Қазақстан • 17 Сәуір, 2017

Субсидиялаудың жаңа ережесінің тиімділігі

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігінде аграрлық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Субсидиялаудың жаңа ережесінің тиімділігі

Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов аграрлық саланы мемлекеттік қолдау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Нақты айтқанда, бағдарлама аясында 8 бағыттағы субсидиялау ережелері қайта қаралған. Сондай-ақ, субси­дияның он бір түрі алынып, 39 субсидия түріне өзгеріс енгізілген.

– Биылдан бастап мемлекеттік қолдауға қол жеткізушілердің қатары 7,5 есеге өседі. Бұл бағ­дар­­лама тетіктерін жүзеге асыруға енгізілген бірнеше өзгерістерден кейін жүзеге асып отыр, – деді А.Мырзахметов.

Қаржыландырудың нақты­лануы аймақтардағы мал бор­да­қылау алаңдарының санын үш есеге дейін көбейтуге жол аш­пақ. Бұл өз кезегінде елдегі шаруа­лардың қолындағы асыл тұқымды мал басының көбеюіне ықпал етеді.  Ал кооперация мүшелеріне қарастырылған жеңілдіктер ауыл­дың гүлденуіне жол ашатын қадам ретінде бағалануда. «Коо­­перацияға сатылатын 1 бас ірі қара үшін мемлекет қайта­рымсыз 20 мың теңге тағы төле­мек. Сондай-ақ, 1 литр сүтке 10 теңге, бір бас уақ малға 1500 теңге қосымша қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек кооперацияға алынатын жемнің әр тоннасына 20 мың теңге төлеу көзделген. Алайда,  бұл кооперацияға бірікпегендер мемлекеттік қолдаудан тыс қалады деген сөз емес. Қорадағы малы 30 бас ірі қарадан асатын шаруа сауылған әр литр сүтке 15 теңгеден, ал 400 бастан жоғары малы бар шаруа сүттің әр литрін 25 теңгеден субсидиялауға қол жеткізеді», деді министр.

Асыл тұқымды ешкі асыраушылар бірінші рет мемлекеттік қолдауға ие бол­мақшы. Дәл осындай мүмкіндік балық шаруа­шылығы үшін де туып отыр. Тауар­лы балық өсірушілерге тұң­ғыш рет субсидия төленеді. Тіпті, балық­тың ұрығы, тамағы, оны қадағалайтын техникаларына дейін инвестициялық субсидия қарас­тырылған. Яғни, биылдан бас­тап кооперативке біріккен ұжым қажетті техника сатып алар болса, кеткен шығынның 50 пайызын мемлекет бірден өтеп бермек.

Субсидиялауға қатысты тағы бір жаңалық – қаржыландыру тетіктерінің автоматтандырылуы. Бұл сыбайлас  жемқорлықтың алдын алу мақсатында жасалған қадам. Келер жылдан бас­тап ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бөлінетін қаржы көздері электронды тапсырыс беру жүйесіне көшетін болады.

«Ауыл шаруашылығын дамы­тудың 2017-2021 жылдарға ар­нал­ған бағдарламасын»  енгізу ба­­ры­сын­да көптеген құжаттарға тү­­зе­ту­лер жасалған. Нормативтік ак­­т­ілер оң­тайландырылып, 11 коде­кс пен 25 заң тармағы өзгеріп, то­лықтырылды.

Жалпы, бұл өзгертулердің ауылдағы шаруаға шарапаты тиіп, жұмыстың жеңілдері сөзсіз.


Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»