Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде жаһандық әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістермен қатар Қазақстанның жаңа көркем жазба әдебиеті қалыптасты.
Бұл шығармалардың дені өзінің объективтілігімен, әрқилы ойымен, плюралистік көзқарасымен, өткен мен бүгінгіні әділетті тұрғыда ұғынуымен ерекшеленеді.
Қазақ әдебиеті ХХ ғасырдың 90-шы жылдары цензуралық езгі мен қатал партиялық бақылаудан құтылды. Осының өзі-ақ жаңа әдебиеттің өмірге келуі туралы айтуға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Конституциясында алтын қаріптермен «Сөз бостандығы» деп жазылуы – тосқауылдың бірден-бір шешуші шегіне айналды.
Шүкіршілік, қазақ халқының жаңа әдебиеті бостан, бірақ ол аспан астындағы тынымсыз қайнаған тіршілікпен тығыз байланысқан қоғамнан бостан емес.
Жалпыадамзаттық ынтымақтастыққа бет алған қозғалыс уақыт өткен сайын қарқын алуда. Осы процесті қалыптастырып жатқан жәйттен әдебиет сырт қала алмайды. Әлемдік қауымдастық рухани құндылықтарды өзара алмасуға күш сала отырып, идеологиялық қарсылықты еңсеруге дәл бүгінгідей мұқтаж болмаған. Сондықтан, біріктіруші, рухани туыстыққа әкелетін фактор ретінде әдебиеттің мәні өлшеусіз өсе түсуде.
Бүгінде тыйым атаулы келмеске кетті. Ойлаудың жаңа деңгейіне қол жеткізілді. Тарихи зерттеулер мен естеліктер бұрмаланып, кесіліп, үзік-үзікке айналуы тоқтатылды. Бұл – халықтың өткен тарихын көрсетуде қарысқан амалды өзгертіп, әдебиетке жаңа леп әкелді.
Сөйтіп, кейінгі 20 жылда үлкен тарихи кеңістік жасалды. Ол жоғалған естеліктерді қалыптастыруда, қазақ халқына тиесілі өмірдің трагедиялық және қаһармандыққа толы парақтарын қайтаруда үлкен рөл атқарды.
Соңғы жылдары жетекші проза кеңес империясының міндетті түрдегі қалыбынан, әсіресе, әдебиеттегі ұлттық, интернационалдық және жалпы адамзаттық арақатынас жөніндегі мәселеден арылды.
* * *
Адамзат өзінің өткенімен күле тұрып қоштасады.
Бұл ескі ұғым – қоғам кескінін өзгертіп, жаңа уақыттың үстемдігіне мойынсұнып, пейіл білдіретін және сөйте тұра оған уайым кешетін біздің уақытымызда да өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр.
Жазушы Әлібек Асқаровтың бүгінгі күн тақырыбына жазылған «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» туындысының жалпы сұлбасы шамамен осылай көрінеді. Бұл алынған өлең шумағының бірінші жолы жақсылықтан үмітін үзген адамның зарығуын көрсетеді.
«Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді, мерген боп бір атпадым киігіңді. Жас өмір өтіп жатыр өксуменен, іштегі кім түсінер күйігімді...» – ауыл сырнайшысы Сәрсен өзіне-өзі осылай ән айтады. Отбасы жалғыз нәрестелерінен көз жазған, айырылған. Ал әйелі Әлипа жүрегінің түбіне періште бүркемелеуді қойған. Балажан қазақ үшін бұдан өткен қасірет болмайды.
Шығарманың өзге қаһармандарының да Алтай шыңдарына сүйсіне қарауға құлқы жоқ, өйткені, ауылдарында келешек жоқ, тарап жатыр. Жүз отбасынан ауылда жетеуі ғана қалды. Өтпелі кезең кеңшар орталығы «Раздольное» – Мұқырды да аяған жоқ, тұрғындар да отырықты орындарынан көшіп-көшіп, бордай тозып барады.
Бір қызығы, автордың нысанасында қайғы мен уайым ғана емес, басқа дүние де бар екен. Болып жатқан нәрсеге лирикалық тұрғыда жан бітіреді. Шығармаға шамалы мұң араласқанымен, оның жан-дүниесі сергектікке толы. Мұндай күй тағдыр тәлейіне сай талай қалықтау мен құлауды кешкен қазақтың басына үйреншікті. Ұлттың мойымас биік рухын мегзейді.
Бүгінгі күні Әлібек Асқаров – объективтілік қағидасына бекем жаңа әдебиеттің жетекші жазушыларының бірі.
Ол шодырайып, көзге ұратын кемшіліктің тігісін жатқызып әуре болмайды, ауылдағы өндіріс күшінің құлауын жасырмайды. Ақиқатты ашық айтады. Нарық қарқынынан ауыл мен селолардың қабырғасы қайысып, тағдырлардың бүлінгенін қолмен қойғандай көрсетіп береді, сөз зергері ретінде әділ суреттейді.
Көптеген жылдар бойы алақандай жерде тұрып, ауыл адамдары бірін-бірі өте жақсы білді. Оларда адам жанының туыстығы маңызды байланыспен сыйысты, үйлесім тапты. Араларында ежелден тартылған сымдай қалыптасқан ереже қатаң сақталды. Нақтысында, қазақтың арасындағы дәстүрлі қонақжайлылық мүлтіксіз орындалды. Әлбетте, кеңестер уақытында оның елеулі түрде бүлінгені рас.
Қиырда жатқан Алтайға Қазақстанның оңтүстік бір өңірінен мейман келіп қайтуға ұйғарады. Ол осы ауылдың бір тұрғынының туған құдасы еді.
Құда келеді дегенде – ұйқылы ауыл оянды. Құрметті қонақты кім және қашан сыйлау керектігіне байланысты кезектің реті белгіленді. Құда бір-екі рюмкеден кейін тілі сайрап кететіндердің қатарынан болмады. Бұқадай тоңмойын, месқарын, күжірейген балуан денелі кісі еді. Әйткенмен, қаншалықты мықты болса да, аптаға жуық үздіксіз қонақ болғаннан кейін ол кісі де сыр бере бастады. Бірде өзінің құдағиын басқа әйелмен шатастырып, ыстық құшағына алуға ұмтылды. Тілін шайнап сөйлей алмай қалды. Соңына қарай уақыты таяп, үйіне қайтуға жиналғанда еңкілдеп жылады-ай дерсің...
Міне, қиырдағы бейбіт ауыл осындай бүлінбейтіндей көрінген тығыз қатынаста тұрып еді. Кенет біреу етектен тартып қалғандай күйге түсті. Өңдері түгіл, түстеріне кірмеген нарық келді жағаласып. Қалыпты тірлік бұзылды, ауылдастардың мінезі өзгере бастады, әркім өзінше жалғыздық халді бастан кешті. Әркім өз уайымын бөлек уайымдады.
Міндетін тиянақты орындап жүрген бастауыш мектептің мұғалімі Мелс оқушылардың қатары сиреп, мектеп жабылғаннан кейін жұмыстан айырылады. Оның қайын атасы мен енесінің зейнетақысына күнелткісі келетінін көрген әйелі «арамтамақты» тастап кетеді. Оқырман соңыра мұғалімді оты сөнген ошағының табалдырығында жылаған күйінде көреді.
Ауылдағы жалғыз орыс Метрей ақсақалдың ұлы сырт жақта алыста жұмыста. Соңғы 13 жылда бұл жайрағырдың әкесіне екі ауыз жылы сөз жазу қаперіне кірмеген. Тек ақсақалдың 70 жылдығына «100 жаса» деген тілекпен жеделхат жіберіпті. Нұры сөнген қарияның жанарын жас торлады. Шамасы разы емес, керісінше, назалы: «Маған 100 жас шайтаныма керек пе! Жетпістің өзі жетістіріп тұрғаны шамалы», деп кеийді жетім қария.
Бұл жерде әр ауылдың, әр ауланың, әр адамның өз қасіреті бар. Біздің көзқарасымыз бойынша осының бәрі Әлібек Асқаров шығармасының жанрын анықтап тұр. Романның сюжеті өзінің барша мәнімен «өтпелі дәуірде күн кешуді жазбасын» деген бүгінде танымал қытайдың нақылымен астасып жатыр.
Ауылдың қаңырап бос қалуы... Бұл жақсылыққа ма еді? Урбанизация өзінің өркениетті миссиясына сай белгілі басымдыққа ие, бірақ шекті сақтаған жөн. Оған мейлінше елітіп кетсең – қасіретті күте бер. Қазақстан ауқымды аумаққа ие бола отырып, тұрғыны аз ел. Неге олай болғаны туралы жоғарыда көркем туынды арқылы сараптама жасай отырып, түсіндіруге талпынған көріністі аңдадық. Бірақ қорытынды қандай?
Урбанизация өз халқын ұдайы өндіріспен қамтамасыз еткен жағдай болған емес. Қала бала туу жағынан ешқашан мақтана алмайды. Ұлттық рухтың, қазақы салт-дәстүрдің мәйегі ауыл. Ауыл бәріміздің рухани отанымыз. Әлібек Асқаровтың романы тікелей публицистикалық тұрғыда үндеуден жалтара тұрып, өзінің бар болмысымен құпияның осындай кілтін ұсынуға ұмтылды. Көкірек көзіңмен көретін кілтипанның формуласы: «дербес, тәуелсіздік мемлекет ретінде ауылды құтқару – қазақты құтқару» деген тұрғыда алдыңа жайылып түседі.
* * *
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігіне биыл 20 жыл толады.
Жиырма жылда халқымыздың өмірінде жүз жылға татырлық зор өзгерістер өтті. Қоғам сапалық биікке көтерілді, сана жаңғырды, жаңаша дүниетаным қалыптасты. Сол үлкен өзгерістер көркем әдебиетке де мейлінше ықпал етті. Сөйтіп, жаңа заман жаңа әдебиетті өмірге әкелді.
Бұл күрделі мәселе әдебиетші мамандар тарапынан жан-жақты зерттеулерді қажет етеді.
Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Алматы.