29 Сәуір, 2011

Түркі дүниесін ұйыстырған ұйым төрағалығы ресми түрде Қазақстанға табыс етілді

416 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сәрсенбі күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім са­рай­ында Түркі тілдес елдер Пар­­ламенттік Ассамблея­сы­ның жұ­мысы осы Ұйым Кеңе­сінің оты­рысымен басталды. Онда Түрк ПА төрағалығы Әзір­­байжаннан Қазақстанға  рес­ми түрде өтті. Әзірбайжан Милли Медж­ли­сінің Төрағасы Октай Асадов Қа­зақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановқа өз өкілеттігін табыстады. Осы­лай­ша Қазақстан халықаралық қо­ғамдастықта  өзін енді ғана та­ныта бастаған Түрк ПА-ны бас­қарғалы отыр. Ділі мен діні бір, тамырын тереңнен алатын та­ри­хы ортақ әрі мәдени жақындығы бар халықтардың бұлайша ұжым­дасуы құптарлық іс әрі уақыт талабынан туындаған қадам бо­лып табылады. Қазіргі таңда Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы құрамына төрт ел: Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия және Қырғызстан мүше болып кірген. Осы орайда бір айта кетерлігі, Қырғызстан тарабы Парламенттік Ассамблеяның кезекті пленарлық отырысын өздерінде өткізуге дайын екендіктерін мә­лім­деп үлгерді. Әзірге жаңадан әлем сахнасына шыққан құ­ры­лым құрамында Өзбекстан мен Түркіменстан жоқ, әйтсе де ал­дағы уақытта ортаазиялық көр­ші­леріміздің сапқа қосылуы мүм­кін­дігін жоққа шығаруға болмайды. 2006 жылғы 17 қарашада Түр­кияның Анталья қаласында өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшы­ла­рының 8-ші саммитінде Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттік Ассамблея құру идеясын ұсынған болатын. Елбасы бастамасын жүзеге асыру  мақсатында сол Антальяда 2008 жылы түркі тілдес елдер парла­мент­терінің жетекшілері бас қосып, ұйымдастыру шараларын бастаған еді. Сол жылдың 27 нау­рызында Астанада түркі тілдес елдер парламенттері аппараттары басшыларының жиыны болып, оның қорытындысы бойынша хат­тамаға қол қойылды және Түрк ПА келісімі жобасы бекітілді. Ал 2008 жылдың 21-22 қа­рашасында Ыстамбұл қаласында Түркі тілдес мемлекеттер парламенттері жетекшілерінің бірінші конференциясы ұйымдасты­рыл­ды. Осы конференция барысында Түрк ПА құру туралы келісімге қол қойылғаны мәлім. Араға бір жыл салып, яғни 2009 жылдың 27-29 қыркүйегінде Бакуде  Түрк ПА-ның І жалпы отырысы өткенін айта кету керек. Қазақстандық парламентшілер де­легациясын сонда Мәжіліс Төр­ағасы Орал Мұхамеджанов бастап барған. Аталған отырыста Баку декларациясы қабылданса, онда бүкіл түркі халықтарының көп ғасырлық арман-мақсаттары бірінші рет қамтылды. Баку декларациясында Түркі тілдес ел­дердің Парламенттік Ассам­блея­сына қатысушы елдер пар­ла­менттерінің өз мемлекеттерінде атқаратын елеулі рөлі,  парла­мент­аралық ынтымақтасты­ғы­ның жоғары деңгейі және олар­дың тарихының, тілі мен мәде­ниетінің ортақтығы атап көрсе­тілген. Түркі дүниесін нығай­ту­дағы күрмеулі мәселелерді шешуде осы қағидаттар басшылыққа алынатыны айтпаса да түсінікті. Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы,  ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Ислам Конфе­ренциясы Ұйымының Парламенттік одағы сияқты белді де беделді ұйымдардың бедерінде Түркі тілдес елдер Парламенттік Ас­сам­блеясы енді ғана еңсесін тіктей бастады. Бірақ соның өзінде қазірден аймақтық мәселелерді шешуде, түркі тілдес елдердің ин­теграциялануын заңнамалық қамтамасыз етуде және өзге де мәселелерде Ассамблеядан үлкен үміт күтіліп отыр. Аталған ұйым бүгінгі таңда ЕКПА, НАТО ПА сияқты ұйымдармен өзара ық­пал­дастық орнатып үлгерсе, ИКҰ мен ЕҚЫҰ Парламенттік ас­самблея­лары және Халық­ара­лық парламенттік одақ жанынан бақылаушы мәртебесін алған. Түрк ПА өз жұ­мысын әлі де ширата түсетіні қазірден белгілі болып отыр. Сәрсенбі күнгі Түрк ПА Кеңесінің отырысында хатшы­лық­ты қаржылық жағынан қам­тамасыз ету барысы және алдағы жалпы отырыс күн тәртібінде қаралатын мәселелер жан-жақты пысықталды. Бұдан басқа, Түрк ПА құрамына енетін елдер пар­ламенттерінің төрағалары Түркі тілдес елдер Парламенттік Ас­самблеясын құру жөніндегі Ыс­тамбұл келісіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу  хаттамасы­на қол қойып, бекітті. Сондай-ақ парламенттер аппараттарының басшылары  Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясына мү­ше елдер парламенттерінің кітапханалары арасындағы ниеттестік  хаттамасына қол қойды. Жалпы, елордада басталған Түрк ПА ІІ жалпы отырысы және Қазақстанның төрағалығы түркі тілдес елдер парламенттерін ғана емес, сонымен бірге, түркі ха­лықтарының арасын жақындата түсетініне үлкен сенім артылуда. Оның үстіне үстіміздегі жылы Астанада Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің саммиті өтеді деп күтіліп отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.