Ақордада Астана қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 6-шы кездесуі аясында Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі – Қоғамдық қауіпсіздік министрі Мэн Цзяньчжумен кездесті.
«Екі мемлекет басшылары арасындағы байланыс, министрлікаралық және ведомствоаралық үнқатысу, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастық бүгінде өсу биігінде. Биылғы жылдың ақпан айында Қазақстан Президенті Қытайға ресми сапармен барған еді. Бұл кездесу барысында екіжақты әріптестіктің сан қырлы тұстары төңірегінде келіссөздер жүрген болатын», деді М. Тәжин. Ол өз сөзінде осы жылдың маусым айында ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның да Қазақстанға арнайы сапары көзделіп отырғанын айта келе, бұл сапар қос мемлекеттің стратегияаралық байланысын нығайта түседі деген сенімін жеткізді. «Сіз Астанаға келген сапарыңызда сондай-ақ Қазақстанның Ішкі істер министрлігімен нәтижелі келіссөз жүргізгеніңізді білеміз. Еліміздің Премьер-Министрімен де кездесу өткіздіңіз. Осы орайда, мен өзара әріптестік байланысымыздың кейбір маңызды тұстарын талқылауға мүмкіндік алғанымыз үшін де алғыс айтамын», деді Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы.
Мэн Цзяньчжу өз кезегінде әріптесінің сөзімен келісетінін, бұл екі ел байланысындағы өсу ырғағының белгісі екенін жеткізді. «Бүгінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жоғары деңгейде дамып келеді. Қазақстан басшысының біздің елімізге сапары нәтижесінде қос тараптың қатысуымен көптеген келісімге қол қойылды. Бұлардың барлығы екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп ойлаймын», – деді Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі – Қоғамдық қауіпсіздік министрі өз сөзінде.
Тараптар өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде де пікір алмасып, ортақ мүддені көздейтін бағыттар бойынша екі және көпжақты іс-қимылды тереңдетуге ниет білдірді. Мәселен, ШЫҰ аясында саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі айтылды. ШЫҰ-ның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы әрекет ету міндеттерін шешудегі рөлі де назардан тыс қалмады. Есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөнінде бірлесе күш-жігер жұмсаудың маңыздылығы да тілге тиек етілді.
Кездесу соңында биылғы жылдың 15 маусымында Астанада өтетін ШЫҰ саммитіне дайындық мәселелері талқыланды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.