Медицина • 14 Сәуір, 2017

Оқылымды ойшыл

663 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік ойлау құндылықтарымызды түп тамырымен өзгертті. Өткен дәуір идеологиясы келмеске кеткен соң тарихи тамырларымызға балта шапқан жат ілімдердің зиянын ұғынып, олардың «бөгде сана» екендігін тани бастадық. Қазаққа енді жаңа заманға сай санадағы серпіліс керек болды. Оны халқымыздың ғұлама ойшылдарынан таба бастадық. Сондай үлгіні Абайдан, Шәкәрімнен көрдік.

Оқылымды ойшыл

Осы тұста академик Ғари­фол­ла Есім философияда кеңес зама­н­ын­дағы философиялық сана­ның әрі қарай бізге бағдар бола алмайтындығын тануға шақырып, қазақ ойының жаңаша түлеуі қа­жет­тігін алға тартты. Ғалым фи­ло­софияда «төл сана» мен «бөг­де сана» арасын ашып алуды ұсы­н­ды. «Қазақ философиясы» деген тү­сі­нікпен, кеңес дәуірінде қа­лып­­тасқан «Қазақстандық фи­ло­со­фия» түсінігінің екі түрлі са­­­­наға бастайтынына баса назар ау­даруға шақырды. Сол ар­қы­лы қалыптасып қалған таптау­рын түсініктерді бұзып, өт­кен ға­­сырдың тоқсаныншы жыл­да­ры­ның соңында қоғамдық пікірде, фи­­лософияға деген көз­қараста ма­за­­сыз­дық әкелді. Әбден орнығып, са­­на­ға сіңіп, фило­софияның негізгі әді­­сіне айналған ілімдерге «бөгде са­на» ретінде баға беру, оның қа­зақ философиясынан тіптен бө­лек тү­сініктер жүйесінде қа­лып­­тас­қан­дығын көрсету, осы са­ла­ның көпт­е­ген ғалымдарының ты­ныш­ты­ғын бұзғанын да айта кету керек.

Ғарифолла Есімнің қоғамдық пікірде, философиялық ойлауда мазасыздық тудырған негізгі идеясының тағы бірі – «Хакім Абай» шығармасында айтылатын, қазақ жерінде жүргізілген ағар­тушылық жайындағы көзқарасы болды. Аталмыш шығарманың «Анахарсистен Абайға дейін» деген бөлімінде ғалым қазақтың сана болмысына ағартушы деген ұғымның жат екендігін, ағар­ту­шылықтың қазақтың ойын «бөг­де санаға» тәуелді қылғанын тілге тиек етеді. Қазақтың ойлау бол­мысының ағартушылық ар­қылы сыртқы ілімдердің шырмау­ына түскендігін айтады.

Бұл идеялар санада серпіліс жасауымызға ауадай қажет болатын. Ғалым «Ағартушылық ұғы­мын санамызға сіңірген большевизм идеологтары. Себебі, олар өздерін қараңғы қазаққа өнер-білім әкелген ағартушылармыз деп жария еткен. Сонымен қатар, олар қазақтар ішінен де ағарту­шылар іздестіре бастаған. Бұл «большевизм – халық қамын ойлаушы саяси ілім» деген түсінік үшін қажетті дәлел болатын», – деп жазады.

Сөйтіп, сыртқы ілімдер насихатшысы – ағартушылық ұранына көзсіз берілмей, оны тануға ша­қырды. Ғалымның «төл сана» мен «бөгде сана» жігін ажырата қарауы осы пікірлерден негіз алған еді. Кеңес заманында қазақ халқының санасын улаған пайдасыз білім­ді ағартушылық желеуімен на­си­­хаттаған большевиктердің қа­зақ­­тың тұрмысын жоққа шы­ға­рып, мұсылманша ұғымды, діні мен тілін жойған, рухын қор­лаған әрекеттерін ғалым ағар­тушылық емес, айла-тәсілмен жүр­гізілген, саяси бүркемеленген миссионерлік сана деп көрсетеді. Бізді ел қыл­ған, көзімізді ашқан деп келген пай­дасыз, «бөгде сана» бояу­­­ын сіңірген ағартушылықты ғалым идеологиялық сана деп бағалайды да, халқымыздың «сана болмысына» кереғар әсерін ашып көрсетуге тырысады. Осы тұста ол «Ағартушылық таза идео­ло­гиялық ұғым болғандықтан, Абай сияқты біртуар тұлғаларды оқып-үйрену саяси қажеттілікке айналды. Елуінші жылдардан сексенінші жылдарға дейінгі Абай туралы жазылған зерттеулердің көбінде Абайды ағартушы деп, оны большевиктер ілімінің дұрыс­тығының айғағы (аргумент) ре­тінде пайдаланған. Сондықтан Қазақстандағы ағартушылық қазақ халқын тәуелсіздікке бастамайтын, керісінше, құлдық санаға бас июге тәрбиелейтін халық мүддесіне кереғар жүргізілген саясат», – дей келе, ағартушылықтың түп мәнісін біле алмай, ақиқат жолында адасқан қазақ зиялыларына кешірімді болуымыз керек деп түйіндейді. Ғарифолла Есімнің өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының басында жазған осы пікірі қазақ философиясын зерт­теуде әдістемелік тұрғыдан маңызды рөл атқарып келеді. Ғалым қазақ мәдениетін, филосо­фиясын зерттеуде ең алдымен оған телінген жат ұғымдардан тазартып алуды ұсынды. Олардың халқымыздың сана болмысын танудағы дәрменсіздігін көр­сетті. «Бөгде сана» әсерін баса айтқан ойшыл, ойын әрі қарай «Біз­дің көптеген қоғамдық-сая­си, мәдени ой-пікірлеріміз, уайым-түсініктеріміз еліктеуден, өзге ілімге табынудан туған. Сондай проблеманың бірі қазақ ағар­ту­шылығы туралы тенденция. Ағартушылықтан қазақтың ұт­қаны шамалы, негізінен ұтылды...

...Өзгенің етегіне жармасып, оған еліктеп бөгде жолға түс­кенімізден сабақ алар мезгіл жетті, бірақ іс жүзінде тағы бір түріне тап келіп отырмыз. Қазақ зиялы қауымының бір тобы Ба­тысқа еліктеп, ұлттық дамудың төл өзегін шығарып, халықты теріс жолға итермелеуде», – деп сабақтай келе, қазаққа ендігі жерде рухани иммунитет қажет деген байламға келеді. Бұл ойлар қазірде маңызын жоймай отыр.

Абайтанудың тарихы Алаш­орда заманынан басталып, кеңес дәуірінде жалғасын тапты. Жүз жылдың ішінде қаншама зерттеулер жүргізілді, еңбектер жазылды. Абайды тануда кеңес зама­­нындағы көзқарастарға сай әртүрлі әдіс-тәсілдерді де пайдаланып келгеніміз жасырын емес. Бұлар қазақтың бас ойшылы Абайдың дүниетанымын зерттеуде өзіндік бет-бейнесімен тарихқа енді. Абайды «ағартушы» дедік, «таптық қатынастарды әшкерелеп жазған ойшыл», «кедейшіл ойшыл», «пролетариаттың мүддесін қорғаушы», «гуманист», «моралист», «Еуропашыл», «орысшыл» дедік. Әйтеуір шама-шарқымыз жет­кенше тануға тырысып, әр­түр­лі түсініктерді оған теліп бақ­тық.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Абайтанудың жаңа дәуірі басталды. Еркін ел болғанымыз Абайдай ірі тұлғаны, терең ой иесін философиялық тұр­ғыдан жан-жақты қарауды қажет етті. Осы тұста Абайды, оның идеяларын талдауға қалам сіл­­­теген ғалымның бірі Ғари­фол­ла Есім болды. Ол Абайды та­нуға жаңаша әдіспен келді. «Хакім Абай» шығармасының «Анахарсистен Абайға дейін» деген бөлімінде: «Бүгінгі күнге дейінгі Абайтанушылар оның фило­софиялық көзқарасын бірде деизмге, бірде теизмге жақын­датып қарастырып келді. Мұның екеуіне де қосылудың жөні жоқ. Асылы, Абай дүниетанымын әлемдік философиялық жүйе, тұ­жы­рымдарға тықпаламай, өзінің шығармашылығынан қарастырсақ дұрысырақ болар», – деп жазады.

Міне, осы пікір Абайдың дү­ние­танымын зерттеудегі оның не­гізгі әдісін айқындады. Яғни, ғалым Абайға сыртқы ілім­дер­мен, дайын категориялары­мен ке­лудің нәтижесіздігін ай­тып отыр. Ол Абайды Абай шығар­ма­­­шылығының өз ішінен іздеді. Абайды өзіне тән ұғымдар жүйе­сінен тануға тырысты. Сондай ұғым­дардың бірі – хакімдік. Сөйтіп, Абайдың ойшылдық әле­­міндегі хакімдік болмысты ашты. Бүгінде 11 миллион қазақ жұрты Абайды ағартушы, гуманист демейді, «Хакім Абай» дейді. Хакімдік Абайдың ой­шылдық болмысын ашудың басты түсінігіне айналып отыр. Ака­демик Ғарифолла Есім «Абай­дың жолы бар, біз сол жолдан адасып қалдық, ендігі жерде Абайға апаратын жол бар, осыған назар аударуымыз керек», – деп Абайдай ой әлеміне дайын ярлыктармен, әртүрлі «измдермен» ене алмай­тынымызды қадап айтты. Бұл оның Абайтанудағы басты ұстанымы болды. Абайтанушы ғалым ретінде Ғарифолла Есімге тән басты ерекшелік – Абай­ға апаратын жолды іздеу. Осы ұста­нымдағы оның «Хакім Абай» шығармасы бұрынғы Абай шы­ғар­машылығына қатысты жоға­рыда айтып өткен әртүрлі көз­қарастардың дұрыстығына күмән тудырды. Оның осындай жаңаша ізденісі бір кездері өзіне деген кейбір қырын көзқарастарды да тудырғаны жасырын емес.

Ғарифолла Есімнің бас­ты фи­лософиялық кредосы – «қа­зақ халқы мәңгілік» деген ұстанымға құрылған. Оның бар шығармашылығы аталмыш идеяға қызмет етіп келеді. Ғалымның «Адам-зат» атты шығармасы хал­қымыздың сана болмысына тән философиялық лексикасын талдауға арналған. Сондықтан болар, бұл туындыдан оқырмандар жанына жақын философиялық төл ұғымдарды тауып, оның авторы жайлы қоғамда «оқылатын философ» деген пікірді қалыптастырып жүр. Философтардың ішіндегі көп оқылатын оқылымдысы, жазғандары көңілге қонымдысы да осы Ғарекең.

Ғалым философияға «ілім» деп қарауға қарсы. Оның ойынша, философия әр данышпанның жеке сана болмысы ғана. Ал одан «ілім» жасау даналықты емес, оған табынушылықты туды­рады. Жекелеген ойшылдың сана болмысынан басқа философия жоқ, бірақ философиялық мәселелер ортақ бола беруі мүм­кін. Бұл тұрғыдан алғанда Ғаре­кеңнің түсінігінде философия ғылымнан гөрі өнерге, көркем ойлауға жақынырақ. Философияға жалаң ғылым, логика заңдарына негізделген дүниетаным деп қана қарау жеткіліксіз. Философиялық ой көркем ойлауда өміршең, әсер­лі. Сөйтіп, ол өз ойларының бір бөлігін көркем шығармалар ар­қылы жеткізуге тырысады.

Қазақ халқының филосо­фиялық ой кешу мәдениеті жа­лаң рационализмнен мүлдем өзгеше дедік. Қараңыз, Абай атамыз: «Оймен жеткен нәрсенің бәрі дәһрі» дей­ді. Дәһрі, бұл – материалды деген мағынада. Абайдың ойынша зерде тек материалды нәрсені тануға ғана қабілетті. Ал «түпкі ақиқат ол ақылға сыймайды» (Ақылға сый­­мас ол Алла), оның орнына «Жүректің көзі ашылса, хақ­тық­тың түсер сәулесі» деп адамн­ың ішкі таным түсініктеріне басымдық береді. Бұл жалғыз Абай­ға ғана тән қағида емес, өзге де ой­шылдарымызға, тұтастай халқымыздың философиялық ойлау мәдениетіне тән ерекшелік. Осы ойлардан шығатын қоры­тын­ды философияны тек логи­ка­лық, рационалистік әдіспен зерт­теудің қазақ халқының сана бол­мысын тануда дәрменсіз екенін ұғыну.

Ғарифолла Есімнің де фило­софиядағы ұстанымы осыған үн­дес. Ғалымның ойынша, көркем ойлауда философиялық ой байып, жаңаша түлеп, өміршең сипатқа ие болады.

Академик Ғарифолла Есім философиядан «ілім» жасауға жанымен қас дедік. Оның себебі, ғалымның пікірінше, кез келген «ілім» белгілі бір идеяны асыра дәріп­теуден туып, соңы идео­логия­лық сипат алып кетеді. Оның үстіне, адамзат баласының айт­қаны ешқашан абсолютті ақиқат болған емес. «Адамның сө­зінде әрқашан мін болады» – дейді ғалым.

Кеңес заманындағы ұраншыл социализм қазаққа не берді деген философиялық сұрақ ойландырған адамға Ғарифолла Есімнің «Со­циализм. Күнә және кінә туралы романын» оқып шығуды ұсынар едім. Боямасыз өмір шындығынан алынған ойларды, оқиғаларды баяндау арқылы ғалым адам санасында социализм идеясына қатысты жаңаша саңылаулар қалып­тастырады. Кітаптың бірін­ші бөлімі: «Социализм жә­не мен», «Еуропаны кезген Елес», «Социализмнің күйреуі», «Социа­лизм қазақ халқына не берді?», «Социализм және оның Елесі» атты төрт тараудан тұрады. Ав­тор өзінің өмірден ақылға түйген ойларын парасатпен, байып­тылықпен, қазақтың жанына жа­қын көркемдік тәсіл арқылы жет­кізеді.

«Бүгінде ойланып отырсам, өмір бойы осы романды жазумен келеді екенмін. Не жазсам да, не айтсам да бəрі социализмге қатысты болып шығыпты. Басқадай болмақ та емес. Туып, өскен, өнген ортам – социализм. Социализм – менің тағдырым. Саналы өмірімнің дені осы романды жазуға кеткеніне негіз бар. Социализм болған оқиға. Ол сонысымен құнды. Социализм мен секілді миллиондардың өмірбаяны. Ол Қазақ елінің басынан өткен тарихы. Өткен тарихқа да құрмет қажет. Социализм əділеттілікке деген ізденістен туған əлеуметтік тəжірибе. Бі­рақ теріс тəжірибе, ғылымда «теріс нəтиже де нəтиже» деген қағида бар. Осы мəнде алсақ, социализм əділеттілік туралы ізденістің нəтижесі. Жеке адамдар тағдырларының осы нə­тижеге матаулы болғаны, соның нəтижесінде сол заманда ғұмыр кешкен жандардың Жаратушы алдындағы күнəсін, адамдар алдындағы кінəсін романға енген естелік-хикаялар арқылы баяндауды мақсат еттім. Социализм Батыс Еуропадан Ресей арқылы Қазақ еліне зорлықпен қондырылды. Мен сондай тағдырға тап болған ұрпақтың өкілімін. Сөз осы тарихи жағдай туралы. Қатты суық болғанда ірі қара мал амалсыз­дан мүйізін шайқаушы еді. Сол сияқты, социализм туралы сөз кім­нің болмасын «мүйізін» шайқал­татыны сөзсіз. Оны елемеу­ге, оны­мен санаспауға ешкімнің де жағ­дайы жоқ. Бұл адамзатқа ортақ – əң­гіме» – дейді автор (кітаптың алғы­сөзінен). Осыдан асырып айтудың өзі қиын.

Социализмнен қазақтың тап­қаны көп пе, жоғалтқаны көп пе? Бұл сұрақ. Бұған бір сөзбен, бір кітаппен жауап беру оңай шаруа емес. Себебі, ол тұтастай бір дәуірдегі халқымыздың тағ­дыры, басына өткен тарихы. Миллиондаған адамдардың, сан­даған ұлттардың тағдыры. ХХ ғасыр адамзат тарихындағы әлеу­меттік-тәжірибелік ізденіс жолы.

Социализм тақырыбы автор­­дың келесі «Ақ өлең – аққу­лы мекен» роман-эссесінде жал­ғасын табады. Роман-эсседе қа­зақтың қасиетті топырағында социалистік жүйені құру науқаны қалай жүр­гі­зілгендігі баяндалады. Шы­ғарма желісінде алдымен қазақтың шұрайлы жерін отарлау, жат пиғыл­дағы адамдардың жер атта­рын өзгертіп, елдің тарихи санасының өшуіне жасаған ықпалы, қазақтың өз жеріне өзі иелік ете алмайтын сүргін заманның иектеп келгені, ел басына күн туған заманның қасіретті хал-күйі көркем баянда­лады. Аққу көлдің киесі, халықтың сана­сында аса бір қастерленіп келген киелі құс. Шығармада орыс мұжықтарының қазақ жерін ие­ленуі, қазақтың өз жерінен өзі ауа көшіп сүргін кешуі, аққу­лардың көлден безініп, жердің иесі, көлдің киесінен айырылуы суреттеледі. Романда ұраншыл идеология қазаққа не берді деген сұрақтың жауабын автор оқыр­манның өзіне қалдырады. Шығарма соңында туған жердің қайта түлеуі, аққулардың айдынына қайта оралуы әсерлі бейнеленген. Социализм тақырыбына арналған осы екі шығарма жас ұрпаққа өткен тарихымызды тануда берер пайдасының мол­дығымен құнды.

Ғарифолла Есімнің шығар­машылығындағы идеялар тұтастай алғанда тәуелсіздік философиясынан, елдік сана мәселелерінен ешқашан алыстаған емес.

Ғарекеңнің шығармашылығы жайындағы сөз мұнымен бітпейді. Болашақта жалғасын табары анық. Тәуелсіз ұрпаққа ой түзейтін тұл­ға­лар керек. Ғарифолла Есімнің шығармашылығы, идеялары, жаң­ғыру философиясы бүгінгі өскелең ұрпаққа ой түзеуі үшін қажет. Ол болашақтың, жастардың ойшылы. Оның жаңғыру философиясы Тәуелсіздігіміздің төл туындысы. Ендеше, ғалым ағаның идеялары да елімен бірге мәңгі жасай бермек, жасара бермек. 

Бақытжан ҚАДЫРҰЛЫ,

философия ғылымдары­ның кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті

АСТАНА


Соңғы жаңалықтар