Қазақстан • 17 Сәуір, 2017

Сал-серілердің соңғы сарқыты

219 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ақын-жыршы, әнші-сазгер Кенен Әзірбаевты еске алу концерттік кеші өтті. Шарада ғасырға жуық ғұмыр кешкен өз заманының жанды шежіресі тарихи оқиғалардың куәсі болған Кенен Әзірбаевтың шығар­машылығы арқылы өткен дәуір оқиғалары жаңғыртылды.

Сал-серілердің соңғы сарқыты

Кенен – жүзден аса ән шығарып, өлеңін өзі жазып, өзі орындаған дарын иесі. Академик Ахмет Жұбанов: «Сүйінбай-Жамбылдан бері үзіл­мей келе жатқан жетісулық ән дәс­түрін жалғастырушы – Кенен. Оның әндерін композитор Л.Хамиди, С.Ша­бельский 1934 жылы нотаға түсірсе, Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсына пайдаланды. Кененнің әндерін жинаған Б.Ерзакович. Ол әншіден 150-ден астам ән жазып алды» десе, әнші-зерттеуші Қажыбек Бекбосынов «Қазақ халық композиторлары әндерінің тарихы» атты еңбегінде: «Кенен – Жетісу ән мектебін қалыптастырушы және біздің ауызша, жазбаша әдебиеттен естіп, оқып жүрген сал-серілердің жұрнағы» депті.

Сол сияқты, этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек қазақтың әншілік мектебін өңірлік ерекшеліктерге бөле отырып, Кенен Әзірбаевті екі ғасыр жапсарына көпір болған санаулы саңлақтың бірі әрі қазақтың дәстүрлі сал-серілік, синкретті өнерінің соңғы биігі һәм жаңа заман жыршыларының басы депті.

Расында Кенен әндері интонациялық жағынан өте бай, тақырып аясы кең әрі тарихи-әлеуметтік мазмұнға толы. Шығармашылық концертте әншінің «Күләшқа», «Келінжан», «Шырқа, дауы­сым», «Көкшолақ», «Қайран жастық», «Базар-Назар», «Ой жайлау» әндерін Саят Медеуов, Рамазан Стамғазиев, Гүлзира Бөкейхан, Нұрлан Албан, Ардақ Балажанова, Айгүл Иманбаева, Клара Төленбаева жоғары деңгейде орындап, көрерменнің көңілін қуантса, жыршының ізін жалғаған баласы Бақытжан Кенен­ұлының да әкесінің сөзіне жазған бірнеше әні орындалды.

Шығармашылық кештен соң кенентанушы, филолог-ғалым Мырзатай Жолдасбековтен сұхбат алған едік.

– Көненің көзі, сал-серілерден қалған тәбәрік Кененді көрдім. Туған інісіндей, кейде туған баласындай болдым. Кей­де жарықтық менімен құрдасындай қалжың­дасып отыратын. Сырласушы едік. Кенекең «Жеті жарғы» атанған Кебек­байдың ұрпағы, қырғыздың ханы Шәбденмен терезесі тең атақты Ноғайбай бидің аталас туысы еді.  Кенекемнің отырысы, жүрісі, тұрысы өзгеше-тін. Сексен жасында қамшыдай жараған бәсіре сұлу торы төбел атына ырғып мініп жүре беретін. Қыран қабақ, алысты шолатын, қырағы адам еді. Жыр қазынасы өте бай. Біразын Нысанбек Төреқұлов аузынан жазып алды. Қалғанын мен ақтардым.

– Әдеби шығармаларда Кененнің Балуан Шолақтан бата алғаны жайлы айтылады... Сол сияқты, басқа ұстаз­дары туралы не айтушы еді?

– Балуан Шолақ ата-бабасының мекені Шудың бойына келгенде бір ай жанында ілесіп жүрдім – деп отыратын. Одан кейін Шашубайды көп айтатын. Кененнің өзі үлгі тұтқан адамдар жайлы «Менің ұстаздарым» дейтін жыры бар. Сонда бәрі айтылады. Ұмытпасам, былай деп келеді:

Анам Ұлдар әнші екен, әкем де ақын,

Ұстазым Сарбас ақын дүрілдеген.

Шашубай мен Шолақтың әнін естіп,

Мен де сондай болсам деп дірілдегем.

Ақындардың дүлдүлін сонда көрдім,

Даусын естіп Жәкеңнің күмбірлеген.

Қырғыздың Тоқтағұл мен Қалмырзасы.

Еліктіріп әкетті жырыменен.

– Кенен атаның көзі тірісінде әндерін өзіне орындатып, таспаға түсі­ріп алған да сіз емессіз бе?

– Кененді жасы 80-нен асқанда Алматыға әкеліп әнін жаздық. Ол кезде ән жазатын жалғыз-ақ студия опера және балет театрында болатын. Аппарат та күшті емес, көшедегі ызың-шу қоса естіледі. Сол себепті, түн ортасы ауғанда жазатын. Студияда ара-арасында шай беріп отырмыз. Сонда Кенекең: «Ойпырым-ай, ал, Кенеке, айтып жібер десе, айта беріппін, айта беріппін. Айтқан әнім ескен желдей далаға кете беріпті, кете беріпті. Бұл кейінгіге керек-ау деген бір адам болмапты. Енді, міне, 80-нен жасым асқанда кәрі түйедей бақыртып отырғандарың мынау» – деп, кейігені бар еді. Байтақ әңгімешіл, жадысы өте мықты адам еді. Бірақ бұл Кененнің жас кезіндегі тік шырқау әндері сабасына түскен, жуасыған шағы-тын.

– Кенен жайлы Ғабит Мүсірепов «Кенен сал-серілердің соңғы сарқыты» деген екен, басқа кім­дердің бағасын білеміз?

– Кенен туралы үлкен бағаны Мұхтар Әуезов беріп кеткен. Оны Кененнің өз аузынан естіген едім. Бір күні жазғы шілде болатын еді, – дейді Кенекең. – Талтүсте есік алдына келіп бір машина тоқтады. Атып шықсам, аударылып-төңкеріліп Мұхтар түсіп жатыр. Қасында әйелі бар. – Кенеке, Ыстықкөлде демалатын саяжайым бар еді, сонда жол тартып барамын, өте асығыспын, қолыңызды алып, бір кесе шай ішіп аттанайын, – деді. – Тез шай дайындаңдар, – дедім. Қатын-қалаш самауыр­дың құлағынан ұстап далаға ала шапты. Балалар дереу бір марқаны сойып жіберді. Содан шай, әңгіме, домбыра, ән, қымыз, ет, асығып бара жатқан Мұқаң қонып қалады. Ертеңінде кетерінде: «Кенеке сізді бұрын да білетін едім. Сөздің турасын айтайын, жаттағанын айтатын жыршы шығар деуші едім, сіз даңғыл жырау екенсіз ғой, әбжіл шешен екенсіз ғой, көкірегіңіз даңғыл шежіре екен», депті аттанарында Мұхаң.

Бекен Қайратұлы,

«Егемен Қазақстан»