27 Сәуір, 2011

Отағасы опат болды

512 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Артында қалған отбасының жағдайы мүшкіл Бұл оқиға уақытында дүйім елді дүр сілкіндірді. Өзбек­стан­­дағы қандасымыздың қанішер­лер қолынан қаза болуына бай­ла­нысты жағдайға саяси рең бер­­гісі келгендер де болды. Осы тақырыпты қозғаған кейбір ба­сылымдар мен телерадио ха­бар­лары алыпқашты әңгімеге сүйеніп, артық айтып, кем түсіп те жатты. Оқиғаны бұрмалап жеткізуге тырысқан әріптесте­ріміз де кездеспей қалған жоқ. Қанды оқиғаның болғаны да, кісі өлтірген қылмыстылардың уақытында ұсталғаны да рас. Елдің ендігі күткені сол қыл­мыскерлерге қолданылар жаза­ның қандай болмағы еді. ... Кеше редакцияға сот үкімі шыққаны туралы хабар келді. Түсінікті болу үшін сәл шегініс жасайық. «Біздің ауыл оңтүстік өңір­дегі Мақтарал ауданындағы Абай ауыл округіне орналасқан, ал көрші ауылдар «Аманкелді», «Арнасай» ауылдары осы округке іргелес жатыр. Бұдан 60 жыл бұрын әке-шешелеріміз жоғарыдағы «Аманкелді» кең­ша­рының қазығын қағып, іргесін қалаған болатын. Бұрынғы атауы – «Қарабай» деп ата­латын. Біздің осы ауылымыз кейінгі шекара бөлісу кезінде Өзбекстан жағында қалып қой­ды. Менің күйеуім Жәметов Рахымжан аталмыш кеңшарда 1961 жылы дүниеге келді. Осы ауылда өсті, өнді. Жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін өз туған ауылында еңбек етті. Іскерлігінің арқасында мұндағы ауылдағы жалғыз оқу орны – Ә.Молдағұлова атындағы мектепке директор болып тағайын­далды. Екі елдің арасындағы шекара бекітілгеннен кейін біз отбасымызбен Мақтарал ауда­нына көшіп келдік. Ал күйеуім Рахымжанды Жизах облысы, Фарш аудандық оқу бөлімі қызметінен босатпай қойды.  «Жаңа жылға дейін қызметіңді істе, кейін жұмысыңды тапсы­расың, содан кейін Қазақ­станыңа кете бер», деген желеумен. Лажсыздан жұмысын істеп қалған ол биылғы жылдың қаңтарында қызметін тапсы­рып, елге қайтқалы жүргенде өзбек солдаттарының қолынан қаза тапты. Бұл қайғылы оқиға туралы баспасөзде жазылып, телерадиодан айтылды. Бірақ расын айтуым керек, ақиқаттан алыс жатқан сөздер де айтыл­май қалған жоқ. Сондықтан мен ел газеті «Егеменге» мұңымды шағуды жөн көріп отырмын. Күйеуімнің қазасына қатысты осы іске журналистік зерттеу жүргізіп, қанішер­лердің тиісті  жазаларын алуына ықпал етеді деген сеніммен сіздерге хат жаздым. Жәметова Ақмарал, Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы». «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» (Абай) демекші азаматынан айырылып, қара жамылып отырған Ақмарал Жәметованың хатын алып, оңтүстік өңірге іссапарға аттандық. – Редакцияға жазған ха­тым­да айтқанмын, біздің отбасы 2010 жылы Мақтарал ауданына көшіп келдік, – деп бастады әңгімесін Ақмарал Жәметова. – Ал күйеуім Рахымжан мектеп директоры болған соң дер кезінде жұмыстан босай алмады. Аудандық білім бөлімі оны бірден босатып жібергісі келмеді. – Ал оқиға қалай болған? Одан хабарыңыз бар ма? – Бұл қанды оқиға 2011 жылдың 18 қаңтарында болды. Сол күні біраз шаруаларын тындырып болған соң Рахым­жанның аудан орталығына  бару қажеттігі туады. Жанына мек­тептің от жағушысы Байназаров Жайнарды ертіп алып, көлік іздеп шығады. Негізінен ол ауылда ауданға қатынайтын екі-үш-ақ мәшине бар. Автобус атымен жоқ. Екеуі кешкі сағат сегіздерде үлкен жолдың бойында орналас­қан дүкенге келеді. Себебі, дүкеншінің көлігі бар. Бірақ сол мезетте дүкенші жоқ болып, оның орнында баласы қалған екен. Дүкен ішінде арақ ішіп отырған екі солдатты көреді. Сол солдаттар бұларға тиісіп, балағат сөздер айтып, қол жұмсауға дейін барады. Олармен байланысқысы келмеген Рахымжан мен Жайнар сыртқа шығып кетеді. Әлгі мас солдаттар іле-шала олардың соңы­нан шығып, қуып жетіп, Жайнарға қол жұмсай бастайды. Ал Рахымжан қарап тұра алмай, оған араша түседі. Құтырған екеу енді Рахымжанға тап береді. Құлақшекеден тиген ауыр соқ­қыдан жығылған оны бас-көз демей тепкілей бастайды. – Сонда, бүкіл ауылда олар­ға араша түсер адам табыл­мағаны ма? – Қысқы түн тастай қараңғы әрі қалың тұман басып тұрған. Көшеде жан адам болмаған. Бірақ бұл оқиғаға куә адам бар. Дүкеншінің кәмелетке толмаған баласы Қ.Құдайбергенов айқай-шуды естіп, оқиға болған жерге келеді. Араша түспекші де бола­ды. Бірақ көзде­ріне қан толған солдаттар баланы қуып жіберіп, Рахымжанды ұруын жалғастыра береді. Құдайберген екі солдатты да таниды. Бірі – Хакимов Мутфулла, екіншісі – Мамадалиев Равшан. Қорқып кеткен жас бала үйіне қашып кіріп, кеңшар директоры Ілиясов Ерғалиға телефон соға­ды. «Екі солдат екі адамды ұрып жатыр, тезірек келіңіз, әйтпесе өлтіретін түрі бар», дейді. Ілиясов Ерғали ауыл әкімі Досыбаев Берікке, бас дәрігер Айнабеков  Қаныбекке хабар береді. Бұлар келгенше әлгі солдаттар қашып кетеді. Жаралыларға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіледі. Нәтижесінде Жайнар Байназаров есін жияды, ал Рахымжан сол күйінде тілге келместен жантәсілім болған. – Бұл қаралы хабарды сіз қайдан естідіңіз? – Маған түнгі сағат бірлер­дің кезінде телефон шалды. Мен келсем Рахымжанның беті адам танымастай ісік және қан, құлағынан да қан кеткен. Менің келгенімді білген де жоқ. Сол күйі тілге келместен мәңгілікке көз жұмды. – Кейбір  ақпарат құрал­да­­рында жарияланған хабарларда бұл қылмыс­тың ашыл­­май қалу қаупі жоқ емес дегенді айтқан. – Кейін не болаты­нын кім біледі, қазір екі солдат та ұсталды. Өт­кенде тергеуші қос қа­ныпезерді ауылға алып келіп, менімен беттестірді. Көзің шыққырлар жы­лай­ды, ке­шірім сұрайды. Әке-шеше­лері де келіпті. «Мұсыл­ман­быз ғой, балаларымызды кешірсейші», дейді олар. Арыстай аза­ма­тымды ұрып өлтірген­дерді қалай кешіремін, олардың әре­кеті мұсылманшы­лыққа жата ма?.. «Қаза көрген жүрегі жаралы ол» (Абай) демекші, арыстай азаматынан айырылған Ақма­рал­дың жанайқайын түсінуге болады. Оның жүйкесін жұ­қартқан, жүрегін жаралаған бұл оқиғаның қандай ауыр екенін де мойындайсың. «Тас түскен жеріне ауыр» дейтініміз де сондықтан. «Өлер адам өлді, Алланың ісі шығар, қалғанына шүкіршілік қылайық, деп жа­тыр жанашыр жұртшылық. Ниеттеріне рахмет. Дегенмен ме­нің ендігі бар тілегім қанішер­лер істеген істеріне лайық жазаларын алса екен деген ой», деп еді ол бізбен қоштасарда. ... Кеше Ақмарал Жәметова редакцияға қоңырау шалды. «Күйеуімді өлтіргендерге 10 жыл бас еркінен айыру жаза­сын тағайындапты. Мен бұл үкімге қанағаттанбай отырмын. Осыны қуынудың жолы қалай болар екен?» деп сұрады. «Ана жақтан көшіп келгенде біреудің үйін жалдап отыр­ған едік. Олар үйді сатамыз деген соң босатып бердік. Енді басымызда баспана жоқ, далада қалдық. Бізге мемлекет тарапы­нан жәрдем болар ма екен?» деп тағы бір сұрақ қойды ол. Өзбекстан сотының үкіміне наразылық келтіру мәселесінде заңгерлерден кеңес алу керек сияқты. Ал екінші сұрағын тиісті орындардың назарына жеткізетінімізді айттық. Жесірін жылатпаған елміз ғой, басына қасірет бұлты үйірілген осы бір отбасына жәрдем қолын соза­тын жұрт табылар ма екен?!. Шарафаддин ӘМІР. Оңтүстік Қазақстан облысы.