Өзіне ергендерге қызық дүние.
Дардиып шалқысаң да, жайқалсаң да,
Ұмытпа, барлығын бір сызық, дүние.
Сызыққа қожа да бар білсең, дүние,
Есептеп ақыл, миға ілсең дүние.
Жөн ғой деп бар ісіңді айтар едім,
Бұлтармай бір қалыпты
жүрсең дүние.
(«Әй, дүние»)
«Тұрмыстың тоқсан тарау тармақтарын» көрген, «сынаптай жүз толқып құбылған» дүниенің тауқыметтеріне көнген, «тағдырдың кермесіне кездескен», сөйтсе де арыстанша арпалысып ой еңбегіне іңкәрлікпен қызмет еткен жанкешті сабаз салиқалы ойларымен бөліседі.
Дін тарихына жүйрік С.Ғылмани Хақ Пайғамбар жиені Құсайын турасында сөз қозғағанда төрт қасиетті ерекшелеп, өрнекті жеткізеді. Ол былайша:
Ол төрт қасиет біреуі жақсы нәсіл,
Екінші жомарт көңіл, сөзі де асыл.
Үшінші қолда Құран басшы қылған
Төртінші көркем өңді ажары асыл.
Ақындық мәдениеті жоғары ел еркесі, ой серкесі С.Ғылмани өлең құрылысының қыр-сырын жыға түсініп, байыптағаны байқалады. Мәселен, «Тағы соған», «Олжабайға», «Өкіну», «Қорытынды», «Жұмбақты ажал» секілді өлеңдері алты аяқ өлшемімен шығарылған. Сөйтіп, мөлдір мағыналы сыңғырлаған суретке көшірген.
Ой пікірін түрлендіріп, безендіру мақсатында мәнді де мәнерлі оюлы-ойлы сөйлемдерге жүгініп отырады. Айталық:
«Жалқауға ешуақытта болма жолдас»
«Еңбексіз еткен дәулет − қардың суы»
«Мен қаңбақпын бір құйын жел үйірген»
«Тұрмыс − жел, адам басы
болған қаңбақ»
«Жарылғасаң жомартсың жарылғампаз»
«Дүние − көпір, мақсатқа мініп өтер,
Болаттан беріктігі болсын бетер»
«Екі айыр тіл, Қыран боп іл,
Ғылым, өнер егіз».
Дін ғұламасы кейбір ретте жыр-толғауларға араб тілінде мағынасы ірі, кесек нақыл сөздерді келтіріп, оқырман дүниетанымына сәуле шашып, жан дүниесін иман қуатымен сұлуландыруды мақсат еткендей. Бұған мынадай афоризмдерді атауға болатындай: «Мүмкін бір кісі бір қауым елдің орнын басар», «Адамды сынамай тұрып, кемсіте көрме», «Атақ, даңқ − апат, бірақ барша адамдар соған ұмтылады», «Хасанның шешендігі, Ибн Мұқланың қаламгерлігі, Ибн Әдһәмнің дүниеге қызықпауы, Лұқпан хакімнің даналығы».
С.Ғылманидің поэзиялық шығармаларына лирикалық әуез, эпикалық қарым, діни-философиялық, мұсылмандық-түркілік сарын, аллегориялық сипат, деректілік пен тарихилық тән. Сондықтан да ағартушы діндардың асыл мұрасы ( Алматы: «Ел шежіре», 2010) ұлт руханиятына қосылған кәусар бұлақ іспетті.
Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы.