Президент • 17 Сәуір, 2017

Айқын ұстаным

168 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл бағдарламалық мақала елге ерекше серпіліс әкелді. Еркіндіктің ерке самалын сезіндік. Ұлт көкейінде жүрген ұстанымдар қарапайым да соншама ұғынықты қалпы ұсынылды. Кеше, бүгін һәм көкжиегі көрінген болашақ айқын бағдарға ілінді.

Айқын ұстаным

Елбасы өз мақаласында «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән  қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында», – дейді. Көнені қия алмай, жаңаны жия алмай жүрген талайлар үшін аса батыл байлам. Көптен күткеніміз де осы сөз! Өйткені, ой озат та азат болмай толық еркіндік жоқ.

Өзгенің тасы өрге дома­лағандай көріп келгеніміз рас. Бәлкім соғыс көрмеген, отқа күй­меген кейбір өркениетті елдерде даму қарқыны жоғары шығар. Сол себепті өзге дамушы мемлекеттерге үстем көзқараста да болар. Ақ сөйлеу парыз, десе де оларда руханияттың рөлі тым төмен. Мораль мен адамгершілік ахуал жыл өткен са­йын құлдырау үстінде. Ақ­ша материалдық игілік. Ал, ма­те­риалдық игілік ешқашан культ­ке айналмауы керек. Рухани игі­лікті культ дәрежесіне көтерген елдің ғана мерейі үстем, бағы зор.

Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрін ақыл таразысына салып, еліміздің үшінші яғни рухани жаңғыруы мен білімді ұлт, бояу-болмысын жоғалтпаған жұрт атануының сара жолын көрсетіп берді. Жаһанданудың күмәнді тұстары басым. Оған еріп өңір тиегімізді ағыта қойсақ салт, дәстүр, ұлттық нақыш сынды қымбат қазынамыздың бояуын солғын тарттырып аламыз. Қай ғасырдың белесіне шықсақ та иманы мен жиғаны бұйырған, иба-әдебі үзілмеген, аузында дуа, сақалына кие дарыған қазақ болып қалғанға не жетсін! Өйткені, біз өзгеге табынып та, таңырқап та болған тәуелсіз елміз! Елбасы бізге осыны меңзеп отыр. Нұрлы болашаққа алып шықпасам м­аған серт, ере ал­масаң саған серт  деп отыр!

Сонымен бірге, мақалада айтылғандай, «Туған жер» бағ­дар­ламасы жалпыұлттық па­трио­тизмнің нағыз өзегіне ай­­налады. Туған жерге деген сү­йіс­пеншілік Туған елге – Қа­зақ­станға деген патриоттық сезімге ұласады», – деген жолдар елді ерекше жігерлендірді. Түрлі күмән-қауіпті сейілтті.

Иә, қазақ қашанда туған жерге кіндігінен байланып қалған.  Әлемнің қай түкпіріне өкшеміз тисе де, атакүлдікті  аңсап оралатынымыз сондықтан. Баяғы бабаларымыз алыс сапар шеккенде, беліне туған жердің бір уыс топырағын түйе кететіні сол қасиетінен шығар?  Өйткені, оған небір арыстарымыздың тері мен қаны, арманы мен мұңы, қуанышы сіңген. Туған жер туып, өсіп-өркендесең де керек, өлсең де керек. Әсіресе, қазақ үшін!

Адамның көйлегі тозар, көңілі тозбауы абзал. Ол үшін Президент айтқандай, тарихи жадыны оятып, туған елдегі киелі ғимараттар мен қасиетті қорым, қоныстарға баса назар аудару ләзім. Бұл кешегі қырсық қашып, қыдыр айналдырған елдің еншісіндегі іс. Расында да, ол үшін Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының рөлін барынша арттырған жөн. Соңғы жылдары етек алып кеткен қолдан батыр, би жасау, жоқ жерден әулие, әмбие табу, күмәнді жерге табыну сынды келеңсіз көріністерге тоқтам болар еді. Асыл мен жасықты айыра білетін халқымыздың сахи да сарабдал көңілінен айналайын!

Бұл  – рух жыры!

Бұл – рухани жаңғыру мен жаңаша түлеу туралы толғау.

Рахымжан ОТАРБАЕВ,

жазушы-драматург, Атырау қаласының құрметті азаматы