Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетовке ескерткіш тақта орнатылды
« ...Академиялық театр ұжымында, оның тыныс-тіршілігімен жете таныс қауым арасында «Мәмбетов командасы» дейтін ұғым бар. Қазіргі шенеуніктер сияқты Әзекең ешкімді де сырттан ертіп келген жоқ, өз «командасындағы» адамдарды осы жерден тапты. Қарашаңырақтың қабырғасын қаласқан аға ұрпақтың өкілдерімен де, театрдың есігін жаңа ашқандармен де тіл табысып, өзінің жаңашыл идеяларын жүзеге асыратын қауымның басын біріктірді. Біздің замандастарымыз Нүкетай, Фарида, Асанәлі… мен дегендей, сол «Мәмбетов командасында» болдық, деп естелік жазған еді Әзекең өмірден өткенде Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев.
Иә, қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтеріп, кеңестiк дәуiрде-ақ өзiнің дарынымен ел мәртебесiн аспандатқан, сахналық шешiмдерiнiң тереңдiгiмен жаңашыл режиссер атанған өнер тарландарының бірі – Әзiрбайжан Мәдиұлы Мәмбетовті ешқайсымыз ұмыта алмаймыз. Тырнақалды режиссерлік еңбек жолын 1957 жылы Ш.Хұсайыновтың «Ертіс жағасында» атты пьесасын қоюмен бастаған дарын иесінің одан кейін Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Қ.Байсейітов пен
Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» секілді көптеген пьесаларын қою арқылы комедия жанрында да қарым-қабілетін ұштай түскенін айтпай кету мүмкін емес. Содан соң ..., иә, содан соң ... Оны: « ...Қарымды режиссер қанатын кеңге жайды. Осы заманғы Ш.Айтматов, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, О.Бөкеев, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази драматургиясындағы шырқыраған шындық бар дауыспен асқақ айтыла бастады. Шекспирдің «Гамлеті», «Кориоласы», «Ромео мен Джульеттасы», Чеховтың «Ваня ағайы», Макс Фриштің «Дон Жуанның думаны», Айтматовтың «Боранды бекеті» жан әлемінің түпкір-түпкіріне бойлаған әлеуметтік өткірлігімен, азаматтық даусының тереңдігімен, шығармашылық диапазонының шалқар мұхиттай шалқып, сезім дүниесіне жол тартқан сергектігімен қапысыз танылды», деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, режиссурада әлі де Әзағаны іздеп жүргендер жеткілікті. Сондықтан соңғы демі шыққанша театрды ойлап, театрмен тағдырлас болған өнер тарланының есімін мәңгілік етуге бағытталған шаралар легі жалғасып, толастамаса керек.
Кеше Алматыдағы Абылай хан даңғылы мен Қарасай батыр көшесінің қиылысындағы Әзірбайжан Мәмбетов тұрған үйде мемориалдық тақта орнатылды. Жұманың жаңбырлы күнінде айтулы режиссерді ұлықтауға арналған шараға «Мәмбетовтің шекпенінен шыққан дейтін» шәкірттері, көз көрген замандастары, еліміздің театралдық қауымдастығы қатысып, естеліктер айтты.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
________________
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ