Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов елордада өтіп жатқан VI Астана экономикалық форумына қатысуға келген БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Еуропалық экономикалық комиссияның атқарушы хатшысы Ян Кубишпен және БҰҰ азық-түлік ұйымының бас директоры Жак Диуфпен кездесті.
Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Соның ішінде энергетика, көлік инфрақұрылымы, сауда және қоршаған ортаны қорғау мәселелері кездесудің маңызды түйініне айналды. Екіжақты ынтымақтастықтың ілгері дамып келе жатқандығын сөз ете отырып, Е.Қазыханов Қазақстанның ЕЭК-тің арнайы комитеттерімен арадағы барыс-келісті кеңейтуге және өзара қарым-қатынас жасаудағы жаңа бағыттар қалыптастыру мен тиісті тың үлгілерді жасауға мүдделі екендігін жеткізді.
Кездесу кезінде Арал экологиясы, ауыл шаруашылығында су ресурсының жетіспеушілігі, су мәселесін реттеуде Орталық Азияның барлық республикаларына оның тиімді тәсілін табу сияқты аймақтық мәселелерді шешуде қолдау көрсету аса маңызды болып табылатындығы атап көрсетілді. Энергетика саласындағы ынтымақтастық та әңгіме өзегіне айналды.
Кездесу шеңберінде үстіміздегі жылдың күзінде Астанада өтетін «Еуропадағы қоршаған орта» атты 7-ші министрлер конференциясына дайындық жұмыстары қарастырылды. Я.Кубиш журналистерге берген сұхбатында аталған конференцияның мақсатына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, ЕЭК қызметін кеңейту және Еуразия континентіндегі қоршаған ортаны, сондай-ақ азиялық және еуропалық интеграцияның экологиялық бағдарламаларын тұрақты жақсарту өте маңызды болып табылады.
Ал БҰҰ азық-түлік ұйымының бас директоры Жак Диуфпен болған кездесуде экономикалық өсу, әлеуметтік даму, қоршаған ортаны қорғау және оның арасындағы қолайлы балансты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Қазақстан тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін жүйелі қадамдар жасап отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған тұрақты дамуы тұжырымдамасы қабылданған. Мұндай тұжырымдаманың мақсаты – алдағы уақытта Қазақстан экономикасының дамуын қамтамасыз ету, деп мәлімдеді Е.Қазыханов.
Сыртқы істер министрі Қазақстанның Тәжікстан, Пәкстан, Қырғызстан, Ауғанстан сияқты мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсете отырып, әлемдік рынокта өзін астық жеткізуден ірі қамтамасыз етуші ел ретінде танытқандығын айтты. Сонымен қатар, өндіріс көлемін одан әрі қарай ұлғайтуда еліміздің аграрлық секторында үлкен әлеует бар екендігін атап көрсетті.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.