29 Сәуір, 2011

Әлеуметтің әрін кіргізетін қадам

406 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бастау алды Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) ел экономикасының ірі де маңызды салаларының бірінен саналады. Өткен жылдың көрсеткіштері бойынша, коммуналдық кәсіпорындардың кіріс көлемі 500 миллиард теңгеден асып жығылған екен. Дей тұрсақ та, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының экономикалық сипатынан гөрі әлеуметтік мәні басым екендігі ешбір талас тудыра қоймас. Өркениет заманының артықшылықтарына бейімделген ел тұрғындарының бүгінгі тұрмыс-тіршілігін ТКШ-ның қызметінсіз елестету де мүмкін емес. Ол алдымен – тұрғын үй, ауыз су, кәріз жүйелері, жарық және жылу. Осындай жалпы тұрғындар үшін өмірлік маңыздылығы мен мәнділігіне қарамастан эко­номикамыздың бұл саласы ұзақ жылдардан бері «өгей баланың» күнін кешіп, «аузы аққа» бір жарымай-ақ келеді. Сонау бір өкпені қысқан өтпелі кезеңде «өз күніңді өзің көр» қағида­сымен мемлекет те бұл саладан сырт берді. Кейіннен бітеу жара жарылып, көп қа­бат­ты үйді сумен, жылумен, жарықпен жаб­дықтау, ең ақыры, жеке меншік пәтер сыртындағы ортақ мүліктің толып жатқан түйткілдері андыздап шыға келді. Содан әйтеуір, ПИК-терді (пәтер иелері кооперативтерін) құра бастадық. Кейбір үлгілі ПИК-тер болмаса көпшілігі тек пәтер иелерінен ақша жинап, жалақы алуды ғана мақсат тұтты. Ақыры көп қабатты үйлердің коммуналдық жүйелері қырық құрау жамауға толып, істен шыға бастады. Балалар ойнайтын алаңдар құрылыс нысанындарына беріліп, аулалар көлік тұрағына айналды. Көп қабатты үйлер­дің кіреберіс қақпасына дейін қаңтарылатын көліктерді қыздыру үшін қыста от жағылып, жазда май ағып есіктің алды МТС-тердің жөндеу алаңқайларынан аумай қалды. Ол ол ма, ПИК-тердің қожайындары көп қабатты үйлердің жертөлелерін, өрт шыққанда пайда­ланатын қосалқы кіреберістерін кәсіпкерлерге сатып, дүкендер, сыраханалар сияқтыларды ашып қызойнаққа айналдырды. Ортақ мүлікке жауша қараудың ақыры еліміздегі барлық көп қабатты үйлердің 32 пайыздан астамын шұғыл күрделі жөндеу жасамаса, пайдалануға келмейтін жағдайға жеткізді. Стратегиялық маңызы бар электр қуатын тарату желілері де, сумен, жылумен, газбен жабдықтау жүйелері де жеке меншіктің қолына көшті. Елбасы атап көрсеткендей, бұл монопо­лиялық ірі құрылымдар тарифтерін қымбат­татып, қарапайым халықтың қалтасын қаққаннан басқа, желілерді жаңғырту, құбыр­лар­ды жаңалау, жылу жүйелерін жөндеуге инвестиция тартып, қаржы салуға қараулық танытты. Соның сал­дарынан, еліміздегі сумен жабдықтау жүйе­лерінің 64 пайызы, су тарату құбырла­рының 66 пайызы, жылумен жабдық­тау жүйелерінің 63 пайызы, электр желілерінің 73 пайызы, газбен жабдықтау жүйелерінің 54 пайызы жедел күрделі жөндеуді қажет ететін жағдайға жетті. Ащы шындықты айтсақ, ТКШ саласындағы қордаланған проблемалар елдің бұдан кейінгі әлеуметтік-экономикалық да­муы­на қауіп төн­діретін шекке шықты. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Дағда­рыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жол­дауында «Біріншіден, бұл коммунал­дық желілерді қайта жарақтандыру және жаңғырту. Бұл – сумен қамтамасыз ету, жылумен қамтамасыз ету, энергетика мен кәріз сулардың нысандары мен желілері. Бұл көзге көрінбейтін жұмыс, бірақ та бізге оны бәрібір істеуге тура келеді. Ол – болашақ дамудың негізі» деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен өткен жылы Үкімет ТКШ саласын түбегейлі жаңғырту мақса­тындағы іс-шараларды қолға алды. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің айрықша маңыздығына байла­нысты 2010 жылы 13 шілдеде Үкімет тұрғын­дарды сумен жабдықтау жөнінде арнайы бағдарлама қабылдады. Су тарату желілерінің жеке меншікке берілген үлесі Ақтөбе, Қара­ғанды, Оңтүстік Қазақстан, Сол­түс­тік Қазақ­стан және Павлодар облыстарында шоғыр­ланған. Осы мақсатқа рес­публикалық бюджеттен 2004-2010 жылдар аралы­ғында 43 миллиард теңге қаржы бөлінді. Алайда өңірлердің әкім­діктері бұл қаржыны тиімді пайдаланбады. Мәселен, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарына су тарату желілерін жаң­ғыр­туға бір­дей мөлшерде қаржы бөлінгеніне қара­мас­тан, Шығыс Қазақстан облысында су тарату жүйесін жетілдіру 3,4 пайызға артса, Жамбыл об­лы­сында 0,3 пайызға төмендеп кеткен. Су тарату желілеріндегі апат көлемі Шығыс Қазақ­стан об­лысында 20 есе төмендесе, Жамбыл облысында 2 есе көбейіп кеткен. Міне, осы мы­салдардан көрі­ніп отырғандай өңір әкімдіктері еліміздің әлеу­меттік-экономикалық ахуалына ерекше әсері бар бұл саланың маңыздылығына жете мән бермейді. Жылумен жабдықтау жүйелерінің басым бөлігі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қараған­ды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қа­зақстан облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында жеке меншікке берілген. Осыған қарамастан 2004-2010 жылдар аралығында жылу жүйелерін жаңғыртуға осы өңірлерге респуб­ликалық бюджеттен 19 миллиард теңге қаржы бөлінді. Өткен жылы осы бөлінген қаржының тиімділігін тексерген кезде Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрғындарды жылумен қамту сапасы бұрынғыдан да төмендеп, ал жылу желілеріндегі апаттар тіпті өсіп кеткендігі анық­талды. Яғни, бөлінген қаржы ешбір тиімділікке қол жеткізбеді. Жалпы, еліміздің жылумен жабдықтау жүйе­леріндегі ахуал ерекше алаңдатарлық жағдайға жеткен. Мәселен, магистралды жылу тарату желілерінде жылудың ысырап болуы 11 пайызды құраса, жылу тарату желілеріндегі ысырап мөлшері 17 пайызға жеткен. Осының салдарынан 2009 жылы республикамызда тұтынушыларға жіберілген 66 миллион Гкал. жылу энергиясының 11 миллион Гкал. ысырап болған. Сараптау бары­сында тұтынушыларға берілетін жылу энергия­сының 20-30 пайызы көп қабатты үйлердің есік-терезелеріндегі саңылаулар, төбедегі ақаулар арқылы ысырап болып жататындығы анықталды. Яғни, бүгінгі таңда қалалардағы көп қабатты үйлер жылуды ең көп мөлшерде ысырап ететін нысандарға айналып отыр. Халықаралық энергетикалық ассоциацияның деректері бойынша, Қазақстанда ғимараттарға жұмсалатын жылу энергиясының шығыны 1 шаршы метр аумаққа жылына 240 кВт. болады екен. Ал Францияда бұл көрсеткіш – 126, Германияда – 120, Швецияда 82 кВт.-ға тең. Еліміздегі көп қабатты үйлерге бөлінетін жылу энергия­сының ысырабын азайтпайынша біз энергия қуатта­рын үнемдеп, экономикалық тиімділікке қол жеткізе алмаймыз. Еліміздің электр қуатымен қамтамасыз ету жүйелерін дамытуға 2004-2010 жылдар аралы­ғында республикалық бюджеттен өңір әкімдікте­ріне 8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл ретте барлық аудандық, облыстық электр жүйелері компанияларының жекенің қолында екендігін естен шығармауымыз керек. Ал бүгінгі таңда электрмен жабдықтау жүйелерінің 73 пайызы жарамсыз деңгейге жеткен. Елбасы мемлекетіміздің болашақ дамуының негізі болатын ТКШ саласын жаңғырту мәселесін кезек күттірмейтін күн тәртібіне қойды. Мемлекет басшысы өзінің биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында «Сумен, жы­лумен, электр және газбен қамтамасыз ету жүйелеріне кең ауқымды жаңғырту жүргізіп, сондай-ақ тұрғын үй қаты­насының оңтайлы моделін құруды қамтамасыз ету қажет. Күрделі жөндеуді қажет ететін ны­сандардың үлесі 32 пайыздан 2015 жылға қарай 22 пайызға төмендеуі тиіс» деп атап көрсетті. Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет жақында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық­ты жаңғырту» бағдар­ламасын қабылдады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сы бір-бірімен тығыз байланысты екі бағыттан тұрады. Бірінші коммуналдық қызмет саласы. Оған тұтынушыларды сумен, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жұмыстары, кәріз жүйесі, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру жұ­мыстары кіреді. Екінші бағытқа тұрғын үйлерді күтіп ұстау, көп қабатты үйлердегі пәтер иелері мен қызмет көрсету мекемелері арасындағы қарым-қатынасты реттеу, ортақ мүлікті басқару, күту және пайдалану жұмыстары жатады. Жақында өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен болашақта іс жүзіне асырылуға тиіс «Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лықты жаңғырту» бағдарламасының жобасы қаралды. Бұл бағдарлама бойынша 2015 жылға қарай республика бойынша жаңғыртылған жүйелердің ұзындығы 31 мың шақырымнан аса­тын болады. Күрделі жөндеуді талап ететін кондоминиум нысандарының (көп қабатты тұрғын үй) үлесі 32 пайыздан 22 пайызға дейін төмендеуі тиіс. Бағдарлама бойынша тұрғын үй қа­тынас­тарының оңтайлы үлгісін құруды қам­тамасыз ету көзделініп отыр. Мемлекет халықаралық қаржы институттары мен біздің банктерімізді тарта отырып, жеке инвесторларға, кәсіпорындар мен жекелеген аза­маттарға тұрғын үйлер мен коммуналдық нысан­дарды жөндеу және қайта жаңғырту үшін қаржы­ландырудың біріккен арнайы тетіктерін ұсынады. Бағдарлама, жоғарыда атап көрсетке­німіздей, ТКШ-нің бір-бірімен тығыз бай­ланысты екі бағыты бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, бірінші бағытта «Жол картасының» қағидаттары бойынша жылумен, электрмен және газбен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, екінші бағыт бойынша көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу. Сонымен жылумен жабдықтау саласында күрделі жөндеуді талап ететін желілер мен құрылғылардың үлесі 63 пайыз, электрмен жаб­дықтау саласында 73 пайыз және газбен жаб­дықтау саласында 54 пайызды құрап отыр. Ал көп пәтерлі тұрғын үйлердің бүгінгі техникалық жағдайына келетін болсақ, кондоминимум нысандарының 32 пайызы немесе 50 миллион шаршы метр тұрғын үй көлемі күрделі жөндеуді талап етеді. Тұрғын үйлердің 3,8 миллион шаршы метрі немесе жалпы көлемнің 2 пайызын құрайтын көп пәтерлі тұрғын үйлер толық бұзып, қайта салуды қажет ететін апаттық жағдайда тұр. Енді Үкімет қабылдаған бағдарлама бойынша бұл көлемді де келелі міндеттердің қалай жүзеге асырылатындығы туралы тілге тиек етейік. Коммуналдық сала жүйелерін жаңғыртқан кезде жобаларды қаржыландырудың мынандай тәртібі белгіленді: бірінші, мемлекеттік меншіктегі инженерлік желілер мен құрылғыларды жаңғырту бюджет қаражаты есебінен де, сондай-ақ, кәсіпорындардың тарифтік реттеуге негізделген инвестициялық бағдарламаларын іске асыру есебінен де жүргізілетін болады. Екінші, жеке меншік иелігіндегі инженерлік желілер мен құрыл­ғыларды жаңғырту тарифтік реттеу есебінен жүргізілмек. Үшінші, халықтың коммуналдық қызметтерге қол жеткізу мүмкіндіктері мен сапасын арттыру үшін жаңа инфрақұрылымдар салу бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін болады. Тәртіп бойынша тарифтердің есебінен қа­лыптасқан кәсіпорындардың шығындары он жыл ішінде 452 миллиард теңгені құрайтын болады. Егер кәсіпорындар осы инвестициялық бағдар­ламаларды орындамаса, онда Табиғи монопо­лияларды реттеу агенттігі оларды жауапкершілікке тартады. Инженерлік инфрақұры­лымдарды жаңғыртуға мемлекет бюджетінен 184 миллиард теңге немесе жалпы шығын көлемінің 29 пайызы жұмсалмақ. Оның ішінде 166 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 18 миллиард теңге жергілікті бюджеттерден жұмсалады. Көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу екі тетік бойынша жүргізіледі. Бірінші әлеуметтік-кә­сіп­керлік корпорацияларды (ӘКК) капитал­дандыру үшін республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға трансферттер бөлінеді. ПИК, мердігер және ӘКК-лер арасында арнайы шарттар жасалынады. Көп қабатты үйлердегі жеке меншік пәтер иелері тұрғын үйді жөндеудің жалпы құнының 15 пайызы мөлшерінде ПИК-ке бастапқы жарна төлейтін болады. Бұл қаражатты ПИК-тер мердігерлер орындаған жөндеу жұмыс­тарына ақы ретінде төлеуге жұмсайды. ӘКК-лер мердігерлерге жөндеу жұмыстарының жалпы құнының 85 пайызын төлейтін болады. Қосымша қаржыландыру есебінен мердігерлер көп қабатты үйді жөндеу жөніндегі жұмыстың барлық кө­лемін орындауға міндетті. Жинақ есеп-шотында жинақ­талған қаражат орындалған жұмыс көле­мінің төлемі ретінде ӘКК-ге аударылады. Таяу бола­шақта ӘКК-нің рөлін еліміздегі екінші дең­гей­дегі банктер, халықаралық қаржы институт­тары және ТКШ-ны дамыту қоры атқаратын болады. Екінші тетік бойынша республикалық бюджеттен облыс әкімдіктеріне жылына 0,1 пайыз сыйақымен 7 жыл мерзімге несие беріледі. Облыс әкімдіктері өз аумағындағы қалалардың әкім­діктеріне несие береді. Қала әкімдіктері ма­ман­дандырылған өкілетті ұйым ретінде қаржы­лық қорына мемлекет 100 пайыз көлемінде қатысатын ЖШС немесе АҚ құрады, немесе жұмыс істеп тұрған осындай ЖШС-лар мен АҚ-тарды жұмысқа тартады. Бағдарлама бойынша 2011-2012 жылдары қала әкімдіктері осындай ЖШС-ларды капитал­дандырады. Бұдан кейінгі жылдары әкімдіктер оларға төмен сыйақы ставкасымен несие беріп отыратын болады. Содан кейін ЖШС-лар тап­сырыс беруші болып табылатын ПИК-термен келісім-шарт жасасады. Көп пәтерлі тұрғын үйлердегі жеке пәтерлердің меншік иелерінің жалпы жи­налысында ЖШС-лар жөндеу жұмыстарын жүр­гізетін қосалқы мердігерлерді белгілейді. Жеке меншік пәтер иелері көп қабатты үйлерді жөндеуге жұмсалатын барлық қаржының 15 пайызы мөлшерінде ПИК-терге бастапқы жарна төлеуге тиіс. Шартта белгіленген мерзім ішінде жеке меншік пәтер иелері арнайы жинақ шотына ай сайын жарна аударып отырады. Көп қабатты тұрғын үйлерді жөндеудің көрсетілген тетіктерін іске асыру барысында аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы көмек көрсету көзделген. Оларға кондоминимум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалатын шығын­дардың және қаражат жинақтауға арналған жарнаны төлеу үшін тұрғын үй көмегі көрсетілетін болады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 10 жыл мерзімге 109 миллиард теңге қаржы бөлу көзделініп отыр. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын қаржыландыру мынандай әдістермен жүзеге асырылмақ. Тариф есебінен құралатын кәсіпорындар шығыны 10 жыл ішінде 452 миллиард теңге мөлшерінде белгіленіп отыр. Бұл қаржыны кәсіпорындар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсайды. Егер коммуналдық инфрақұрылымдардың меншік иелері бұл жобаны орындамайтын болса, қолданыстағы заңдар негізінде экономикалық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл мәселелерді реттеу Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне жүктеліп отыр. Коммуналдық инфрақұры­лымдарды жаңғыртуға жұмсалатын кәсіп­орын­дардың бұл қаржысынан басқа рес­публикалық бюджеттен 166 миллиард теңге, жергілікті бюд­жеттерден 18 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Жалпы алғанда 2011-2020 жылдар аралығында еліміздің коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға әртүрлі қаржы көздерінен 636 миллиард теңге қаржы бөлінетін болады. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның негізгі тұғырларының бірінен саналатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сында жылдар бойы қордаланып қалған осы аса зор ауқымды істерді шешу мәселесін енді кешеуілдетуге болмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы жылдар бойы «қалған-құтқанды» бөлу қағидаты бойынша қаржыландырылып келген коммуналдық саланы жаңғырту жұ­мыс­тарын ел Үкіметінің алдына кезек күт­тірмес міндет ретінде қойып отыр. Осыған байланысты елі­міздің 2020 жылға дейінгі даму страте­гиясы­ның шеңберінде жүргізілетін бұл ауқымды жұмыстың негізгі салмағын бюджет көтеретін болады. Жалпы, он жыл ішінде бұл мақсаттарға жұмсалатын республикалық бюд­жет­тің шығыстары 533 миллиард теңгені құрайтын болады. Оның ішінде 160 миллиард теңге қайтарымды негіздегі қаржы болып та­былады. Бұл қаражаттың 166 миллиард тең­гесі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, 358 миллиард теңгесі көп пәтерлі тұрғын үй­лер­ді жөндеуге жұмсалады. Барлық қаржылан­дыру көздері есебінен 2015 жылға қарай рес­публикамыз бойынша жаңғыртылған ком­му­нал­дық инфрақұрылымдық жүйелердің ұзын­дығы 31 мың шақырымнан асып, күрделі жөндеуден өткізілетін көп қабатты тұрғын үй нысандарының үлесі қазіргі 32 па­йыз­дан 22 пайызға дейін төмендетілетін болады. Иә, еліміздің экономикасы бүгінде қарышты даму баспалдағына шық­қан кезде әрбір тұрғынның тұр­мыстық деңгейін айқын­дайтын тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шы­лық­ты жаң­ғырту ел болашағының кепілі бол­мақ. Ендеше, мемлекет ерекше маңыз беріп отырған бұл бағдар­ла­маға бөлінген қар­жы талан-таражға са­лын­бай тиімді жұм­са­луы маңызды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.