Алты алаштың ұрпағы тәу етіп, асқақ рухына бас иетін Қызырлы ел – Жамбыл ауданының тарихы тым әріден басталады. Батырлар мен ақындардың, жайсаңдардың мекені атанып, халықтан бағасын алған аймақтың тыныс-тіршілігі жайлы жазу үшін аудан әкімдігіне келгенімізде, әкімнің басқа қызметке ауысып, жаңа басшы тағайындалғанының үстінен шықтық. Бұған дейін хабарланғанындай, аудан әкімі болған Махаббат Бигелдиев Талдықорған қаласына, Жамбыл ауданына Бинәлі Ысқақ әкім болып тағайындалды. Мұны «Жақсы қонақ келсе, қой егіз туады» деген тәмсілмен байланыстыруға тура келді. Жұмысымызды аймақтың өткені мен бүгінгі дамуына байланысты жалғастырдық.
Тарихты таратып айтсақ, 1928 жылы Қастек ауданы деп аталып, алғашқы іргетасы қаланыпты. Кейіннен 1938 жылы ауданға жыр алыбы Жамбыл есімі беріледі. Осы киелі мекеннен бүгінде есімі ұранға айналған Қарасай батыр мен Наурызбайдан бастап, баһадүр бабалармен бірге Сүйінбай мен Жамбыл жыр төгіп, халқына рухани бай мұра қалдырғаны басы ашық әңгіме.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын жүзеге асыруға ұмтылған жамбылдықтар әлеуметтік, экономикалық және рухани салада айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп келеді. Соңғы жылдары индустриялық-инновациялық жобалар қолға алынып, өнеркәсіп өндірісі қалыпты даму үстінде. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Өткен жылы өнеркәсіп саласында өнім өндіру көлемі 5 млрд. 156 млн. теңгені құрапты. Мемлекеттік бағдарлама аясында аудан аумағында «Таском» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің табиғи тастарды өңдеу зауыты іске қосылса, гранит өңдеу зауыты аудан экономикасына өзіндік үлесін қосып отыр.
Жолдауда атап көрсетілген Балқаш жылу электр стансасының құрылысы да басталды. Бүгінгі күні мұндағы магистралды ауызсу жүйесі, теміржол торабының кірме жолдары салыну үстінде. «Жол картасы» бағдарламасымен 1021 адам жұмысқа орналастырылып, 85 адам кәсіптік дайындыққа жіберілгені де жұмыссыздық мәселесі оң шешімін тапқанының дәлелі.
Аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы салада 11 млрд. 809 млн.теңгенің өнімі шығарылыпты. Мемлекеттен ауыл шаруашылығын қолдауға 177 млн. теңге қаржы бөлінген. Шаруа қожалықтарына жанар-жағармай, тыңайтқыш құнын арзандату, тұқым шаруашылығына қолдау көрсету, атқарылатын қызметтерді субсидиялау, мал шаруашылығын дамытып, өнімділігін арттыру, малдәрігерлік шаралар, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан тұрмысы төмен отбасыларының жеке шаруашылықтарын дамытуына шағын несие бағыттау шаралары қаржыландырылған. Гектар берекелілігін арттыру нәтижесінде 29500 гектарға күздік, 18400 гектар жаздық дәнді дақыл, 740 гектарға техникалық дақылдар егіліп, көктемнің әр күні тиімді пайдаланылуда. Биылғы жылдың астығы есебіне 29 510 гектарға күздік бидай себілсе, оның шығымы да көңілдегідей.
Мал шаруашылығын дамыту, өнімділігін арттыру бағытында да іргелі істер өмірге келсе, мал басын өз төлі есебінен өсіру арқылы табыс толыға түскен. Шаруашылықтарда 17748 тонна ет, 37890 тонна сүт, 8 млн. 536 мың дана жұмыртқа өндіріліп, тұтынушыға жеткізу мәселесі шешімін тапқанын көруге болады.
Азық-түлік молшылығын жасау және оның қауіпсіздігін нығайту арқылы халыққа арналған арзан бағадағы тауарлар өндірілуде. Қолжетімді көкөніспен жыл бойы қамтамасыз ететін жылыжай салуға ден қойылды. Мәселен, арзан көкөніспен тұтынушыны жыл бойы қамтамасыз ететін Қарақыстақ ауылында 10 гектарға 50 жылыжай салынып, алғашқы өнім тұтынушыға жөнелтілмекші. Ал, Жамбыл ауылында 2 гектарға осындай кешен салу жұмысы басталған.
Ол үшін өмір арқауымен қамтамыз етудің жаңашыл арналарын байырғы қазына қайнарларымен білгірлікпен ұштастыруға ұмтылуда. Орайы келгенде, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған Отанға қалтқысыз қызмет ету жөніндегі ұлағатты ұстанымына нақты іспен жауап беруді мақсат еткен аудан жұртшылығының еңбегін ерекше атап айтсақ, артық болмас. Елбасы биылғы сайлауалды бағдарламасында «патриотизм» деп аталатын қасиетті қағидатқа қысқа да нұсқа сипаттама берді. Соған да сай егемен елінің алдындағы перзенттік парызын қалай өтеп келе жатқаны және алдағы кезеңге арналған тұлғалы асыл мұраттары туралы жүрек қылын шерткен шежірелі жан толқынысын жайып салған болатын. Оны аудан халқы қызу қолдауда.
Бәлкім, «Аңсары бардың – айтары бар» демекші, 140 мыңға жуық тұрғыны бар киелі Жамбыл елінің 60 мыңға тарта сайлаушылары мерейі үстем мемлекетіміздің біртуар Президентін бірауыздан қолдап, дауыс беруі де осынау ынтымақтың үлгісі деп бағалаған жөн.
Жерұйық мекенді жайлаған жайсаң жандардың жыл өткен сайын жаңа қырынан жарқырап, туған өлкеге туын тігуге жұдырықтай жұмыла атсалысып жүргендігіне толып жатқан дәйекті дәлел келтіруге болады. Сондықтан да дана саясаткердің баламасыз бағдарламаларын басшылыққа алу барысында бойтұмардай әспеттейтін қанатты сөздерді де әрдайым жүрек түпкірінде сыр ғып сақтап жүретіндіктерін аңғару қиын емес. Мәселен, «Арғымақ атқа міндім деп, Ата-жұртыңды ұмытпа», немесе «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деген тәрізді, сондай-ақ дініміз бен діліміз, ана тіліміздің дін амандығымен қатар данышпан Абайдың айдын-шалқар өркениет әлемінен, халықтың ауыз әдебиетінің сарқылмас кәусарларынан сусындау қажеттігі жайлы көсем сөздері мен көркем ойлары қаншама десеңізші!
Иә, «Гүл өскен жерге-гүл өседі» деген. Шынында да, ұлы қайраткерлігімен, шешендігімен, кемел келешекті болжай білетін көсемдігімен әлемді аузына қаратқан Мемлекет басшысының ата-бабаларының кіндік қаны тамған Сүйінбай, Жамбыл жерінің қадір-қасиеті жайлы қалай айтса да жарасады. Жиделібайсындай Жетісу аймағының асқақ Алатау атырабында ерлік пен өрліктің, өнер мен білімнің, әдебиет пен мәдениеттің алтын жылғасы лайықты жалғасын табуда.
«Сабақты ине – сәтімен» демекші, бүгінгі оңтайлы тұста тұмарлы жәдігерлеріміздің «бренді» есептелетін ерекше тіркестерді ауызға алуымның себебі осы. Себебі, жыр жампозының сұлу да сұсты Суықтөбенің қойнауы алтын кенішіне бай екенін ескертіп, сұңғыла суреткер Мұхтар Әуезов айрықша таңданған табиғаттың әлі де түгін тартсақ, майы тамшылап тұрғаны ақиқат. Киелі мекенде төрт түліктің түгел өсіріліп, шыбық шаншысаң, тал-терегі жайқалып-жайнайтыны, ас атасы асыл нанымыздың алтын өзегі – арпа-бидайдың баданадай бас алатыны, дәмі тіл үйірген Алматы апорты мен өрік-мейізінің мәуелеп, тіпті бабын тапсаңыз, грек жаңғағының да бүр жарып, шыға келетіні бұлтартпас куә. Оны әр көшедегі көктемде жапырақ жайып, гүлдеген бақтар дәлелелдейді.
Сонымен, құшағы құтты өріске, қойнауы кенішке, ел іші өнер-білімге, дархан даламыз бен заңғар таулардың жасампаз азаматтары қол жеткізген толағай табыстарының еңбек дастанына асыл арқау болатыны айдан анық. «Бейбітшілік пен жасампаздықтың жиырма жылы» деп аталған тәуелсіздігіміздің биылғы мерекесіне де ұлы Жәкеңнің ұрпақтары мерейлі тартулармен келу үшін ұлағатты алғы шарттар қалаған екен. Атап айтқанда, бұл жыл «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасын ойдағыдай орындаудың бедерлі белесі саналған. «Қазақстан-2020» атты Үкімет бағдарламасын жүзеге асыруға қазірдің өзінде лайықты үлес қосыла бастаған. Яғни, ең алдымен Елбасы тапсырмасындағы экономикалық өрлеу, индустриялық-инновациялық технология, білім мен денсаулық сақтау, әлеуметтік - мәдени, рухани салаларға барынша басымдық беру арқылы кемелді келешегімізге батыл қадамдар жасалуда. Әрине, ол үшін Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауын басшылыққа алудың берік негізі қаланумен қатар, бұл үрдіс нақты жұмыстармен жалғасқаны көңілге қуаныш нұрын құяды.
Ауданның жетекші саласы мал және егін шаруашылықтарына шағын шолу жасап, егемендік жылдарында өркен жайған өзекті салаларға да салыстырмалы түрде тоқталған жөн. Бұдан бірер жыл ғана бұрын аудан бюджеті мардымсыз десек, биыл оның көлемін 3 еселеп арттыру көзделіп отыр. Әрине, мұндай қарқынды көрсеткішке қол жеткізу оңай емес. Ол үшін, іскер де білікті, ұйымдастыру қабілеті басым, айналасын шарапатты шараларға қатыстыра алатын, ынталы кадрлар мен жалпы жұртшылықты жаңашылдыққа бастап әкететін, елін, жерін, ең ақырында ұлы Отанын жанындай сүйетін патриот, елжанды азаматтар тәрбиелеу – басты мақсат.
Міне, осы тұрғыдан алғанда, Жамбыл ауданының перзенті Серік Үмбетовтің жөні бөлек. Себебі, ол ұзақ жылдар бойы Мемлекет басшысының тағылымды тәрбиесінен үлгі алып, өзіне тапсырылған қызметтерді мінсіз атқарды. Өңір экономикасының дамуына қол жеткізіп, жер жәннаты Жетісу қай жағынан болса да гүлденді.
Өңір экономикасы серпінді дамып, елдің әлеуметтік жағдайы жақсарған үстіне жақсара түсті. Біздіңше, мұның бәрі шаруашылықтың барлық саласын үйлесімді жүргізумен қатар, ішкі және сыртқы инвестиция тартуды жолға қоюдың жемісі дер едік. Өткен жылы аудан қазынасына 17 млрд. 476 млн. теңге инвестиция құйылыпты. Соның нәтижесінде 2010 жылы салық түсімі 2 млрд. теңгеден анағұрлым асқан. Барлығы 4 млрд. 430 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліпті. Есепті кезеңде 50-ге жуық отбасы қоныс той қуанышына бөленді. Мұның бәріне мұрындық болған заңды және жеке тұлғалар жалпы көлемі 170 млн. теңгелік дәріханалар, дүкендер, ойын-сауық отаулары, кеңселер және қасапхана алаңдары, тағы басқа әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуіне ұйытқы болды.
Жасыратыны жоқ, жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау салдарынан көптеген елді мекендердің ауызсу құбырлары мен кәріздік жүйелері тозып, мүшкіл халге душар болған-ды. «Жол картасы» аясында инфрақұрылым құрылыстары көз қуантарлықтай тұрпатқа ие болуда. Ондаған елді мекендердегі тас жолдар қайта жөнделіп, «көгілдір отынның» қуатты қызуына жұртшылықтың кенелгені. Осындайда нұротандықтардың «Атқарылған істер аз емес. Бірге жалғастырайық!» дегені сәт сайын еске түседі.
Ұзынағаш ауылының ажар-көркі соңғы жылдары танымастай өзгеріп, сәулеттенді. Аудандық мәдениет үйінің алаңы, Жамбыл ескерткішінің аллеясы көркем келбетімен көз қуантып, қалың бұқараның сүйікті демалыс мекеніне айналған. Ал, тоғыз жылдың торабындағы аспанмен тілдескен «Бейбітшілік пен Ынтымақ» монументі арайлы ауылдың шырайын арттыра түскен. Аудандық орталық кітапхана, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық газет редакциясының ғимараттары, мәдениет үйінің жатақханасы, орталық стадион, Халық банкі бөлімшесінің кеңсесі күрделі жөндеуден өткізіліп, осы заманғы сәулет сәнділігінің шуағына бөленді.
Халықтың рухани жан-дүниесін байыту, ел ішіндегі өнерлілердің көзін ашу мақсатында да жұмыс жалғасуда. 30 жыл бұрын құрылып, кезінде дүрілдеген дарынымен шартарапқа танылғанымен, кейіннен ұмытыла бастаған «Құлансаз» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі қайта түледі. Көрерменімен екінші мәрте қауышқан өнер ұжымы қысқа уақытта орындаушылық шеберлігімен көзге түсті. Олай дейтініміз, ансамбльдің концертін тамашалаған Елбасы ұжымды Астанаға арнайы шақыртқан еді. Осылайша, Конгресс Холлдағы, Алматы Студенттер сарайындағы, Талдықорған қаласының «Жастар» спорт сарайындағы концерттер көрерменнің көзайымына айналды. Ең бастысы, репертуарларына Жамбыл ауданының ақындары мен сазгерлерінің туған өлке туралы, өткен ғасырлардың батырлары мен ақындары жайлы жазған тың туындыларын арқау еткен өнер ұжымы өзге әріптестерін қайталамайтын дербес қолтаңбаларымен ерекшеленеді.
Ансамбль мүшелері Алматы облысының Корея мемлекетіндегі мәдени күндері аясында шығармашылық сапарын сәтті қорытындылады. Ал, қайта құлпырған «Құлансаз» ансамблі ресми түрде Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының бөлімшесі ретінде тіркеліп, іргелі шығармашылық шаңыраққа айналып шыға келді. Иә, «Өнерлі елде бақ тұрар, Қайратты ерде мал тұрар» деп жыр сүлейі Сүйінбай баба жырлағандай, тамыры – терең, өмірі – өлең, еңбегі ерен Сүйінбай, Жамбыл жері осы... деп әр күндерін думандатқан жамбылдықтардың ертеңге деген сенімдері нық.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
Суреттерде : Жамбыл ауданының жаңа әкімі Бинәлі Ысқақ қызметін Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етуден бастады; Аудандық кітапхананың ұжымы алдағы жұмыстар жайлы әңгімелесуде.