27 Сәуір, 2011

Тағылымы толайым кездесу

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Астанаға жұмыс бабымен  келген Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Ахматбек Келдибековпен кездесті. Қырғыз Парламентінің бас­шы­сы бастаған ресми делегация Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының жұмысына  да қатысады. Ал делегация мүше­ле­рі­мен кездесу Мәжіліс ғима­ра­тында болып өтті. Оған сондай-ақ екі ел елшілері де қатысып отырды. Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде әріптесіне Жогорку Кенеш төрағалығына сайлануымен құттықтауын жеткізді. «Қазақ пен қырғыз арасындағы қарым-қа­ты­нас ежелден қалыптасқан, тамы­рын тереңнен тартқан қа­рым-қа­ты­нас. Мұнда бауырлық та, дос­тық та және көршілік тату­лық та бар. Екі елдің, халықтың ара­сын­дағы қарым-қатынас ойда­ғыдай дамып келе жатыр деп ай­туға бо­лады», деді Орал Бай­ғо­нысұлы. Қазақстан көршілес елдегі саяси тұрақтылықты қам­та­масыз ететін, экономикалық даму мен әлеуметтік өркендеуді көздейтін Қырғызстан басшы­лы­ғын қол­дай­ды. Жыл соңында Қыр­ғыз­стан тағы бір саяси нау­қан­ды, яғни президенттік сайлау­ды кү­ту­де. Осы ретте спикер көрші елдің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», халық мүддесі биігінен көрінеріне сенім білдірді. Алматы облысындағы Қызыл­ағаш оқиғасы салдарын жоюға қырғызстандықтар көмек көрсет­кен-ді. Ал Қазақстан көрші елдегі саяси дағдарыстан шығуға гума­ни­тарлық көмек ретінде 20 миллион доллар бөлгені белгілі. Мұн­­дай өзара көмек пен сый­лас­тық  дәстүрлі достық пен бабалар рухында жалғасын тауып жатыр және ол әрі қарай дамитын бо­лады. Спикер сөзінің соңында Қа­зақстан Парламентінің жұмы­сы жайлы, өткен сайлау барысы ту­ралы кеңінен мағлұмат бере кетті. Жогорку Кенеш төрағасы өз кезегінде Қырғызстандағы оқи­ға­лардан кейінгі Қазақ елі мен оның басшысының қолдауын қыр­ғызстандықтардың сезінгендігін ерекше атап өтті. Былтыр Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінде осы мәселе өткір көтеріл­ген тақырыптардың біріне айна­лып, жаман оқиғадан жақсы та­ғы­лымдар алынды. Астанаға үл­кен делегацияның келуі де сон­дықтан. Мәртебелі мейман өз елі­нің қиыншылықтарды  басынан өткеріп отырғандығына да ерекше назар аудартты. Жақында қа­былданған республикалық бюд­жет­тің жетіспеушілігі 22 пайыз болған. Төраға қырғыз халқының қиыншылықтардан мойымай өтерін де ерекше атап өтті. Қырғыз делегациясының бас­шы­сы сөз орайы келгенде  шекара өткізу бекеттеріндегі қырғыз­дық көліктер мен азаматтардың біраз уақытқа дейін бөгеліп қа­ла­рын да жеткізе кетті. Осы мә­се­лені шешуге қатысты алты келісімді ратификациялау жайын сөз етті. Сондай-ақ А.Келдибеков Ыс­тық­көлде демалушылардың 60-70 пайызын қазақстандықтар құрайтындығын тілге тиек ете келіп, осы өңірге келіп кетуге шақырды. Кездесу соңынан тараптар Қа­зақстан Республикасы Мәжілісі мен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші арасындағы ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жалпы, бұл сапар екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарды нығайтып қана қоймай, сауда-экономикалық және өзге де салалар бойынша қарым-қатынастардың жан­дануына өзін­дік игі ықпалын тигізуі тиіс. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.