1/8 финалда ПСЖ-дан сырт алаңда 0:4 есебімен ұтылып, кейіннен қарымта ойында камбэк жасаған «Барселона» бұл жолы Туринде тосылып қалды.
Осының алдында «Малага» қақпасына гол соға алмаған Неймар-Суарес-Месси үштігі Апеннин түбегінде тағы да білгендерінен жаңылды. Ал Аллегри шәкірттері Каталония командасын аяған жоқ.
Аргентинадан әлемді аузына қаратқан талантты ойыншылар көп шыққаны белгілі. Өткен ғасырдың 80-90-шы жылдары Марадонаның дәурені жүрсе, кейінгі жылдары Месси бес мәрте «Алтын доптың» иегері атанды. Енді, міне, «Ювентуста» тағы бір талантты футболшы өсіп келеді. Оның есімі – Пауло Дибала. Футболшы жанкүйерлер мен футбол мамандарынан өзін Мессимен салыстырмауды сұрады. Мұнысы да дұрыс шығар. Қалай дегенмен әркімнің өз жолы болу керек қой.
Дибаладан бөлек, бір голды қорғаушы Джорджо Кьеллини соқты. «Барселона» бапкері Луис Энрике қарымта ойында барлық күшті салып, жартылай финалға шығуға тырысамыз деп отыр. Оған «Ювентус» жол бере қояр ма екен?
Ал Германияның үкілеп қосқан екі командасы да өз алаңында жеңілді. «Боруссия Дортмунд» пен «Монако» ойыны жоспарланған уақыттан бір күн кеш өтті. Себебі, Дортмундта футболшылар мінген автобуста жарылыс болды. «Боруссия» командасының орталық қорғаушысы Марк Бартра ауыр жарақат алды. Оған шұғыл операция жасалды. Сөйтіп, УЕФА матчты бір күнге шегерді.
Кездесуге келетін болсақ, «Монаконың» жас талантты ойыншылары неміс командасының қақпасына үш гол соқты. Матчтың 17-минутында «Боруссия» қорғаушысы Сократис жас жұлдыз Килиан Мбаппені өз айып алаңында тәртіп бұзу арқылы тоқтатқан еді. Төреші бірден пенальти белгіледі. Бірақ Фабиньо бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Дегенмен, «Монако» ойыншылары шабуылды мұнымен тоқтатқан жоқ. Арада екі минут өткенде, Мбаппе бәрібір есепті ашты. Үзіліске дейін Свен Бендер өз қақпасына екінші голды соғып алды.
Екінші таймда Дембеле қақпашы Даниел Субашичтің осал тұсын тауып, тартысты қыздыра түскен еді. Дегенмен, Мбаппе 79-минутта есепті 3:1-ге жеткізді. Ойынның соңғы жағында «Боруссияның» жапониялық легионері Синдзи Кагава есеп айырмашылығын бір допқа қысқарта алды. Бірақ, одан әріге шамалары жетпеді. Осылайша, «Монако» жартылай финалға бір қадам жасады.
Ал Мюнхеннің «Бавария» командасы өзінде тұрған басымдықты пайдалана алмады. «Альянц-Аренада» Мадридтің «Реалын» қабылдаған немістер 1:2 есебімен ұтылып қалды.
Алғашқы голды 25-минутта Артуро Видаль соққан еді. Чилилік футболшы үзіліске шығатын тұста пенальтиден мүлт кетті.
Екінші таймда Мадрид футболшыларының ойыны құлпырып шыға келді. Әуелі португалиялық супержұлдыз Криштиану Роналду таразы басын теңестірді. Сонан соң, «Бавария» қорғаушысы Хави Мартинес матчтағы екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылған болатын. Бұл мүмкіндікті қонақтар тиімді пайдаланды. Ойынның 77-минутында Асенсиодан пас алған Роналду матчтағы жеңіс голын соқты. Осылайша, Криштиану еурокубоктарда 100 гол соққан алғашқы футболшы атанды.
– «Баварияға» қарсы ойнау оңай емес. Біз 0:1 есебімен жеңіліп жаттық. Бірақ, дер кезінде қателіктен қорытынды шығарып, жинала білдік. Екінші таймның басында есепті теңестіргеніміз қандай жақсы болды. Жеңіске жеттік. Алайда әлі алда бір ойын бар. Сондықтан, қорытынды шығаруға әлі ерте. Негізі бұл матчта тағы да бірнеше гол соғуға болар еді. Оған қақпашы Нойер мүмкіндік бермеді. Егер Видаль пенальтиді енгізгенде, қарсыласқа оңай болар еді. Әрине, бұл – футбол. Бәрі де болуы мүмкін. Кейіннен біз соқтық, олар 10 адаммен қалды, – дейді Криштиану Роналду.
«Атлетико» мен «Лестер» кездесуінде топырлаған голдарды көре қоймадық. Мадрид командасы Антуан Гризманның пенальтиден соққан бір добының арқасында жеңіске жетті. Чемпиондар лигасында қалған Англияның жалғыз командасының жартылай финалға шығуға әлі де мүмкіндігі бар. Ол үшін қарымта ойында екі доп айырмашылығымен жеңіске жетуі керек.
Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА