29 Сәуір, 2011

Тәуелсіздік және отандық ғылым

718 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы таяп келеді. Осы жылдар ішінде не тындырдық деу мұндайда табиғи заңдылық. Осы сұраққа жауап берер болсақ, онда, ең алдымен, халқы күнкөріс үшін сенделіп, көрші мемлекеттерді шарлап жүр­мейтіндей өзіндік экономикасы орнығып, жұртты жұ­мыспен қамтыған, даму көрсеткіштері жағынан әлемдегі ең ширақ мемлекеттердің қатарына қосылған Қазақ елін құрып шықтық дер едім. Бұдан 15-20 жыл бұрынғы жағдайымыз баршамыздың көз алдымызда. 1991 жылы тәуелсіздігімізді алдық деп тақиямызды көкке лақтырып қуанған халық көп ұзамай-ақ жұмыссыздықтан сенделіп, үлкен күйзеліске ұшырады. Бұл күйзеліс 1997 жылға дейін жалғасты. Басқаны былай қойғанда, талантты ғалымдарымыздың өзі жөн тапқаны шет ел асып, ал олай істей алмағандары қап арқалап тауар тасып, саудагер болып кеткен еді. Ел мектептерінің көбінде мұғалімдер жалақысын бірнеше айлап ала алмаған жағдай болды. Мұндайда оқыту сапасы нашарлайтыны өзінен-өзі түсінікті. Оқушылар мектепке, студент­тер аудиторияларына барғысы келмейтін күндерді бастан өткердік. Міне, осындай қиыншылықпен басталған тәуелсіздігіміздің алғашқы ауыр алты жылында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күйзелген елдің ортасына жиі барып, телеарналардан жиі-жиі сөйлеп, халықты төзімділікке шақырған сөздерінің әрқайсысында дерлік: «Оқушылар мектептен, студенттер лекциядан қалмасын. Жастар тәуелсіз Қазақстанның болашағы, болашақ тек қана біліммен жарқын», деген сөздерді айтушы еді. Мектеп директорлары мен университет ректорларын білім-ғылымға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Жұрт өзегін жалғар нан таба алмай жүрген шақта Елбасымыздың бұлай алыс болашақты ойлауға шақыруы шын мәнінде қиялдағы істей көрінетін. Бүгінгі биіктен көз жүгіртсем, Тұңғыш Президентіміздің сол бір кездегі көреген сөздерінен демеу алған білім мен ғылымды еліміз шын мәнінде сақтап қала алған екен. 1997 жылы «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасы жарияланды. Кезінде бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының өзінде кейбір кер­тарт­па топ өкілдері бұл бағдарламаға «На­зарбаев өзі жауап бермейтін болашақтағы нә­ти­желер туралы алдар­қа­туда» деген пікір таңды. Ал шын мәнінде еліміздің таңдаулы ғалым­дары­ның сарабынан шыққан бұл ауқымды жоспар өзінің дәлдігі мен өміршеңдігін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Жағдайдың сол бір аса оңала қоймаған кез­дерінің өзінде Тұңғыш Президентіміз білім мен ғылымды әрқашан да өз қамқорлығында ұс­та­ды. Бұл жалақылар мен шәкіртақыларды ұдайы өсіру ісінен көрініс тапты. Сондай-ақ, еліміздің барлық орта білім беретін мектептері компью­тер­лен­дірілді. Көбі интернетке қосылған, ал бұл күндері дарын­ды балалардың интел­лек­туал­ды мектептері ашы­лып жатыр. «Болашақ» бағ­дарламасы бой­ын­ша шетел­дерде білім алатын жастарымыздың саны ұдайы өсіп барады. Бас-аяғы 15 жылдың ішінде білім-ғылымды инвес­тициялау 25 есеге өскен екен. Бұл пос­ткеңестік аумақтағы мемле­кет­тер арасында тек қана Қазақстанда жүзеге асы­рыл­ған игілік болып тұр. Айтқандай, тәуел­сіз­діктің алғашқы алты жы­лындағы күйзелістен Қа­зақстанның білім мен ғы­лымы онша көп зардап шек­пей шыққан екен. Олай дейтін себебім, жоға­ры оқу орын­дарына түсуге ниет білдірушілер са­ны мен сапасы да уақыт озған сайын өсіп келеді. 1997-2007 жылдар аралығы Қазақстан үшін қарқынды даму кезеңі болды. «Қазақстан-2030» Стра­тегиялық даму бағдарламасын басшылыққа ал­ған басқарушы биліктің білікті жұмыс істеуі­нің нә­тижесінде алғашқы онжылдықтың өзінде дағда­рыс­тарға іргесі шайқалмайтын мемлекет өмірге келді. Президентіміздің өзі мәлім­де­ге­нін­дей, стра­тегиялық даму бағдарламасының ал­ғаш­қы кезеңі­не белгі­лен­ген жоспар қомақты нәтижемен және мерзімінен бұ­рын орындалған екен. Соның арқа­сында 2007 жылдың тамы­зын­да АҚШ ипотекалық жүйесінде орын алып, кейіннен тұмаудай жер шарының түкпір-түк­піріне тараған бүкіләлемдік қаржы дағдарысы кезінде Қазақстан зардапсыз шықты. Даму көр­сеткішіміз тек 2008 жылы ғана азғантай «шегініс» жасаған болса, 2009 жылы даму қайта бас­талды. Бұл болуы мүмкін жағдай­ларды Ел­басымыздың дер кезінде көре біліп, атқарушы биліктегі барлық күшті осал тұстарды бекітуге жұмсағандығының нақты нәтижесі. Өзінің жұ­мысының дұрыстығына іс жүзінде көз жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлы 2009 жылы бұдан былай «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдар­ла­ма­сының екінші кезеңі басталатынын, ол шарт­ты түрде екі бес жылдыққа бөлініп, «ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» бой­ын­­ша көрініс табатынын мәлімдеді. Егер 2007 жылы басталған бүкіләлемдік дағ­дарыстан Қазақстан қаншалықты ұтылды деген сұрақ туындай қалса, мен бұған «еліміз ұты­лысқа емес, ұтысқа шықты» деп жауап берер едім. Ұлт Көшбасшысының тікелей нұсқауымен жұмыс істе­ген Үкімет және жергілікті атқарушы билік жұ­мыс­сыз­дық­ты болдырмауға, осы ке­зеңді пайдаланып ке­зегін күтіп тұрған әлеу­меттік шараларды жүзеге асы­руға күш салды. Соның нәтижесінде, тіпті қар­қын­ды дамыған кездеріміздің өзінде салынбаған мек­тептер мен ауруханалар бой көтерді. Алыс­тағы ауылдарға мемлекеттік биліктің қамқорлығы барды. Со­ның нәтижесінде, жұмыссыздық қар­қын­ды даму жылдарындағыдан да төмендеген екен. Ал 2009-2011 жылдарда бюджеттік міндетті тө­лемдерді екі есе өсіре алған тек қана біздің Қа­зақстан Респуб­ликасы болып тұр. Сондай-ақ, 2010 жылдың өзінде ин­дустриялық-инновация­лық да­му бағдарламасын жасап, онжылдық жоспар бойынша жұмыс істей бастаған да біздің ел. Тіпті, 2010 жылдың өзінде 152 жаңа өндіріс орындары салы­нып, өмірге жолдама алған болса, мұның басым бөлігі шикізатты тереңдете өңдейтін өңдеуші кәсіпорындар мен жаңа тауарлы өндіріс компаниялары. Былтырғы жылы бір ғана Курчатов қаласында әлемде теңдесі жоқ өнім шығаратын төрт бірдей жаңа кәсіпорын жұмыс істей бас­тапты. Мінекей, инновация деп осыны айт! Алдағы онжылдыққа инновациялық даму бағ­дар­ла­масын міндеттеген Елбасымыз бұл тек қана отандық ғылым негізінде мүмкін болатынын, сон­дықтан да Қазақстан ғылымын ерекше қамқор­лық­қа алуды атқарушы билікке қатаң тапсырды. Соның нәтижесі болса керек, елімізде білім, ғы­лым ту­ралы жаңа заң жасалынды. Алғашқы заң­ның жа­салып, қабылдануы кезінде вице-министр ретінде барлық жұмыстың басы-қасында өзім жү­ріп, Елбасымыз­дың осы мәселеге қатысты қабыл­дау­ла­рында талай рет болғанмын. Сонда біз мүлде жаңа мемлекет құрып жатқандығымызды, білім беру жүйесі мен ел ғылымы да соған сай болуы, ұста­натын басты ны­санамыз толықтай жүйе бойынша халықаралық стан­дарт екендігін, демек, білім мен ғылымымыз бәсеке­лес­тікке сай болуы қажет екендігін заңдасты­руы­мызды Президентіміз талай рет ескерткен еді. Ол «көрпеге қарап кө­сі­летін» кезеңде өмірге келген құжат болды. Солай дей тұрсақ та, осы уақытқа дейін алғашқы заңымыз өзінің жақсы нәтижесін бергенін еске сала кеткен жөн. Енді елдің еркін көсілетіндей жағ­дайы бар. Тек қана ұлттық қорымызда 70 мил­лиард дол­лардан астам алтын-валюталық қазы­намыз бар екен. Алғашқы заңды қабылдар кезде мұндай бай­лықты ойлаудың өзі мүмкін емес еді. Қазақ­стан­ның жылдық дамуы былтыр 7 пайыздан асты. Ха­лық­тың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өніміміз 9 мың долларға жетіпті. Бұл да алғашқы заң қабыл­данған кезде көзге елестете алмайтын жетістік еді ғой. Сондықтан да алғашқы заңға «өкпе жоқ», ал енді экономиканы түбегейлі өзгерту кезеңіне аяқ басқан, көсіле сілтейтін мүмкіндігі бар мына за­манда басқа заң қажет болды. Мінекей, Прези­дентіміз білім-ғы­лым ту­ра­лы жаңа заң жасап, оны өндіріске енгізу ба­ры­сында осы ерекшеліктерді ескеруді ерекше тап­сырса керек. Ғалымдардың сан талқысынан өткен бұл заңымыз тәуелсіз Қазақстан Республикасы­ның өркендеуіне нақты үлес қосатынына сенім мол. Өйткені, мұнда барлық тетік ескерілген, кімнің немен айналысатыны нақ­тыланған, ғылым­ды инвести­циялау көздері мен ғылыми жаңалық­тарды өндіріске енгізудің барлық тетіктері заңда баяндалған. Айталық, жаңа заңда мемлекеттік жоғары ғы­лы­ми-техникалық кеңес құрылып, ол тікелей Үкімет басшысының төрағалығымен жұмыс іс­тей­­тіндігі заң­дастырылған. Сондай-ақ, ғылымның бес саласына басымдық беріліп, осы бес сала бойынша ғылыми ке­ңес құрылды. Бұл кеңеске отандық ғылымның ең талантты, тәжірибелі тұл­ғалары мүше. Бір сөзбен айтқанда, ғылымды бас­қару ға­лым­дардың өз қолына тиді. Осы бір тұсты оқырманға түсініктірек болу үшін кеңейтіп, баян­даған дұрыс шығар. Мәселен, ғы­лымды қаржы­лан­дыру кезінде «соңғы сөзді айтатын» осы ға­лым­дар кеңесі. Ғылымды қаржыландыру грант­ты және мақсатты инвестициялы болып бөлін­ген. Грант жекелеген ғалымдарға да, ғылыми топқа да, ғы­лыми мекемеге де беріледі. Тек олардың нақты ғы­лыми ізденіс бойынша жоспары қажет. Солардың ішінен елімізге қажетті дегендері іріктеліп алы­нады. Осы уақытқа дейін «әр қарындасқа бір сырға» жүйесімен бөлінген қаржы нақты нәтиже бермек түгіл, кері әсері мол болған бір тетік еді. Соның сал­дарынан жалған ғалымдар саны көбейіп кетті. Олар ғылыммен айналысу үшін ғылыми атақ алған жоқ, ғылыми атақты пайдаланып, лауа­зы­мын өсіріп, шенеунік болуға асықты. Міне, жаңа жүйе бойынша ғылым осын­дайлардан арылады. Ал бұл өз кезегінде ғылыми жаңа­лық­тың көптеп ашылуына кең жол ашады. Егер мақсатты инвес­тиция дейтін болсақ, онда мем­лекет немесе жеке­мен­шік капитал иесі белгілі бір істі жүзеге асыру, ғы­лы­ми негіздеме жасауы үшін берілетін қаражат. Айталық, Денсаулық сақтау министрлігіне балаларды аурудың алдын алу мақсатында егетін вакцинаның отандық түрін шығару қажет дейік. Мұндай жағдайда министр­лік химик-фармацевт ғалымдарға немесе ғылыми топқа нақты тапсырма беріп, оларды тиісті қар­жымен қамтамасыз етеді. Белгілі бір мерзім ара­лығында тапсырыс алушы жақ мақсатты межені алса, онда олардың ғылыми жаңалықтары тәжі­ри­белік сынақтан өткізіледі, ақыр аяғында өндіріске жолдама алады. Мінекей, ғылым мен өндірістің арасын жа­қындата түсетін мұндай тетік көптен күткен ісіміз еді, ол енді өмірімізден көрініс тапты. Еліміздің ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін кезеңде мұндай заңның өмірге келуі табиғи қажеттілік дедім. Меніңше, нәтиже көп күттірмейтін де се­кілді. Өйт­кені, қаражаттың бөлінуіне бұрынғы­дай комитеттер мен департаменттердегі ғылымнан хабары жоқ ше­неу­ніктер емес, ғалымдардың өз­де­рі және мем­ле­кеттің жауапты тұлғалары қаты­на­сады ғой. Айталық, елімізде жаңадан Индустрия және жаңа техно­ло­гиялар министрлігі құрылып жұмыс істеп жатыр. Ол – Үкіметтегі екінші тұлға. Елі­міздің онжылдық бағдар­ламасының орында­луы­на, яғни эконо­микамыздың түбегейлі өзге­руіне тікелей осы ми­нистрлік жауап беретін бола­ды. Сондықтан да бұрынғыдай қаржыны игерсем болды деген ұста­ным жүрмейді. Елге тек қана инновациялық өн­діріс ошақтары қажет. Ал ол әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын ХХІ ғасырдың немесе тіпті одан да арғы кезеңнің сұранысын қанағаттандыра ала­тын өнім шығаруы тиіс. Мұндайды тек қана ғылым жасайды. Ендеше, ғылымға қамқор болатын тағы бір ми­нистрлік жұмыс істеп жатыр деп ойлауға тиіспіз. Ал бұл министрлікте Білім және ғылым министрлігіне қарағанда қаражат мол. Қысқасы, ғылымымыз мем­лекеттің толық қолдауына көшті деуге бола­ды. Орайы келгенде айта кетейін, мұн­дай жағ­дай­да бізде қамқорлыққа іс нәтижесімен жауап бере ала­тын ғалымдар мен ғылыми топтар жеткілікті. Енді осындай қамқорлық жағдайында «Ғалымдар қай салада ізденіс жүргізгені нәтижелі болмақ?» деген сұраққа жауап бере кеткен дұрыс шығар. Ең алдымен айтарым, кез келген ғылыми із­де­ніс ел экологиясының бұзылмауына, кері­сін­ше, дұрыс­та­лу­ы­на бағытталуы қа­жет. Осы тұр­ғы­дан алғанда, Қа­зақстан күні бүгінге дейін әлемдік соң­ғы тауар өн­ді­ріс­ші­ле­рінің ши­кі­заттық ай­ма­ғы болып кел­гені жасы­рын сыр емес. Кезінде КСРО индустриясын қазба байлық­тар­мен қамтама­сыз етіп тұрған біз­дің ел еді. Ұлы Отан соғысы кезін­де «жауға атылған он оқ­тың то­ғы­зы Қазақстан металынан жасалынды» деген сөзді елі­міздің ака­демиялық ғылымының негі­зін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ағамыз ай­тып кеткен. Осынау «мақтан сөз» буына бізді мас қылып, Мәскеудегі жоғары би­лік Қазақстанда халық тұтынатын тауарлы өн­діріс шығарушы зауыттар мен фабрикаларды құр­мапты. Олардың бәрін Ресей, Украина, Беларуссия жерлеріне орналастырған екен. Бізден миллион­даған тонна руда сол елдерге тасы­малданып, тіпті қарапайым өн­ді­ріс­тік металдарды шығаратын дом­на пештерінің өз­дері де сол жақта са­лын­ған екен. Жалғыз Те­мір­тау ғана бар байлы­ғымыз бол­ды. Мұның бәрін тәуел­сіздік ал­ған­нан кейінгі жыл­­дарда қатты сезіндік. Қазақстандағы әс­кери страте­гия­лық мақсатқа жұ­мыс істейтін зауыт­тар қажетсіз болып қал­ды. Ал бұл миллион­даған жұмыссыздар армия­сын өмірге әкелді. Осының бәрін айтып отыр­ған себебім, біздің елімізде сол руда өнді­рісіндегі қалдықтар көп­тен де көп. Со­лар­дың бар­лығы да жер бетінде ашық жатқан кезде тірі табиғатқа зиянды. Эко­логиямыздың кейбір аймақ­тар­да сын көтермейтіні сондықтан. Бір назар ауда­ратын тұс, ғалымдар сол қалдықтардың барлығы дер­­лік пайдалы шикізат дейді. Қазақстан ғалым­дарының ауқымды тобы әлгі қалдықтардан жаңа бір аса пайдалы, бәсекелестікке қабілетті тауарлы өнім шығару технологиясын жетік біледі. Солай бола тұрса да әлгі технологияны тиімді пайдалана алмай отыр. Мұны «игерілмеген тың» десе де болғандай. Біздің институт мамандарының күші­мен Жамбыл облысындағы фосфорит кенінің қал­дықтарын қайыра өңдеп, тыңайтқыштың жоғары сапалы жаңа түрі аз да болса шығарылып жатыр. Ал қалған жер­лерде руда қалдықтары пайдалы өн­діріс шикізаты болуы былай тұрсын, экологиялық зиян келтіруін өлшеусіз жалғастыра түсуде. Бұл жерде шешімін таппай тұрған бір мә­селе бар, ол – кен өндіру аймағын жекеше­лен­діріп алған кәсіпкерлер төңірегін түгел, тіпті өндіріс қал­дықтарын да өз байлығым деумен шектеліп, оларды басқаның пайдалануына бермейді. Де­мек, осыны жөнге келтіретін бізге жаңа бет­бұ­рысты мемлекеттік бір заң керек. Онсыз әркім бас басына би бола береді. Заңда руда қалдық­тары үшін жауаптылық бірінші кезекте тұруы тиіс. Кенді аймақты жекеше­лен­діріп алғандар руда қалдықтарынан жаңа тауарлы өндіріс жа­сауға міндеттелсін немесе сондай өндіріс құ­рамын дейтіндерге оны тегін берсін. Әзірге бұл «әрі тарт та бері тарт» деген бір іс болып тұр. Со­ның салдарынан елімізде өмір­ге келіп, әлемнің дамыған елдерінің өндірі­сіне шикізат болатын талай игілік жұмысшы қолын күтіп жатумен қатар айнала­сын­дағы тірі табиғатқа елеулі зиян келтіру­де. Мәселен, отандық ғалымдар мыс, уран рудала­рының қал­дық­тарынан жер бетінде сирек кезде­сетін осьмий және рений изотоптарын алу техно­логиясын толық меңгерген. Ал дүние жүзі болса, мұндай тауарға аса зәру. Былтыр ғана іргедегі алып Қытай сирек металдар экспортына шектеу қойған кезде дүние жүзінің дамыған елдері «бір тарының қауызына сыйғандай» жағдайға тап болған. Қытай мұны қыр­сыққаннан жасаған жоқ, уақыт озған сайын қар­қынды дамыған өз экономикасын аталған шикі­затпен қамтамасыз ету үшін осылай істеуге мәжбүр болды. Демек, дүние жүзінде сирек метал­дарға сұраныс көп. Орайы келгенде айта кетейін, бір келі рений өндіру үшін 30 доллар ғана ин­вестиция құю қажет екен. Ал оның сатқандағы ба­ғасы 3000 доллар. Елбасымыз ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарлама­сын атқарушы билікке міндеттеген кезде эко­номикалық өсімді қосымша құны мол тауарлы өн­діріс жасау арқылы алу қажеттігін ес­керт­кен бола­тын. Мұнда Прези­дент мейлінше ша­ғын сандарды ғана Үкіметке міндеттеді. Оны бұл арада атап көрсетудің қажеті жоқ. Тек жүз есе пайда беретін өндірісті жасай алмай тұрған­дығымыз өкін­діреді. «Қазақмыс» корпорациясы мен «Қаз­атомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы аталған сирек металдарды не өз­де­рі өндірсін, не бас­қалардың өндіруіне жол аш­сын. Мінекей, қа­зіргі кен игерушілермен осы­лай жұмыс істеуді заң­дастыратын арнайы құ­жат бізге дәл бүгін қа­жет. Жоғарыда айтқа­ным­дай, Қазақстан ға­лым­да­ры аталған сирек ме­тал­дарды өндіру тех­но­логиясын баяғыда мең­герген. Ендеше, «бұл неге өндірілмей жатыр?» деген сұрақ жо­ға­ры биліктің күн тәртібіне шығуы керек. Өйткені, инновация дегеніміз ағаш өңдейтін зауыттар салу емес, бүкіл әлем өзі іздеп келіп қымбат бағасына сатып алатын тауарлы өн­діріс қой. Ал сирек кездесетін ме­талдар өнді­рісі сондай өндірістің нағыз өзі. Бұл саладан Қазақстан әлем­дік рыноктың үлкен ойын­шысы болып шығуға то­лық қабілетті. Мұндай жағдайда еліміз дой­бы­шылар тілімен айтар болсақ, «екі жеп биге шығар» еді. Елба­сы­мыз­дың бізден кү­тіп отырғаны да осы. Эко­логияға зиян­сыз мол пай­далы өндіріс құру Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы­ның бас­ты талабы. Егер біз уран және мыс қал­дықтары жат­қан жерде сирек металдар өнді­рі­сін ұйымдастыра алсақ, бұл табыстың көзін ашып қана қой­май, сонымен бірге, ай­мақ­тың эко­ло­гиялық та­за­руына да оң ықпал етер едік. Мінекей, ең алдымен, осыны ес­керу керек. Қазіргі таңда Шы­ғыс Қа­зақ­­станда тантал, бериллий өндірісі жолға қойылды деп естиміз. Қуанышты жағдай. Бериллий өн­діретін әлемде екі-ақ мемлекет болса, соның бірі бізбіз. Ал тантал өн­дірудің тех­но­логия­сын дү­ние жүзіндегі бес мем­ле­кет­тің бірі бо­лып қолға алдық. Бұ­лар­дың қай-қайсысына да сұраныс жеткілікті. Мі­некей, ХХІ ғасырдың өнді­рісі деп осыны айт! Осындайда Индустрия және жаңа технология­лар министрлігін бас­қарып отырған аза­мат­тар ше­шуші сөз айтса екен деген тілек бар. Өйткені, на­ғыз инновациялық өндіріс әзірге «түрен түспеген тың» секілді қозғаусыз жатыр. Мен өзім химия саласының маманымын. Оның ішінде ғылыми-зерттеу бойынша маман­дан­ған са­лам полимерлер химиясы. Ал мұның мұнайдан алы­натыны бесенеден белгілі. Біздің полимерлік химия саласындағы ғылымымыз по­лиэтилен, поли­про­пи­лен, полистирол шығаратын кәсіпорындар­дың тех­но­логиясын ғылыми негіз­деп беруге дәл бүгін даярмыз. Орайы келгенде айта кетейін, КСРО ке­зінде мұнайлы Батыста полистирол зауыты болған. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарындағы ала­пат дағ­дарыс оны да жойып тынғандай. Бүгінгі таңда елі­міздің көп­теген өндіріс орындары поли­мерлік шикі­заттарды шет елдерден алдыруда. Мұн­дайға, әрине, қынжыласың. Өйткені, өзіміз олар­ға «тиын-те­бен­ге» шикі мұнай сатып, олардан мың­даған дол­лар тұ­ратын мұнай химиясы өнім­дерін импорттап жатырмыз. Қынжыл­та­тыны – қол­дан келетін іс­пен айналыспай тұр­ған­дығымыз. Тіпті еліміздегі үш мұнай зауыты сапалы жанармай шығаруға да қабілетсіз екен. ХХІ ғасырда өмір сүріп, ХХ ғасырда жүрген­дейміз. Техникаларға жағар май да шығармаймыз. Алып Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев ғылым­ды, инно­вацияны дамыту туралы айтқан жеті басым бағыт­тың бірінде осы мұнай-газ химиясын атаған бола­тын. Атырауда мұнай-газ химиясы зауытын сала­мыз дегенімізге көп уақыт өтті. Бірақ, ол зауыт­тың қашан өнім бере бастайтыны белгісіз. Жұмыс кестесінің қай деңгейінде жүрміз, оны да хабарлап жатқан ешкім жоқ. Әзірге салалық министрлік үш зауытты еуро-3, еуро-4 стандарт­тарына сай жанар­май шығаратын деңгейде жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін, сондай-ақ Павлодардағы мұнай өңдеу зауытын қалай жаңғырту мәселесі жайлы келіссөздер жүргізіліп жатқанын ғана баяндаумен шектеліп жүр. Жалпы алғанда, менің және менің әріптестерімнің пікірінше елімізде мұнай өңдеуді тереңдетіп, одан алуан түрлі өнімдер шығаратын өн­діріс орындары өмірге келмейінше «қара алты­нымыз» құмға құйған судай сатыла бермек. Әрине, мұнайдан түскен кіріс арқылы бүгінгі дәрежемізге жетке­німізді теріске шығаруға болмас. Солай бола тұрса да, шикі мұнай сатумен шектелу бос әуре­ші­­лік екенін 2007 жылы басталған дағдарыстан бергі кезең дәлелдеп берді. Әлемдік рынокта мұнай бағасы түскен кезде бюджетімізді бірнеше рет қайта қарадық. Шығындарды қысқарттық. Ал егер Нұр­сұлтан Әбішұлы айтып жүргеніндей, мұнай кіріс­теріне бағынбайтын бюджет жасақ­таймыз десек, тек қана осы мұнайды тереңдете өңдеп, одан жанармай ғана емес, толып жатқан жаңа өтімді тауарлар түр­ле­рін шығаратын өндіріс құру керек. Сонда мұнай­дың берері 10 есе кө­бейе­ді. Мәселен, полимерлік шикізат шығара ал­сақ, оның бір тоннасы мұ­найдың 10 тоннасын сатқандағыдай табыс түсі­рер еді. Ал егер сол полимерлерден дайын бұйым­дар жасасақ, құбырлар, балалар ойыншықтары, синтетикалық маталар өндіріп сатсақ, онда бұл табыс тағы еселенеді. Мінекей, еңбек өнімділігін арттыру, инновациялық индус­трия құру дегенді өз басым осылай түсінемін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Сол айтқандай, ин­дустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы жұ­мыс істей бастаған кезден бері бұл салада да ілге­рілеушілік байқалды. Біздің «Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты» АҚ Қазақ-Британ университетінің (ҚБТУ) құрамына енді. Ал университетті «Самұ­рық-Қазына» әл-ауқат қоры қамқорлыққа алған. Өйткені, бұл қордың құрамын­да «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бар. Мінекей, осы «Қаз­МұнайГаз» ұлттық компаниясы мен біздің ғылыми-зерттеу институтымыздың ға­лым­дары бір мақсатта жұмыс істеуге келісті. Ұлттық компания мақсатты тапсырыспен институт­қа инвестиция құятын болды. Шынына келсек, бұл тәуелсіздіктің 20 жылы ішіндегі ең бір салалық дұрыс шешім деу керек. Егер әр саланың көшбастаушылары осы сала ғы­лымдарына нақты мақсатты тапсырыс беріп жатса, сала да, ғылым да дамиды. Меніңше, Елба­сы­мыздың инновациялық экономика құрудағы көзде­гені осы. Инновациялық экономика құру ісі ғылымның сан саласын дамытады. Ғылым өз кезегінде инно­вациялық экономика құруға қозғаушы күштей әсер етеді. Қазіргі кезде Президент белгілеген жеті ба­сым бағыт бойынша инновациялық индустрия жа­сау ісі қарқынды жүріп жатыр. Бұл әсіресе, фар­мацевтика саласында ерекше көрініс тапқан. Ел­ба­сымыз дәрі-дәрмектің 30 пайызын өзінде шығара алмаған мемлекет БҰҰ шарттары бойынша, тәуелді және мешеу мемлекеттер санатына жататы­нын ерек­ше ескертіп айтып, отандық фармацев­тиканы дамы­туға Үкіметті міндеттеді. Қазірдің өзінде осы мақ­сатты бағдарлама бойынша елімізде бірнеше фарма­цевтикалық зауыттар өмірге келген. Менің сырттай бақылауым бойынша, бұл салада белгілі бір жетіс­тікке жетеріміз даусыз. Бірақ, әттеген-ай дегізетін бір тұс бар, ол дәрі шығаратын негізгі құрамдас субс­тансалардың импортталатын­дығы. Ал біздің химик-фармацевт ғалымдарымыз­дың ашқан жаңа­лықтары – жаңа субстансалар шетелдіктер ұсына­тын шикізаттардан ешқандай кем түспесе де оларда конвейерлік өндірістен шығаратын бір кәсіпорын болмай тұр. Меніңше, осы салаға ерекше көңіл бөлу керек секілді. Сонда ғана инновация ғылымды, ғы­лым инновацияны дамытқан болып шығады. Ту­ра­сына келгенде, басқа жақтан субстанса тасып, дәрі шығару дегеннің өзі ұлттық тәуелсіздікке нұқсан келтіретін тұс емес пе?! Тіпті, дамыған Жапо­ния­дан, Еуро­одақтың бірқатар елдерінен алдырған дәрі-дәрмек­теріміз Қазақстанда «сынақтан өте алмай» талай дауды туғызғаны ұмытыла қойған жоқ. Ин­но­ва­циялық жобаларды іріктейтін үкіметтік жұмысшы тобы алдағы уақытта осы жағын ескерсе деймін. Жалпы алғанда, Елбасымыз дамуымыздың ал­ғаш­қы онжылдығына белгіленген нақты тапсыр­ма­ларында жоғарыда айтқанымдай, жеті басым ба­ғытты айқындап берді ғой. Солардың бірі және бірегейі ұлттық әскери өнеркәсіп құру. Мінекей, ин­же­нер-физиктер мен химиктердің таланты ашы­ла­­тын тұс осы. Сондай-ақ, бейбіт мақсаттағы ға­рыш­ты игеру бағдарламасы да ұлттық басым ба­ғыттардың бірі. Ал бұл дегеніңіз, бүкіл қолдан­балы ғылымға арқа сүйейтін және сол ғылымды өзімен бірге да­мытатын тұс. Егер біз ғарышты игеру бағдар­ламасын ойдағыдай жүзеге асыра алсақ, онда, сөз жоқ, Елбасымыздың әлемдегі да­мы­ған елу елінің сапында болу ұстанымының орындалғандығы. Се­бе­бі, ғарышты игеру арқылы біз сапалық жоғары дең­гейге көтеріліп қана қой­май, жер мүмкін­діктерін, жер берерін мейлінше ар­зан бағамен және нақтырақ зерттей алатын бо­ламыз. Айталық, ға­рыш­ты игергеннен бергі кезең ішінде КСРО державасы тапқан жерасты байлығы бүкіл ғарышты игеру бағ­дарламасына кеткен шығынды артығымен қайтарып берген екен. Мі­некей, біздің ұмтылатын тұсымыз осы. Ғарышты игеру үшін, ең алдымен, жер серік­терін орбита­ға шы­ғаратын өз зымырандарымыз болуы керек. Қазіргі таңда Ресей Федерациясы ғалым­дары­ның бізбен бірге жұмыс істеуінен гөрі біз­дің тапсырыс бойынша «ақша табуы» басы­мырақ болып тұр. Десек те, Қазақстанның төл ғарыштық ке­шенін құруға олардың да атсалысқысы келеді. Орайы келгенде айта кетейік, өткен жылы Фран­цияға сапары кезінде Елбасымыз дәл осы ба­ғытта біраз келісім шарттарға қол жеткізіп қайтты. Де­мек, сең бұзылды, қозғалыс басталды деуге бола­ды. Егер «Қазақ­стан-2030» Стратегиялық даму бағдарлама­сының екінші онжылдығында осы кешенді өмірге әкеле алсақ, онда нағыз инно­вациямыз сол болар еді. Иә, Көшбасшымыз дамудың жаңа дең­гейін көрсетіп берді. Ол – экономиканы ин­новациялық индустрия құру арқылы тұтастай мемлекетті шикізатқа тәуел­ділік құрсауынан шығару. Ал ғы­лым­сыз инновация жоқ. Демек, қазіргі таңда «құланның қасынуына мыл­­тықтың басуы» деген­дей сәт туып тұр. Осы онжылдық ішінде ғылым мен өндірісті ажырағысыз деңгейде кі­рік­тіре алсақ, одан арғы дамуымыз соған байланысты өрбиді. Меніңше, еліміздің білім-ғылым туралы жаңа заңы осы мақсатқа қызмет ететін бас құжат болып шық­қандай. Әрине, заң бір бөлек те, оның орындалуы екінші мәселе. Кейде, тіпті, әп-әдемі заңдар «жөр­гегінде тұншығып» жатады. Сон­дықтан да жоғары ғылыми-техникалық кеңес бас болып, басым бағыт берілген салалық ғылыми кеңестер оны қостап, ақыр аяғында, нақты ғалымдардың, ғылыми орта­лық­тардың және ғылыми мекемелердің нәтижелі жұмыс істеуін жолға қою керек. Ендеше, үкілі үмі­тіміздің нәти­жесі көп ұзамай-ақ ел игілігіне айна­лады деуге болар. Ең бастысы, осы онжылдықта мемлекеттің жалпы жылдық ішкі өнімін 2,7 есе өсіру міндетін шешуге тиіспіз. Ал бұл тек қана инновациялық өндіріс арқылы қамтамасыз етіл­мек. Ендеше, ғылым мен өндіріс қайтсе де бір ырғақта жұмыс істейді деуге болады. Ең ал­дымен, бұл ұлттық сапаны жоғары деңгейге көтеретін бір іс болғалы тұр. Өйткені, жаңадан өмірге келетін өндіріс орын­дары­ның барлығы дерлік қолмен ат­қа­ратын «қара жұмыс» орны емес, компьютермен басқарылатын іс болып шығады. Яғни, елімізде сан алуан жаңа мамандық, бұрын-соңды көз көрмек түгілі атын да естімеген мамандық иелері өмірге келеді. Сондықтан да мұның өзі алыс болашақ­тардың гүл­де­не түсуі үшін бүгінгі ұрпақ қала­ған берік не­гіз бол­мақшы. Еділ ЕРҒОЖИН, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, «Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты» АҚ бас директоры.