ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК ҰЙЫМЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ ОСЫНДАЙ САНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТЕР ҚАТАРЫНДА АТАДЫ
Бүкіл әлемнің ең өткір проблемаларынан біріне айналып отырған жұмыссыздықпен күрес мәселесі әлемнің әр шалғайындағы саясаткерлерді, ғалымдарды, адамзаттың алдыңғы қатарлы өкілдерін қатты толғандыруда. Қазіргі күні жаһандық проблемаға айналып отырған бұл дертпен ұйымдасып күресу мақсатында бірқатар халықаралық ұйымдар жұмыс істеп келеді. Солардың алдыңғы қатарында Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) бар. БҰҰ-ның осы саладағы маманданған мекемесі болып табылатын бұл ұйым 1919 жылы Версаль шарты негізінде құрылған болатын. 1946 жылдан бастап ол БҰҰ аясында ресми мәртебеге ие болды. Халықаралық еңбек ұйымы жұмыс уақытын регламенттеу, жұмыс күшін іріктеуді регламенттеу, жұмыссыздықпен күрес, өндірістегі қайғылы оқиғалармен, кәсіптік аурулармен күрес, еңбек қатынастарында балалардың, жасөспірімдердің және әйелдердің құқықтарын қорғау, кәсіптік-техникалық білімді ұйымдастыру секілді мәселелермен шұғылданады.
Міне, осы әлем бойынша еңбекпен қамту, жұмыссыздықпен күрес мәселелерімен шұғылданатын халықаралық ең беделді ұйым 2010 жылғы өзінің қорытынды есебінде аталған проблеманың барған сайын белең ала түскендігін атап көрсеткен.
ХЕҰ есебі бойынша 2010 жылы әлемде 250 миллион адам жұмыссыздықтың зардабын тартқан. Бұл көрсеткіш 2007 жылғы қорытындымен салыстырғанда жұмыссыздар қатарының 27,6 миллион адамға арта түскендігін білдіреді.
ХЕҰ болжамы бойынша 2011 жылы жұмыссыздық жағдайы әлемдегі ең ауқымды проблемалардың бірі болып қала береді. Бұл жылы болжам бойынша 203,3 миллион адам жұмыссыз ретінде тіркеледі.
Сонымен қатар, халықаралық еңбек ұйымы 2007-2010 жылдар аралығында халықтың жұмыссыздық деңгейі әсіресе, дамыған елдерде өсе түскендігін мәлімдей келе, жұмыссыздықпен күрес мәселесінде Бразилия, Қазақстан, Тайланд секілді елдер жақсы жетістіктерге жетіп келе жатқандығын атап көрсеткен.
Сөйтіп, қазіргі күндері бүкіл әлем бойынша алғанда Қазақстан өз ішіндегі жұмыссыздықты ауыздықтай алған санаулы елдердің арасынан бой көрсетіп отыр. Бұл әрине, үлкен жақсылық. Елбасының еліміздегі халықтың әлеуметтік проблемаларын белсенді түрде шешу, әлемді кернеген дағдарыспен күресу жөнінде Үкіметке берген тапсырмаларының сәтті орындала бастағандығының бір көрінісі.
Оның үстіне үстіміздегі жылдың наурыз айында Қазақстанда «Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамту арқылы халықтың тұрмыс деңгейі мен табысын арттыру болып табылады. Бұл бағдарлама үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асырыла бастайды.
Бағдарламаның қандай бағыттар бойынша жүргізілетіндігі, қалай іске асырылатындығы туралы осыдан бір-екі апта бұрын ғана газетіміздегі «Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы» деген мақаламызда кең көлемде жазған болатынбыз. Сондықтан онда жазылған жәйттерді қайталап жатпас үшін біз бұл жолы мақаламыздың басында айтылғандай, жұмыспен қамту, жұмыссыздықпен күрес мәселелерінің әлемдік ағымдарына тоқталмақпыз. Осы ағымдармен сәйкес Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан шараларды салыстыра көрсетпекпіз.
Планета аумағында халықтың орналасу проблемасы
Түрлі табиғи факторлар мен адамзат өркениетінің, соның ішінде өнеркәсіптің кенжелеп дамуына байланысты жер шарының халқы планета аумағында өте әркелкі орналасқан.
Мәселен, қазіргі күні Жер шары халқының 70 пайызы планетаның құрғақ бөлігінің 7 пайызында ғана өмір сүріп жатыр. Соның ішінде Шығыс жарты шарында әлем халқының 80 пайызы шоғырланса, Солтүстік жарты шарда 0,9 пайызы ғана тұрады.
Жер шарында әрбір шаршы шақырымға орта есеппен алғанда 40 адамнан келеді. Алайда осы орта көрсеткіш әлемнің әртүрлі бөлігінде әртүрлі деңгейде, Халық тығыз орналасқан жерлерде әрбір шаршы шақырымға 2000 адамнан келсе, енді бір жерлерде бір адамнан да айналмайды. Мәселен, Батыс Еуропа мен Азияда 1 шаршы шақырымға 100 адамнан келсе, Солтүстік және Оңтүстік Америкада 20 адамнан, Австралия мен Океанияда 4 адамнан келеді. Бельгия, Нидерланды, Ұлыбритания, Израиль, Ливан, Бангладеш, Кореяда 1 шаршы шақырымда 200 адамнан тұрып жатса, Моңғолия, Ливия, Намибия, Гренландияда 2 адамнан тұрады.
Міне, Жер шарында халықтың әркелкі орналасуы табиғи ресурстардың тапшылығының үлкен себебі болып отыр. Осы мәселе қазіргі күні халықаралық еңбек миграциясы арқылы шешімін таба бастады.
Жұмыссыздықпен күрестің әлемдік әдістері
Әлемдік тәжірибеде халықты еңбекпен қамту ісін басқарудың әртүрлі модельдері қолданылады. Мәселен, америкалық модель еңбекке қабілетті азаматтардың елеулі бөлігі үшін еңбек өнімділігі төмен, бірақ халықтың қалың бөлігін кеңінен қамтуға ұмтылатын жұмыс орындарын құрумен ерекшеленеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда жұмыссыздар қатары азайғанымен, халықтың кедей бөлігінің жағдайы онша жақсара қоймайды. Ал скандинавиялық модель мемлекеттік секторда табысы орташа, еңбекақысы қанағаттанарлық жағдайдағы жұмыс орындарын көптеп аша отырып, жұмыс күштерін солай қарай тартуға бейімделген. Бұл модель негізінен мемлекеттік қаржы қаражатына арқа сүйейді. Үшінші еуропалық модель еңбек өнімділігін арттыру арқылы халықты жұмыспен қамту мәселесіне орайластырылған. Мұндай жағдайда жұмысшылардың жалақылары біршама жоғары болады. Қазақстанның қазіргі қолға алған шаралары осы модельге келіңкірейді, бірақ өзіндік ерекшеліктері аз емес.
Жұмыспен қамтудың әлемдік ағымдары
Құл иеленушілік және феодалдық қоғамдық құрылыс кезінде әлем халқы түгелге жуық ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткендігі белгілі. Капитализм өнеркәсіптің жандануына үлкен ықпал етті. Соның нәтижесінде бұрын ауыл шаруашылығымен шұғылданып келгендердің басым көпшілігі бірте-бірте фабрикалар мен зауыттарда жұмыс істеуге ауысты. Бұл қалалар құрылысын дамытты. Сөйтіп, қазіргі күні дамыған елдерде халықтың басым көпшілігі қалаларда өмір сүретін болды.
Өнеркәсіптік өндірістегі еңбекті автоматтандыру ісінің дамуына байланысты енді зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейтін адамдардың орнын түрлі автоматты құрал-жабдықтар баса бастады. Сөйтіп, капитализмнің қазіргі соңғы сатыларында жұмыс күштерінің қызмет көрсету салаларына қарай ойысқандығы анық сезіліп отыр.
Қазіргі күні өнеркәсіптік дамыған елдерде халықтың 60 пайызы қызмет көрсету салаларында еңбек етуде. Ал өнеркәсіптік кәсіпорындардан біліктілік қабілеті төмен адамдар барған сайын ығыстырылып шығарылу үстінде.
Осы жағдай ендігі кезекте жұмыс күштерінің бәсекелестік қабілетін барынша арттыра түсуді қажет ете бастады. Кімнің білімі жоғары, жұмысқа біліктілігі артық болса, сол адам ғана өз өміріне лайық тиянақты және тұрақты жұмыс орнында еңбек ете алатын болады. Егер 90-шы жылдардың басында бастауыш білімі ғана бар адамдардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі 10,9 пайызды құраса, орта білімге толықтай қол жеткізе алмағандардың арасында ол 8,4 пайызды, толық орта білімділердің арасында 5,7 пайызды, ал жоғары білімділер арасында 3,9 пайызды құраған. Демек, қазіргі күні кімнің білімі төмен – сол адам жұмыссыздық жағдайына жиі түсетін болады.
Біздің Қазақстанда жұмыспен қамтудың осы жаңа ағымдық құбылыстары алдын-ала ескеріліп отыр деп айта аламыз. Елбасымыз жастардың ортасында болған кезде «әр адам өз кәсібінің шыңына шығу үшін ол ең алдымен білімді болуы керек» деген сөзді жиі айтады. Осы қағида біздің мемлекетіміздің білім саласындағы саясатының басты өзегін құрайды. Мұны орта білім жүйесінің 12 жылдық оқытуға қарай бағытталып келе жатқандығынан, елімізде интеллектуалдық мектептер жүйесінің құрылуынан, «Болашақ» бағдарламасының әзірленіп, ел жастарының шетелдің жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен тегін оқытылуынан анық байқауға болады.
Жұмыссыздық түрлері
Халықаралық еңбек ұйымының анықтауы бойынша, дәл сол сәтінде жұмысы жоқ, бірақ оны белсенді түрде іздестіріп жүрген, еңбек биржасында ресми тіркеуден өткен адам жұмыссыз деп есептеледі. Әрине, көптеген елдерде жұмысы жоқ адамдардың барлығы бірдей ресми тіркеуден өте бермейтіндігі белгілі. Мұны «жасырын жұмыссыздық» деп атайды. Мұндай елдер халықаралық еңбек ұйымының талаптарына толық жауап бере алмағандықтан, көп жағдайда оның қорытынды есептерінен тысқары қалып жатады.
Еңбек қатынастары саласындағы халықаралық сарапшылар жұмыссыздықтың өзін бірнеше түрге бөледі. Олар фрикциялық, құрылымдық, циклдік, маусымдық және ерікті жұмыссыздық деп аталады. Осылардың ішінде біздің елімізге қазіргі күні құрылымдық жұмыссыздық түрі тән болып отырғандығын айта кетпекпіз.
Құрылымдық жұмыссыздық дегеніміз көп жағдайда технологиялардың өзгеруі мен дамуына байланысты болып келеді. Елге жаңа технологиялар мен еңбек қатынастарының жаңа түрлері молынан енгізілген кезде, жергілікті халық сол технологияларда бірден жұмыс істеп кете алмайды. Осының ықпалымен пайда болған құбылысты құрылымдық жұмыссыздық деп атайды.
Мәселен, біздің елімізде қазіргі күні жұмыстың технологиялық негіздегі жаңа түрлері молынан кездеседі. Егер жұмыс беруші кәсіпорындардың мерзімді басылымдарда жүйелі түрде берілетін хабарландыруларына назар аударатын болсаңыз, олардың арасына еңбекақысы мол неше түрлі жұмыстарды кездестіруге болады. Бір өкініштісі, еліміздегі халықтың қалың бөлігі онда қойылатын талаптарға жауап бере алмай отыр.
Елімізде қабылданып отырған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында осы мәселе қатты ескерілген. Бағдарламаның негізгі мақсатының өзі жұмыссыз халықты қайта оқыту арқылы даярлықтан өткізуді, оларды еңбек рыногында қалыптасып отырған жаңа жағдайларға бейімдеуді көздейді. Бағдарлама бойынша жұмыс іздеуші адам тиісті мемлекеттік органға хабарласқан жағдайда, ол жұмыссыз ретінде тіркеліп қана қоймай, сонымен қатар, мемлекетпен тиісті келісім-шарт жасасады. Осы шарттың негізінде ол адам мемлекет есебінен тегін оқытылатын болады. Оқудан өткеннен кейін оған жаңадан игерген мамандығы мен даярлығына сәйкес жұмыс қарастырылады. Мұндай жұмыс басқа жерлерден табылған жағдайда, мемлекет оның жаңа жерге келіп орналасуына, үй сатып алуына, жаңа ортада бейімделуіне қолайлы жағдай туғызатын болады.
Кедейшілік – жұмыссыздықтың негізгі көзі
Әлемнің әртүрлі елдерінде болып жатқан жағдайларға назар аударатын болсақ, қазіргі жұмыссыздық жағдайының кең етек алуы көптеген елдерде халықтың орынды наразылығын тудырып, мұның түрлі саяси кикілжіңдерге ұласып жатқандығына көз жеткіземіз. Көптеген араб елдеріндегі қазіргі халық толқуларының астарында сіңірі шыққан кедейлік жатыр. Ал кедейлікті тудыратын басты факторлардың бірі – жұмыссыздық болып табылады.
Әлемде қазіргі күні 1 миллиард адам кедейлік құшағында. Үстіміздегі мыңжылдықтың басында БҰҰ-ның ұйымдастыруымен өткен жаһандық мыңжылдық кездесуде аталған ұйым ұлттық мемлекеттер мен бизнестік құрылымдар алдына кедейлік деңгейін төмендету талабын қойған болатын.
Осы талап бойынша 2015 жылы әлемдегі кедей адамдар саны 0,7 миллиард адамға дейін азайтылуы керек. Бірақ қазіргі оқиғалардың барысы бұл межеге қол жеткізудің оңай болмайтындығын көрсетіп отыр. Мәселен, әлемдегі ең бай ел саналатын АҚШ-тың өзінде кедейлік шегіндегі адамдардың үлесі 13,2 пайыздан 14,3 пайызға дейін өсе түскен. 43,6 миллион адам кедей деп табылған. Бұл аталған елдегі соңғы 50 жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш болып отыр.
Біздің Қазақстан ТМД елдерінің арасында кедейлік пен күресті алғашқы болып бастап, оның деңгейін ашық түрде айқындаған ел болып табылады. «Ауруын жасырған арам өледі» деген сөз бар. Кейіннен Қазақстанға осындай батыл қадамға баруының көп пайдасы тиді. Сол кезде елімізде халықтың 40 пайызға жуығы кедей деп табылып, оларға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек көрсету ісі жүйелі жолға қойылды. Соның нәтижесінде қазіргі күні еліміздегі кедейлік деңгейі санаулы жылдардың ішінде бірнеше рет қысқарды. Енді халықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасының іске қосылатындығына сәйкес Қазақстандағы кедейшілік одан әрі төмендей түсетіндігіне сенім мол. Қазірдің өзінде Қазақстан ТМД-дағы ең кедейі аз ел болып табылады. Алдағы уақытта оның ауқымы тіптен де тарыла түсетін болады.
Қазақстандағы халықты жұмыспен қамту бағыттары
Елімізде қазіргі күні халықты табысы жақсы тұрақты жұмыс орнымен қамту ісі жан-жақты бағыт бойынша өріс алып келе жатыр деп айта аламыз.
Соның үлкен көздерінің бірі – 2011-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы. Осы бағдарламаның негізінде өткен жылы елімізде 152 жаңа жоба іске қосылды. Биылғы жылы тағы да осындай 192 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осылардың негізінде жаңадан сан мыңдаған жұмыс орындары ашылатын болады. Жұмыссыз халықтың біраз бөлігі осы жаңа жұмыс орындарына қарай бағытталатын болады. Ал оларды бағыттау тетіктері «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында нақты айқындалған. Бағдарламадағы шараларды жүзеге асыру негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі.
Бағдарламаны жүзеге асыру басталатын 2011 жыл – қанатқақты кезең болып есептеледі. Осы жылы бағдарламаны іске асырудың тетіктері нақтыланып, олар құқықтық тұрғыдан, яғни заңдық негіздермен қамтамасыз етіледі.
Екінші кезең 2012-2015 жылдарды, үшінші кезең 2016-2020 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңдерде бағдарламаны жүзеге асыру жүйелі жолға түсіп, пәрменді сипатқа ие болуы тиіс.
Қазіргі күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бағдарламаны іске асыру үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруда. Осы бойынша бағдарламаға қатысушылардың өзара міндеттемелері айқындалды. Ол міндеттер әлеуметтік келісім-шарттар жасасу арқылы бекітіледі. Көп ұзамай Индустрияландыру картасындағы жобалар мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасындағы шаралар негізінде пайда болған және жаңадан құрылатын жұмыс орындарын нақты пайдалану үшін ағымдағы және перспективалық жұмыс орындарының автоматтандырылған дерекқоры жұмыс істей бастайды.
Бағдарламаның бірінші бағыты азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу арқылы олардың жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтылуын қамтамасыз етуді көздейді. Бұл бағыт өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдарды қамтитын болады.
Бағдарламаға қатысудың басым мүмкіндіктері ауыл жастарына беріледі.
Бірінші бағытқа қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетілетін болады:
кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына тегін жолдамалар беріледі және оқу орнына жеткенге дейінгі жолақы шығындары субсидияланады;
лайықты бос жұмыс орындары іздестіріледі және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуына жәрдем көрсетіледі;
жұмысқа психологиялық бейімдеу шаралары ұйымдастырылады.
Егер бағдарламаға қатысушы кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналаса алмаса, оған бағдарламаның екінші немесе үшінші бағыттарына қатысу ұсынылады.
Екінші бағыттың мақсаты – жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру болып табылады.
Жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар азаматтар бағдарламаның қатысушылары бола алады. Соның ішінде жеке ісін ауылда ұйымдастыруды қалайтындар негізгі назарға алынады, яғни оларға басымдық берілетін болады.
Осы бағыт бойынша бағдарламаға қатысушыға консультациялық қызмет көрсету, кәсіпкерлік негіздерін оқыту, шағын несие беру, жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту және жайластыру секілді мемлекеттік қолдау түрлері көрсетіледі.
Шағын несие беру ауылдағы кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі тетігі болып табылады. Ол қайтарымдылық негізінде 3 млн. теңгеге дейінгі көлемде 5 жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
Ескерте кететін бір жағдай, шағын несие тұтынушылық мақсаттарға, басқа кредиттерді өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй алуға берілмейді, тек қана жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту үшін беріледі. Бұл несиенің бір артықшылығы – оны алушыға кредит бойынша пайыздарды төлеу және негізгі қарызды өтеу бойынша он сегіз айға дейінгі мерзімге жеңілдікті кезең ұсынылады. Ал оны алушы үшін шағын несие бойынша жылдық тиімді пайыздық ставканы өңірлік комиссиямен келісе отырып, уәкілетті өңірлік ұйым белгілейді.
Егер жұмыс іздеушінің жоғарыдағы екі бағытқа қосылуға мүмкіндігі болмаған жағдайда оған бағдарламаның үшінші бағыты ұсынылады. Бұл бағыт жұмыс іздеушіні экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесу мақсатын көздейді. Көшіру бір ауданның ішінде немесе бір облыс ішінде (бір ауданнан екінші бір ауданға) жүргізілуі мүмкін. Бұл бағытқа қатысудың басым құқығы көбінесе ауыл жастарына берілетін болады.
Барлық бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау түрлері мен оларды ұсыну тәртібі қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеп жатқан ережеде толық қамтылады.
Бұл бағдарлама халыққа не береді?
Біріншіден, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар тұрақты жаңа жұмыс орнына ие бола алады.
Екіншіден, кәсіпкерлер осы бағдарламаның негізінде жеңілдікті шағын несиелерге ие болу, жаңадан инфрақұрылымдарды қалыптастыру негізінде өз ісін ұйымдастыру мен кеңейтуді үйренеді.
Үшіншіден, жұмыссыз, әлеуметтік аз қамтылған немесе өзін-өзі жұмыспен қамтылған азаматтар мемлекеттің тегін оқытуының нәтижесінде жаңа мамандықтарды игеріп, өз біліктіліктерін арттыра алады.
Төртіншіден, өз тұрған орындарында жұмыс таба алмаған адамдар жаңа жерлерге барып, жаңадан тұрмыс бастап, өмірін жаңарта алады. Жаңа жұмысқа ие болады.
Бесіншіден, халықтың елеулі бөлігіне өз кірісін арттырып, өмір сапасын жақсартудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады.
Алтыншыдан, бағдарламаға қосылған азаматтар тұрақты жұмыс орнымен қамтылу арқылы зейнетақымен қамтамасыз етіледі. Түрлі сақтандыру жүйесіне қосылып, әлеуметтік кепілдіктерге ие болады.
Сонымен әңгімені қорыта айтқанда, Қазақстан әлемді шарлаған дағдарыс салдарын еңсеру бағытында жүргізген түрлі мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық шаралардың нәтижесінде бұл қиындықтан едәуір серпіліспен шықты. Осы қиын кезеңнің өзінде халықтың жұмыспен қамтылуын төмендетпей, қайта оның деңгейін жақсарта түсті. Қазақстанның бірегей бұл батыл қадамы Халықаралық еңбек ұйымының назарына ілігіп, оның жақсы бағасына ие болды. Ал енді үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап, халықты жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын белгілеген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының іске қосылатындығы еліміздегі жұмыссыздықты еңсеріп, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту бағытында жаңа бір қадам, нәтижелі бастама болып табылатындығы анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.