04 Мамыр, 2011

Дала жыршысы

1184 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Ағыл-тегіл сөз қазынасы қазақ әдебиетіне ежелден тән. Ол бізге сонау есте жоқ ескі замандардан бері үзілмей келеді. Осындайда Мәшһүр-Жүсіптің «Қазақтың әу­лие­лігі – тілінде» деген түйіні ойға оралады. Санасы айқын халықтың тілі көр­кем, танымы зор, көкірек көзі кө­реген болмақ. Ұлттық дү­ниета­нымға, дәстүрге берік жазу­шының бірі Кәдірбек Сегізбаев. Ақан сері, Иманжүсіп, Біржан сал жыраулық ұлы дәстүрдің заман азарда үзілер жұқанасы болса, уа­қыт өзгерген сайын ауылы көзден бұлбұл ұшып бара жатқан ур­бан­далған қазаққа салт-дәстүрді ұлық­тау өзін жоғалтпау үшін жасалған ұлы түй­сігі екені даусыз. Адамды түйсігі ғана алдамайды. Әлемді жаулап алған кино ин­дустриясында жа­һан­дану қаңсығы тозып, керісінше оның ыдырауы басталатын мезет­тің жұлдызы енді туып келе жа­тыр. Әдебиет рухы соны қалайды. Сондықтан дәс­түрлі проза ескірді деп үкім шы­ғаруға еш негіз жоқ. Айтулы жазушы Кәдірбек Сегізбаев «Бел­асқан» атты романында нақ­ты прототиптері бар, XIX ға­сыр ба­сындағы қазақ жерінің шы­ғыс шетіндегі өмір суреттерін қаз-қал­пында берген. Әлбетте, автор­дың қазаққа лайық зердемен, эпи­калық кеңдікпен әсірелей суреттейтін тұс­тары баршылық. Ол ал­пы­сын­шы жылдарда әдебиетке кел­ген жазушылардың баршасына ортақ белгі. Романның үлкен ны­шан­дық белгісі, қазір ұмытыла бас­таған, тіліміз әбден шұбар­лан­ған соң қолдануға зауқы жоқ ескі сөз­дер­дің молдығы, бәрі ескі өмір салтынан туындайтын тілдік лек­си­калық қор. Мұндай тілі бай ділмәр романды оқымай кеткеніме екі онжылдықтың жүзі болыпты. Біртүрлі жатырқай бастағаным­мен, әуелгі тосырқау лезде ұмы­тылып, «Беласқан» жетегіне алып кеткен. Алдыңызға қайың астаумен толты­рып, бір жабағының етін тұтас салып бергендей көрінген. Ысырап емес, қазыналы дәстүр. Сондықтан аста-төк молшылыққа бір кенеліп қалудың сәтін түсір­геніне шүкір дейміз. Романдағы бір шуақты мезет ежелден ата жау деп 250 жыл­дай шабысқан, қаза­ғыма «ақтабан шұбырынды, ал­қакөл сұламаны», көресіні көрсет­кен жоңғар-қалмақ­қа өшпенділік атымен жоқ. Мұрат Әуезовтің «Иппокрена» атты зерттеу кітабында: «Жоңғарлар тарих сахнасынан кетті. Бірақ қазақ жа­зушылары ата-бабаларының қаһар­мандығын айт­қанда, жоңғарлар дұш­пан символы бейнесінде қа­лып қойды, сол ны­шан ретінде зұл­ымдық пен жау­лықты телиді» деп жазды. Бұл ретте Кәдірбек Сегіз­баевтың суреткерлік таны­мын бағзы Қайта Өрлеу дәуі­ріндегі ұлы гуманистердің дү­ниеге көзқарасы дарыған Абайдың «Адам­заттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиетіне адал жазушы екеніне шынайы риза боласыз. Яғни, стереотипті үлгілерге ұры­нып, сыңаржақ ауып кетіп қал­маудың өзі жазушының адам пси­хологиясын терең білетін бол­мы­сын аңдатады. Адам баласы Құ­дайдың алдында тең, бәрін бір Жаратушы жаратқан деген таным романда үстем. Дала мәдениеті сал­ғаннан бабымен көрінеді. Этно­графиясы мол, қаза­қы өрнек шү­пілдей құйылған қымыздай ернеуінен асады. Әрбір кейіпкердің өз бейнесі анық, бас­қаға ұқсамайды. Күрделі адам портреттері бар, бір жақты сырлап, әсірелеуге көнбей­тін кейбір кейіпкерлерді бір ұрты май, бір ұрты қан десе болар. Бірақ түптің түбінде авторлық гуманизм олардың өзін дегеніне көн­діреді. Пендешіліктерін адам­шы­лық­қа жеңгізеді. Романдағы Жұманай көсе қазақ прозасында ежелден бар әңгү­дік­теу, тұзы жеңіл, зілі жоқ, әзіл-күл­кіге негізделген кейіпкер. Сақал-мұртсыз әлжуаз шал сайқыма­зақтың рөлін көп атқарады. Оның құсбегілік өнері құрметке лайық. Мылжың, мақтаншақ, жатыпішер­лері көп ескі қазақ салтында мұн­дай адамдар әр ауылдан табы­лады. Зұлымдықтан, екіжүзділіктен ау­лақ жан болған соң, жұрт бос сөзді мылжыңдарға әрдайым кешіріммен қарайды. Авторға Жұманай шал әр оқиғаға дәнекер үшін керек. Егер Жұманай шал Гогольдың кейіпкері болғанда, оның сати­ра­лық сипаты қоюлау болар еді. Юморы басым болып тұрғаны қа­зақы жаратылысынан, ол бұл ретте Михаил Шолоховтың сүйкімді Щукарь атайына ұқсайды. Ол өзіне оқыс мал біткенде байсымақтың кей­піне енетін тұсын жазушы әжуа­мен шебер жеткізген. Адамға тән осал­дықты ол кейіпкерлерінен ая­майды. Жұманай шалдың аузымен жазушы қалмақтың біраз алабөтен мінез-құлқын қазақы түсінікпен түй­реп, аңғармаған болып, әшке­релеп қалуға бейім. Адам баласы бір-бірін сынап-мінемей отыра ал­майды, ал бір халықтың ғұрпы екіншісіне жат көрінері рас. Мысалы, «Қалмақтар «тарбаған» деп суыр жейді». Романның басты идеясы – қа­зақ­тың ауызша та­ри­хын тү­зе­тін, біртұтас ұлт бо­лып ұй­ы­судағы эт­но­логиялық ерекшеліктерін ашу. Ше­жіре­нің орны қазақ үшін аса мәр­те­белі. Ру – қа­зақтың қа­ғазға ба­сыл­маған да­лалық төл­құ­жа­ты. Тай­па­лық сана қо­ғам­дық қарым-қатынастардың негізгі тетігі бол­­­ды. Ақ­се­леу Сей­дімбек­тің шежірелік деректерді па­йым­­­дайтын «Қазақтың ауызша та­рихы» атты кітабында «Сіңісті аталар мен рулар» атты тарауы бар. Жаугершілік заманда елден елге, бір рудан бір руға, бір халықтан екіншісіне ұрпақ ауысып жүре берген. Соның нә­тежесінде далалықтардың этноло­гиялық сүйегі түзілді. Қа­зақтың ең керемет феномені – оның зердесі. Ол өзінің жетпіс жетінші атасының кім екенін нақ біле ала­тын қасиетке ие. Сіңісті атаның да түбін ұмыт­пайды. Бауырына бас­қанмен жа­дына қиянат қылмайды. Тектілікті артық санайтын қазақ «кір­ме» деп кемсітпеген, Ақселеу Сланұлы ғы­лыми зерттеуінде атап айтқандай: «Былайша айтқанда, көш­пелі өмір-салтта жеке тұлға шыққан тегіне немесе сіңісті бол­ғандығына қара­мастан, оның адам­дық сапасы ұдайы алға шығып отырған». «Беласқан» атты романның өзе­гін құрайтын оқиғаға эпило­гындағы «Тарбағатай етегінде отырған тама­лардың ауылы», «...аз үй таманың да «Санияздың алшындары» ата­нып, төре ауылының бір бұтағы боп кететін...» – құныкер болып, Еділ бойынан қашып келген ағайынды екі жігіт – кіші жүз Есет батырдың нәсілінен Байшуақ пен Бараттың тағдырлары алынған. Шынтуай­тында, екеуінің тарихы қазақ тіршілігіндегі көп қайталанатын жаз­мыш. Ұлттың қалыптасуында рөлі бар құбылыс. Ағасы нағыз ер азамат, інісінде ағаттық, жастық, ал­бырттық мол. Шешендік өнер – көшпелі ха­лық­тардың этикетінде негізгі қа­сиет. Роман бастан-аяқ шешендік тілге негізделген. «Сен Бала Ертісті, мен Қара Ертісті тел емген егіз ел едік», – дейді Нұрәлі би торғауыт­тың басшысы Ошыржап уаңға сөз саптағанда. Далалық дипломатия мен этикет бұл романда айқын берілген. «Аруақты басымды азғын сөзбен қорлайсың. Жетер, жәдік!» деп Қамбар төре жер үшін жуандық көрсеткен жүрек жұтқан, намысқой жас керей жігіті Алдиярға зілдене сөйлейді. Ақыры Алдиярға Қамбар төренің көзі тиіп өледі. Еділ бойындағы торғауыттың Шығыс Түркістандағы атамекеніне жөңкіліп көшкенде құс қанаты талар қазақ жерін қия кесіп өткендегі тарихы шынайы берілген. «Сұрау­шы жүзі төменшік» деп қалмақ жа­ғы осы қиын жолда тек аман қалу­дың жолын дөп басады. Романдағы торғауыт қалмақтың бегі Ошыржап сом тұлға. Ақыл, парасаты мен айлакерлігі жағынан қазақ төресі Қам­бардан еш кемдігі жоқ. Ошыр­жаптың күші оның адами болмы­сының беріктігінде, әуел баста бұтаға қорғалаған торғайдай болып өзін паналаған қазақтың қос жігітіне тым адал пейіл танытатын­дығында. Ол екеуі Ошыржаптың сенімін ақтайды, торғауыт көші еліне аман-есен жетуіне себін тигізеді. Ошыржап Байшуақ пен Баратты ша­қырып алып: «Қалмақ тонын киген қазақтың қазақ қолынан өлгені жараспас. Жандарың – сауға, жолда­рың ашық» дегенде, олар: «Мырзам, қалмақ тонын кисек те, жаны­мыз­дың, қанымыздың қазақ екені рас. Бірақ басымызға іс түскенде пана болған сіздің басыңызға бұлт төн­генде сая іздеп, жалт берсек қазақтығымыз қайсы. Найзамызды қандастарымызға сілтемесек те, олар­дың сізге сілтеген найзасын қағармыз. Өлсек – шейітпіз» деуі шындықтан шет кетпейді. Нағыз қазақтың болмысы мәрттігінде. Автор кейіпкерлерін қолдан жаса­мағаны білінеді. Табиғат суреттері көркем. «Ма­ңырақтың тасына шейін шөп шық­қан екен». «Айнала алқап жап-жа­сыл түске боялып, Қара Ертіс бо­йындағы тал-теректің балауса жа­пырақтары қозықұлақтанып үлгер­ген». Уыздай көшпелі сана. Қазақ прозасынан басқа әдебиетте кездеспейтін те­ңеу­лер де бар­шы­лық. «Қоладан құй­ған­дай шан­шы­лып, кү­міс­теген ер үс­тін­де оты­рысында ерекше бір сыр­­баз­дық, жа­ра­сым­дық бар». Бұл найман руы­ның байжігіт ата­сы­нан та­рай­тын Қас­қақ ба­тыр жа­йын­да ай­ты­латын сөз. Ол табиғи өт­кір­лі­гімен, әділ­­дігі­мен, ер­лігімен бау­рай­тын образ. Қамбарды ел билеген тө­ре екен деп жә­дік руына қиянат қылған тұсында Қасқақ ер жа­ғынбайды. Алайда Қасқақ батыр­дың қапияда қаза бол­ған Алдияр­дың қарындасы Шәй­лі қызбен сүйіспеншілік хикаясында автордың шығыс хиссаларын­дағы­дай тым ро­мантикалық әсіре бояуға елігіп кеткені байқалады. Иә, махаббат қи­сыны қазақ романдарында көп суреттелетін таптаурын реңкте берілген. Романдағы Қамбар төре күрделі образ. Бір басында неше түрлі қа­сиеті бар, жазушының нағыз ол­жасы. Қам­бар болмысынан жал­ғандық тап­пайсыз. Қанды тұсы да, мейірлі тұсы да қанық. Оның әсі­ресе, тама жігіттерін торғауыт елінен босатып алудағы құпия жос­пары ең күшті монарх­тардың өзі бас иетін ғажап дипломатия екені анық. Романның басында Байшуақ Қамбар төреге түнделетіп кеп жолығып, қа­зақ арасына оралуға зәрулігін, қал­мақтан айла-тәсілмен өздерін қай­таруын сұрайды. Ал Қамбар төре іштей аңдысқан Ошыр­жап тор­ғауытқа өзі Қойбас шешесіне берген аста қалмақ ішіндегі екі қазақ жігітін алғаш көргендей, үйіріне қай­тарғысы келгендей кейіп танытады. Ол өте шебер қисындайды, енді дұш­пан болмаса да бұрын жау болған, осалдығы жоқ қарсыласын күдіксіз алады. Қамбар төренің қаратай елінің байы Тастайдың қас жүйрік қара атына көзінің құрты түсіп, ақыры қолына түсіруі ро­мандағы тағы бір хикаялық желіні құрайды. Жылқы культі күшті, табиғи берілген. «Қа­раның ат қана емес, бақ екенін Тастай жақсы білер». Қара ат пен Сағымсары – қос жүйріктің бейнесі аттың сынын терең танытады. Абайдың «Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп» деп, Ілиястың «Құлагер» поэмасындағы Сағынайдың асына мұқым қазақ жиылғанда суреттелетін жылқы көр­кі эстетикалық биікке самғайтын клас­сикалық үлгілеріндегідей қас жүй­ріктің сыны романда қанық. Байшуақ үйірлі жылқыдан бас тар­тып, Ошыр­жаптан қалап алған сары байталын, аузымен құс тістеген жүй­рікті түп иесі абақ керейдің байы Солтанның дөп тануы осы жылқы культінің қапысыз берілуінен. Сенімді. Төренің төлеңгіті Құлжабек ше­бердің образы кесек, бай үйінің қыз­метшісі болғанмен, дала фило­со­фы, мақтаншақтығы өзіне жара­са­ды. Оның Баратқа қалыңдық таң­дау­да тигізген көмегі соны растайды. «Қал­мақта қалсаң, қаныңды сат­қаның»,  дейді ол Барат балуанға. Жусан қасиеті айтылмай кетпеуі заңды. Романда қазақ халқының «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елің­де ұлтан бол» даналығы үнемі алға шығып отырады. Ұлттық салт-дәстүрлер, ақын­­ның өлеңмен топ алдында шын­дықты айтуы, қазақы күрес культі, балуандыққа баулу­дың спорттық қыр-сырын, әдісін жазушы үзілдіре суреттеуді мақсат қылған. Сондай-ақ қазақ­тың жаты­п­ішер жалқаулығына да автор сипаттама берген. «Ата-бабам сиыр сасықты мал екен деп ұстап көрмеп еді» деп шіренген бір қазақ ша­лының эпизодтық бейнесі қандай нақ. Бұрын мал баққан халықтың көш­пелі өмірі келмеске аунап барады. Қазақтың жерге тары егіп, арық қазып, тоған тартып, дән ал­ғанын, қазақ қоғамы ұлы өзге­ріс­тің алдында тұрғанын да жазушы табиғи бейнелеген. Қамбар төре­нің бәйбішесі Қара­жан мен қалмақ Қойбас шешесі тары егуді елге үлгі қылуы етекбасты әйелдің қай­раткерлігінің ұшығын көрсетсе, Қамбардың тоқалы Күлім­хан бейнесі қазақ әйелінің сұлу­лығының тұспалы. Романда өр Алтайға ода: «Өр Алтай тау-таулардың бабасы екен, /Марқакөл зәмзәм толы сабасы екен» деп келетін Бурахан қожа ақынның өлеңі дөп. Өлеңсіз қазақ психологиясы бос қуыс тәрізді. Кәдірбек Сегізбаев романының «Бел­ас­қан» деген атауындағы сим­воликалық астар – қазақтың өткен тұрмыс, болмыс, мұраты. Бел асу – еуразиялық кеңістіктің символы, қазақтықтың алтын қазығы. «Аюдың өті» – Алтайдың керім табиғатын бейнелейтін хикаят. Бас кейіпкері аңшы, жыртқыштығы кө­неден жалғасқан адамзат нәсілі. Атып алған аңының әуелі бүйрегі мен көк бауырын күлді-көмеш қылып отқа қақтап отырған бейне көз алдыңызға елестейді. Аңшы мінезін архитип ұғымдар арқылы суреттеуде автор табиғи, оның мылтығына жасайтын ырымы дәл. «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ», бұл қазақтың төл танымы. Оның есімі «Елсенген» екені өлерінде бір-ақ айтылады, жазушы оны «Мерген» деп шартты атаумен атайды. Мергеннің мылтығы – Ақшолақ. Аюдың есімі – Ақтөс (ит екен деп қалмаңыз). Жер орайы нақты, өзені Күркелі, тауы – Са­уыр-Сайқан. Қара тұмсық аю мен қос қасқырдың айқасы әсерлі. Аю мен адам егіз тәрізді, екеуі де жер ананың бел баласы. Адам мен аң – Жаратқан алдында тең, бірдей жа­ралған. Сондықтан автор проза­дағы параллелизмді көп қолдануға бейім. Ана аюдан қонжығы – бала Ақтөстің айырылған сәтін суреттеуі өте аянышты, сай-сүйегіңді сыр­­­қы­ратады. Жетім қонжықты оқыр­ман бауыр басып қабыл­дай­ды. Аю миф ретінде берілетін тұсты «Атам марқұм: «Аю адамнан азған қасиетті жануар, өз ба­сыңа қауіп-қатер төнгенде болмаса, оған тиісуге болмайды» деуші еді», деп тыяды аңшыны әйелі мар­құм. Аю психологиясын дәл беремін деп автор оны кейде адам тәрізді асыра суреттейді. Аюдың физиология­сын жазушы зоология маманынан кем білмейді. Аюдың асқазанын тазартуы, жарасын ыстық қай­нар­ға емдеуі, құмырсқа илеуін жеуі, қарақат теруі тамаша берілген. Мер­геннің ашкөздігі, бір жылқы үшін сылтауратып, тойым­сыздық та­нытуы оның түбіне жетті. Үйін­де құрдасы дертіне шипа болса деп жаны қысылып сұрап келген аю­дың өті тұрса да, Мерген адамға тән астамшылықпен жа­зық­сыз аң­ды аулап, қан шығаруға шығады. Бірақ мұның да жазмыш екені рас. Аңды көп қырған адамды оның киесі ұруға тиіс, бұл да ғарыштың жазылмаған заңы. Аю қармақ – табиғатқа жасалатын қиянаттың көкесі. Обал мен сауап фило­софиясы анық. Өлім фило­софиясы қашқынның дүниетаны­мымен берілсе де, ол ұлттық дү­ние­таным болуымен баурайды. «Өмір­ден өгейлік көрген өлімтік бейшаралар ғана өлімді аңсайды. Мен өмірге өгей емеспін!» – бұл кешегі кәм­пескеленген текті ата­ның тұ­қымы, қазір соғысқа бар­ғысы келмей қашқын атанған қа­зақтың кесек сөзі. Мұнымен жа­зушы Ке­ңес одағындағы 1940-1950 жыл­дар­дағы адам типтерін береді. Әлемдік әдебиетте анималистік проза өркендеп кеткен. Бұл Уильям Фолкнердің «Аю» атты повесі – ұлы шығарма. Қазақ әдебиеті үшін бұл тақырып сарқылмайды. Кәдірбек Сегізбаев жан-жануар­ларға арналған прозада өз аюынан адасып қалмайтыны даусыз. «Соңғы шабыс» атты әңгіме –  Кә­дірбек Сегізбаевтың жылқы жа­нуар­ды ұлықтайтын өте тамаша әңгімесі. Осынау үш туынды: роман, хикаят, әңгіменің геогра­фиясы бір жер, Өр Алтай, Сауыр-Сайқан. «Нұрым шал, ұлы Қа­сымбек Қой­бастың жалпақ жазы­ғына беттеп барады», деп бас­талады әңгіме. Жер атауы «Белас­қандағы» Қамбар төренің тумаса да туғандай қылып, аналық мейірімін көріп өскен қалмақ шешесі Қойбастың құрме­тіне қойылған. Нұрым шал басында бәйгеге шабу­ды ойламайды. Бәй­геге өз-өзінен бүйірі қызып, тізгін бермей қо­сылған кәрі жылқы кереметін өле­рінде бір көрсетіп кетеді. Мес­торысы мәреге оза шауып жетерде шал жылап келе жатады. Кезінде желқұйрық жануардың жұл­дызы жарқырап тұрғанда Батыраш тә­різді біреу жасырын майып қылған. Әңгімеде қазақтың ұлттық мінезі ерекше шеберлікпен ашыл­ған. Ал жазушы бәйгеге түсетін жүйріктердің келбетін «Керген төс­тіктей бірегей сұлу» деп суреттейді. Қазақтың ұлттық жадынан Ер Төстіктің шықпайтыны тегін емес. «Бәйгеге шапқан да дүниенің бір қызығы-ау, – деп ойлады Нү­кең» – әңгіменің бір лейтмотивы осы. Түйіп айтқанда, кең даланың қа­сиетін жазушы сүйіп суреттейді. Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.