Футбол • 01 Мамыр, 2017

​Станимир Стойлов: Бауыржан Исламхан – Қазақстандағы ең талантты ойыншы

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов «Қайратқа» қарсы матч жайлы өз ойымен бөлісті.

​Станимир Стойлов: Бауыржан Исламхан – Қазақстандағы ең талантты ойыншы

«Ертең бізді нағыз теке-тірес күтіп тұр. Бұл матч әдеттегідей тартысты өтеріне сенімдімін. Екі команда да жақсы ойнайды. Оқу-жаттығу жиыны кезіндегі ойынымызды көрсете аламыз деп үміттенемін. Қанша дегенмен бастапқы турларда басқаша ойнаған едік. Алаң да жаңарды, бұл комбинациялы ойынымызды көрсетуімізге мүмкіндік береді. Жігіттер бұл матчтың қаншалықты маңызды екенін біледі, сондықтан бәрін салуға дайын», деді Станимир Стойлов. 

Бас бапкер сондай-ақ, «Астана Аренаның» жаңа төселген газоны жайлы пікір білдірді.

«Негізі оны қысқы үзіліс кезінде де төсеуге болатын еді. Ал сапасы жаттығу кезінде белгілі болады. Жаңа газон төселгеннен кейін үйренуге аздап уақыт керек. Дайындық кезінде команда өзін жайлы сезінеді деп үміттенемін», деді бас бапкер.

Қазіргі уақытта «Қайраттың» басты екі қақпашысы да жарақат алып қалды.

«Жарақат – футболдың бір бөлігі. Бұл матчқа Владимир Плотников дайын болады деп ойлаймын. Бізде Эрич жарақат алып қалды. «Қайрат» ойыншыларына тезірек айығып, қатарға қосылуын тілеймін. Себебі, екі команданың үздік ойыншылары алаңға шығатын болса, жанкүйерлер қызықты матчтың куәсі болады», деді Стойлов.

Турнирлік кестеде «Астана» ұпай саны бойынша көш бастап келеді. Бұл елордалықтардың фаворит команда атануына мүмкіндік бере ме?

«Астана» мен «Қайрат» арасында ешқашан фаворит команда болмайды. Бәрі маусым соңында белгілі болады. Әзірге бұл бос әңгіме. Қазір мойнымызға үлкен жауапкершілік артылып отыр. Бәрін жүйелі түрде жүзеге асырып, жақсы қырынымыздан көрінуіміз керек», деді «Астананың» бас бапкері.

Елордалықтар бірнеше матч бойы гол жібермей келеді. Бұл қорғаушылар арасындағы үйлесімділіктің нәтижесі ме, әлде қақпашы Александр Мокиннің сенімділігінің арқасы ма? Станимир Стойлов мұны қорғаныста жиі ротация жасап тұратынымен әрі команданың жеңіске деген құлшынысымен байланыстырды.

«Қорғаныста жиі ротация жасап тұрамыз. Сондықтан қорғаушылар арасындағы оңтайлы үйлесімділік деп айтуға келмес. Бірер апта бұрын Бірінші лиганың командасына есе жібердік, мұны естен шығаруға болмайды. Ойынға деген ниетің дұрыс болмаса, ең осал деген қарсыластан жеңілуің мүмкін. Бастысы – жеңіске деген құлшыныс. «Қайратпен» өтер ойында бәрін ақылға салып, өзіміздің комбинациялы футболымызды көрсетуіміз керек. Футболда кім өзіне жоғары талап қоя білсе, сол команданың жеңіске жету мүмкіндігі жоғары болады», деді болгариялық маман.

Станимир Стойлов «Қайрат» капитаны Бауыржан Исламханды елімідегі ең талантты ойыншы деп атап, жылы лебіздерін білдірді.

«Бұл футболшы маған ылғи да ұнайтын. Шамасы, Қазақстандағы ең талантты ойыншы болар. Ол өзін әлі де дамытуы керек. Бірақ оның деңгейіне өз бағасын тек «Қайраттың» бапкері беруі керек», деді жаттықтырушы.

Станимир Стойлов Қазақстан премьер-лигасының тоғыз туры өтсе де, чемпиондық атаққа «Астана» мен «Қайрат» қана таласады деп айту ерте екенін айтты.

«Екі команда өзгелерден оқ бойы алда келеді деп ойламаймын. Чемпионатты бізден бірнеше ұпай ғана кем аяқтайтын командалар бар. Біріншілікте кім аз қателік жіберсе, сол ұжым чемпион атанады», деді ол.

Болгариялық бапкер біріншіліктің жаңа схемасы «Астанаға» еш қиындық тудырмайтынын айтты.

«Шыны керек, бізге бәрі-бір. Осыған дейін «алтылық» болып, ұпайларын бөлісетін. Бұл кейбір командаларға ұнамағаны анық. Біз қандай тәртіп орнатса да жеңеміз. Командаң мықты болса, ұпай жинап, жеңіске жетесің. Чемпионатта жолы болмаған командалар бұл схема не үшін ұнамағанын ойлағаны жөн», деп сөзін қорытты «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов.

Айта кетейік, «Астана» мен «Қайрат» ертең елордадағы «Астана Арена» стадионында кездеседі. Матч Астана уақытымен 20:00-де басталады.  

Соңғы жаңалықтар